Болашақ инженері қалай қалыптасады?
09.01.2026
57
0

Қазіргі әлемде инженерлік білім беру қоғам дамуының шешуші факторына айналды. Өнеркәсіптің жаңғыруы, цифрлық технологиялардың жаппай енуі, жасанды интеллект пен автоматтандырудың күнделікті өмірге араласуы мемлекеттерге жаңа талаптар қойып отыр. Экономиканың бәсекеге қабілеттілігі, технологиялық қауіпсіздік пен тұрақты даму енді кадр сапасына тікелей тәуел­ді. Осындай жағдайда жоғары оқу орындарының жауапкершілігі де арта түсті. Университет тек білім беретін мекеме ғана емес, ол ой қалыптастыратын, тәжірибе жинақтайтын, қоғамға бағыт беретін академиялық орта болуы тиіс. Алматы қаласында орналасқан Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті осы заман талабына сай дамуға ұмтылып отырған оқу ордаларының қатарынан орын алып келеді.
Университеттің даму философиясы­ның өзегінде инженерлік білімге кешенді көзқарас жатыр. Мұнда техникалық даярлық жекедара қарастырылмайды, ол цифрлық сауаттылықпен, қолданбалы ғылыммен, басқару мәдениетімен және әлеуметтік жауапкершілікпен ұштасады. Осындай тәсіл студентке тек белгілі бір сала бойынша білім беріп қана қоймай, оны өзгермелі еңбек нарығына бейім, көпқырлы маман ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Университеттік ортада инженерлік ойлау формулалар мен есептер жиынтығы емес, нақты өмірлік мәселелерді шешуге бағытталған құрал ретінде түсіндіріледі.
METU-дың жан-жақтылығы, ең алдымен, оның халықаралық бағдарынан көрінеді. Университет соңғы жылдары өзін ұлттық білім беру кеңістігімен шектемей, жаһандық академиялық үдерістермен үндестіруге бағыт алды. Бұл ұстаным 2025 жылы айқын байқалды. Университет өкілдерінің халықаралық білім беру форумдарына қатысуы, шетелдік серіктестермен кәсіби байланыстарды нығайтуы білім беру мазмұнын халықаралық стандарттарға жақындатуға жасалған маңызды қадамдар болды. Мұндай тәжірибе оқытушылар үшін жаңа әдістемелер мен көзқарастарды меңгеруге мүмкіндік берсе, студенттер үшін академиялық ұтқырлыққа, халықаралық тәжірибеге жол ашады.
Университет өміріндегі маңызды бағыттардың бірі – инновациялық ойлауды дамыту. 2025 жылы METU қабырғасында өткен ірі хакатондар осы бағыттағы жүйелі жұмыстың көрінісіне айналды. Хакатон форматы бүгінде әлемдік тәжірибеде кең таралған. Оның негізгі мәні – студентті дайын ақпаратты игеруге емес, нақты мәселені талдауға, қысқа уақыт ішінде шешім ұсынуға үйрету. METU-да өткен хакатондар барысында студенттер команда құрамында жұмыс істеп, идеяны тұжырымдамадан нақты жобаға дейін жеткізді. Бұл үдеріс жастарды жауапкершілікке, өз пікірін қорғауға, кәсіби диалог жүргізуге баулиды. Мұндай тәжірибе инженерлік мамандықтың болашақ талаптарына толық сәйкес келеді.
Инновациялық іс-шаралардың жалғасы ретінде университетте түрлі форумдар мен жобалық көрмелер ұйымдастырылып келеді. Бұл алаңдар студенттердің өз білімін практикада көрсетуіне мүмкіндік береді. Инженерлік, IT және қолданбалы жобалар ұсынылып, кәсіби орта тарапынан пікірлер айтылады. Мұндай ашық формат білім мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтеді. Университет үшін бұл – оқу бағдарламаларының өміршеңдігін, олардың нақты сұранысқа сай екенін көрсететін маңызды көрсеткіш.
2025 жылы университет қабырғасында өткен IV Халықаралық Hiring & Innovation Forum METU-дың университет, бизнес және индустрия арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған стратегиялық алаң ретіндегі рөлін айқын көрсетті. Форум университет пен бизнес қауымдастығының, сондай-ақ жасанды интеллект мүмкіндіктері арқылы цифрлық экономика үшін кадрлар даярлау мәселелерін талқылауға арналды. Іс-шараға 60-тан астам ірі жұмыс берушілер, компаниялар мен индустриялық құрылымдардың өкілдері қатысып, еңбек нарығының өзекті сұраныстары мен университеттік білім мазмұнының сәйкестігі төңірегінде пікір алмасты. Пленарлық сессияларда экономикадағы жасанды интеллекттің рөлі, тәжірибеге бағдарланған академиялық траекториялар және оқу мазмұнының практикалық сұраныстарға сәйкестігі кеңінен сөз болды. Форум аясында «AI METU HUB» жасанды интеллект және цифрлық инженерия орталығының ашылуы университеттің инновациялық инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, жоғары білікті кадрлар даярлау мен қолданбалы жобаларды жүзеге асыруға арналған маңызды қадам ретінде бағаланды. Бұл бастама университеттің ұлттық және халықаралық бизнес-қоғамдастықпен серіктестігін кеңейтуге жол ашты.
METU-дың академиялық ортасы тек техникалық бағытпен шектелмей, кең дүниетанымды қалыптастыруға да мән береді. Университет қабырғасында өткен пікірталас алаңдары, зияткерлік кездесулер мен семинарлар студенттердің сыни ойлау қабілетін дамытуға бағытталды. Цифрлық трансформация, жасанды интеллекттің қоғамға ықпалы, технологиялық даму мен әлеуметтік жауапкершілік мәселелері осындай талқылаулардың өзегіне айналды. Бұл студенттерді тек маман ретінде емес, қоғамдағы үдерістерге бейжай қарамайтын саналы тұлға ретінде тәрбиелеуге ықпал етеді.
Студенттік өмір – университеттің жан-жақтылығын айқындайтын тағы бір маңызды қыры. METU-де студенттердің өзін-өзі басқаруына, бастама көтеруіне және қоғамдық белсенділігіне кең мүмкіндік берілген. Әртүрлі студенттік ұйымдар мен клубтар мәдени, спорттық, зияткерлік және әлеуметтік бағыттағы іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Бұл ортада студенттер өзара пікір алмасып, командамен жұмыс істеуді үйренеді, көшбасшылық қабілеттерін дамытады. Университеттік орта осылайша жастардың кәсіби ғана емес, тұлғалық қалыптасуына да әсер етеді.
Университет дәстүрлері мен рухани құндылықтары да ерекше мәнге ие. Бірінші курс студенттерін қабылдау рәсімдері, бейімдеу бағдарламалары, университеттік мәдени шаралар жас буынды ортақ академиялық құндылықтарға біріктіреді. Бұл үрдістер студенттерге өздерін үлкен университет қауымдастығының мүшесі ретінде сезінуге мүмкіндік береді, жауапкершілік пен ынтымақтастық мәдениетін қалыптастырады. METU қоғамдық және мәдени бағыттағы іс-шараларды да назардан тыс қалдырмайды. Мемлекеттік мерекелерге, тарихи даталарға арналған кездесулер студенттердің азаматтық санасын нығайтуға бағытталған. Университеттік ортада инженерлік білім елдің болашағымен, қоғам дамуының мақсаттарымен тығыз байланысты деген түсінік қалыптасады. Бұл көзқарас жастарды тек кәсіби жетістікке емес, қоғамдық жауапкершілікке де тәрбиелейді. Инфрақұрылымдық даму университеттің жан-жақтылығын толықтыра түседі. Заманауи аудиториялар, цифрлық білім беру жүйелері, оқу процесін қолдайтын техникалық мүмкіндіктер студенттердің білім алуына қолайлы жағдай жасайды. Әлеуметтік орта мен тұрмыстық жағдайлар да оқу процесінің тиімділігіне ықпал етеді. Мұның барлығы университеттің студентке бағытталған саясатын көрсетеді.
Жалпы алғанда, Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті – бүгінгі таңда инженерлік білім берудің жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған кешенді жолды таңдаған университеттердің бірі. Университеттің халықаралық бағдарға ұмтылысы, 2025 жылы өткізілген ірі хакатондар мен форумдардың мазмұны, белсенді студенттік өмірі мен академиялық ортаның дамуы оның жан-жақтылығын айқын көрсетеді. METU тек білім берумен шектелмей, ойлай алатын, жауапкершілігі жоғары, заманауи технологиялық сын-қатерлерге дайын мамандарды қалыптастыруға бағытталған университеттік орта ретінде дамуын жалғастырып келеді. Осындай жүйелі жұмыс университеттің қоғамдағы беделін арттырып, оны елдің зияткерлік әлеуетін нығайтуға үлес қосатын маңызды білім ордасына айналдырып отыр.

Ж.Е.Жаппасов,
METU «Әлеуметтік-гуманитарлық
пәндер және әлем тілдері»
кафедрасының меңгерушісі,
тарих ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған
профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір