ҰЛТТЫҢ ДАМУ МОДЕЛІ ӨЗГЕРСЕ
Жетекші ұлт дегеніміз – лидерлік сипаттағы ұлт деп түсінемін. Бізде Елбасы бар да, «бас ел» немесе жетекші ұлт жоқ болып тұр. Мәселе сонда. Әлсіреген ұлтымыздың қоғамдық дәрежесін өсіріп, экономикалық позицияларын күшейтуіміз қажет. Сонда ғана ол едәуір күшейген бірыңғай саяси күшке айналады. Меніңше, жетекші ұлттың келесідей бірнеше шарты, не өлшемі болуы керек.
Руслан ЖАНҒАЗЫ,
саясаттанушы
Біріншіден, жетекші ұлт – ол жастар ұлты. Жастарға сенетін, оларға демеу көрсететін және жастары басым көпшілік құрайтын қоғам жоғары қарқынмен дамиды және оң өзгерістерді тез сіңіретін болады. Өйткені, жастар – адами капиталдың балқаймағы саналады, басқа әлеуметтік топтармен салыстырғанда олардың одан әрі даму және қоғамға пайда әкелу әлеуеті зор.Дуалы сөз, пәтуалы әңгіме айта алатын ақсақалдар мен жол сілтейтін абыздары жоғалып бара жатқан қоғамда жастардың қоғамдық және саяси белсенділігі артады.
Елімізде, ғылым тілімен айтқанда, «геронтократия», яғни егде адамдардың билігі белең алып отыр. Ол да ұлтымыздың дағдарысқа ұшырауының бір нышаны іспеттес. Қазіргі таңда жастарға жол беретін кез келген сыңайлы.
Екіншіден, жетекші ұлт – синергия әсерін қалыптастыратын ұлт. Біздегі бар-жоғы 17,5 миллион мен көршілес Қытайдағы 1,5 миллиард халықты салыстырсақ, ұлтымыздыңқазіргі даму моделімен әлі жүз жылда да оларды басып оза алмаймыз.Математика тілімен айтсақ, біз қолданып келе жатқан формула мынандай «1 + 1 = 2», ал бізге керегі – жаңартылған үлгісі: «1 + 1
< 2». Яғни егер қазақ жетекші ұлтқа айналам десе, екі адамның басы қосылып жасаған жұмысының әсері жүз адам жасаған еңбектің нәтижесімен пара-пар болуы шарт. Ол үшін ұлтымыздың даму моделі өзгеруі тиіс – ұлт мүддесі жеке бастың пиғылынан жоғары тұруы тиіс. Жеке-жеке жүріп істеген іс өнбейді, тұтастай ұлт атқаратын жұмысты еңсеруіміз қажет.
Үшіншіден, жетекші ұлт – жүйелі модернизацияны өткерген ұлт. Азия «айдаһарларына» айналған жапондар, корейліктер, сингапурлықтар ұлттық модернизация тізгінін енді қытайлықтардың қолына ұстатты. Қазақ ұлты мықты жаһанды алпауыттар қатарына қосылуы үшін саясат, экономика, ғылым, білім, мәдениет, денсаулық және тағы сол сияқты салаларда кешенді әрі тыңғылықты реформаларды жүзеге асыруы тиіс. Табысты модернизацияның кілті – ұлттың ауызбірлігі, бәсекелестікке қабілеттілік, саяси ерік-жігер, барлығына ортақ тартымды және ұлттық рухты асқақтататын мұрат, өзгерістерді білікті басқару, ұлтты жұмылдырудың қуаты, ұлт пен мемлекет мүдделерінің тоғысуы. Менің ойымша, модернизациялық үдерістің негізінде ғылым мен инновацияға иек артқан даму жолына түсу, яғни шикізатқа тәуелділіктен арылу идеясының болғаны дұрыс. Дүниедегі жаңалықтарды бойына тез сіңіру – қазақтың қанындағы бар қасиет. Бұл қасиетті реформаны іске асыру кезінде сауатты пайдалансақ, жетекші ұлттың басты табиғи факторына айналуы әбден мүмкін. Жаңа білімдерді енгізу, оны тез тарату, тиімді қолдану және пайда көзіне айналдырудың жүйелі тетіктерін қалыптастыру арқылы инновацияға негізделген даму моделін игереміз.
Қазақ жастарының бәсекеге қабілеттілігін арттырамыз десек, мемлекет тарапынан жаңаша көзқарас, түбегейлі реформалар және экономикалық қолдау жүйесі қажет. Тек адал бәсекеде шыңдалып шыққан ұлт өз болашағын нық сеніммен айқындайды.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.