Жаңа роман оқырманға жол тартты
28.10.2025
102
0
Өткен аптада Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Назарбек Нұрмағанбетовтің «Сайыпқыран. Жарқамыстан Америкаға дейін» романының тұсаукесері өтті. 
Ұлы Отан соғысында жау тұтқынына жаралы күйінде түскен жас жауынгердің бастан кешкен шым-шытырық оқиғаларын баяндайтын бұл жаңа роман әдебиетсүйер қауым, әсіресе студент жастар арасында үлкен қызығушылық тудырды. 
Автор шығармасында бас кейіпкердің прототипі ретінде өз әкесін алып, оның тағдырын әдеби көркем тілмен баяндайды. Шығармадағы сол кездегі әлеуметтік-тарихи жағдайлардың шынайы жазылуы, бас кейіпкердің болмыс-бітімінің дара сомдалуы, қиын-қыстау сәттерде адамдардың бір-біріне деген риясыз қарым-қатынасы қазіргі жастардың тәрбиесіне, олардың ар-ождан кеңістігіне оң ықпал ететіні анық.
Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бижан Қалмағанбетов бастаған жергілікті қаламгерлер Назарбек Нұрмағанбетовтің жаңа романына байланысты пікірлерін ортаға салып, қазіргі әдеби процесс туралы өздерінің тұшымды ойларын айтты. Іс-шараға қатысқан Ақтөбе облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасының басшысы Алтынай Юнисқызы мен Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облысындағы өкілі Бауыржан Құрманқұлов жаңа кітаптың тұсауын кесіп, авторға шығармашылық табыстар тіледі.
Өз тілшіміз
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір