Ұлы Даланың мәңгілік мүсіндері
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мүсінші Тілеуберді Мелдешұлы Бинашев небәрі 20 жасында күш атасы Қажымұқанның мүсінін алғашқылардың бірі болып сомдаған еді.
Өнер адамының өз еркімен жасалатын, қоршаған ортадағы, адамның ішкі сезіміндегі, жан-дүниесіндегі құбылыстарды көркем образдар арқылы бейнелейтін шынайы өнер қиялдан, шығармашылық толғаныстан туып, шыңдалған шабытпен дүниеге келеді. Жүректен шыққан дүниенің жүректерге жетері анық. «Мүсіншінің мақсаты – салқын сазды жылытып, суық тасты сөйлету», – дейді Т.Бинашев. Мүсіншінің адамның ой-санасына, сезіміне қозғау салатын, оқиғаны көз алдыңызға келтіріп, іштей тебіреніс туғызатын өміршең туындылары көп.
Өнер иесінің «Ұлы Даланың мәңгілік мүсіндері» атты композициялық мүсіндер топтамасындағы «Қазақ Елі», «Атамекен», «Жеті ата», «Жеті қазына», «Қазақы қиял», «Қаратау», «Ұлы Даланың ұлы», «Айша Бибі», «Қыз Жібек», «Сыр бойындағы сырласу», «Ана», «Отан – отбасынан басталады», «Көкпар», «Құдық», «Тапа нан», «Диірмен», «Ғашықтар», «Төрт түлік», «Тақыр», «Көш», т.б. мүсіндері келешек ұрпаққа мәңгілік мұра болып қалатын аса бағалы тарихи туындылар. Өзіндік мағынасы бар, тәрбиелік мәні терең бұл туындылар қазақ халқының бай тарихынан сыр шертіп, ұлттық болмысымыздан мол мағлұмат береді. Көзіқарақты көрерменнің осындай шығармашылық өнерді бағалайтын кезі келді. Оның адамзат баласына, әсіресе, жас буынға берері көп. Мүсіншінің мағыналы мүсіндері адамға ой салады. Өнер әлеміне қызығатын жандар жұмбақ бейнелердің сырын ашып, оның астарында жатқан ойды түсінуге талпынады. Қуаныш пен қайғы қатар жүрген өмірдегі мың сан көріністерді өнер тіліндегі бейнелерден көргісі келеді. Бұл – адамды сан қиялы сезімге бөлейтін өнердің құдіреті шексіз екенін білдіреді.
«Мүсіндердің көпшілігі тапсырыспен, әкімдердің, тағы басқа лауазымды тұлғалардың айтуымен жасалған дүние екенін бәрі біле бермейді. Ал ол ескерткіштер көбіне өзіміздің көңілімізден шықпай жатады. Тіршілік қамымен жан бағу үшін тапсырыс берушінің айтқанын тыңдап, ықпалына көнуге тура келеді», – дейді мүсінші.
Мүсіншінің «Ұлы Даланың ұлы» деп аталатын туындысында туған топырақтың, дархан даланың құдіретін сезіп өскен қазақ баласының образы сомдалған. Дарынды адамдардың көбі ауылдан шыққан. Оларды туған жердің төсінде жүрген кездегі балалық арман-қиялдары биіктерге жетеледі.
Қазақта ұл бала – шаңырақ иесі, әулеттің тірегі, ұрпақ жалғастырушы. «Тектен нәр алған тозбайды» демекші, ата-бабамыз бар асыл қасиеттерін баласының бойына сіңіріп, текті ұрпақ қалдыруды алдына биік мақсат етіп қойған. Жалаңаяқ, ышқырына қолын салып тұрған ауыл баласы халқымыздың дара тұлғаларының балалық бейнесін көз алдымызға келтіреді. Бақыт деген – балалық шақ емес пе?
«Тәуелсіздік шыңы» мүсінінің де өзіндік мағынасы бар. Қыран құс – тәуелсіздігіміздің символы. Мүсінде бейнеленген Көк бөрі халқымыздың қайсарлығын, мықтылығын, тектілігін білдіреді. Батыр да дана бабаларымыз жерін қорғап, жігерлі, ойлы сөздерімен келешек ұрпақтың санасына ой тастайды. Баба рухынан нәр алып өскен ұрпақ ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздік шыңына шықты. Ал шың басындағы бабалар мәңгілік мұра қылып қалдырған тастағы таңбалар ұрпағын ізгілікке, бірлікке, ерлікке шақырады. Мүсіншінің «Арыс жағасында» деп аталатын туындысында қайықпен серуендеп, Арыстың әуеніне балқыған, қолаң шашы толқындай боп төгілген қыз бен ескек ескен жігіт бейнеленген. Қазақ даласын әсем әндерімен тербеткен сазгер Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әні барша қазақтың сүйіп тыңдайтын әніне айналды.
