НЕКРАСОВ және СТАЛИН
19.01.2026
419
2

Мен 80 жас мерейтойыма байланысты Қызылордаға барып қайттым. Абыр-дабыр, у-дуда көпшілікпен кездесіп, әңгімелесе жүріп өз ықыласыңмен іздейтін кісілерің де болады. Тіл-әдебие­тінің маманы, бұрын Жаңақорған ауданында басшылық қызметтерде болған Зейнайдин Шермағанбетов деген ағамыз көрінбеген соң сұрастырғанымда, ол кісінің науқастанып жатқанын айтты. Ол белгілі ақын Әскербек Рахымбековтің курстасы болатын. Үшеуміз кездескенде әдебиет жайлы, өмір жайлы шүйіркелесетінбіз. Әскербек ақын дүниеден озғалы Зекеңді де кездестірген емеспін.
Осы себептен болар Алматыға оралаған соң да Зейнайдин ағаны ойымнан шықпай, ол кісінің кіммен араластығы болуы мүмкін дегенде, есіме сатирик ақын Нұрмахан Елтай түсе кеткені.
Нұрмаханның өзін де, шығармашылығын да жақсы білгендіктен және бұрын да хабарласып тұратын болғандықтан бірден телефон соқтым. Ол Зекеңнің денсаулығын хабардар етіп тұрып, «өзім де сізге телефон соғуды ойлап жүр едім» дегені. Айтар шаруасын сұрағанымда, ол Қызылордада тұратын Жолдасбек Ақсақалов деген журналист туралы айтты. «Некрасов деген жазушының романынан үзінді аударған екен, соны еш жерге жариялата алмапты. Жақында сіздің Қызылордада болғаныңызды біліп, «сол кісіге берсек бола ма, бәлкім, сол кісі түсінер еді. Өйткені Тынымбайдың осындағы ақын досы Әскербек Рахымбеков тірі кезінде осы үзіндіні оқып қолдаған еді», – депті.
Біздің білетініміз бір-ақ Некрасов қой, заманында «Наш современник» атты әдеби журнал ашып, өмірінің соңына дейін өзі бас редакторы болған. ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетінің тарихында ол журналдың да, Некрасовтың да атқарған істері айрықша екені дүниежүзі әдебиетшілеріне белгілі жайт. Сүйсініп айтар аңыз десе де болғандай. «Бірақ ол Некрасов ақын еді ғой. Бұл арадағы романы несі?» дегенді ойлап тұрсам да, Әскербек досымның аты аталған соң-ақ ойланбастан, «Онда маған жіберсін», – дедім.
Аз күн өткенде материал қолыма тиді. Авторы мен білетін Некрасов болмай, өзге Виктор Некрасов деген жазушы болып шықты. Бірақ тақырып тартып тұр. «Некрасов пен Сталин» дейді. Ал кітап 1991 жылы «Молодая гвардия» баспасынан жарық көрген. Не керек ойланбастан оқып шықтым. Ұнағанының әсері ғой, бірден балама телефон соғып, интернет арқылы «осындай жазшуының осындай кітабын табуға бола ма?» деген өтініш айттым. Бірер сағаттан соң балам: «Таптым жаңа жылдың бас кезінде қолымызға тиеді», – деп маған белгісіз бір баспаның атын атады.
Арада біраз уақыт өткенде Нұрмахан інім телефон соғып: «Қолжазбаны алғаныңызды айтып қуантып едім. Сол күннің ертеңіне Жолдасбектің өзі де қайтыс болды. Әрине өкінішті жай ғой, бірақ өзім марқұмның соңғы аманатын орындағаныма қуандым. Көптен ауырып жүрген мінезді жігіт еді. Оны мына материалға мән беріп, соны қалайда жариялатуға соншалық ден қойғанынан-ақ аңғарған боларсыз», – деді.
Мен бұл кітап қолыма тигенше асығып отырмын. Әзірге осы үзіндіні газет оқушыларына ұсына тұрайық дедім. Біз марқұмды қуанттық па, әлде марқұм ақтық демі шығар алдында бізді, оқырмандарды қуантты ма, оны ойша бағамдай жатармыз.

Тынымбай НҰРМАҒАНБЕТОВ

Тақырыпқа көз жүгірткен оқырмандарымыз тарапынан «Бұл қай Некрасов?» деген сауал туындауы мүмкін. Біздің айтпағымыз, ХІХ ғасырда өмір сүрген орыстың классик ақыны Николай Некрасов емес, кешегі Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майдан даласындағы зұлмат­тың шынайы болмысының тірі куәгері ретінде бірнеше деректі әңгімелер жазған кеңес жазушысы Виктор Некрасов туралы болмақ. В.Некрасов «В окопах Сталинграда» атты деректі повесі үшін Сталин атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Бұл сыйлықтың халықтар көсемінің тікелей ықпалымен берілетінін ескерсек, жазушының сол дәуірде шығармашылық өкілдері арасында кездейсоқ тұлға болмағанын айғақтаса керек.
Соғыс аяқталғаннан кейін, дәлірегі 1947 жылы Сталин Некрасовты Кунцеводағы саяжайында қабылдап, онымен үш күн бойы емен-жарқын әңгімелескен. Осы оқиға туралы Некрасов 70-жылдары шыққан кітабында ешқандай боямасыз шынайы баяндаған болатын. Қанша жыл өтсе де жазушының көсеммен болған әңгімесі зиялы қауым тарапынан қызығушылық туғызады. Себебі әлемдік деңгейдегі саяси тұлға мен қатардағы жазушы арасындағы әңгімеден Сталиннің шынайы болмысының бірқатар қырларын танып білуге болар еді. Сонымен сол әңгімеде не айтылды? Төменде әңгіменің қысқартылған нұсқасы Виктор Некрасовтың баяндауымен ұсынылып отыр.

…Үлкен жолдың жиегіне қара ЗИС зірк етіп тоқтай қалды. Қолын шекесіне апарып ізет көрсеткен полковник автомобильдің алдыңғы есігін ашып, «отырыңыз», – деді. «Ешқандай абыржымаңыз, барлығы дұрыс болады», – деп ескерту сыңайында жылы сөз айтқан полковник машина жылдамдығын арт­тыра түсті.
Сталиннің бойшаң еместігінен, сондай-ақ жақсы асаба екенінен хабардар болатынмын. Бірақ ол орындығынан тұрып, маған қарсы жүреді дегенді көз алдыма елестеткен жоқ едім.
– Кел, кел, қадірменді қонағым боласың, – дегенді акцентпен айтқан Сталин үстелінің жанындағы креслоға қолтықтай жөнелді.
Сталин тартпасынан әйгілі «Герцоговина Флора» темекісінің қорабын ашып, маған бір талын ұсынды да:
– Шек! – деді.
Папирос қапелімде тұтана қоймады, толқыныстан саусақтарым икемге келмей дірілдеп кетті. Сталин бұл қолайсыздықты байқап қалса да, ләм-мим демеді.
Көсемнің жүзінде сәл-пәл күлкі нышаны сезілгендей болды.
– Неліктен «Герцоговина Флора» деп аталатынын білемісің? – деді бір сәтте маған барлай көз тастап. Іле-шала өз сауалына өзі жауап беріп:
–Білмейсің. Мұны ешкім де білмейді, – деді.
Темекісін тұтатқан Сталин креслосына шалқайып отырды. Менің шамалауымша сағат таңертеңгі он бір. Жақсы есімде қалыпты. Ол маған тағы да барлай көз жүгіртті. Сол уақытта мен қандай азапты сәттерді көз алдымнан өткіздім десеңізші! Алдымен, тұла-бойымды, санамды қорқыныш сезімі билеп ала жөнелді. Сенің алдыңда адамзат баласы бұрын-соңды естіп-білмеген қатыгез адам отыр. Ол қанша адамды өлтірді! Міне, сен онымен қаңыраған кабинетте жалғыздан-жалғыз отырсың! Қандай қорқынышты!
Менің есіме кейін Черчилльдің естеліктерінде жазған оқиғалар түсті. Британ премьері Сталинмен алғашқы кездескенде оған бірінші болып қарсы қадам жасамауды іштей ұйғарғанымен, өзінің соңынан белгісіз бір тылсым күш итеріп жібергендей үлкен күту залының ортасында тапжылмай тұрған кеңес көсеміне қалай жүргенін сезбей қалатынын үлкен тебіреніспен жазған еді.
Көзіміз түйісті. Біршама үнсіздіктен кейін Сталин:
– Мен сені көз алдыма кең жауырынды жігіт сияқты елестетіп едім, сен осындай екенсің ғой… Тіпті мұрт қойып алыпсың. Сені не үшін шақырғанымды білемісің? Білмейсің… Сталин сыйлығын алуыңмен құттықтағым келді, – деді қолын ұсынып.
Күткендегіден асығыс қимыл жасадым ба, әйтеуір қолымды жылдам ұсындым. Көмейіме келіп қалған «Кеңестер Одағына қызмет етемін» деген сөздерді әрең іркіп қалдым.
Сталин күлгендей болды. Тістері қарайып, көріксіздеу көрінді.
– Кітабыңның маған не үшін ұнағанын білесің бе! Әрине, оны да білмейсің… Сен бүгін кешке боссың ба, әлде қызбен жолығуға уәде беріп қойдың ба?
– Ешқандай да жолдас Сталин!
– Ендеше, сені қонаққа шақырамын. Сыйлықты жуамыз. Шарап ішеміз. Менде мемлекеттің өжірелерінде сақталған тәуір шараптар бар, – деген Сталин патша туралы әңгіме қозғап кетті.
Байқағаным, Николай патшаны мұқатып, келеке еткен жоқ, қайта көтермелеп «государь» деп атады. Бар болғаны: «Әлсіз, жігерсіз болды. Ресейге мұндай патшаның керегі жоқ еді ғой», – деді.
–«Массандров» (Грузияның атақты шарабы. -А.Ж.) шарабын көрсек қайтеді? Жақсы сақталған. Айтпақшы, сендер Сталинградта қандай ішімдік іштіңдер? Мүмкін ештеңе ішпеген шығарсыңдар, Сталиннің көреген басшылығымен тек қана соғысқан шығарсыңдар. Солай ма? – Сталин бір күліп алды.
Шай әкелінді. Есіктен имене кірген Поскребышевтің (Сталиннің көмекшісі.-Ж.А.) сұлбасы көрінді.
– Сіз, жолдас Сталин сағат 12-де неміс достарды қабылдауыңыз керек. Олар қабылдау бөлмесінде күтіп отыр, – деді.
– Дәлдік корольдердің ілтипатын білдіреді емес пе, келіп қалған екен, кірсін ендеше, – деді Сталин. – Эх, фрицтер, фрицтер…
Көсем кешке қайта жолығатынымызды айтты.
…Сталинде қанша уақыт болып, қанша арақ-шарап ішкенімді дәл айта алмаймын. Барлығы сол Кунцеводағы саяжайдың асханасында болды.
– Сенің әскердегі атағың қандай еді? – деп сұрады Сталин кешкілік кезекті рюмканы қағып тастаған соң.
– Капитан.
– Қандай өкінішті! Соншама соғысқанда ең болмаса майорға да жетпегенбісің? Сенің жасыңда марқұм Якир (репрессия кезінде Тухачевскиймен бірге атылған генералды айтып отыр. -Ж.А.) Украина әскери округінің қолбасшысы болды. Ал сен… Жарайды, ештеңе етпес…
Шарапты стакандарға құя бастады.
– Бізге жеңіс әкелгендер үшін алайық. Әлде сенің басқа пікірің бар ма? – деді Сталин. Мен тілім байланғандай «иә» немесе «жоқ» деп айтуға шамам келмей құптағандай міңгір ете қалдым. Ол әңгімесін жалғастырды:
– Иә, мен сол кезде қызбалыққа салындым. Буденный, Тимошенко, анау ызыңбай Ворошилов, әлгі алғашқы қызыл офицер… Олар батальонды да басқара алмайды. Ал мен ақымақ оларға майдандарды басқарттым. …Жуков ше? Бас штаб бастығы ретінде ол да кінәлі.
Көкейіме кептелген сауалдарымды қоя алмадым. Қорқынышты болғандықтан батылым жетпеді. Әңгіменің орта тұсына келгенде Сталин есікке қарап: «Әй, кім бар?» – деп айқайлап жіберді. Есік алдында жас полковник сымдай тартылып тұра қалды.
– Анау қасындағы тиісті адамдарға айтарсың, ертең Сталин жолдас үшін демалыс, – деді.
Полковник шығып кеткен соң маған:
– Ертең Беловежье тоғайына барамыз, аң аулауға, – деді.
Аң аулауға жоқ едім. Ақын-жазушы әріптестерім де бұған өкініш білдіретін. «Бірақ бір жөні болар» деп сыр білдірмедім. «Мунзанидің» екінші шөлмегінен кейін әңгіме әдебиет, жазушылар тақырыбына ауысты.
– Барлығы да бір қалыптан шыққандай жылпос, Фадеев бас болған маскүнемдер. Платонов құдай берген талант. Бірақ оған да ескертпе жасадым. Булгаков… МХАТ-та «Турбиндер күндерін» оншақты рет көріп шыққан шығармын. Нағыз офицерлер. Большевиктер ентелеп келеді. Ал олар болса антына соншалықты берік. Рақаттанып көресің. Ал мен болсам жан-жағымдағыларға күдікпен қараймын. Ешкімге сенбейсің. Тәуірлерін атып тастадым. Жамандары қалды, – деді Сталин. Осы әңгімелерді ерсілі-қарсылы жүріп айтқан ол креслоға отыра кетті де:
– Демалайық. Ертең ұшаққа тапсырыс беріп қойдық қой. Ерте тұруымыз қажет, – деді.
Түні бойы енсіздеу тар кушеткада дөңбекшіп шықтым. Осы жерге мені сыпайы екі капитан орналастырған еді. Ой шырмауына орандым. Мені не үшін шақыртты? Ертең не күтіп тұр? Сталин өзі сөйлейді. Мен оны үнсіз құптаймын. Бұлай ұдайы үнсіз отыра беруге бола ма? «Қорқақ» немесе ақымақ» деп ойлауы мүмкін ғой. Не деймін? Сөйлеу үшін бәлкім көбірек ішу керек шығар? Дегенмен Сталин жарады. Жетпіске таяп қалды. Мен болсам отыз алтыдамын. Жақсы ішіп отыр.
Менің тирандармен әңгімелесу жөнінде тәжірибем жоқ. Гитлер де дастарқан үстінде әңгімешіл дегенді естуші едім. Әйелдердің қолынан сүйетін көрінеді. Ильич болса мысықтардың басынан сипап отырып, ғұмыр бойы «Аппассионатаны» тыңдайды екен. Түннің бір уағына дейін ойыма тыныштық болмады. Әрі қарай не болар екен?..
Түнгі 3-тер шамасында оянып кеттім. Міне, сұмдық! Сталин аяқ жағымда отыр. Қолында жартылық шөлмек.
– Көзім ілінбеді капитан. Көзі қанталаған балалар елес береді. Саған келдім, – деді.
– Алып қояйық, капитан…
Арақ құятын стақанның жоқтығын сездіріп:
– Немен ішеміз, жолдас Сталин? – дедім.
Шынайы жағдайға енді қаныққан ол:
– Қазір, қазір бірдеңе ойластырамыз, – деп көрші бөлмеге шығып кетті. Іле-шала қайта оралды. Қолында екі қырлы стақан, тарелкеге салынған тұздалған бәдірен.
– Нан таба алмадым. Әлгі кемпірді оятқым келмеді. Онсыз да бірдеңесі болар, – деді Кремль қожайыны.
Түнгі үштен басталған арақ ішу ертеңіне күні бойы жалғасты. Неге екені белгісіз аң аулау доғарылды.
– Аңдарға аяушылық білдірейік. Бастары көбейсін, – деді Сталин мұның себебін түсіндірген болып.
Көрші бөлмедегі кемпір оянып, дастарқан толтырылғанымен, арақ молынан ішіліп, тағам аз желінді.
– Тағамнан алу керек, тағамнан, – деді әрі-бері өткен кемпір, – мыжыңдап қонақтың мазасын аласың. Қарашы, алдыңа аузыңа салсаң еріп кететін бұзаудың етін қойдым.
– Бізді оқытпа, кәрі қақпас, өзіміз жақсы білеміз, оқымыстымыз, – деді Сталин кемпірге қолын бір сілтеп. Ол да есесін жібермей:
– Қайдағы оқымыстылар… Адамдарды қамауға келгенде білгішсіңдер, қалай ішу керегін білмейсіңдер, – деді.
Сталин қатқылдау кеткісі келіп еді, бірақ онысынан ештеңе шықпай:
– Жарайды, кәрі қақпас, бізге енді бөгет болма! – деді.
Бірдеңе деп күбірлеген кемпір бөлмесіне кетті…
…Жазушылар туралы үзілген әңгіме қайта жалғасып, ол тіпті күлкілі сипат ала бастады.
– Әдебиетшілерге арнап арнайы әскери атақ енгізсек қайтеді, – деді Сталин. – Айталық «лит-майор», лит-полковник, лит-генерал, әдебиет маршалы деген сияқты. Барлығына пагон тақсақ…
Тіпті комиссия құру үшін сол сәтте Фадеевке (КСРО Жазушылар одағының төрағасы. -А.Ж.) телефон соқпақшы болып, артынша:
– Съезді күте тұрайық. Сонда осы мәселе бойынша сөз сөйлеймін. Оһ, жазушылар қуанып қалатын болады, – деді.
Орыс патшаларының тағдыры туралы біраз әңгіме айтылды. Тағы да арақ құйыл­ды. Сталин оқыстан:
– Қалай қарайсың, сені саяси бюро құрамына енгізсем қайтеді? Онда отырғандар сүреңсіз, оқ-дәрінің исін сезіп көрмегендер. Секретариат құрамына енгізсем де болады. Жданов музыкамен айналысса, әйтеуір рояльда жалғыз саусақпен ойнайтыны бар ғой. Маған «Тарзанды» (сол кездегі фильм. -А.Ж) көруге кімді шақыру керегін айтасың. Шақырылғандар ішінен кімдермен арақ ішуге болатынын, кімдердің артынан теуіп жіберетінімізді шешуге болады. Әйтпесе, арамтамақтар көбейіп барады. Өздеріне саяжай салып, бай-манаптар сияқты өмір сүріп жатқандар бар… Ал сенің саяжайың бар ма?
– Қайдан болсын, жолдас Сталин, коммуналдық пәтерде тұрамын.
– Коммуналдық пәтерде деймісің? Сталин сыйлығының лауреаты коммуналдық баспанада тұра ма?
– Дәл солай, жолдас Сталин!
–Бұл барып тұрған берекесіздік қой…
Сталин телефон тұтқасын көтеріп: «Маған Хрущевті қос», – деді. Сәлден кейін: «Никита, қалайсың? Тірісің бе? Лазарь (саяси бюро мүшесі Кагановичті айтып отыр. -Ж.А.) қинап жатқан жоқ па? Жарайды, жарайды… Менде сенің жерлесің, киевтік жас жазушы отыр. Фамилиясы Некрасов», – деді. Сосын маған бұрылып: «Әлгі классик жазушыға қатысың жоқ па?» – деп сұрады да, артынша Хрущевке: «Ешқандай да туыстық қатынасы жоқ. Тамыр-таныссыз барлығын өзі жарып шыққан. Не дейсің?.. Танымайтын болып шықтың ба? Сені үлкен басшы дейді. Ұят қой танымағаның. Қазір сен ұшаққа отыр. Сағат қазір тоғыз. Он екіде менде боласың, түсінікті ме?» – деді.
Сталин телефон тұтқасын ұясына қондыра салды да:
– Сәл сергіп қайтсын. Әйтпесе Лазарь оны украин мәселелерімен әбден шаршатып бітті, – деді.
Ішімдіктен басым ауырғандықтан, әлде айықпаған қорқыныштан ба, әйтеуір мен әлі белсенділік таныта қойған жоқ едім. Сталин өзі сөйлейді, өзі шешеді. Ерсілі-қарсылы жүреді де қояды. Арагідік мен отырған үстелге келіп жүзіме барлай көз тастайды. Артынша есіктің ашылған саңылауына құлағын тосып бірер минут тың тыңдағандай болады. Мен ойға берілдім. Құдайларға да тыныштық жоқ. Олар да өздерінің аспан әлемінде бірдеңеден сескенетін сияқты. Сталин маған тағы көз тастады. Сенбейтін сияқты. Бірнеше секунд өтті:
– Ешкімге айтқаным жоқ, саған айтайын, – деді Сталин. – Сыр сақтай аламысың?
Қорқыныштан сілекейімді жұтып жібердім. Сыр сақтай алатынымды айттым. Еңкейген күйі құлағыма сыбырлап:
– Күнделік жазамын, – деді саусағын ерніне тигізіп. – Ешкім де білмейді… Өткір көздері өңменімді тесіп жібергендей болды. – Ешкімге сенбеймін. Ешкімге! Ал саған сенемін, білемісің ертең өлгенде…
Мен үнсізбін. Ол тағы да ерсілі-қарсылы жүріп тың тыңдағандай болды. Бөлмеде өлі тыныштық. Ашық терезеден құстардың шиқылы ғана естіледі.
– Бүгін емес, әрине, кейін, арнайы шақырамын, – деді. Ол бөлмеде тағы ерсілі-қарсылы жүріп кетті.
– Жарайды, құйсаңшы, – деді маған жақындап. Стақандарға құйып шықтым. Маған қадала қарап:
– Айттың екен, тіліңді кесіп аламын. Түсіндің бе? Әлгі парсы, ауған шахтары секілді…
Көңіл күйім құлазып сала берді. Сталин байқап қалды ма, иығымнан қағып:
– Сендермен әзілдесуге де болмайды осы… Барлығың да үркексіңдер… Ал сен күнделік жүргізесің бе? – деді әңгіме сипатын өзгертіп.
– Сталинградта жазуға талпыныс жасағанмын. Ештеңе шықпады.
– Иә, қиын, өте қиын. Кім үшін жазғың келетіні түсініксіз. Өзің үшін әлде тарих үшін бе? Жарайды. Өзім шақырамын. Сонда айтармын… Жазушымен кездескендей…
…Сағат дәл он екіні соққанда есік ашылып, Хрущевтің шошқа тәрізді сұлбасы көрінді.
– Кіруге бола ма екен, жолдас Сталин?
– Ай, түлкі Никита, горилканы (украин шарабы. -А.Ж.) әкелдің бе? – деді Сталин қуақыланып. Хрущев абдырап қалды.
– Оһ, хохол, сен ештеңе сезбейсің. Тарихты білмейсің. Патшаға құралақан келмейді ғой. Сый әкеледі. Бұлғын жағалы тон, асыл тұқымды жылқы, жауһар тас дегендей. Ал бізге, жазушы екеумізге горилка мен әлгі украин бұрышы жетпей тұр. Не істейміз, жазалаймыз ба, сені…
–Қазір, қазір жолдас Сталин…
Хрущев міңгірлеп, бір әрекетке көшкендей болды.
– Құрып кетсінші, сені қайбір кешірмей жүрміз. Тағы бір кешіруге тура келеді. Капитан, оған толтырып құй, толтырып. Шашып, төкпей іш. Қолың қалтырап кетті ғой, немене қорқып кеттің бе? – деген Сталин Хрущевті әбден састырды. Хрущев қорыққаны соншалық, стақанды аузына әрең апарды. Дегенмен тауысты, әрең дегенде…
– Оһ, Никита, – деді Сталин кекесінді күлкімен. – Сені де запорожьелік казак дейді-ау. Қарның томпайып кетіпті. Капитан, оған тағы да құй. Әйтпесе бізбен теңесе алмайды, – деді Сталин.
Екінші стақан оңай кетті. Алақанымен аузын сүрткен Хрущев бұзау етінен аузына салды.
– Міне, енді дұрыс болды. Тамақтана тұрыңдар, мен қазір… – деді де Сталин дәретханаға шығып кетті.
Хрущев жеңілденіп қалды. Маған қызғаныш сезімімен қарап:
– Мені осында сіз үшін шақырды ма? – деп сұрады.
– Иә, солай шығар.
– Нендей себеппен, білмейсіз бе?
– Пәтер жайлы.
– Пәтер деймісіз. Сізде жоқ па еді не, оны телефон арқылы шешуге болар еді ғой…
– Иә, болатын еді.
– Тағы не айтты?
– Шоқпар туралы.
– Қандай шоқпар?
– Богдан Хмельницкийдің…
– Ескерткіштегі ме, оны алып тастау керек пе? Қазір-ақ алып тастаймыз, – деді Хрущев жеңілденіп.
Сталин қайта оралды. Қабылдау бөлмесінен телефон соғылды. Ол телефон тұтқасын көтерді:
– Кім дейсің? Берия… Мен оны шақырып па едім? Қолы босамай жатыр деп айт! – телефонды қоя салды. Сәлден кейін телефон тағы безілдеп қоя берді.
– Маңызды шаруа дейді. Жарайды, кірсін.
– Не болып қалды соншалықты? – деді Сталин Берияға ашулы кейіппен. – Көріп тұрсың ғой, арақ ішіп жатырмыз. Маңызды мәселелер талқылап жатырмыз. Не болғанын қысқа ғана баянда!
Берия бірдеңе айтқысы келіп еді, Сталин тоқтатып:
– Сен сау адамсың, ал сау адам әрдайым күмән туғызады, – деді.
Берия стақанын қолына алып, алдымен, Хрущевке, сосын маған сұстана қарады.
– Неге қадала қалдың оған, жазушы ғой. Онымен әдебиет проблемаларын шешіп жатырмыз. Бүгін ешкімді қамамаймыз, түсіндің бе? Қағып таста, қолыңдағыны! – деді Сталин.
Оған арақ құйылды. Берия қиналғанымен арағын тауысып ішті.
– Келіп қалған екенсің, енді баяндай бер! – деді Сталин.
– Конфеденциалды әңгіме еді…
– Конфеденциалды әңгіме деймісің. Мемлекеттің өмірі саған байланысты екен ғой. Солай ма? Бәлкім, мен қазір мемлекет туралы әңгіме айтқым келмейтін шығар. Жазушымен әдебиет туралы әңгімелескім келетін болар. Сен Щедринді оқыдың ба? Оқыған жоқсың. Сондай губернатор-жазушы болған. Жаман емес, сенің Горькийіңнен тәуір. Бар, оқы! Сосын баяндайсың. Кру-гом, марш!
Сталиннің осы сөздерінен кейін Берия мелшиіп қатып қалды. Берия, қатігез Берия көз алдымызда жоғалып, еріп кеткендей болды. Ол сұрланып, кетерін не кетпесін білмей абдырап қалды. Барлығына мен кінәлідей кектене қарады. Мұнысын байқап қалған Сталин:
– Кіммен ішкім келеді, өзім білем, түсіндің бе? Сенімен емес, осымен ішкім келеді. Барлығын тіміскілеп білгісі келіп тұратынын қарашы!
Сталин жұдырығымен үстелді қо­йып қалды: «Жоғал дедім ғой!»
Сталин сабасына түскендей болды да:
– Өзін грузинге санайды. Тіміскіленіп жүреді оңбаған, тыңдайды. Тыныштық бермейді. Тіпті саған сұстана көз тіккенін қарашы, көрсін жамандық істеп, бел омыртқасын сындырып жіберемін! – деді.
Сталин тағы да ерсілі-қарсылы жүріп алды. Қанша ішкенімен маған тың көрінді. Арасында қызметшілерін былапыт сөздермен сыбап тастайды. Кушеткада отырған Никитаның аяғынан теуіп жіберіп:
– Кәнеки, тұр орныңнан! Украинада не істеліп жатыр, баянда! – деді. Хрущев сымдай тартылып тұра қалды.
– Кре… Крещатикті сіздің нұсқауыңызбен қалпына келтіріп жатырмыз. Жазушылар да үн қосты. Павло Тычина өлеңін арнады…
– Керек еді сенің Тычинаң маған. Сен маған астықтың, көмірдің жай-күйін айт. Отырып ойыңды жинақта, – деді Сталин.
Хрущев есін тез жиып алды. Бұл, сірә, Сталиннің тылсым күшінің құдіретінен болса керек-ті. Қалтасынан қағазын алып, тізбектелген цифрларды баяндай жөнелді.
Маған таңданыс туғызғаны Сталин шын ниетімен бе, әлде келемеж еткісі келді ме, Хрущевтің иығынан қағып:
– Көрдің бе, елу миллион халқы бар республика, ал оның барлық дерегі мұның қалтасынан табылады. Никита, сен осындайсың, ә! – деді.
…Одан әрі өзім барынша қауіптенген сәтке жақындап қалғанымды сезгендей болдым. Сөйлегім келді. Бірақ өзімді-өзім тежедім. Нең бар, басыңа бәле тілеп! Қарашы, барлығы жақсы өтіп жатыр. Барлығына жекиді, ал сен болсаң, оған қонақсың. Қасыңдағыларға қорлық көрсетіп жатса да, сенің басыңнан сипайды. Никитаны шақырып алып тапсырма беріп қойды. Зәулім үй салып беретін болды. Бұдан артық не керек саған?! Онан да Киевке кетуге асыққаның жөн болады. Тыныш отырып жазуыңды жаз дегендей… Тағы да ой шырмауына орандым. Жоқ, сөйлеуім керек!
Қапелімде бұл ойымнан тағы айныдым. Құдайды, Сталинді ашуландырып алма, ақымақ! Бірдеңені бүлдіріп алсаң ше? Сенің алдыңда Сталин екенін ұмытпа! Оның үстіне екеуің де массың… Ештеңе етпейді. Тост айтуым керек, тост.
Үстелге жақындап, шөлмектегі қалған арақты стақандарға мөлтілдетіп құйдым да:
– Қымбатты жолдас Сталин, қымбатты Никита Сергеевич! Сіздердің байсалды, іскерлік әңгімелеріңізге араласқаным үшін кешірім сұраймын, бірақ ішудің реті келіп қалған сияқты… – дедім дауысымды көтеріңкіреп.
– Өте дұрыс айтылған ескерту, – деді Сталин байсалды қалыппен. – Ішкеннің ешбір зияны жоқ. Миды тазартады.
Сөз тиегі ағытылып сала берді. Мас күйімде соғыс туралы айттым. Алғашқы шегініс, Украинадағы, Сталинградтағы жағдай, шабуылға шығар алдында берілетін арақ, Мамаев қорғаны, солдаттар, полк командирі, Чуйков, Родимцев, патрио­тизм… тағысын, тағылар туралы айтылды.
– Сталинградтағы солдаттардың бір-ақ арманы болды, ол бандит Гитлерді өз ошағында талқандау еді. Солдаттар өздеріне тиісті 100 грамды сол үшін ішетін, – дедім сөзімнің соңында.
– Жақсы тост, – деді Сталин. – Сол үшін тағы құйылсын!
– Құятын дәнеңе жоқ, – дедім жалма-жан.
– Қалайша жоқ, қанеки, Никита жүгіріп барып кел, кезекшіге…
Хрущев есікке қарай беттеді.
– Саған айтарым, – деді Сталин кеудемді саусағымен нұқып. – Мен сені енді түсіндім, Некрасов. Сен қу адамсың. Өте қусың. Сол үшін мақтаймын. Бірақ есепке жоқсың. Сен тост айттың, жақсы, патриоттық сипатта. Сенен жақсы тамада шығады. Грузин емессің бе, осы сен? Кім біледі, мүмкін әжелеріңнің бірі грузин шығар… Бірақ тостыңда қателік жіберіп алдың. Қулығыңды асырып жібердің бе, әлде сол қулығың жетпей қалды ма?..
Сталин бөлмеде әрі-бері жүрді де, маған қарсы келіп тоқтады.
– Маған шындығын айтшы. Сеніңше жолдас Сталин Ұлы Отан соғысына қатысқан ба, әлде… Ал меніңше, аздаған болса да үлес қосқан сияқты. Әлде мен қателесіп тұрмын ба? – деді.
Мен оның алдында үнсіз тұрмын. Қол-аяғым тұсауланып қалған секілді.
– Мен саған, жас досыма, мынаны айтпақшымын, – деді Сталин әңгімесін жалғастырып. – Осының барлығы сөзімнің кіріспесі ғана. Ешқандай дауым жоқ, жақсы тост айттың. Енді Гитлер туралы. Солдаттар да, сен де оны бандит дедіңдер. Дұрыс айттыңдар, ол шынында да бандит. Бірақ мен оны ақылды бандит деп ойлаушы едім, ол ақымақ бандит болып шықты. Егер біз бірігіп, Черчилль мен Рузвельт одағына қарсы шыққанымызда (Гитлер мен Кеңес Одағының бірлігін айтып отыр. – Ж.А.), бүкіл әлемді, түсінемісің, бүкіл әлемді жаулап алып, сосын оны екеуара қақ бөліп алған болар едік. Ол ақымақ мұны түсінбеді. Маған килікті келіп. Ақыры тұмсығы тасқа тиді.
– Жолдас Сталин, сіз өзіңіз…
– Сөзімді бөлме! Жолдас Сталиннің сөзін бөлуге болмайды. Екеуміз де Гитлердің бандит екенін айттық. Адамдарды өлтірді, оларды пешке жақты. Жақсы емес, әрине. Гуманизмге қайшы. Ал сеніңше жолдас Сталин бандит емес пе? Ол талай адамның жанын жаһаннамға жіберді. Оған Сталинге жету қайда-а! Онымен салыстырғанда бала емес пе, Сталиннен үйрену орнына ақымақ, оған бас салды…
…Жалпы, Гитлер алдымен, дұрыс бастады, – деді Сталин әңгімесін жалғастырып – Бізге, немістерге тіршілік етуге өрісіміз тар деді. Версальды (Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңілген Германияға қойылған талаптар. -А.Ж.) тұншықтырды. Австрия, Судет аймағы, Мюнхен келісімі – Гитлерге жол ашылды. Чехословакия, Одақтастар үнсіз қалды. Жарайсың Гитлер! Не істеу қажеттігін білді. Ішкі жаулармен қалай күресу керек, оны дұрыс істеді. Батыл қимылдады. «Еврей мәселесінің» түпкілікті шешімі. Дұрыс шешім. Тіпті көрегендік шешім десе де болады.
Сталин осы сөздерді айтқанда үнсіз тыңдап келген менің ішкі сезімім бұлқынып жарылудың алдында еді. Не деп кетті?..
– Жолдас Сталин… Иосиф Виссарионович… Бізді өмір бойы оқытқанда антисемитизм…
Ойымды аяқтауға мүмкіндік бермеді.
– Жоқ, ол ешқашан болған емес, болмайды да! «Антисемитизм» деген ұғым жоқ, түсіндің бе? Алыпсатарлардың, өсімқорлардың және жебірлердің азғантай ғана тобыры бар… Айтшы, Эйнштейн алыпсатар және жебір ме?
– Эйнштейнді білмеймін, ал Каганович сондай! – деп қойып қалдым.
Осы кезде екі шөлмек арағымен Хрущев кіріп келді.
– Никита айтшы, Лазарь ұры ма?
Хрущев жауап қатпастан шөлмектің біреуін ашу қамына кірісіп кетті. Ол маған өзен жағалауына лақтырып тастаған балық секілді елестеді. Алдында мойнына, кеудесіне дейін қызарып, жұдырығын тас түйіп алған Сталин тұр:
– Айт дедім ғой, ұры ма әлде жоқ па?
Никита әлі үнсіз. Оның абдырап қалғанын пайдаланып, қолындағы шөлмегін алдым да, стақандарға құя бастадым. Мені қандай күш итермелегені бүгінге дейін жұмбақ, әйтеуір сол жолы батыл қимылдадым. Масаң күйде:
– Жолдас Сталин, бесінші рота командирі лейтенант Фарбер (Фарбер – Некрасовтың «В окопах Сталинграда» повесінің кейіпкері. – А.Ж.) үшін ішуді ұсынамын. Ол туралы естіген шығарсыз?.. – дедім.
– Қандай Фарбер? Мен ешқандай да Фарберді білмеймін, – деді Сталин.
– Бекер болған… 284-дивизия 1047 полкінің 5-рота командирі, – деп қайталадым да арағымды ішіп қойдым.
Сталин маған сұстана қарады. Телефон тұтқасына жармасты. «Күнім бітті» деп ойладым. Сталин менен көзін алмастан:
– Мұндай үшін не істейтінін білемісің… Білмейсің… Қазір білесің.
Ол әрбір сөзін шегелеп, бөліп-бөліп айтты да, телефон нөмірін терді:
– Маған, Берияны!
Мен біттім деп ойладым. Бөлмеде өлі тыныштық. Сталин де, Хрущев та қимылсыз. Құлағым шыңылдап кетті. Тық-тық еткен жүрістің дыбысы естілді. Сталин мен ұсынған стақанды қысып ұстаған күйі жақындай түсті. Көзінен қып-қызыл жалын ұшқынын көрдім. Сыртымнан есік сырт етіп ашылып, жабылды. Біттім енді… Стақанды тартып жібердім. Құлағым тағы шыңылдады. Шыңыл күшейе түсті. Құладым. Стақан еденге домалап кетті. Сталиннің:
– Әлжуаз бала… – деген сөздерін еміс-еміс естіп қалдым.
Одан әрі ештеңе естігенім жоқ, мен өлдім…

***

Дереккөзі: Виктор Некрасов «В самых адских котлах побывал». Москва. «Молодая гвардия». 1991 жыл

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ

ПІКІРЛЕР2
Аноним 21.01.2026 | 19:55

Сұмдық қорқынышты екен

Аноним 22.01.2026 | 19:16

Бундай тарихы әңгімелер азгой!!!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір