ЖЕТІ ҚАРАҚШЫ ЖӘНЕ СҰЛУСАРЫ
24.06.2016
1953
0

Жазушылар

«Достар, достар!
Жүрсің қайда…»


Осынау ән құлағыма естілген сайын Сайын Мұратбеков, Рамазан Тоқтаров, Мағзом Сүндетов, Бек Тоғысбаев, Рымғали Нұрғалиев, Қалихан Ысқақ сынды қазақ әдебиетінің үркер жұлдыздары – сонау 1960 жылдардағы қазақ прозасының тастүлектері есіме оралады. Оралады да мұңға батамын. Неге? Мен өзім-дағы сонау алпыс бірінші жылы әдебиетке «Қыз сыры» новеллалар жинағыммен келмеп пе едім.

 

Әдеби қауым әуелі тосырқана қара­ды: «Әйел прозашы да болады екен?» – дегендей. Өйткені, екі сөзін өлеңмен өрнектейтін қазақта ақын көп те, соның ішінде қыз-келіншек ақындар, Мәриям Хакімжанова бастаған солардың есімде­рін бұ жерде атамасам да, ел білетін де, құрметтейтін. Партизан, ақиық ақын Жұма­ғали Саин сөзімен келтірсек: «Тың­ға алғаш боразда тартқандай, қазақ әдебиетіне тұңғыш прозашы әйел келді! Ол – Шәрбану Құмарова!».

Иә, сол мен едім.

Енді осынау достарым жайлы толға­ғым келеді. Өйткені, сексеннің сеңгіріне шыққанда, тәубе дейін, сол қанжығалас-қаламдас достарымнан айырылып, ор­та­мыз селдіреп қалғандай күй кешулі­мін бүгінде…

…Тәй-тәй басқан сәбидей, проза жан­­рына қадам басқан кезден-ақ менің әңгіме-хикаят, очерктерім /көсем сөз деп жүр ғой/, республикалық газет-жур­налдар беттерінде жариялана бастаған еді. Диплом алысымен бірден «Социа­листік Қазақстан» аға газетінде әдеби қызметкер болып істегенім де, бір жағы қаламымның төселуіне көп-көп себеп. Иә, біраз дүниелерімнің сол басылым беттерінде жарияланып тұрғаны рас-ты. Тіпті, достарымның да дүниелерін шы­ғартуға себепкер едім.

Бір жылдың төліндей осынау қалам­дас достарыммен бірден етене араласып кеттім дей алмаймын. Неге?.. Тек кейбірі болмаса…

Қалың бұйра шашты, аққұба, дембелше, келісті түр-сипатына жібектей сы­пайы мінезі сай – Сайынды тұңғыш Жазушылар одағында кезіктірдім.
Ол – «Жұлдыз» журналында қызметкер, бір жас жазушының әңгімесін мақтап отыр екен. Орнынан ұшып тұра:

– О, Шәкең екенсіз ғой, кел, кел, – деді нарттай жүзінен шуақ ұшқында­ған­дай. «Әңгіме әкелдің бе?», – деді.
«Жоқ», – дедім.

Оның әңгімелерін бұрын үзбей оқып жүргендіктен сондай бір уыз тазалықты да Сәкеңнің жүзінен көргендеймін. Менің әңгіме-повестерімді оқығандығы көрініп тұрды. Екеуміздің де алғашқы кітабымыз бір жылда, 1961 жылы жарық көрген-ді. Ендеше, Сайынмен төл қозыдай тең өскен құрбыласпыз! Әде­биет атты үлкен айдында қатар тай-құ­лын­дай тебісіп келе жатқан жайдамыз. Әттең, оның тым ерте үзіліп кеткені…

Бірде Сайынның өзім қызмет ететін «Социалистік Қазақстан» аға газетінің редакциясына келіп: «Сары қыз, сыртқа шығып кетші», – дегені. Не жайында әңгіме қозғайды екен деп, жұмыста­рым­ды тастай сап шықтым. Екеуміз екінші қа­бат­тың кең фойесінде, ернеуіне сүйе­не тұрмыз. Сайын көздері күлімдей, өзі­нің бір қызға сонша ғашық екенін, он­сыз өмірі мұң екенін майын тамыза әңгімеледі.

Ұйып тыңдап тұрып, бір кезде:

– Ой, Сәке, ақарлы-шақарлы басың­мен мұның не? Сонда сүттей ұйыған жа­рың­мен, балаларыңмен ажыраспақ­шы­мысың? – деппін.

– Міне, міне! Сенің ашуланғаныңды күтіп ем, әңгімемнің ширығуына же­тіп­пін, – деп, балаша қуанып, жайраң қаққаны Сәкеңнің.

– Не, жазып жүрген дүниең бе еді?

– Әрине! Соңғы нүктесін таң азанда қо­йып, Мәрияның қатық қатқан тары көжесінен шөмішпен сіміріп ап, байыз тап­пай саған жеткенім… Ана антұрған­да­рға айтсам, «жуғын» деп басымды ауыр­тады.

– О, онда, мен жуайын саған, құтты бол­сын! Әңгімең ғажап екен… – дедім.

«Антұрғандары» – Әкім, Рамазан, Рымғали, Қалихан, Қабдеш. Осы топқа мен де сыналай еніп, «Қызжұман» деген есімге ие болғанмын. Сол Жұмандар – Қара Жұман, Көк Жұман, Бұйра Жұман… «Бұйрасы» – Сайын. Кілкей Жұмандар – «Қырт Жұманнан» алынғандар ғой, әзілмен.

Тағы бірде, ұмытпасам, 1971 жылы қаңтарда бір топ қаламгерлермен, яғни алпысыншы жылдарда әдебиет айдынына кеме салған шоқ жұлдыздай жар­қырап, бірден өздерін танытып үлгерген прозашы жазушылармен КазГу-дің химия факультетінің кең залында кездесу өтті. Мұны ұйымдастырған белгілі ғалым, академик Сұлтанғали Садырбаев ағамыз еді. Талантты жас ақын Нұр­лан Оразалин баяндама жасады. Қаң­тар­­дың қақаған қысы, зал суық. Сон­да­дағы студенттер иін тіреседі, жан-жақтан сұрақтар жаудыруда. Маған да тілдей қағаз келді: «Шәке, кейіпкеріңіз Кермеқастан айнымайды екенсіз. Не жазып жүрсіз?..». Кермеқас – «Сәуірдің ақ таңы» новеллалар жинағымның кейіпкері-тұғын. Жастар арасына кеңі­нен тарап, қызыға да, қызғана да оқылып жатқан дүнием. Дау да, дамай да көп. Қазір өкінем: сол кезде неге студент жас­тармен кездесу-сұхбат өткізбедім екен деп…

Қазақ атам айтады ғой: «Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап…».

Сөйлеушілер көп болып, маған кезек тимегендей, сондықтан хатқа жауап айта алмадым. Есесіне, екі ән орындап бердім. Тісіміз тісімізге тимей, арқа-жонымыз тастай суықтан қатып отырса-дағы, жаспыз ғой, кездесу аса қызғылық­ты өтіп, көңілді қайтып келеміз. Жаяу тарт­­тық, такси жалдайтын қауқар қал­та­сы жұқа біздерге қайдан келсін. Әндетіп, көшені басымызға көтереміз. Әсет Бейсеуовтің «Мұңайма» әнін айт­қанда Сайын алға түсіп билеп кеп қоя берді. Біздің үйге де таяндық. Ол кезде мен Комсомол көшесі мен Ленин даң­ғылының қиылысында тұратынмын.

Ошарылып қалған жігіттерге:

– Ал үйге кіріңдер. Мұздап қалдың­дар ғой, – деп, ілтипат білдірдім. Сарт мезірет емес, шын пейілім екендігін бі­ле, аңтарылып, еріндері еріндеріне жұ­ғыс­пай тұрған достарым лап қойды. Кең, жылы, зал бөлмеге енісімен, Рамазан:

– Шәрбану, ерін жібітетін бірдеңең бар ма? – деді.

«Бізге ыстық шай болса…». «Әй, бұл үйде, менімше, шай да, май да болады…». «Балықтың да майы табылады, көр де тұр…».

Ас үйдегі мұздатқыштан бір құмыра коньяк, бір ақ бөлке нан, тағы басқа ішім-жем дегендерді әкелдім. Үстелге орнықтыра бастамастан-ақ жігіттерім «уралап» қоя бергені. Рюмкелерді жай­ғас­тырып шай қайнатуға кеттім. Оның да әзір-мәзірін әкеп, өзім де жайғас­қаным сол:

– Шәке, мына Рамзай нанға барын салды, тың игерілген аймақтан ғой, қай­т­сын… – Рымғали әзілге басты. Құ­мы­радағы да орталанып қапты. «Қап, бір шиша ақтан да алып қоймағаным-ай!». Дүкен қасымызда еді, онда азық дегенің түр-түрімен сықап тұратын. Ет, мәселен, 9 сом келісі.

– Ішімізге ел қонды, ән салайықшы, жігіттер!

– Өй, түннің бір уағында ма?

– Саспаңдар, бұл Сталин заманында салынған үй, қабырғалары қалың, көршілерге естілмейді, азға қанағат етіңдер, рас, ән салайық, – дегенімше, Сайын: «Ендеше, өзің баста!» – деді, креслода қасқайып, қарнын сипалай.

– Шәкеңе әрқайсымыз өзіміз ұната­тын әндерден заказ берейік, кәне, Ең­лік­тің әніне салшы… – Бұл – Рымғали. Қайта оңды болғаны, әйтпесе, қай ән­нен бастарымды білмей абдырағаным рас.

Баяу ғана: «Ата-ана, ақ батаңды аттап кеттім…» деп, бір шумағын айттым.

– Шіркін, Бикен апам қалай аңы­рату­шы еді! – Рымғали көзіне жас алды. Рамазан бір бұрышта отыр еді, орнынан тұрып, әндетіп қоя берді.

Бұрын-соңды Рамазан Тоқтаровтың ән айтқанын естімегендіктен бе, Ақан серінің «Ләйлім» әнін соншалықты мә­нерлей, тенор даусымен сорғалата шыр­қағанына аң-таң қалыппын. Сайын:

– Онда, «Ағажан, Ләтипаны» бәріміз қосылып айтайық, – деді де орнынан көтерілді.

«Әй, Рымғалидың Ләтипасын оятып алармыз…».

Мен бастадым, олар қоштай, Сәкең мықындарын ырғалта билей бір тамаша ансамбль құрдық.

…Осынау көрініс әлі күнге көз алдымда. Сол отырыста Рамазанның:

– Астраномияда Жеті Қарақшы шоқ жұлдызы барын білесіңдер, ал сол шоқ жұлдыздың ортасында бірде көрініп, бірде көрінбейтін Сұлусары жұлдыз ба­рын, әрине, білмейсіңдер. Ойлаңдар­шы, біз негізінде – жетеуміз, (сірә, марқұм Ақан Нұрмановты есіне алғаны); ал Шәр­бану ортамыздағы Сұлусарымыз емес пе?! – деп, асқан білгірлікпен айт­қанын анда-санда есіме аламын. Есіме аламын да, күрсінемін…

Талай-талай тебірентерлік сәттер өт­кен. Қолым тигенде әлі де жаза түсер­мін деген ойдамын. Ең-ең кереметі, бә­рі­міз бір әннің қос шумағындай, шығар­ма­шылықта ғана емес, табиғаты­мыз жарас­ты жандар ек. Әттең, Сайын да, Рамазан мен Рымғали, Қалихан, Мағзом, Бек Тоғысбаев та шоқ жұлдыз болып, осынау өмірден тым ерте ұзады ғой.

Есіме алған сайын, сол достарымды сағына:

«Достар, достар! Жүрсің қайда?

Бірге еді ғой жанымыз.

Еске алып бір осындайда –

Кел, шырқайық бәріміз…» –

дегім келеді.

Үстіміздегі жылы – Сайын да, Мағ­зом да, Рамазан мен Бек те 80 жасқа толар еді… Халқының көз алдында жүр­месе-дағы, жүрегінде сақтала берсе болды ғой.

Шәрбану ҚҰМАРОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір