Парасаттылық қағидаты қалай қалыптасады?
Құқық қорғау саласында жүргізіліп жатқан реформалар елімізде жоспарланған барлық қоғамдық өзгерістер өрісіне жол ашатын маңызды жалпымемлекеттік міндеттердің бірі болып табылады. Осы орайда қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет және парасаттылық қағидаттарын қалыптастыру елдегі өзгерістердің кең қанат жайып, оң нәтижеге жетуіне негіз болмақ.
Сыбайлас жемқорлық, бұл – қоғам діңіне түскен жегі құрт секілді кесел. Осы ретте Мемлекет басшысы маусым айында барлық деңгейдегі жемқорлыққа қарсы қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің биылғы алғашқы жартыжылдық жұмыс қорытындысы қаралған алқа отырысында айтылғандай, есепті кезеңде 876 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.
Оның едәуір бөлігі парақорлық (439 немесе 65%), жымқыру (186 немесе 28%) және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану (46 немесе 7%) болып табылады. Агенттік тарапынан жүргізілген талдаулар нәтижесі әкімдіктер, квазимемлекеттік сектор және құқық қорғау органдарының қызметкерлері жемқорлыққа барынша бейім болатынын, ал жемқорлық тәуекелдері жоғары салаларға білім беру, ауылшаруашылығы, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру жататынын көрсетеді. Ведомство қылмыстық топтарды, жоғары лауазымды тұлғалардың қатысуымен жолға қойылған тұрақты схемаларды, жүйелі жемқорлықты әшкерелеуге байланысты қызметінде сан қууды емес, сапалық көрсеткіштерді басшылыққа алады. Есепті кезеңде анықталған қылмыстарға қатысты 592 адам әшкереленген, оның 107-сі – әр түрлі деңгейдегі басшылар.
Құқы бұзылған азаматтардың заңды мүдделері мен әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтірудің маңызды құрамдас бөлігі олар шеккен зиянды өтеу және активтерді қайтару болып табылады. Осы тұрғыда биыл аяқталған істер бойынша 195 млрд теңге өтелген, ал соңғы екі жарым жылдың ішінде Қазақстан халқына 1,07 трлн теңге қайтарылды.
Жасалған қылмыс үшін жазаның бұлтартпаушылық қағидатын қамтамасыз ету жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдың басты элементі болып табылады. Дегенмен, халқымызда «Жазалау оңай, тәрбиелеу қиын» деген мақал бар. Сондықтан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы іс-шараларға үлкен көңіл бөлінуде. Бұл ретте өскелең ұрпақты жемқорлыққа қарсы құндылықтар негізінде тәрбиелеу және оқу-ағарту жұмыстарына ерекше мән беріледі. Халықаралық стандарт болып табылатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың бұл бағыты агенттіктің бастамасы бойынша балабақшалардан бастап жоғары оқу орындарына дейінгі жеке тұлғаны дамытудың барлық кезеңдеріне енгізілуде. Осы мақсатта биылғы есепті кезеңде 340 мыңнан астам адамның қатысуымен дәрістер, семинарлар, конференциялар, форумдар, конкурстар, дебаттар, спектакльдер мен акцияларды қоса алғанда 5 мыңға жуық іс-шара өткізілген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқуларға колледждер мен жоғары оқу орындарының 290 мың студенті қатысты.
БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы қолдаған GRACE жобасы жемқорлыққа қарсы білім беру элементтерін енгізуді жалғастыруда.
Сондай-ақ мемлекеттік органдарының «Documentolog» электрондық құжат айналымы жүйесінде мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне арналған жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша онлайн оқыту курсы жұмыс істейді. «Парасаттылық сағаты» және «Халық заңгері» акциялары азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсетуде көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Бүгінде 2,5 мыңнан астам азамат белсенділік танытып, сапына қосылған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы ел ішінде жақсы танымал. Айта кетейік, еріктілер белсендігінің арқасында 9,5 млрд теңге сома көлеміндегі қаражатты негізсіз пайдалануға жол берілмеді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.
Дәрия БЕКЕТҚЫЗЫ