Жадыра ШАМҰРАТОВА, прозаик: БІЗДІҢ ӘДЕБИЕТТЕ САҚТЫҚ БАСЫМ
28.01.2026
56
0

Белгілі жазушы, сыншы, журналист Жадыра Шамұратованың шығармашылығы көпке етене таныс. Ойлы да образға бай туындыларымен қатар, әдебиеттің әр саласындағы зерттеу мақалаларымен оқырман пайымын байытып жүрген жазушының жуырда жаңа жинағы басылып шыққан болатын. Құтты болсын айта отырып, біршама сауалымызды жолдадық.

 Шын жазушылық — жанкештілік

          —  Жуырда жаңа кітабыңыздың жарық көргені құтты болсын! Жинағыңызды «Қисық дүние» әңгімеңіздің атымен атаған екенсіз. Неліктен бұл атты таңдадыңыз?

         — Рақмет! Сол әңгіменің сипаты мен мазмұны кітаптағы дүниелерді біріктіріп тұр деуге болады. Яғни қоғамның да, өзімнің де «қисаюым» бар.

         — Осы туындыңызды өз басыңыздан өткерген ахуал мен қоғамды шендестіре отырып жазыпсыз. Автор үшін өз болмысын образдау мен өзге кейіпкерлерді бейнелеуде күрделілік жағынан айырмашылық бола ма?

         — Әрине, айырмашылық бар. Өз басыңнан өткенді суреттеу — белгілі бір шындықтың жүгін арқалау. Онда эстетикалық бояуды да шектеп жағасың. Ал өзге кейіпкерлерді образдағанда еркіндік көбірек: қиялмен толықтырып, дамытып, кейде өзің таныған адамдардың бірнеше мінезін бір бейнеге тоғыстырып жібере аласың. Бірақ екі жағдайда да басты талап — шындықтан алыстамау.

         — Сөз өнеріне деген ықыласыңыз қай кезден басталды? Алғаш шығармашылық қалам тербеген сәтіңіз есіңізде ме?

         — Бала кезде ме, әлде жасөспірім шақта ма… кітап оқыған сайын бір күні өзім де бір оқиғаны бастан-аяқ баяндап көргім келетін…

         — Бұған дейін туындыларыңызды сүйіп оқитын оқырмандарыңыздың қатары қалың болса да, өзіңізді «жазушы» емес, «журналист» деп көрсетуді жөн көретін едіңіз. Бұл — жауапкершілік пе, әлде өзіңізге деген талаптың жоғарылығын көрсете ме?

         —  Негізінде, шын жазушылық — жанкештілік. Мысалы, қаншама роман, пьеса жазған, сонымен бірге Франция мемлекетінің дамуы үшін қажырын аямаған, сөйтіп қайраткерге айналған Гюго да — жазушы, кешегі алакөбең шақта ұлтына ағартушылық қызмет еткен, қаншама оқулық жазып, аударма жасап, «Ақбілек», «Күнікейдің жазығы» сияқты шығамалар жазып үлгеріп кеткен Жүсіпбектер де — жазушы, және кеше бастаған менің де жазушы  аталатыным ыңғайсыз көрінетіні бар. Осыдан да «Жазушы» деген сөздің салмағы ауыр. Әдебиетте қалам ұстағандар өзін-өзі асыра бағаламау керек, бағаны оқырман мен уақыт береді. Менің ұғымымда жазушы, жазушылық — тек көп жазатын емес, дүниеге бөлек көзқарасы, парасат-пайымы бар адам. Ал, енді, журналист екенім рас, оның ішінде әдеби журналиспін деп айта аламын.

         — «Шығармашылық барысында, журналистика мен жазушылықтың аражігін ажырата алмай жататындар бар» деседі. Прозаға жазуға ниеттенген автор публицистикаға ұрынып қалмау үшін қайткені жөн?

         — Журналистік  — факт пен дәлдік, ал жазушылық — айнала дүниеге қатысты шындықты көркем тілмен қайта жарату.  Осылай журналистика — мәселені айтады, әдебиет — адамды ашады ғой.

         — Сіздің әр туындыңыз көркемдікке тұнып тұрады. Жазушылық машығыңыз да оқырманға қызық болары анық. Жазудағы басты қағидаларыңыз қандай? Нағыз жазушы болып қалыптасқысы келетін жандар өзін қалай «тәрбиелеу» қажет деп ойлайсыз?

         — Бұндай күрделі сұраққа ешуақытта ойланып көрмеппін. Жаза бастағаныма көп болған жоқ, сол аз дүниемде — адам психологиясын қабілетім жеткенше дәл беруге тырысамын. Өйткені, шығармада жасандылық болса,  оны оқырман ретінде бірден байқаймын, сондықтан өзіме де барынша мұқият қарағым келеді. Кейіпкердің сөйлемеген сөзін аузына тықпаламаймын.

         — Кейіпкерлер мен шығармаларыңыздың желісін қалай екшейсіз?

         — Адамды сыртынан бақылайтын әдет бала кезден бар. Біреудің бір ауыз сөзі, бір қылығына дейін ойыма сақтап жүремін. Сол кішкентай детальдар кейін әңгіменің бөлігіне айналып кетеді.

«Басқа дүниетанымның қалыптасуы мүмкін»

— Әлем әдебиеті мен қазақ әдебиетін қатар оқисыз. Сіздіңше, әр елдің әдебиеті несімен ерекшеленеді? Қазақ әдебиетіне қандай сипат берер едіңіз?

 — Сіздің сұрағыңызға толымды жауап беру үшін оқығаның да, салыстырарың да көп болуы керек, мен, керісінше, ештеңені тиянақтап оқып үлгермей жатырмын. Ал, оқу керек еді деген дүние қай-қайсымызда да жетерлік. Біздің үлкен мәселеміз — өте аз оқимыз. Біз егер көбірек оқымасақ, халықаралық контекстпен салыстыра алмайтынымызды түсінуіміз керек. Яғни қазақ оқырманы әлем әдебиетін аз оқыса, жаңа бағыттың қайдан шыққанын түсінбейді. Сондықтан жаңашыл нәрсе байқалмай қалуы мүмкін. Аударма аз, барының өзі көбіне жоғары сапаға жауап бере алмай жатқандықтан, бізде мықты шығарманың өзі әлемдік салыстыру аясында бағаланбайды.

         Өз басым осыгүні қайта оралып жүргендерім студент кезде кітапханадан тасып оқығандарым екен. Кейін Фариза апайдың «Тұмар» журналында төрт жыл жұмыс істеген кезде оқуға мүмкіндік болды (ол кезде академиялық кітапхананың ішінде отырдық). Осы там-тұм оқығанымнан байқағаным — әр ұлттың әдебиеті оның мінез, болмысын да айғақтайтын сияқты. Жапон әдебиеті  бірқалыпты, тұйықтау адамның ішкі даусына келеді, орыс әдебиетінде  трагедиялық реңктегі қабаттар мол, латын американыкінен асқақтық, еркіндіктің самалы есетін сияқты ма… ал қазақ әдебиеті метафораға бай. Бірақ дәл қазіргі уақытта даму үрдісінде баяулап тұрғанымыз рас.  Біздің бүгінгі жағдайымызды сырттан қарап көрсең, сыртқы критерий жоқ, өз қазанымызда ғана  қайнап жатқан секілдіміз. Бұл да тоқырауға алып келеді. Шын мәніндегі қатал, сауатты әдеби сын жоқ. Ішінара  бар десеңіз де, ол жазушыға жаңа жол ашатын, жаңа тәсілге итермелейтін күшке айналған жоқ. Дұрыс сын болмаған жерде эксперимент пен жаңашылдық та әлсірейді. Өзінің баяғы соқпағына бой үйретіп алған жазушы көбіне қалыпты жолмен жүреді, себебі тәуекелге барғанда өзін ешкім түсінбеуі мүмкін деп ойлайды. Оған біздің оқырмандар да үйренген, кейде жазушы жаңа бағыттағы шығарма жазып ұсынып жатса да, «шіркін, баяғы Сайындар-ай» деуінен танбайды. Міне, осыдан келіп жазушыларда «қауіпсіз жазу» әдеті қалыптасқан ба дейсің, бұл —  «кәсіби қауіпсіздік». Әрі-беріден соң, өзіне үйренген оқырманды жоғалтып алмау, баспадан шығу мүмкіндігі, белгілі ортаға ұнау секілді прагматикалық ойлар экспериментке жібермейді, яғни біздің әдебиетте  сақтық басым, тәуекелге барғанда ешкім қолдамайды деген ішкі түйсік бар.

         Ал, енді, аударма мен халықаралық айналым туралы айтпаса да түсінікті. Әлбетте туынды халықаралық деңгейде оқылып, талқыланбаса, оның жаңашыл деңгейін бағалау қиын.

         — Өзіңіз қай ұлттың әдебиетін көбірек жақсы көресіз?

         — Өзіме ең қатты ұнайтыны — жапон әдебиеті,  өкініштісі, тіл білмеймін, тек орысшасын ғана оқимын. Арасында оларға риза болатыным бар, уағында орыстар біраз аударылған, сол замандағы көркемдік кеңестер өте жақсы жұмыс істеген, себебі аудармашылар тек тіл емес, эстетиканы жеткізуге тырысты. Қазір де жақсы аудармалар бар, алайда жапон тіліндегі қысқа форма, үнсіздік, ишара толық берілмей қалатын кездер болады. Соның өзінде жапон әдебиетінің рухы бәрібір сезіледі. Қасыңда жай ғана отырып, бірге үнсіз шай ішкендей әсер қалдыратын шығармалардың басты күші — сюжетте емес, беретін күйде. Кейде оқиға аз, қозғалыс баяу болуы мүмкін, бірақ ішкі діріл күшті беріледі. Мысалы, бір кейіпкер бір бөлмеде отырып, терезеден жаңбырды қарап отырады, сол сәтте оның бүкіл өмірі көз алдыңнан өткендей болады. Бұл тәсіл жапон эстетикасында «моно но аварэ» деп аталады, яғни өтпеліліктің сұлулығын сезіну. Қуаныш та, қайғы да ұзақ тұрмайды, сондықтан оларды байқап үлгеру керек деген философия ғой. Көбіне бос кеңістікті сөйлететіні үшін де жақсы көрем. Батыс әдебиетінде жалғыз адам көбіне өзін біреудің құтқаруын қажетсінеді, ал жапон әңгімелерінде жалғыздық өмірдің табиғи формасы сияқты, сондықтан  ауырлық бермейді, ойлы, кейде тіпті жұбататын да сияқты. Осы жағынан ол қазіргі замандағы шаршаңқы адамдарға өте жақын ба дейм. Байқасаңыз, жапон әдебиетінде кейіпкерден гөрі сәт пен күй маңыздырақ. Кейде оқып отырып, «нақты не болды» деп сұрасаң, жауап табу қиын болуы мүмкін. Бірақ «қандай күйде қалдың» деп сұраса, дәл жауап бере аласың. Менің өз кітапханамда жапон прозасы біраз баршылық және бір нәрсе — жапон әдебиеті күнделікті қарбалас тіршіліктің ішінде жүріп те даусыңды бәсеңдетуге, тыныштықты бағалауға үйрететін сияқты

         — Қазақ әдебиетінде қандай идеядағы, қандай бағыттағы туындылар көбейгенін қалайсыз?  

         — Байқасаңыз, соңғы жылдары үлкен ауқымдағы байқауларда аты шығып жатқан шығармаларды  дамыған мемлекеттердің жазушылары жазып жатыр.   Осы неге экономикасы дамыған елдің әдебиеті де мықты немесе керісінше, әдебиеті мықты елдің экономикасы жоғары? Бұнда қандай қисын бар? Әлде бұл жай ғана сәйкестік пе?  Бұл жерде «бізде ештеңе жоқ» дегелі отырғанымыз жоқ. Бірақ, біздің көп оқырман үшін үздік үлгілер болып сол өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдары жазылған шығармалар есептеледі. «Нелерің бар?» десе, біз осы классикалық әліппені ұсынамыз, көрсетеміз. Оқырман ретінде Жүсіпбекті, Бейімбетті, Әуезовтің әңгімелерін, Әбіш, Төлен, Асқар, Сайын, Оралхан, Тынымбай деген кісілерді қайталап оқып отырамын. Алайда бүгінгі күннің прозасы деген де — бір әлем. Оқырман ретінде қазіргі қоғамның өзгерісін дәл ұстап, адамның ішкі дағдарыстары мен рухани ізденістерін терең зерттеген шығармалар жазылса, оқыр едім. Кейінгі отыз жылдықта да шығармалар жазылды, дегенмен, жақсы шығармалар бәрібір өте аз. Өткенде бір жиында болғанымызда әдебиетші кісілер бұның бір себебін тәуелсіздікке дейінгі инерциямен жазылған классикалық мектептің әлсіреуімен түсіндірді. Ол қалай сонда? «Қанша жамандасақ та, Кеңес кезеңіндегі жазушылар кәсіби редакторлар мен әдеби ортасы бар ортада қалыптасты. Ол заманда әдеби мектеп болды, шеберлік тізбегі болды. Ал кейін бұл жүйе ыдырады. Бүгінгі жас авторлар өздігінен ізденіп, еліктеп-солықтап жүріп үйреніп, баяғы  шеберлік сабақтастығы үзілді», деп түсіндірді сонда.

         Мүмкін, біз өзіміздегі жақсыны танымайтын шығармыз? Әсіресе, кітап оқитын үлкен буын арасында жаңа тәсілмен жазылған шығарманы «бұл біздің әдебиет емес» деп қабылдамау бар. Біздің жазушылар осыдан қорқа ма? Жаңалықты танитын механизмдер аз болғандықтан, жаңашыл автордың даусы бәсең шығады. Мысалы, өзім жұмыс істейтін «Әдебиет порталына» проза көп түседі, олардың арасында жаңа көрініп жүрген жастар да бар, әбден қалыптасқан сақа жазушылар да бар. Ортақ ұқсастығы — стильдік біртектілікте, авторлар прозада жаңа формаларды азырақ іздейді. Композициялық эксперимент, сана ағыны, концептуал проза, метафизикалық бағыт өте сирек, тақырыптар да шектеулі. Сол баяғы ауыл, әлеуметтік драма, ұлттық мінез, өткен тарих… Дау жоқ, бұлар әруақытта керек, маңызды, бірақ оқырман ретінде адамның ішкі әлемі, урбанизм, технологиялық өркениет, модерн қоғамның конфликтлері көрінетін дүние оқығың келеді ғой.

Шебер реализм, лирикалық проза, ауыл прозасы — біз бұның қандай болатынын көрдік, оқыдық, осы арқылы есейдік те. Ендігі жерде әлеуметтік психология, урбанистік әңгімелер, постмодерндік ізденістер, қазіргі қазақтың жаңа болмысын ашатын дүниелер керек бізге және ең алдымен интеллектуалдық прозаның көбейгенін қалар едім. Оқырманды жеңіл сюжетпен ертіп әкететін емес, керісінше, ойландырып, ішкі әлеміне үңілдіретін, дүниені басқа қырынан көруге мүмкіндік беретін шығармалар бізді өсіреді. Десе де мұндай әдебиеттің дамуы бір ғана жазушыға немесе бір ғана ұмтылысқа байланысты емес, интеллектуалдық прозаның өсуі үшін екі қанат керек, яғни туындыны жазатын авторлар мен оны оқып, түсініп, бағалайтын оқырман қажет. Бұл — қоғамның жалпы мәдени деңгейімен тікелей байланысты нәрсе. Өресі биік оқырман көбейсе, сол оқырман керексінген жаңа әдебиет те дамиды. Жазушы да, оқырман да бір-біріне әсер етіп, бір-бірін алға сүйреп отырады. Сондықтан оқырман ретінде асықпай, бірақ тереңіне бойлап жазылатын, адам жанына жұмыс істейтін, қоғамды да, жеке адамды да ойландыратын әдебиетті көргім келеді. Ендігі үміт жастарда. Олар тіл білуі тиіс. Одан бөлек, әдеби агент, кәсіби редактор, аудармашы керек, оларға фестивальдер, шетелдік рецензенттер, баспагерлер арқылы алысқа ұзауға мүмкіндік бар. Ал әзірге бұлардың ешқайсысы бізде жүйелі түрде қалыптаспай отыр.

         «Қазақ прозасында тосын ой неге аз?» деген сұрақ ойға келіп жүр соңғы кезде. Бір жағынан, әдебиеттің негізгі ресурсы уақыт пен ой  десеңіз, бір жағынан, біздің қоғам кітаптан алшақтап, соңғы қырық жылда бірыңғай тіршілік қамымен ғана айналысып кетті. Жазушылар да дәл солай. Шын мәнінде бізге пішін мен тәсілді  өзгерту арқылы қазақ прозасын жаңа деңгейге шығаруға болады. Мысалы, психологиялық проза, урбанистік проза, философиялық романдар үшін эксперименттік ойлауды дамытуға күш салсақ… уақытқа ілесе түсер едік.

         Болашақтың әдебиеті мүлдем басқа болуы да мүмкін. Юваль Ной Хараридің «Homo Deus» кітабындағы «Гуманистическая революция» бөлімінде Харари: «Басқа дүниетанымның қалыптасуы мүмкін», — дегенді айтады. Бұрынғы дәуірде мағына Құдайдан, табиғаттан немесе империядан келсе, жаңа дәуірде мағына адамның ішкі әлемінен, сезімінен, тәжірибесінен туындайды. Адамның ішкі түйсігі, сезімі, еркі және таңдауы әлемнің ең  жоғарғы билігіне айналады. Бұл либерал гуманизм, социал гуманизм, эволюциялық гуманизм деген үш бағытта дамиды. Демек, адамның ішкі дүниесі, сезімі және еркіндігі басты өлшемге айналатын болып тұр ғой.  Бірақ, сұрақ бар: егер адамның еркі мен сезімі бәрінен жоғары болса, ал біз еркімізді биохимиялық процестер анықтайды деп дәлелдеп жатсақ, онда гуманизм қандай күйге түседі? Харари турасын айтады: «Егер алгоритм сенің тілегіңді, қалауыңды, тіпті болашақ шешіміңді сенен жақсы білсе, онда гуманизмнің мәні әлсірейді». Харари үшін басты қауіп — адам еркі құнсызданып, биотехнология мен алгоритмдер адамның орнын басуы болып тұр ғой. Енді қараңыз, осы кезге дейін әдебиет арқылы  гуманистік ой туды, адамның ішкі даусын тыңдау маңызды болып, осыдан роман жанры туды, психологиялық талдау дамыды. Толстой, Достоевский, Джойс, Пруст секілді авторлар жеке адамның ішкі қақтығысын әлемдік мағына деңгейіне шығарды. Бұл гуманизмнің әдеби нұсқасы еді. Айталық, сол Хараридің де гуманизмді түсінуіне әдебиет үлкен әсер еткен болуы мүмкін. Себебі гуманистік иденыңя ең толық көрінетін кеңістігі негізінен көркем шығарма болатын. Енді қалай десек те,  бүгінгі әдебиет гуманистік дағдарысты сезінеді. Дегенмен, түңіле бермейік, Хараридің айтып отырған гуманистік революция концепциясы қазақ прозасына үш бағыт беруі мүмкін:

  1. Адамға психологиялық жақтан терең үңілу, ұлттың мінезі адамның ішкі психологиясынан көрінеді деген ойды алып шығу;
  2. Болашақта таңдау да, ойлау да, содан келіп адам да еркін болады. Өйткені еркін қоғамға соған лайықты тұлға қажет. Ал  әдебиет еркін тұлғаны қалыптастырудың құралы бола алады.
  3. Технологиялық кезеңнің адамын бейнелеу. Харари айтып отырған жаңа дәуір адамын көрсету қажет, бұл енді ойы, таңдауы еркін болса да, өзі алгоритмге тәуелді адам. Оның санасы миллион мағлұмат пен дерекке сықасып тұр, осыдан келіп цифрлық қоғамның ішкі драмасы шығады.

         Қазақ прозасында да келешекте осы гуманистік тереңдік пен технологиялық реализм бағытындағы шығармалар жазылуы керек.

         — Адам жан дүниесінің қатпар-қатпар иірімдері, тіршіліктегі алуан құбылыстар туындыларыңызда шынайы кестеленеді.  Жазуға отырғанда алдымен ойша жоспар құрып аласыз ба, әлде жазу барысында желі өздігінен жетелеп отыра ма?

         — Тап осылай деп айту қиын, бір түсінгенім, жазу — интуиция мен еңбектің біріккен симфониясы.

Саяси құпиясы көп біраз кезең бар

         — Өндіре жазасыз, көп оқисыз, үнемі зерттеп жүресіз. Уақытты қалай үйлестіресіз?

         — «Өндіре жазып жүр» деген маған келмейді, бұндайды естудің өзі ыңғайсыз, әлі үлкен-үлкен шығармалар жазған жоқпын, жазсам дейтін ой, ниет  бар. Әзірге өзімді «ізденіп жүрген» қаламгер ретінде көремін. Уақыт үйлестіруге келсек, бұл қиын, жұмыста тек жұмыстың мақаласын, сұхбатын жазасың, үйде әйелсің, анасың, дегенмен, қалай болғанда да, күніне кем дегенде бір сағатты жазуға  арнауға тырысамын. Кейде көп, кейде аз, бірақ күнделікті ішкі процесс үзілмейді.

         — Жазушы үшін жазудың салмағы қандай? Мысалы, сіз не үшін жазасыз? Ол кімге керек?

         — Өзіме. Кейде қоғамнан шаршайсың, бірақ жазудан шаршамау керек. Себебі жазу — өзіңді сақтап қалудың амалы. Мен өзіммен күн сайын күресемін демеймін, олай десем, өтірік болады, бірақ кеше жазған сөйлемімнің нашарлығын бүгін байқап, неге бұлай сөлбірейтіп жазғанмын деп ұялсам, демек, бір саты өскенім. Өсу деген біреуден озу емес, ішіңдегі үнді ести білу ғой. Сол үн сені қайда бастаса да, соған еріп отыру.  Көзім осыған жете түседі, жазу адамды сабырлы, байсалды, кешірімді қыла түседі. Кейде өсу үшін біреудің мақтауы емес, жалғыздық пен үнсіздік керек. Сол сәттерде ішіңде ой тұнады, сөздер салмақтанады. Егер бір сөйлем шынайы болмаса, ол қанша әдемі жазылса да, тұла бойы тірі болмағасын жүрекке жетпейді.

         — Қазір байқаулар көп, оның бәрі ұлттық әдебиетті көтеру мақсатында ұйымдастырылады. Бұл көркем әдебиеттің сапасын өсіре ме?

         — Иә, бізде әдеби байқаулар баршылық, ол жақсы, солардың арқасында жаңа авторлар келіп жатыр. Шындап келгенде, әдебиетті дамыту — институттар мен конкурстардың емес, жазу үстеліндегі адалдықтың ісі. Алдымен жақсы дүниелер жазылады. Ол және көбірек жазылуы тиіс. Әдебиетке ең қажет нәрсе —  еркіндік. Ойдың, сөздің, форма мен тақырыптың еркіндігі. Әдебиет өссін десек, сын да өсуі тиіс. Бірақ ол жою үшін емес, жарық түсіру үшін жазылуы керек.

         Дегенмен, осы байқаулардың өту тәртібін жетілдіруге болар еді. Мысалы, үлкен әдеби байқаулар өтті ме, «Айбоз» болсын, «Ұлы дала», «Алтын тобылғы», «Алтын қалам», басқа болсын, үздік шығармалар таңдалып, жария болғаннан кейін жүлде берілді, жеңімпаздар фотоға түсті, құттықтау айтылды, сонымен болды. Ал негізі бүкіл әңгіме сол жерден басталуы керек қой, мысалы, әр жүлделі шығармаға кемі екі түрлі көзқарастағы сыншы пікір жазса, бірі шығарманың ерекшелігін, мәтіндегі күшін айтсын, екіншісі осал тұсын ашсын. Сонда жас автор оны мақтау есту үшін емес, өсу үшін оқиды және сын мақтауға да, жамандауға да емес, түсіндіруге қызмет етуі керек. Бұл жерде рецензия жазатын сыншы-әдебиетшіге қаламақы төлеу өте маңызды. Сын тегін болған жерде жауапкершілік азаяды, еңбек бағаланғанда сын да салмақтанады, ой да тереңдейді. Қаржыны кім төлейді дегенде, бұл жерде тек мемлекет емес, мәдени қорлар, баспалар, порталдар бірлесіп жүйе құра алады. Екіншіден, ашық пікір алаңы керек. Ол үшін әдеби порталдарда «рецензия плюс пікір» форматын енгізуге болады, яғни кәсіби сыншы жазғаннан кейін, оқырман да пікір қалдыра алсын. Бірақ бұл фейсбуктегі сияқты жай пікір емес, нақты сұрақтармен бағытталған пікір болуы тиіс. Мысалы, кейіпкер әрекетіне сендіре ме, тілі ауыр емес пе, сюжет қай тұста әлсіреп тұр деген сияқты. Оқырман да ойлануға мәжбүр болады. Үшіншіден, жүлдеге ілікпеген шығармаларды да жариялау керек. Себебі кейде байқау форматына сыймаған, бірақ әдеби тұрғыдан мықты дүниелер болады. Егер олар да талқыланса, әдеби ортада әділдік сезімі күшейеді. Бұнда жүлде алмау деген — үкім емес.

         Сондай-ақ жастардың панорамалық шығармалар жобасы бойынша қаншама шығарма жазылып жатыр. Осы еңбектерді бірнеше әдебиетшіге қаламақысын төлеп оқытып, соның әрқайсысы бойынша мақалалар жазылып, талданып отырса, қозғалыс тіптен  күшейе түсер еді. Шығарманың не ерекшелігі бар, несі жетпей жатыр дегенге жас қаламгерлер де ойланар еді.

         — Алдағы уақытта қандай кейіпкерлерді, қандай стиль мен идеядағы шығармаларды жазғыңыз келеді?

         — Психологиялық проза қызық маған. Адамның бүгінгі күйін дәл танып, ертеңгі болмысын болжауға талпынатын шығармалар жазғым келеді. Қандай кейіпкер дегенге келсек… менің кейіпкерім — бүгінгі қазақ. Ол қазіргі қоғамда өзін қалай сезінеді? Өз жерінде бейтарап па, әлде әлденелердің арасында қысылып жүр ме? Өміріне риза ма, жоқ әлде шыдамы ғана ұстап тұр ма? Осы сұрақтар жиі ойландырады. Сонымен қатар бізде айтылмай қалған, жабық, саяси құпиясы көп біраз кезең бар. Оларды тарихшы жазушылар жазар деп отырмай, қалам ұстағандардың қай-қайсысы да сол тұстардың жеке адамға әсерін, қоғамға қалдырған ізін көркем түрде зерттей алса — жақсы. Сонда адам тағдыры арқылы мемлекеттің болашағын сезінуіңе болатын сияқты. Біз қайда барамыз, қандай мемлекет боламыз, ұлт болып қаламыз ба, әлде жаңаша қалыптасудың жаңа кезеңіне өтеміз бе… сұрақ көп… Менің болашақ кейіпкерлерім — осы сұрақтардың ортасында жүрген қарапайым адамдар. Күн сайын таңертең оянып, осы сүріп жатқан өмірін сүйе ме, жоқ әлде мына жүйеден, мағынасыздықтан шаршай ма — сол адамның даусы, ішкі қақтығысы қызықтырады. Әдебиет арқылы осы сезімдерді ұстап қалғым келеді.

         — Әңгімеңізге көп рақмет!

 Сұхбаттасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір