ТАҒДЫР ТАҚТАСЫ – МАҢДАЙДАҒЫ ЖАЗУ
24.06.2016
3420
0

DSC_0573«Тағдыр тақтасы» поэтикалық драмасы КСРО халық артисі Асанәлі Әшімовтың ғұмырнамасына негізделген. Жас шағынан көпшіліктің көзіне түсіп, кино мен театрда көптеген рөлді сомдаған актердің өмірі, тағдыры – халықтың көз алдында. Ал оның жеке адами қуанышы мен қайғысы, шаттығы мен наласы – өзіне ғана белгілі. Оның өмірінің әр кезеңіне – куәгер – Көңіл мен Уақыт. Алып-ұшып, махаббатын тапқан оның бақытына Көңілі куә.Қиын сәттерде оның жан-жарасын емдейтін – Уақыт… Кейіпкердің тағдыр тақтасы – маңдайының шимайы. Маңдайдың шимайы – өмірдің жолы. Шахматтың тақтасындай сол жолға қайыра сөз салсақ, ақ-қара жолақты тақтадан небір қимас күндерді, жандарды қайыра кезіктіресің. Кейіпкер – Асанәлінің тағдыр тақтасы – өмір жолында кездескен ғажап адамдар – шешесі, жары, балалары, әріптес-достары… Шахматтың тақтасында уақыт желі үйіріп әкеткен тұлғалар, театр тарландары: Шәкен Айманов, Нұрмұхан Жантөрин, Хадиша Бөкеева, Әзірбайжан Мәмбетов, Асқар Тоқпанов, Әнуар Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Фарида Шәріпова бейнелері, Асанәлінің анасы, жары Майра Айманова, қос ұлы Сағи мен Мәди суреттері талай көрерменнің де көңіліндегі сағыныш қылын шерткендей. Архивте сақталған Майра Айманованың өз дауысын шырқатып, көлеңкелі театр әдісімен қимыл-қозғалысын келтірген актрисаның ойыны – қоюшы-режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың сәтті шешімі деуге болады.  Асанәлі Әшімов бейнесінде  Әсет Иманғали өнер көрсетсе, жастық шағын Қуаныш Керімқұлов ойнайды. Гүлнара Құрманбекова Майра рөлін, Әсем Иманбекова Бағдат рөлін сомдаған қойылым туралы Асанәлі Әшімовтің пікірі мен поэтикалық драма авторы Бақыт Беделханның шағын-сұхбатын ұсынып отырмыз.


АшимовАсанәлі ӘШІМОВ,
КСРО халық артисі:

– Бұл шағын ғана дүниені алдағы сексен жасқа толу мерейтойымның бір дайындығы деуге болар. Әріптестеріме ризамын.  Қадыр ақын: «Ақынды сыйлаңыздар тірісінде», – дейді ғой. Өнер адамын да тірісінде сыйлап жатқан әріптестерімнің, шәкірттерімнің көңіліне рахмет! Өзім де әріптестеріме: «Бір-біріңді тірі жүрген кездеріңде сыйлаңдар, жақсы сөз айтыңдар», – деумен келемін. Өсер елдің баласы осындай мінезді ұстанады. Драманың авторына, режиссеріне, рөлдерді сомдаған жастарға ерекше алғысымды білдіргім келеді, көп нәрсені ескерген екен. Мен де бұл қойылымды сіздер секілді осы қазір тамашаладым. Дайындықтарына қатысқым келіп еді, «Аға, сізге деген тосын сыйымыз болсын», – деген соң, араласпадым. Бұл қойылым өнер адамына шабыт береді. Әлі басымыз жас, алда көп дүние жасаймыз деген үміттеміз. Залда кешегі әдебиет алыптарының жалғасы Серік Қирабаев, Әлия Бейсеновалардың отыруының өзі бұрынғы кездерді еске түсірді. Бұл кісілердің де есіне өткен күндер түскен шығар деп ойлаймын.  Бүгінгі кеш – бұрынғы өнер, әдебиет майталмандарына, аруақтарға, солардың рухына арналады дер едім.


БеджелханБақыт БЕДЕЛХАН,
Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық
Балалар мен жасөспірімдер театрының
Әдебиет бөлімінің меңгерушісі

«ЖАПЫРАҒЫМНАН АЙЫРСАҢ ДА,
ТОПЫРАҒЫМНАН АЙЫРМА»

– Жеке бір өнер тұлғасына арнап ғұмырбаяндық драма қою идеясы қайдан туды?

– Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Нүкетай Мышбаева, Зәмзәгүл Шәріпова сияқты тұлғалардың бүкіл өмірлік тәжірибесін, өнерін, сахналық образын жасасақ деген арман бұрыннан бар еді. Олардың өздерін сахнаға шығарып, өздерінің ғұмырбаяндық өнегесін көрсетсе, кейінгі ұрпаққа нағыз шеберлік сабағы сол болар еді ғой деген ой көптен бері мазалап жүретін. Асекеңнің шәкірттері ұстазына арнап осындай дүние шығарсақ деген ұсыныспен келді. Бекжан Тұрысқа арнап: «Ұлым, саған айтам» атты қойылым жазып, қаламым үйреніп қалған. Әрі өзімнің де ойымда жүрген дүние. «Біз жазбасақ, кім жазады?» дедім де кірістім. «Асекең – әкемтеатрдың ғана актері емес, күллі Алаштың азаматы», – деген Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академия­лық Балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Сәбит Әбдіхалықов  үлкен қолдау көрсетті. Оның үстіне, Асекең актер ретінде ең бірінші осы ғимаратта өнер көрсеткен. Осылайша, сахнаны безендіру, декорация, актерлердің киімдері, музыкалық әрлеу, режиссер, суретшісі  – барлығы театрдың есебінен шықты. Асекеңнің сексен жас­қа толу мерейтойы қарсаңында біздің театр өнер иесіне осылайша құрмет көрсетті.

– Көзі тірі адамға арнап драма жазу қиын болады-ау деп жүрексінген жоқсыз ба?

– Оңай нәрсеге көп бара бермеймін. Қиын нәрсені алып, азаптанған дұрыс… Себебі, ол азаптың түптің-түбінде ғажабы болатынын білемін. Қалтарыс-бұлтарысы көп, ертең әңгімесі көп болады-ау деп көпшілік жасқанатын нәрседен қорықпау керек қой.

Асекең бастаған абыздар тобы – ұлылардан қалған жұрнақтар. Солардың шешілмей кеткен жұмбақтарын сахнада көрсетіп, жастарға үлгі-өнеге қылатын көзі тірі асылдар арамызда жүр. Көзі тірі актерге арналған деректі фильм, кино бар шығар. Ал театрға шын жүрегімен берілген актердің шығармашылығын, ғұмырбаянын театрдың өзінде көрсету қазақ сахнасының тәжірибесінде жоқ еді. Әйтпесе, Асекеңнің көркем образын көлдей толқып отырып көргенге не жетсін? Біз бұл қойылымды пафосқа құрған жоқпыз. Өтірік мақта­ма­дық. Трагедиясын қара бояу жағып, қасіретнама да жаса­ма­дық. Адами эстетикалық талғаммен алып шықтық. Сол қайғы мен қуаныштың ортасындағы адамның табиғи қалпын алып шығу басты мақсатымыз болды. Асанәлінің орнына басқа адамға сондай тағдыр берсе, ол да көтеріп шығар еді. Ал ол қиындықтарды Асанәлі сияқты ақыл-парасатпен, сабыр­мен жеңе білетін көркем мінез ілуде біреуде ғана бар. Асекеңдей азаматтың көркем мінезін көркем образбен жеткізу басты мақсатымыз болды. Сол үдеден шықтық деп ойлаймын. Бұл қойылымда, әрине, Асекеңнің образын толық­қанды ашып тастадық дей алмаймыз. КСРО артисінің келер жылғы сексен жасқа толу мерейтойында бұл поэтика­лық драма жандануы, баюы мүмкін.

Жеке актердің ғұмырнамасын театрда қою әлемдік тә­жі­ри­беде бар дүние. Бірақ дәл мынандайқазақы қасиетпен, таби­ғи қалпында алып шығу тәжірибесі жоқ шығар деп ойлаймын.

– Қойылым болашақта репертуарға енуі мүмкін бе?

– Бізде көркемдік кеңес бар. Драманы байытып, түрлен­ді­ретін болса, репертуарға енуі әбден мүмкін. Себебі, бұл ­кө­рер­мен шақыратын қойылым. Көзі тірісінде аңызға айналған адамның ғұмырбаянын көргісі келетін адамдар көп қой. Егер Асекеңнің өмірін хроника қылып ұсынсақ, көрермен оны бір-ақ рет көреді. Ал біз оның поэтикалық образын жасадық. Көрермен поэтикалық образды іздейді деп ойлаймын. Майрасынан, Мәдиінен, Сағиынан, шешесінен айрылып, Бағ­дат­қа жолыққанда айтатын бір сөзі бар: «Иә, Құдай, жа­пы­ра­ғымнан айырсаң да, топырағымнан айырма деп жы­лай­ды екен жеміс ағашы», – дейді. Асанәліні де тағдыр жапырағанынан айырды ғой, бірақ топырағында бекіп қала алды.

– Асанәлі Әшімовтің өзі де: «Бұл қойылым алдағы сексен жасқа толу мерейтойымның дайындығы», – деп қалды…

– Бәлкім, Асекеңнің өзі де басты рөлді сомдап қалар. Себебі, есейген Асекеңнің рөлінде үлкен әрекет жоқ, монологтар, диалогтар ғана. Ол өткенге көз салып, өзі сомдаған тө­рт образбен сырласады. «Баян үшін Қарабайдың малын қа­радым, жүз малын мың қылдым, сонда нені тындырдым?», – дейді Қодар болып. «Кеше де сондай, бүгін де, ертең де солай нағыз батырлардың неге жолы болмайды, көлденең көк атты, сүйдім-күйдім деп тіл безегіштердің жолы болғыш», – дейді Бекежан болып. «Досым да көп, қасым да көп, қайсысының көңілін қалай аулауды білмейсің, бәріне сырымды айтқым келеді? Әр сөзіңе ләпбай деп жөнелер мынаған айтам ба?», – дейді құлдық ұрып тұрғанға қарап Юлий Цезар болып. – «Бүкіл әлемнің кілті қолыңда тұрса да, өз тағдырың­ның кілті қолыңда тұрмайды екен», – дейді. Дон Жуан болып сұлулыққа құштар екенін айтады. Асекеңнің күнделіктерін, «Майрасын», «Жан бөлегі»– бәрін оқығанмын. Мына поэтикалық қойылымды жасарда арнайы қараған жоқпын. Қарасаң кішкентай оқиғаға айналып  қаласың.

Ал шешесін түсінде көретіні – күллі қазаққа таныс мінез.

«Тереземнен ай көрдім, апа, шуағына шомылып тұр,

Сымсыз ілінген шам көрдім, апа, сәулесі маңдайыма төгіліп тұр». Бұл түстің жоруы бар: «Терезеңнен Ай көрінсе, есігіңнен Күн кіреді балам, Сымсыз ілінген шам көрінсе, бесігің қайта тербеледі, балам»… Кәдімгі қазақы түс жору.

Қойылымда шырқалатын ән – Майраның өз әні. Архивтен алдық. Актрисаға айтқызайық деп ойладық та, аласартып алармыз дедік.

Осы орайда, драманың қоюшы-режиссеріне ерекше тоқталғым келеді. Режиссер – бүкіл көрерменнің көңіл-күйін дәл көретін  адам. Ол ойдан ештеңе қоспайды. Көрермен қалай көреді, соның көзімен жасайды. Жұлдызбектің осындай жұмбағы бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Дайындаған Қ.СЕРІКҚЫЗЫ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір