АДАЛДЫҚ – АЙРЫҚША ҚАСИЕТ
14.08.2023
940
0

Қоғамда адал азамат­тың қалыптасуы өзінің тұла бойына сабырлылық, әдептілік, тазалық, әділет сүйгіштік, мейірім, ізгілік, қайырымдылық, ақ ниет­тілік, жанашырлық, қамқорлық секілді адамгершіліктің кіршіксіз қасиет­терін тұндырып өсуінен, санасына сіңдіріп үйренуінен бастау алмақ. Ондай адамнан ешқашан қиянат шықпайды.
Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бір кісі:
«Уа, Алланың елшісі! Адамдардың ішіндегі ең жақсысы қайсы?» – деп сұраған екен.
Сонда Пайғамбар (с.а.у) «Өмірі ұзақ әрі амалының көркем болғаны» – деп жауап қатыпты.
«Ал адамдардың ең жаманы кім?» – деп сұрағанда, «Өмірі ұзақ, бірақ амалы жаман болған адам» – деп жауап беріпті (Термези).
Күні кеше ғана «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекет­терінің ынтымақтастық кеңесі» ат­ты мемлекет­тер басшыларының саммитіне қатысу үшін Сауд Арабиясы Корольдігіне жұмыс сапарымен барып, саммит аясында екіжақты кез­десулер өткізіп келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүкіл елдік мақсаты осы көркем мінездерге құрылған десек артық айтпаған болар едік.
 Жұмыс сапарын Ислам дүниесінде екінші қасиет­ті орын саналатын Медина қаласындағы Мұхаммед пайғамбар мешітіне барудан бастаған Қ.Тоқаев пайғамбардың қабіріне зиярат етіп, дұға жасады. Қазақстан Президентіне ерекше құрмет ретінде Пайғамбар жерленген киелі орынның есігі ашылды. Ертеңіне Жидда қаласында өткен мемлекет­тер басшыларының бірінші саммитіне қатысқан Президентіміз аса зор нәтижелерге қол жеткізді.
Бұған дейінгі уақыт­тары да ауыз толтырып айтарлық жемістер мен жеңістерге толы. 2019 жылдан бері төрт пакеті жүзеге асқан оның бастамаларының аясында үш жыл ішінде 20 заң қабылданды. Президент­тің былтырғы наурыз айындағы Жолдауында ауқымды саяси жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі бастамасы бойынша Конституциялық реформалардың негізі қаланды. Ата Заңымыздағы 98 баптың 33-іне, 9 бөлімнің 8-іне түзету енгізілді. ҚР Конституциясының үштен бірі жаңарды. Билік тармақтары арасында тепе-теңдікті сақтайтын 7 Конституциялық заңға, 15 Кодекске және 29 Заңға түзетулер енді. Мемлекет­тік саясат құрудың жаңа моделі түзілді.
Қ.Тоқаев бұл тұрғыда әсіресе жаңа құндылықтар қалыптастыру үрдісіне баса мән беруде.
Биылғы Түркістандағы Ұлт­тық Құрылтайда ұлт­тың жаңа сапасын қалыптастыру үшін білім, мәдениет, ғылым салаларын дамытудың қажет­тігін атап өт­ті. Иә, Ұлт­тық Құрылтайдың былтыр 16 маусымда Ұлытау облысында өткен алғашқы отырысында Мемлекет басшысы келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсынған еді. Міне, сол ойы айна-қатесіз жүзеге асты. Жиын төрткүл дүние құлағын елең еткізер жәйт­термен есте қалды. Жағымды жәйт­термен. Жақсы жаңалықтарымен. Осыдан екі-үш жыл бұрынғы, тіпті бір жыл бұрынғы қалпынан айтарлықтай өзгерген Қазақстанымызда Президент айтқандай аз уақыт­та зор серпіліс жасалғаны рас. Түркістандағы сапарын да ең алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуден бастаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлт­тық Құрылтайдың «Әділет­ті Қазақстан – Адал азамат» ат­ты екінші отырысындағы сөзі көптің көкейіне көп нәрсе түйгізді. Жұрт көңілінде үміт отын алаулат­ты. Кеуделерде сенім бәйтерегі көк тіреді. «Түрлі дақпыртқа сеніп, жұрт­ты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек» деп кесіп айтып, шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейтіндігімізге сендіріп, жер мәселесі жайлы жел сөздерге де нүкте қойғызды.
Мені әсіресе, Қ.Тоқаевтың қаламгерлерге – Қазақстан Жазушылар одағына артқан жауапкершілігі қуант­ты. Қазақ әдебиетінің дамуы мен болашағына өзінің шын тілеулес екенін ол кісі тағы да бір таныт­ты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жастар тәрбиесінің маңыздылығына назар аударт­ты, әкімдер жұмыстарындағы олқылық, мемлекет­тік нышандарды жетілдіру, ол үшін бірыңғай дизайн-кодты, ортақ стандарт­ты сақтау, тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу, Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толуына орай «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру, шекаралас аймақтарды дамыту, және басқа да көптеген проблемаларды шешудің нақты жолдарын көрсет­ті. Ұлт­тық Құрылтайдың келесі отырысы ел тарихында айрықша орны бар шежірелі аймақтың бірі – Атырау облысында өтетін болды. Бұл да – осы өңірдегі әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыздың ордасын тіккенін еске салған Қасым-Жомарт Кемелұлының жеке ұсынысы.
Қысқасы, маңызды мәселелер қозғалып, халықтық мүдделер талқыланған Құрылтайдан келесі Құрылтайға дейінгі аралық та нәтижесіз болмауы өте өзекті. Бірақ, қалай?!.
Ел басына түскен қиындықтардың, ең алдымен біздің халқымыздың береке-бірлігін сынға салатынын қоғам мүшелерінің әрбірінің дерлік жетесіне жеткіздірген Президент еліміздің әлемдегі орнының, ең әуелі ұлтымыздың сапасына байланысты болатынын айт­ты. «Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең бірінші үлкендердің кінәсі» деді. Білім ордаларындағы, әсіресе мектептердегі тәрбие жұмыстарының ақсап тұрғанына өз қынжылысын білдірді. Күнделікті тұрмыстық, әлеумет­тік қолданысқа етене еніп кеткен смартфондардың баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет­тігіне әрбір ата-ана мен ұстаздардың, тәрбиешілердің, жалпы үлкен-кіші қауымның әрқайсысының назарын жіті аудартқызды.
Жоғарыда Президент айтқандай, ұлт­тың жаңа сапасын қалыптастыру үшін білім, мәдениет, ғылым салаларын дұрыс дамыту жолға қойылуы қажет. Бұл – біздің қоғамның дамуының негізгі үш деңгейі. Мемлекет басшысының Түркістандағы сөйлеген сөзінің басты ерекшелігі де осында. Біздің елдегі мәдениет, ғылым-білім жайы екінші немесе үшінші кезекке қойлатын әдет­ті бұзды. Президент керісінше бұл салаларға ерекше басымдық берді. Ол аймақтардағы мәдениет ошақтарын, ауыл мектептерін, балалар кітапханаларын, кітап шығару ісін, театр мен киноны, мұражай жұмысын дамытуға, ғылым ісіндегі жаңашылдықтарды жүзеге асыруға баса назар аударт­ты.
Еліміздегі әлеумет­тік саланың білім, мәдениет пен ғылым деп аталатын осы негізгі бөліктері расымен де қоғам дамуының жанды жері, әлсіз тұсы. Ел өркендеуіне жанашырлықпен қарайтын қоғам мүшесі саналатын біздер өз тарапымыздан әлеумет­тің әлеует­ті ошағының үш бұтындай осы үш салаға қаншалықты жауапкершілікті сезінеміз?..
ҚР Президенті Қ.Тоқаев қоғамның жаңа этикасын және оның жаңа даму үлгісін қалыптастыру мәселесін кезек күт­тірмейтін күн тәртібіне қойды. «Ол үшін күн сайын тынымсыз еңбек етуіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет пен қоғам бірге жұмылып жұмыс істеуі қажет. Бұл – ұлтымыздың бойына орасан зор күш-қуат дарытады, өзгеріске деген құлшынысын оятады. Сонда ғана еліміз көздеген мақсатына жетеді» дей келе, мемлекет басшысы алдағы онжылдықтың еліміздің нағыз өрлеу дәуіріне айналатынына сенім білдірді. Бұл тегеурінді ойға біздің де алып-қосарымыз жоқ. Қарапайым Қазақстан халқының тарапынан тек қана адалдық, адалдық және тағы да адалдық көріністерінің нышаны қылаң беріп отырса дейміз. Сонда ғана Президентіміз айтқандай, Алаш рухы Қазақ мемлекетімен бірге мәңгі жасайды. Ұлт­тың жаңа сапасы қалыптасып, әлемдегі өз орнымыз айқындалады. Қазақ елінің Адал азамат­тары болып, Әділет­ті Қазақстанды бірге құратын боламыз. 

 

Үміт БИТЕНОВА,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

 

 

 

ҚҰРЫЛТАЙ КӨКЕЙГЕ КӨРІКТІ ОЙ САЛДЫ

Жақында Түркістан қаласында еліміздің тарихында ерекше орын алатын Ұлттық Құрылтай өтті. Енді Ұлттық Құрылтай идеясын жүзеге асыру жоспары жасалады. Айтылған жайлар жыл бойы жер-жерде талқыланады.
Ал біз осы тақырыптағы сөзімізді жалғастырамыз.

…Иә, сөйтіп үздіге күткен Ұлттық құрылтай да жәдігер шаһар Түркістанға келіп жетті. Мен қатыса алмадым бірақ. Уақа емес. Көгілдір экранды көз алмай баққаннан өзге амал жоқ. Бір кезек залға көз тастадым. Ұлттық кеңес мүшелері. Әр облыстың қоғамдық кеңес мүшелері. Ақсақалдар.
Құрылтайда сөйленген сөздерді Президент Қ.К.Тоқаев бағдарламаға айналдырып қорытты. Енді, Бағдарламаны жүзеге асыру үшін жоспар жасалса керек. Жоспарды жүзеге асыру үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек.
Еліміздің Президенті Қ.Тоқаевқа соңғы кезде сырттан қысым көп екенін көріп отырмыз. Сыртқы қысым артып отырғанда, бір қазақтың ішкі бөлінушілігі Қ.Тоқаев саясатын тоқырауға ұшыратпас па?!
Рушылдық – мұқым қазақ жұртына кетіп, ұлт тамырына жетіп, жаман дағдыға айналып қоғамның рухани өсуіне, мемлекетіміздің кадр саясатының табиғи реттеліп, даму үдерісі қарқын алуына үлкен кедергі болып отырған дерт. Ауруын жасырған өледі. «Ең үлкен қателігіміз – өз қатемізді мойындамау!» (Амалбек Тшанов).
Ұлт өлмесін десек, ұлт болып ұйысып мемлекет құрушы қуатты, ынтымақты ұлтқа айналып өссін десек, ұлтшылдықты бойымызға табиғи сіңіріп, түрікшілдік биігіне (ХХ ғ. басында Мағжан Жұмабаевтар жеткен биік) шырқап шығу үшін қазақ ұлты бойындағы жаман дертті жасырмай айту парыз. Айту аз. Іс керек.
Рухани тазалықтың орталығы, Ясауидей ұлы аруақ мәңгілікке дамылдап жатқан – Түркістанда айтылмағанда бұл енді қайда айтылуы керек еді?!. Қазақтың өзара бүтіндігі болмаған жерде, қазақ ұлт болып ұйыспаған, түрік болып тұрыспаған жерде – Түркістан «Түрік халықтарының рухани Бас қаласына» (Қ.Тоқаев) қалай айналады, ағайын-ау?
Қазақты мемлекет құрушы ұлтқа айналдырмай діңкесін құртатын «кесел» – рушылдық. Рушылдық кеселі – бүгін түрік жұртының тұтастығының символына айналған Түркістан Құрылтайында айтылмаса, енді қашан айтылады? Бүгін айтылмаса, ертең Алтын Орданың бір асқақ астанасы – Сарайшықта бәрібір айтылады. Айтылмай қалмайды! Өйткені, рушылдық (жүзшілдік) – Қазақстанды түбегейлі жаңғыртып «Жаңа Қазақстанды» жасау жолына түбегейлі кесір келтірер, тіпті қарсылық болып бой тастар – ұлттық балаңдық, қазақтық қасірет! Бірлік жоқ жерде, тірлік жоқ!
Және бұл – бір Президенттің айтуымен тиыла қояр дерт емес. Жер-жерде Президент өкілі – облыс әкімдері табандылықпен қолға алып, жылап жүріп жүзеге асыратын шарасыз іс. «Жаңа Қазақстанды» жасау – сананы жаңғыртудан бастау алады. Жаңа Қазақстан Бағдарламасы – «Әділетті Қазақстан – адал адам» аталатын себебі міне осыдан!

Құлбек ЕРГӨБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір