ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ РЕНЕССАНСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРҒАН ӘЛИХАН
01.04.2026
63
0

Сабыр ҚАСЫМОВ,
«Қаhармандар» РҚҚ Президенті, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесінің басшысы, заң ғылымдарының кандидаты

Мемлекеттік комиссия қызметі аясында жүргізілген кешенді пәнаралық ғылыми сараптама мен тарихшы-ғалымдардың тұжырымын бағалау олардың, негізінен, зерттеу нысанының сыртқы әрі баяндаушылық қырларын сипаттаумен шектелетінін, ал зерттеліп отырған объек­тілердің саяси, экономикалық, құқықтық және әлеуметтік мәні мен мазмұнына жеткілікті дәрежеде назар аударылмайтынын көрсетеді. Бұл түсінікті де, өйткені олар аталған ғылым салаларының маманы емес. Дегенмен, олардың басты еңбегі – ұлттық тарихымыздағы «ақтаңдақтарды» ашуы.

Осыған байланысты Мемлекеттік комиссия пәнаралық зерттеулер барысында құбылыстарды, фактілерді, құжаттарды, сондай-ақ көрнекті тұлғалардың тарихи орны мен рөлін зерделеуде тарихи, саяси, құқықтық және әлеуметтік антропология әдістерін қолданды. Мұндай бағытта зерделенген тұлғалардың қатарында Әлихан Бөкейхан да бар. Оның қоғамдық-саяси, мемлекеттік, ғылыми және өзге де ауқымды қызметін дәл осындай кешенді ғылыми тәсілдер арқылы зерттеп, бағалау қажет.

Мемлекеттік комиссияның ғалымдары мен сарапшылары «Алаш» қозғалысының көрнекті лидерлерінің қазақ халқының ұлт-азаттық күресін ұйымдастырудағы айрықша рөлін, олардың өз халқына үлгі боларлық істерін, отансүйгіштігі мен ерлігін, сондай-ақ ұлттық мемлекеттікті халық­аралық прогрессивті стандарттар негізінде жаңғырту мен қалыптастыру жолындағы қызметін ескере отырып, олардың төл тарихымыздағы болмысын жан-жақты зерттеді.

Әлихан Бөкейханның жасаған ерлігін, қалдырған саяси, ғылыми тұрғыдағы баға жетпес еңбектерін саралап жүрген екі азаматты білемін: бірі – Сұлтан-Хан Аққұлұлы (Әлиханның тұлғасына арнап 21 том құжат шығарған) болса, екінші зиялы азамат, шымкенттік Әбдімәжіт Сыздықбеков (отаршылық зардабына ерекше ұшыраған Қызылжарда Әлиханның атына мешіт салды). Бұл шараның маңызы өте зор! Шет ел азаматтарының ішінен «Алихан Букейханов – человек эпоха» кітабын жазған Виктор Козодойды атап айтқым келеді.

Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жылы қарашада құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның материалдары мен қорытындылары Әлихан өз халқына, мемлекетіне биік дәрежеде адал қызмет етудің үлгісін көрсетіп, ұлы ерлік жасағанын анық дәлелдейді. Әлекеңнің ұлтына, мемлекетіне адал қызмет етуі – қазіргілерге де, болашақ ұрпаққа да, әсіресе саяси лидер боламын деген тұлғаларға үлгі-өнеге.

Әлихан азаттық күрес туын көтеріп қана қоймай, ғасырларға созылған отаршыл сая­саттан әбден қалжыраған, жанышталған халқын ұлттық бостандық жолындағы күреске жұмылдырды. Халқының бо­йын тіктеді. Халқына деген адалдықтың арқасында Ұлттық мемлекеттіктің жаңғыруына, егеменді Қазақ мемлекетінің құрылуына дейін жеткізді. Ресей империясының Қазақстанды жүйелі әрі ұзақ уақыт бойы отарлау саясатын жан-жақты зерттеп, халқын азаттыққа жеткізудің өркениетті, прогрессивті және демократиялық бағдарламасын әзірледі. Ресейдегі Ақпан революциясынан кейін, негізгі отарлаушылар  II Николай мен оның отбасы мүшелері биліктен мәжбүрлі түрде бас тартқан соң демократиялық Уақытша үкімет билікке келгенде Әлихан Ресей, ақыры демократиялық мемлекетке айналады деп үміттенді. «Ресей федеративті демократиялық республикасын» құру идея­сын қолдады. Ресейдің демократиялық мемлекет болуына көмектескісі келді. Алаш лидерлері демократиялық Федерация шеңберінде болашақ үшін егементәуелсіз мемлекеттің әлеуметтік, саяси өзге де негіздерін жасауды мақсат етті.

Алайда Петроградтағы мемлекеттік төңкерістен соң большевиктер 1917 жылы 25 қазанда Ресейде билікті басып алып, диктаторлық билік орнатқаннан кейін Әлихан, өзге де Алаш зиялыларымен бірге 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында жалпы қазақ съезін (құрылтай) ұйымдастырды. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен делегаттар қатысты.

1917 жылғы 12 желтоқсанда Заңды және Өкілетті халықтық құрылтай-съезі қазақ халқының еркіменұлттық мемлекеттікті жандандырыпРеспубликалық үлгідегі Алаш егеменді автономиясын құрды. Әлихан Бөкейхан басқарған Алашорданың ұлттық үкіметін сайлады.

1900 жылдардың басынан бастап Әлихан Ресей патшалығына қарсы жүйелі және ұзақ мерзімді күресті ұйымдастыру мақсатында еліміздің барлық өңірінен, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Тынышбаев, М.Жұмабай, Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер сияқты халықтың басқа да көрнекті ұлдарының басын біріктіргеніне ерекше назар аудару қажет. Коммуникациясы жоқтың қасы, яғни ауыр жағдайдағы Ұлы далада ағартушылық және насихат жұмыстары өрістеді. Сөйлеген сөздерінде, мақалаларында күйзелген, ұйқыда жатқан халқын оятып, халыққа ұлттық, саяси және әлеуметтік құқықтары үшін ғана емес, ұлттық бостандық пен тәуелсіз мемлекет құру үшін күрес жүргізуді үйретті.

Әлекеннің идеялық және рухани жетекшілігімен жоғарыда есімдері аталған көрнекті тұлғалар бүкіл Қазақстан бойынша ауқымды, саяси, идеологиялық жұмыстар жүргізді:

– «Айқап» журналы мен «Қазақ» жалпыұлттық газетін жарыққа шығарып, оның төңірегіне халқымыздың ең көрнекті өкілдерін жинады, сондай-ақ ағартушылық мақсаттағы ондаған газеттер мен журналдар халықтық партияның саясатын түсіндіріп, бұқара халықтың санасына прогрессивті демократиялық құндылықтарды енгізді. Осылайша, жаңа ұлттық мақсат, ұлттық сана жаңғырды;

– «Алаш» жалпыхалықтық қозғалысын ұйымдастырды. «Алаш» атауы түркі халықтарының бостандығы үшін күрес бірлігі стратегиялық мақсатын көрсетті: «Алты Алаш баласының болашағы, мақсат, тағдыры бір екенін айғақтады»;

– Қазақстанның барлық өңірінде көптеген қоғамдық ұйым, соның ішінде қазақ халқының ұлт-азаттық күрес мәселелерін көтерген жастар ұйымдары құрылды;

– Мемлекеттік комиссия анықтағандай Әлекеңнің ұсынысы бойынша 1917 жылы ақпан революциясынан кейін 144-тен астам құрылтай (съездер) өткізіліп, жер-жерде «Алаш» партиясының бағдарламалық жоспарлары талқыланды;

– В.Лениннің қолдауымен Әлихан бастаған Алаш лидерлері бұлтартпас фактілер мен дәлелдер арқылы патшалық билік тартып алған қазақ жерлерін Қазақстанға қайтаруға қол жеткізді. Халқымызға сіңірген осы зор еңбекті біз әлі күнге дейін өз деңгейінде бағалаған жоқпыз;

– Ә.Бөкейханның басшылығымен «Алаш» партиясы мен қозғалысы үлкен танымалдыққа, халықтың сеніміне ие болып, республикадағы басты саяси және ықпалды күшке айналды. Бұл халықтың ерік-жігерімен бірнеше рет расталды;

– М.Жұмабай мен Ә.Бөкейхан «Табалдырық» («Алқа») бағдарламасын әзірледі. Артта қалған елдерден үлгі алмай, дамыған елдердің мемлекеттік, саяси, идеологиялық, ғылыми, көркемдік, шығармашылық және басқа да салалардағы озық стандарттарын Қазақстанға енгізуді ұсынды.

– Ә.Бөкейхан және оның әріптестері, Алаш зиялылары отаршыл патша билігі мен тоталитарлық большевиктер жүйесін халық­аралық стандарттар бойынша ғылыми-зерт­теу, көркем әдебиет, мәдениет, өнер және өзге де этномәдени, рухани салаларда іргелі ғылыми-сыни бағалаудың негізін қалады;

 Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы және т.б. Алаш лидерлері марксистік-лениндік доктринаны, большевиктердің қазақ халқына енгізген таптық жіктелуін, тап күресін жоққа шығарды. Сондай-ақ «Бүкіл әлемде социализм мен коммунизм жеңіске жетеді» деген авантюристік ұраннан бас тартты. Олар бірінші кезекте нақты ұлттық идеяны алдарына темірқазық етті, яғни «Ұлттық мемлекетті жаңғыртып, тәуелсіздік алу керек» деді;

 Алаш лидерлері жүзге, руға бөлінбеді, жеке бастың мүддесінен ұлттық мүддені жоғары қойды. Бұл да қазіргі біздің жастарға үлгі болуы тиіс.

Мемлекеттік комиссияның ғалымдары мен сарапшылары Ә.Бөкейханның саяси және мемлекеттік қызметінің барлығы тарихи маңызды және бірегей деп санайды. Бірақ ерекше атап өтетін мәселе бар. Ол – 1917 жылғы шілде мен желтоқсанда Орынбордағы Жалпықазақ съезінде «Алаш» автономиясы (Республикасы) қалпындағы қазақ ұлттық мемлекеттігін жаңғырту, Алашорда үкіметін легитимді сайлау үшін қабылданған тарихи шешім. Сондықтан саяси және халықаралық стандарттарға сай жалпы қазақ съезіндегі қабылданған шешімдер заңды (легитимді) болып есептеледі.

Өкінішке қарай, осы бір ел тағдырын шешкен тарихи шешімге біз, тәуелсіздік жылдарында обьективті, мемлекеттік, саяси және ғылыми баға бере алмадық. Халық, демократиялық және прогессивті қоғамдастық, тіпті шетел де өз бағасын баяғыда-ақ берді. Мысалы, Оксфорд университетінің Орталық Азияны зерттеу орталығы 1985 жылы «Алаш» партиясын басқарған қазақ зиялылары мәдени революция  мәдени ренессанс жасағанын мойындады.

Мемлекеттік комиссия ғалымдары мен сарапшылары бұрын қолжетімсіз болған архив деректерін, әсіресе бұрын зерделенбеген өңірлік архив мәліметтерін талдау негізінде Ә.Бөкейхан басқарған «Алаш» партиясы мен Алаш Орда үкіметі дәуірі – қазақ халқының ұлттық ренессансы деген қорытындыға келді.

Әлиханның саяси және ғылыми мұрасы – бірегей де қасиетті ұлттық қазына әрі мемлекеттік құндылық. Бұл құндылықтар жан-жақты, терең зерттеліп, насихатталуы тиіс. Олар туралы ғылыми диссертациялар, көркем шығармалар жазылып, көркем фильмдер түсірілуі керек. Алаш қайраткерінің тұлғалық болмысын, оның «Алаш» қозғалысы мен партиясынАлаш Орда үкіметін құруы мен басқаруы турасында да ғылыми ұжымдар, ғылыми институттар арнайы зерттеуі қажет. Қазақстанның мектептері мен жоғары оқу орындарында Әлекеңнің саяси көзқарастары, шығармалары, қазақ халқының ұлттық бостандығы мен мемлекеттік тәуелсіздігі үшін күресі арнайы оқытылып, «Бөкейхан оқулары» және т.б. шаралар тұрақты ұйымдастырылуы тиіс.

Әлихан Бөкейхан өз халқына адал және принципті қызмет еткені үшін 40 жыл бойы, оның 20 жылы патша отаршылығы, 20 жылы тоталитарлық-коммунистік режим тарапынан мемлекеттік қудалауға, қуғын-сүргінге ұшырады. Өкініштісі, алғашқы қазақ большевик-коммунистері де халқымыздың ұлы Көсемін қудалауға және қуғын-сүргінге ұшыратуға қатысты. Олардың есімдерін кейбіреулер жасырғысы келгенімен, тарих шындығы халыққа белгілі болып келе жатыр.

Ол патша билігі мен кеңестік режим тарапынан бірнеше рет тұтқындалды, жер аударылды, қуғын-сүргіннің өзге де түрлерін басынан өткерді. Ақыр соңында большевик-сталиндік қылмыстық билік «буржуазиялық ұлтшылдық» пен «контр­революциялық», «шпиондық» қылмыс» жасады деген жалған айыппен, атып тастады. Ол «Өмірімнің соңына дейін халқыма адал қызмет етемін» деген қағидасына берік болды.

Мен көптеген оқиғалардың куәсі болғандықтан, мынаны айтқым келеді: 1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздік алған кезде біздің саяси элита, зиялы қауым, негізінен, субъективті себептер бойынша, «Алаш» партиясы мен оның көшбасшысына қатысты қоғамдық санада жасанды қалыптасқан жағымсыз синдромды еңсере алмады. Нәтижесінде, Алашорданың саяси бағдарламасын мүлде қабылдамадытіпті түсінуге де тырыспады. Әзербайжан, Армения және Грузия сынды басқа посткеңестік мемлекеттердегідей ұлттық мемлекет құру жолындағы тарихи сабақтастық ескерілмеді.

ХХ ғасырда Әлихан халқына адал қызмет етіп, мемлекет басқарған қазақ халқының жалғыз және шынайы көсемі еді. «Қаһармандар» Республикалық қоғамдық қоры 2017 жылы Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің 100 жылдығы құрметіне орай, Әлихан бастаған барлық көрнекті Алаш қайраткерлеріне – Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышпаев, Жаһанша және Халел Досмұхамедовтерге қазақ халқына сіңірген орасан зор еңбектері үшін «Халық қаһарманы» атағын беруді ұсынды. Бұл қазіргі және болашақ ел қорғайтын, ел басқаратын ұрпақты тәрбиелеу үшін өте маңызды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір