МЕНІҢ ФАРИЗАМ
Зулаған күндер, шулы тіршілік… Біз 1974 жылдың жаңа жылын қарсы алуға дайындалдық. Қысқы демалыста елге балалар келеді деп, Фариза үйге шырша алғызды. Мен кезекке тұрып, ойыншықтар түгелдеп әуре (ол кезде бәріне кезекке тұратын едік қой). Асқар, Айвар, Гүлнардың келетіні анық. Гүлнар менің еншімдегі қыз деп келісілген. Өткен жазда келгенде ылғи маған ілесіп жүрді. Сол қызыма сыйлық іздедім. Ол кезде бала киімін табу өте қиын. Барахолкадан колготки мен бантик тауып, мәз болдым. Фаризаға сол кезде мода платформа табаны бар қоңыр ботинка алдым. Ол да балаша қуанды. Екеуміздің аяқ өлшеміміз бірдей. Балалар Ғабдрахиммен «Медеуге» барса, менімен циркке барады. Оны Фариза өзі ұйымдастырып отырды. Ең қызығы, бірге билет алмайды. Тамақтандыру – менің міндетім. Бұл жолы да Ғабдрахим «Мантың да, бауырсағың да тәтті екен» десін. Ол сөздерін ерекше бір дірілмен айтады, қиылып айтады, менің жүрегімді қобалжытып айтады. Бәлкім, маған солай естілетін шығар.
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА
Билетіп бойды сезімге,
Құрбыға өтіп сөзім де,
Өзімнен жасы кішіге
Ақылшы болар кезімде
Жанарға тәтті толып мұң,
Өзімнен өзім қорықтым,
Есейтпей ессіз махаббат,
Сен келіп маған жолықтың, –
деген жолдар тіліме оралып, әлі қағазға түсе қойған жоқ еді.
Қысқы демалысқа келген балалар кетіп жатырғанда менің анам Ағзила келді. «Қызым-ау, мен сені сағынып кеттім ғой», – деп, бұл жолы мені бейне жоғалтқалы тұрғандай сезімде болды.
Ана жүрегі ғажап қой, менің ойыма халық аузындағы екі аңыз бірден түсті. Бірі – бір ұлды екі сарай үшін бөліп берем деген хан әрекеті кезіндегі тумаған ананың «Жарты баланы алам» дейтіні, туған ананың «Бөле көрме, құлыным аман жүрсін!» дейтіні. Екіншісі – анасының жүрегін сүйген қызына алып келе жатқан бала құлағанда «Бір жерің ауырып кеткен жоқ па?» деп, алаңдаған «Ана жүрек» аңызы. Ендеше, ана құдіретті адам ғой. Менің қазіргі хал-жәйімді алыстан сезген-ау деп ойладым… Қатты толқыдым. «Ана жүрегі», «Ана махаббаты» деген екі аңызды бірден жыр жолына айналдыра бастадым.
Фариза үш баланы Гурьевке өзі алып кетті. Ол да Қалима мамасын сағындым деген. Арада екі-үш күн өткесін Жазушылар одағының алдына жұмыстың алдына Ғабдрахим келіп тұр екен. Екеуміз проспектімен үнсіз жоғары көтерілдік. Қазіргі Абылай хан (бұрынғы Коммунистер) проспектісі мен Шевченко көшесінің қиылысында аптека бар еді, СовМин поликлиникасына қарасты (қазір емханаға қосылып кетті). Сол бұрышқа келгенше үнсізбіз. Ол менің қолымнан батыл ұстай алды да, «Жүрші, мына аптекада менің туған қарындасым жұмыс істейді, таныстырайын», – деді. Мен ере бердім. Алдымыздан жымия күлген, ақ халатты қарындасы Маруся шықты. Бауырмал қыз екен, екеумізді де шүп-шүп екі сүйіп алды. Студент кезінде тұрмыс құрып кеткен екен, «Бауканы садиктен алатын едім, кеш қалып барамын», – деп, тез-тез қоштасты. Екеумізге кезек қарап, жымың-жымың етіп, сүйсіне қалғанын сездім. Мен «Мамам күтіп қалады» деп үйге асықтым. Ғабдрахим трамвай аялдамасында қалып қойды. Мен оның бірге отырып, бірге жүргенін қалайтын сияқты қимай кетіп барамын. «Асығыспын, кетем-кетем» деген өзім ғой, жалпы, қыздар қызық халық…
Сонымен, Фариза келгенше ол мені күнде жұмыстан шығарып салды. Бір кеште анаммен сырластым. Мені өзің көрген, өткен жазда сенің де немерелеріңді Фаризаның інілерімен бірге қыдыртқан, сол үйде домбыра тартып, қонақ атқарысып жүретін Ғабдрахим деген жігіт ұнатады», – дедім. Мамам оны «Әбдірахим» дейді. Тыңдап болып, «Қой, қызым! Мен құп көрмеймін. Фаризаның інісі ғой», – деді.
Фариза келгесін бізді Әбіш Кекілбаевтың анасы Айсәуле шешеміз шәйға шақыртты. Ол топқа Қайрат Жұмағалиевтің анасы Жаңыл апамыз қосылды. Үш кемпір әңгіме айтып, біз де біраз хикаялар естіп, көңілді апта өткіздік. Жаңыл анамыздың шәйі шулы болды. Қайраттың алты қызы маза бермейтін, бәрі кішкентай, тетелес еді ғой. Көп жата алмай, «Аздап бой жаздым» деп, пойызбен елге кетті. Ол кезде «Алматы – Мәскеу» пойызымен жүрген бір дәурен еді. Тәртіпті, таза, адамдар қайырымды, жер көріп, шәй ішіп, мәз болатын анашым.
Сонымен, анам менің сезімімді құптамай кетті. Енді Фаризаға айтуым қалды. Айттым. Ол қиналып тыңдады, күрсінді. Сырттай құптағандай болды, іштей қарсы. Тіптен, мені қызғана бастағанын өзі де түсіне алмады.
Наурыз айы. Көктемнің шуағы басталды. Менің де көңілімде бір шуақ бар. Ол «Мені бір адам шын сүйеді» деген ұлы сезім шуағы еді.
Көктем шыға, Фариза іссапарға кеткен. 1974 жылдың 18 наурызы күні таңертең есігімнің қоңырауы басылды. Ғабдрахим екен.
– Біз Қаршыға Ахмедияровтың үйінде таңға күй тарттық. Маған «Көркем ханым» күйін он бес рет ойнатты. Сол күйді тартсам, көз алдымда сен тұрасың. Түн бойы саған арнап күй тарттым мен, – дейді.
Аздап ішкен, батылдау, көңілі көтеріңкі екен.
– Рахмет, барып демал, – дедім.
Қызмінез, жуас деп жүрсем, батылдығы да бар екен, бас салып, сүйіп алды да, жалт бұрылып кете барды.
Ал мен қарсылық білдірмедім, бойымды діріл билеп, тіліме өлең оралды:
Жарқырап кетті аспаным,
Көгімнен шықты басқа күн.
Қарсылық еткен досымның
Сөзіне құлақ аспадым.
Әсем ән тұрды үнімде,
Бір шаттық тұрды түрімде.
Қарсылық еткен анашым
Көнерін білдім түбінде.
Сәуір айының бір сенбісі күні ботаника бульварында біраз қыдырдық. Орындықта менің қолымнан ұстап отырып, әкесіне хат жазғанын, жауабын күтіп жүргенін айтты. Бар әлемдегі бақытты жан өзі сияқты. Сол айда жұмыстан қайтқан мені үйімнің алдында қарсы алды. Қолында әкесі Жаңбырбаев Маралдан деп жазған Дамба поселкесінен келген, адресі айқын хат тұр. Жүзі сонша жарқын, өзі сонша қуанышты. Маған хатты ұстата салды. «Папамнан хат келді!», – деді ентіге сөйлеп. Маған бүгін ол мұғалімінен «бес» алған мектеп баласын елестетті. Әкесі Марал: «Қабделжан, қалауыңмен көрген Ақұштап, кәдімгі өлеңін оқып жүрген нәзік ақын қыз болса, мен құптаймын. Өз сезіміңе сен! Мен де анаң Қаламқасқа ғашық болып қосылғанмын, түсінем. Өзің сүйсең, бақытты бол! Мен қалауыңа ризамын. Әкең Марал» деп жазған екен. Одан кейін де ол кісінің маған жазған хаты архивімде сақтаулы.
Май, июнь айларын Фариза үшеуміз бірге өткіздік. Бірде көңілді, бірде көңілсіз Фаризаның мінезіне де үйрендім. Әке қолдауы мен үшін үлкен сый болды, енді Ғабдрахимді өзім терең біле түсуім керек екенін білдім. Менің ақын мінезіме қалай қарайтынын зерттеуім керек еді. Ойыма Жазушылар одағының әдеби қорының директоры Ахметов Әбдірашит деген әкемдей көретін кісі түсті. Сол кісіге жолығуды шештім. «Жұлдыз» журналындағы Шерхан Мұртаза ағама айтсам, «Күйеуді қой, партияға өт!» дейтінін білем. Ал Әбдірашит ағай көрген жерде «Сендей қызым болса ғой. Сен бақытты болуың керек, сен тұрмыс құруың керек», – дейтін еді ылғи.
Сонымен, барып, «Аға, биыл маған жазушылардың демалыс үйіне баруға екі путевка керек болып тұр. Ұнатқан жігітті танып қайтуым керек, оңаша сөйлесуім керек. Бірақ жеке бөлме болсын», – дедім. Ол кісі қуанышты түрде июль айына екі путевка тауып беретінін айтты. Бұл менің төрт жылдан бері Фаризасыз қабылдаған шешімім болатын. Ол менен мұндайды күтпеген еді.
Сонымен, Рига жағалауындағы «Дзинтарас» жазушылардың демалыс үйіне Москва арқылы ұшып кете бардық. Екеуміз екі бөлмеге қондық, телефонмен оятты ол мені. Қуанышында шек жоқ. Ертеңгі тамақта балалар ақыны Әнуарбек Дүйсенбиев әйелі Рабиғамен шәй ішіп отыр екен, шұрқырасып табыстық. Жасыратын несі қалды, мен Әнуарбек ағаға Ғабдрахимді таныстырдым. «Бұйыртса, күйеу балаңыз болады», – дедім. Ғабдрахимға оның көпке таныс өлеңін оқып бердім.
Әппақ, әппақ, жапалақтап,
Қар жауады тынбастан.
Қалың орман қар жамылған,
Маужырайды түнгі аспан, –
деп едім. «Бұл өлеңді білемін» деп Ғабдрахим да елпілдеп кетті. Бұл таныстығымыз ұзақ жылдарға созылған, сәтті болды. Кейін туған інісіндей көріп, Ғабдрахимға машинасын айдатып, қонаққа шақырып, бірге алып жүріп, мәз болып отыратын. Ол кезгі жолдамалар 21 күндік болатын. 21 күн бірге болу екеумізге үлкен сый сияқты. Теңіз де ғажап, табиғат та сұлу, өзіміз де ұшарға қанат жоқ, ғажайып сезімде болдық. «Бақыттылар уақытты байқамайды» деген рас. Бір-бірімізден кемшілік те таппадық, өйткені ондайда көз де көп нәрсені көрмейді екен ғой…
Көктемде басталған өлең жолдары жалғаса түсті. Бәрі көкейімде.
Жүректің алау қалпымен,
Іңкәрлік сезім салтымен,
Асауға шаптым қорықпай
Аударып кетер қаупінен.
Не болар демей алғы күн,
Не сыйлар демей тағдырым,
Жаныма жайлы дәуреннің
Құрбанға шалдым барлығын.
Күтті не алдау, не сенім,
Күтті не өмір, не өлім.
Сен бірақ бәрін ойлатсаң,
Махаббат атанар ма едің?!
Демалыстан қайтарда Ғабдрахим өзінше шешім қабылдады. Тура Москвадан Гурьевке ұшамыз деді. «Осылай қол ұстасып ұшамыз, мен әкеме сюрприз жасағым келеді», – десін. Мен болсам, «Әкең анамның алдынан өтсін», – деймін. Ол айтады: «Мен таптанды жолмен емес, өз жолыммен жүргім келеді. Сені алып барып, таныстырам, келесі күні әкем Оралға барады. Анаң мені таниды, әлі сенен де жақсы көріп кетеді мені», – деп бой бермейді. Көнуге тура келді. Шалқая беретін несі бар?! Шын сүйетініне көзім жетті.
Сөйтіп, екі жыл бұрын Фаризамен келіп, әжесіне бата оқыған үйдің алдында тұрмын. Анасы жүгіріп шығып, қайта жүгіріп келіп, орамал әкеліп жатты. «Бісмилла» деп табалдырық аттатты. Кіші бөлмеге ендім, бұрышта отырмын. О, қыз-тағдыр, қандай қиын ең?..
Абыр-сабыр, ығы-жығы ағайын жиналды. Жаңбырбай атасының қарындасынан туған жиен Батырбаев Мақсот өте мәрт адам екен. Нағашысынан да, оның тұңғыш немересін де қатты сыйлайтын болса керек, келесі күні «Әппақ келінге ақ түйе сойып әкелдім» деп, артынып-тартынып жетті. Олар сол баяғы атамекен – Фариза мен Ғабдрахим аңсайтын Манаштан да әрі Каспий жағасынан көшпей қалып қойған.
Сонымен, екі күн тойлап, үшінші күн Оралға аттандық. Әкеміз Марал қоржынын жинап, баласын ертіп, «Беломор каналын» үсті-үстіне тартып, толқып, менің анам мен ағаларыма келді. Ауыл-үй ағайынмен шағын той өтті. Біздің демалысымыз да бітіп қалған, бәрі асығыс, абыр-сабыр болды. Анам бір күлді, бір жылады. Ғабдрахим екеуміз бірге ұшып, біздің үйге бірге келдік. Сонымен, үйлендік. Ендігі басты шаруа – Фаризамен кездесу еді.
Бақыттан бас айналып, жұмыстан үйге асықтық. Бір әңгімені Ғабдрахим өзі бастап, «Шынымды айтсам, осы кезге дейін шын ғашық болмаған екенмін. Осы кезге дейін мен емес, мені ұнатқан қыздан қашып өмір сүріппін, өзімді-өзім алдаппын», – десін. Мен оны жақсы көрген қызды аядым, тіліме өлең оралды:
Махаббаттың болмайды жолы жаңа,
Қыз үлесі – қашанда болу ана.
«Жаным» деген жігітті жек көрмеңдер,
Өзі сүю – қыздардың соры ғана, –
деп жаздым блокнотыма. Бұл – менің өз жүрегімнен кешкен, көзім көрген өмір шындығы еді.
Сонымен, жазғы демалыстың бір айы менің бүкіл тағдырымды шешті. Фариза менің кеткенімді естіп, Кавказға минерал су ішуге барып қайтты. Өзімізбен-өзіміз жүріп жаттық.
Бір күні «Жұлдызға» келді. Қабағы қатқыл, демалғаны көрінбейді, шаршаулы екен. Үндеген жоқ. Әдеттегідей Жазушылар одағының алдына Ғабдрахим келді, үшеуміз тағы Фаризаның үйіне бет алдық.
Көріспеген бір айда мен жадырап, ол жабығып қалған, қатты жүдегенін байқадым. Екеуміз үндемей ере бердік.