Қайсар рухты Құрманғали
«Ақындар ауылы» атанған Ақкиізтоғай – менің кіндік қаным тамған қасиетті топырақ. Кәрі тарих қойнауына көз жүгіртсек, бұл жер – әрісі Аралтөбеден табылған «Алтын адамның», берісі аруақты Бекет атамыздың туып-өскен жері. Сондықтан киелі мекеннен өткен ғасырдың өзінде Қабиболла Сыдиықов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Аманқос Ершуов сынды біртуар ғұлама ғалым, ақиық ақындардың шығуы да заңдылық. Атақ-абыройы асқақтаған ауылым – қаламгерлердің ғана емес, батыр бабамыздың ерлік дәстүрін жалғаған ержүрек ерлердің де туған топырағы.

Иә, осындай туған жерін, ауылын сағынбайтын адам жоқ. Мен Ақкиізтоғайдан 255 шақырым жердегі Атырау қаласында тұрсам да кейде көкіректі сағыныш сазы кернейді. Сондай сәттердің бірінде ертемен серуендеп өз үйімнің іргесіндегі «Жеңіс» саябағына барамын. «Мәңгілік алау» жанындағы Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарға арнап орнатылған мемориалдық тақтаға келіп тағзым етемін. Ондағы мәрмар тастың бетінде Ақкиізтоғай ауылынан қанмайданға аттанып, жат жердің топырағын жамылып, Отан үшін опат болған бірнеше арысымыздың аты-жөні жазылған. Соның ішіндегі жерлесім, қарапайым ғана ауыл шаруасы Құрманғали Ершуовтің есімін ерекше қастерлеймін. Ол – мен үшін ерен тұлға, ерекше құрметке лайықты азамат. Биік рухтың үлгісін көрсеткен туған жердің перзенті.
Оның өткен ғасырдың 30-жылдары, зұлмат замандағы ерлікке пара-пар қайсарлығына, табандылығына қарап, елге, жерге деген шынайы сүйіспеншілік сезімінің қандай болуы керегін ұғындым. Ол құдіретті күш тек қана туған топырақты, ауылыңды аңсаумен шектелмейтініне көз жеткіздім. Ол кіші Отаныңа деген махаббат – туған өлкеңнің өзің секілді төл перзенттерін сүюден, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет, әлсізге қамқорлық, қолдау көрсетуден, қиындыққа тап болса, көмектесуден, өмірден өткен жерлесіңнің аруағын қастерлеп, мұсылманша ақ жауып, арулап жер қойнына тапсыру секілді адамгершілік пен ізгілік амалдарынан тұратынын айғақтады.
Әрине, менің әңгімемді оқып отырған адам елін басқыншы жаудан қорғап, шейіт кеткен мыңдаған боздақтар ішінен жалғыз Құрманғали Ершуовтің есімін неге айрықша әспеттеп отыр деп ойлауы мүмкін. Ол қанмайданда көзсіз ерлік жасап, жалғыз өзі жауды тойтарған жоқ, танк колоннасын талқандап немесе бір шайқаста бірнеше фашисті жайратып салған жоқ. Мүмкін, қарсы келген дұшпанының тұмсығын тасқа тіреп, қандыкөйлек жолдастарымен бірге атойлап, соған тең келерлік ерлік жасаған да шығар. Бірақ ол атақ-даңқ, орден-медаль үшін емес, артында қалған ағайынын, ұрпағын, ауылын, жұртын жаудан қорғаймын деп кеудесін оқ пен отқа төсеп, кескілескен шайқаста үнсіз мерт болды. Сондықтан да ержүрек ердің жауынгерлік жолы сан мыңдаған боздақтармен бірге белгісіз күйде тарих қойнауына сүңгіп кетті. Алайда оның сонау 30-жылдардың ашаршылық нәубеті кезінде жасаған ерге тән ерлік ісін айтпасқа да, жазбасқа да болмайды. Өйткені қайсар рухты Құрманғалидың өз отандасына деген адалдығын, аруақ алдындағы кіршіксіз таза ар-иманын өскелең ұрпақ жадында жаттап өсуі, есте сақтауы тиіс.
Сол бір зұлматты заманның арқаға аяздай батқан ауыртпалығын арқалаған ақкиізтоғайлық Құрманғали Ершуов өмірінің қайғы-қасіретке толы жылдарын мен көзі тірісінде шоқпартоғайлық Тұяқбай Айтжанов деген ардагерден естігенмін. Ол кісі 1919 жылы туып, жүз жасаған абыз-ақсақал, қарт майдангер еді. Ұлы Отан соғысының отты жылдарында Қ.Ершуовпен әскерде бірге болып, бір окопта жатқан. Өмір мен өлім арпалысқан қанды қасапта ажалмен арыстандай алысқан арыстай азаматпен соңғы рет тілдесіп қалған да осы Тұяқбай әкеміз болды. Сонда қайсар жүректі қырдың азаматы ашаршылық кезінде басынан кешкен мына бір оқиғаны баяндап беріпті:
– Бұрын ештеңеден тайсалмаған жүрегім бүгін қатты қобалжып тұр. Шамасы маған да ажал сағатының таянып келіп қалғанын сезініп тұрмын. Артымда қалған елімді, жерімді, ағайынды, ұрпағымды ойлап, қатты қамығып отырмын, мынау алмағайып заманда болашақ тағдырлары не болар екен? Егер аман-сау елге жетіп жатсаң, менен дұғай-дұғай сәлем де. Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді. Бұл ауыр сынақтан да өтерміз, еліміз бейбіт дәуірге қол жеткізер. Бірақ өткен нәубет жылдардағы зұлмат заманның зар-мұңы құлағымнан кетер емес. Жарасы оңайлықпен жазылар ма?! Қаншама ағайын-бауыр бір үзім нанға зар болып, аш ішегі бұралып, сүйегі көмусіз айдалада қалды. Соның бәрін ойласам, қабырғам қайысады. Қасқа қазақ не көрмеді?! Әсіресе кешегі елімізді Голощекин басқарған 30-жылдардағы ашаршылық ауыр тиді ғой. Ол аздай, енді, міне, соғыс. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен өткен коллективтендіру науқаны қолдағы барымызды сыпырып алды емес пе?! Төрт түлік малға қараған бұқара жұрт жоқшылықтың қамытын кигеннен кейін арғы жағынан аузын арандай ашқан ашаршылық та ауылымызға ажал болып төне бастады. Амалымыз таусылған біз ағайын-тумамен келісіп, туған жерімізден безіп, Бесқалаға қарай астық, көршілес Қарақалпақстан, Өзбекстан еліне босып кеттік қой, – деп бастаған екен әңгімесін қандыкөйлек жолдасы.
Содан Жылыойдан барған жұрт Бесқала жерін паналап, тұрақтайды. Сол жерде жан бағып, өз-өзіне келген жылыойлықтардың жат жерде де жағдайы келіспесе керек. Атамекеннен ауған адамның халі қайдан жақсы болсын?! Туған жерін аңсаған ағайын ауық-ауық ел жаққа елеңдеп, сағынышқа толы сары ала күндерін бастан кешіреді. Ақыры арада біраз жыл өтіп, өз өлкесіндегі өмір қалыпқа келді-ау дегенде қазақ ағайындар көштің басын ауылға қарай бұруға бел буады. Сөйтіп, Бесқаладан жаяу-жалпылап шыққан ағайын айлап, апталап жүріп, Жылыойға бет түзейді. Көпшілік туған жердің топырағына табаны тиіп, аш құрсақ, шаршап-шалдығып жетсе де, туысымен қауышып, елге аман келгеніне шүкіршілік етіп, шексіз қуанышқа кенеліп жатты. Сондай шағын көштің бірін біздің басты кейіпкеріміз Құрманғали Ершуов та бастап шыққан-ды.
«Көш» деп ауыз толтырып айтып тұрғанымыз: бірлі-жарым есекке мінгескен жаяу-жалпы жүдеп-жадап, шаршап-шалдығып босып келе жатқан жұпыны жұрттың бірінің артынан бірі тізбектеле әрең ілескен легі ғана. Өзінің ағайыны, басқа жерлестері бар, ауылға бағыт алған Құрманғалидың соңынан да сондай біраз адам еріп келеді. Солардың ішінде есек жетектеген үлкен қарт бар болатын. Ол Кеңес деген ауыл ақсақалы еді. Есекке ағайынды екі бүлдіршін ұл мен қызды отырғызып алған. Қос бала – Сүйінғараның немересі Нұрғазы деген азаматтың перзенттері. Баланың бірі – Дүйсен, сол кезде 4-5 жаста болса, екіншісі апасы – Қуаныш, 10 жастағы қыз екен.
Хош, сонымен, елге аңсары ауған жылыойлықтардың сапары әп дегеннен сәтті бола қоймады. Жолшыбай шөл де қысады, аштық та қинайды. «Жол азабын жүрген білер» дегендей, бәрінен де бұрын Кеңес ақсақалға ауыр тиеді.
– Орта жолға келгенде қария қатты шаршады білем, әлде шөл қысып су іздеді ме, қайдам, бір тоғайлы жерге жеткенде бұталардың түбіне қарай бой тасалап, бұрылып кетті. Кері келіп, қатарға қосылар деген оймен біз сапарымызды тоқтатпай, алға қарай есекпен жылжи бердік. Біраз жер жүргесін артыма бұрылып қарап едім, соңымыздан еріп келе жатқан шалды көре алмадым. Амал жоқ, көшті тоқтатып, соңынан іздеуге шықтым. Бір талдың түбіне келгенде жерде сұлық жатқанын көріп, қасына жетіп бардым. Қарасам, қариямыз жан тапсырыпты. Шамасы, аштық пен шөлге ағзасы шыдас бермеді ме, әйтеуір, үлкен кісі көз алдымда бақилыққа аттанды. Кенеттен келген қаза күйзелтсе де, сабыр сақтап шыдап, денесін есекпен көштің басына алып келдім. Әрине, өзіміз ұзақ жолдан діңкелеп келе жатқанда бір төмпешіктің басына жерлеп кетсем де болатын-ды. Сол үшін мені ешкім сөкпес те еді. Әйткенмен оған дәтім бармады. Осыншама жасқа келіп, туған топырағына жете алмай орта жолда арманда кеткен ауыл ақсақалын жат жерге қимадым. Қалайда елге жеткізуге бел байладым. Сөйтіп, денесін бұзылмайтындай етіп жақсылап орап, арқама арттым да, ауылға дейін мыңдаған шақырымды артқа тастап, алға қарай ұмтылдым. Көлігім есек болды. Жетім қалған қос бүлдіршінді де жетектеп, далаға тастамай тума-туыстарына жеткізгенше асықтым. Ақыры талай азапты күндерді бастан өткеріп, өлдім-талдым дегенде туған жеріміздің топырағына да табанымыз тиді-ау. Кеңес ақсақалдың сүйегін аяғым жеткен Қарашүңгілдегі қорымға жерлеп, туған жердің қойнына табыстадым. Қос бүлдіршінді бағып-қағып, ауылға аман-сау алып барып, ағайын-тумасына тапсырдым, – деп әңгімесін аяқтайды Құрманғали Ершуов.
Бұл шамамен 1936 – 1937 жылдардың о жақ, бұ жағы болса керек. Құрманғали елге аман жеткізген бала Дүйсен 1932 жылы туған ұл еді, 2002 жылы жетпістің жотасына жетіп, Майкөмген ауылында дүние салды. Ал 1926 жылы өмірге келген апасы Қуаныш 90 жасап, 2016 жылы қайтты.
Осылайша, қайсар жүректі Құрманғалидың арқасында ауыл ақсақалына туған жерінің топырағы бұйырса, ит-құсқа жем қылмай жеткізген қос жетім жетіліп, жапырағы жайылып, ұрпақ өрбітіп, қарттық дәуреннің дәмін татып барып, өз атамекенінде өмірден өтті.
1900 жылы туған Құрманғали болса, сол кезде небары 37 жастағы жігіт еді. Қарияның сүйегін жат жерге тастамай, елге жеткізген Құрманғалидың табандылығы мен қайсарлығына ауылдастары тәнті болды. Әсіресе Кеңес ақсақалдың ағайындары разы болып, кейін алғысын жаудырған да шығар.
Бірақ біздің айтпағымыз басқа нәрсе: марқұмның сүйегі түгілі тірі адамның өзі денесін сүйретіп әрең алып келе жатқанда нар тәуекелге қалай барды? Мыңдаған шақырымға созылған алыс сапарда қаншама қиындық көріп, ауыртпалық арқасына аяздай батса да, өр рухты азаматтың ақсақалдың мүрдесін қайткенде де атамекеніне жеткізуі көзсіз ерлік емес пе?! Неткен төзімділік, неткен табандылық!
Өзге жердегі Бесқала аумағынан Жылыой ауданының Майкөмген ауылдық округінің аумағындағы Қарашүңгіл қауымына дейінгі шақырымдарды артқа тастап, арқасына мүрде артып, жетегіне кішкентай балаларды ертіп, қабырғасы қайыспай жүріп өтуге бүгінгі ерлер қауымының рухы жетер ме?! Осы оқиға көрсеткендей, адамның рухы мен адами қасиеті бәрінен жоғары тұруы қажет екен.
Қазақ – аруақты қастерлеген халық! Діні мен дәстүріне берік Жылыой жұртының қайсар жүректі Құрманғалиының бұл әрекеті, сөз жоқ, бүгінгі заманның жастарына үлгі-өнеге боларлық ізгі іс, батырлық. Құрманғали сынды атпал арыстарымыздың батылдығын, қайтпас қайсарлығын көбірек айтып, насихаттауымыз қажет. Ол туған жерінің топырағы өзіне қандай ыстық болса, жат жерде көз жұмған қария үшін де сондай қастерлі екенін жан-жүрегімен ұғына білді. Қарияның кәрі сүйегімен бірге туған жер төсіне оның рухы да қалықтап ұшып келгеніне сенді. Сондықтан да қолынан келгенінше арулап жерлеп, дұғасын бағыштап, жер-ананың қойнына берді. Артында қалған ұрпағына жерленген жерін көрсетіп, басын қарайтуға себепші болды. Бұдан асқан аруаққа деген құрмет, имандылық, адамдарға деген сүйіспеншілік болар ма?! Қарапайым ауыл азаматын мұндай көзсіз ерлікке итермелеген, әрине, жоғарыда айтқандай – қайсар рухы мен адами қасиеті.
Биік рух пен адами қасиеттің үлгісін көрсеткен Құрманғали Ершуов атамекеніне аман-есен жеткесін өзге ауылдастары секілді соғысқа дейін халық шаруашылығы саласында түрлі қызметтер атқарды. Ел басына күн туған сын сағаттарда қолына қару алып, қанмайданға аттанды. Қолдағы бар деректерге қарағанда, Құрманғали әкеміз 1942 жылдың наурыз айының 3-і күні әскер қатарына шақырылады. 1943 жылдың 22 ақпанында кезекті кескілескен ауыр шайқастардың бірінде қаза табады. Сүйегі Ресейдің Смоленск облысы, Сжатский ауданы, Медведка деревнясының түбіндегі бауырластар зиратына жерленген.
Өкініштісі сол, өз ауылдастарын жат жерге қалдырмай, туған еліне арқалап жеткізген рухы биік адамның өзіне туған жерінің топырағы бұйырмады. Арманда кеткен арысым, есіл ерім-ай! Маңдайына жазылған тағдыры солай болды…
Кенжеғали ЕРМЕКОВ,
Атырау қаласы
ПІКІРЛЕР7