Ильяс Есенберлин: Тарих пен тағдыр тоғысында

2025 жылдың 8 қаңтарында Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №32 кітапхана бөлімшесінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы-драматург Ілияс Есенберлиннің 110 жылдығына арналған әдеби кеш өтті. «Көшпенділер – тарих пен тағдырдың тоғысуы» деп аталған бұл шара Есенберлиннің шығармашылық мұрасын дәріптеуге және ұлттық тарихқа деген құрметті нығайтуға бағытталды.

Ілияс Есенберлин – қазақ әдебиетіндегі тарихи жанрдың негізін қалаушылардың бірі. Оның «Көшпенділер» трилогиясы әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, қазақ халқының өткені мен рухани байлығын кеңінен танытты. Әдеби кештің басты мақсаты – осы шығармалары арқылы қазақ халқының тарихи кезеңдері мен тұлғаларын насихаттау, сондай-ақ тарихи сананы нығайту болды.
Әдеби шараға Қазақстанның танымал жазушылары мен әдебиеттанушылары қатысты. Қонақтардың ішінде: Әбдірашит Бәкірұлы – философ. Есімбекова Бақыт Оразайқызы – әдебиеттанушы, қазақ әдебиетінің білгірі, Ізтаева Гүлнар – жазушы, сыншы және аудармашы, Ұяхан апамыз — ардагер ұстаз.
Қонақтар Есенберлиннің шығармашылық жолы туралы терең ойларын ортаға салып, оның қазақ әдебиетіндегі орны мен ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі рөлін атап өтті.
Жазушының шығармаларының тәрбиелік мағынасы мен ұлттық құндылықтарды сақтау тұрғысындағы маңызы ерекше.
Ілияс Есенберлин – қазақ халқының тарихын, мәдениетін және рухани мұрасын жаңа буынға жеткізген тұлға. Оның шығармалары мәңгілік құндылық ретінде өз оқырмандарын таба бермек.
Бұл кеш бұрынғы кештерден өзгерек болды. Жас Ілиястың санасына қатты ықпал еткен Гәкбай деген ақын болыпты. Кеш батқанда балалар ойнап, жастар алтыбақан теуіп, өлең айтады. Сондай кештерде сол Гәпбай домбырасын алып ортаға шығып, неше түрлі аңыздарды, батырлар туралы, хандар туралы, қазақ хандығының Ұлытау төңірегіндегі болған оқиғаларды айта бастайды екен. Оған бала Ілияс қатты қызығады. Кейін бара – бара «осыны неге қағаз бетіне түсірмей жүрмін» деп ойлап, миында жазып жүрген осындай құнды дүниелері санасында әбден сіңіріп, пісіп — жетілдіріп роман бастап кетіпті. (Қабдеш Жұмәділовтың естелігінен) Кім біледі мына кешке арнайы шақыртумен келген Іле ауданы №40 мектептің оқушысы 10 жасар Рахман Райымбек Санатұлы да ағамыздың сол ақынның жырларын тыңдап бастағандағы жасымен шамалас болуы да ғажап емес қой. Гәкбай ақын құсап қолына домбырасын құшақтап Райымбек ортаға шығып Есенберлиннің «Домбыра» атты өлеңін оқып, артынша күй орындап бүгінгі көшті, бүгінгі кешті ұлы даланың ұрпағы ретінде бастап берді. Кешіміздің шымылдығы Бұхар жырау бабамыздың «Он тілегімен» жапқан да Райымбек болды. Ол өзінің өнерімен көпшіліктің жүрегінен жол таба білді.
Бұл әдеби кеш тек қана Ильяс Есенберлиннің шығармашылығын дәріптеу емес, сонымен қатар жастар арасында қазақ әдебиетіне деген қызығушылықты арттыру мақсатында өткізілді. Қазақ елін — кітап оқитындар еліне айналдырғысы келетін және осындай мағыналы да, салмақты іспен айналысып жүрген маманда бұл кештен ойып тұрып өз орнын алды, ол Нұрберген Бақытұлы. Осы орайда айта кететін бір жақсы жаңалығымыз бар. Нұрбергеннің бастауымен біздің кітапханада «Кітап ордасы» атты оқырман клубы ашылуда. Кітапсүйер барша оқырмандарды осы клубтың мүшесі болуға шақырамыз. Мақсаты жоғарыда айтылып өткендей, барша қазақ баласын кітап оқитын елге айналдыру. Білімнің бәрі кітапта, бірақ оны игеру үшін ізденіс пен табандылық қажет. Кітаптағы даналықты түсініп, оны өмірде қолдана білу – нағыз білімнің белгісі.
Тарих пен тағдырдың тоғысқан тұсына саяхаттауға жиналған ұлы дала ұрпақтары! Біз бүгін тек бір ғана әдебиет кешіне емес, ата-бабамыздың ғасырлар бойғы даңқты жолына, арман-мақсатына, тарих толқынындағы тағдырына терең үңілуге келдік.
Біздің рухани көшіміз бүгін Ілияс Есенберлиннің ұлы шығармашылығына арналды. Ол бізге «Көшпенділер» арқылы тарихты қайта тірілтіп, бабалар аманатын жеткізді. Бүгін біз өзімізді көшпенділердей сезініп, сол замандардың рухын бойымызға сіңіріп, ата-бабалар даңқына тағзым еттік.
«Бұл далада әр тасы сөйлейді, әр түйір топырағы тарих жазады. Біз – сол тарихты сақтап қалған көшпенділер ұрпағымыз!»
Көш жалғаса береді. Тарих біздің жадымызда, тағдыр біздің жүрегімізде.
Айжамал Жолдасқызы
кітапханашы, қаламгер
ПІКІРЛЕР1