Отбасы – тәрбие ошағы. Қазақ отбасында бала өмірге келгеннен бастап бабалар оны әдептілікке, адамгершілікке баулыған. Қандай мәселе болсын, оны әулет мүшелері өзара бірігіп, отбасылық кеңесте шешкен. Сондай-ақ, ата-әжелер жастарға ақыл-өсиетін айтып, дұрыс жол көрсетіп отырған. Мүсіншінің «Отан – отбасынан басталады» атты мүсінінде ошақ басына жиналып, кеңес құрып отырған отбасы мүшелері бейнеленген.
Жеті ата – қазақ халқының таным-түсінігіндегі, салт-санасындағы маңызды ұғым. Балаға шыққан тегін, әкесін, атасын, ата-бабасын айтып, түсіндіру – ежелден жалғасып келе жатқан тәрбиелік дәстүріміз. Халқымызда Жеті атаға толмай бір-бірінен қыз алыспаған. Осылайша қан тазалығын сақтап, текті ұрпақ тәрбиелеген. Біз қашанда ата-бабамыздың ерлігіне, даналығына бас иеміз. Мүсіншінің «Жеті ата» композициясында жалпы қазақ халқының жеті атасы символикалық түрде бейнеленген. Атап айтсақ, Батыр ата, саятшы ата, Қорқыт баба, би ата, әл-Фараби, Ахмет Иассауи…
Кейбір адамдар түрлі жағдайлармен шетел асып, туған елінен, өз үйінен жырақтап кетеді. Тіпті, асырап-баққан, тәлім-тәрбие берген аскар таудай әкесі өмірден өткенде, бір уыс топырақ сала алмай қалатындар бар. Мұндай кезде адамдар «Баласынан бір уыс топырақ бұйырмады» деп айтады. Бұл – әке үшін де, бала үшін де өте ауыр жағдай. Мүсіншінің «Бір уыс топырақ» деп аталатын туындысынан осы жағдайды көруге болады.
Өнер иесінің «Қазақтың келіндері» деп аталатын мүсіндері адамға ерекше бір жылулық сыйлайды. Еңбекқорлықтың, мейірімділіктің, даналықтың нағыз үлгісін қазақ аналарының бейнесінен көреміз. «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бекер айтылмаған. Аяғы ауыр ана күбі пісуде. Қызы етегіне жабысып тұрған, сәби күтіп жүрген ана ұлды болуды аңсап тұр. Еркелеген баласын арқалап, отбасының қамын ойлап, талмай тіршілік етіп жатқан ана бейнесі де бар. Саналы ұрпақ тәрбиелеп, шаңырағының берекесін кіргізген қазақ келіндері барлық құрметке лайық.
Ал «Атамекен» деп аталатын мүсіннен қазақтың кең байтақ дархан даласын көреміз. Арғы жағындағы бейне Байқоңырдан ұшырылып жатқан зымырандардың уын шашып, зиянды түтіндерінің баба жерін улап жатқанын көз алдыңызға келтіреді. Ал бергі жағында Семейдегі атом бомбасының зардаптары, ортасынан қақ айырылған жер бейнеленген. Тәуелсіздікке ар-намысты бәрінен биік қойып, найзаның ұшымен, білектің күшімен жерімізді қорғаған ата-бабамыздың арқасында жеттік. Жердің арғы шетінде бабамыз ұрпақтарына қапаланып, көңілі түсіп, теріс қарап отыр. Аманатқа қиянат жасау ауыр күнә. Барымызды уақытында бағаласақ екен…
Мүсіншінің «Қаратау» композициясы да адамға ой салып, тамыры терең тарихымыздан сыр шертеді. Мүсіннен тауды, оның бергі жағынан керуен көшті көреміз. «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деп басталатын «Елім-ай» әнінің мұңлы сазы құлаққа естілетіндей. Бұл ән қасіретке тап болған халқымыздың мұңынан, ащы зарынан дүниеге келген еді. Жоңғар шапқыншылығының зардаптарынан көз ашпай, күйзелген халқымыздың басындағы ауыр жағдай талай жүректерге мұң ұялатты. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» – қазақ халқының қасіреті болып тарихта таңбаланды. Кейін Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Абылай, Әбілқайыр бастап біріккен қазақ халқы Бұланты өзенінің бойында, Аңырақай даласындағы шайқаста жоңғарларды ойсырата жеңгені тарихта қалды.
Туындыда қазақ елінің басындағы қайғылы кезең және осы көштегі бабаларымыз, әжелеріміз, ағаларымыз, әпкелеріміз бейнеленген.
«Өнерлінің өрісі ұзақ» деген. Жастайынан мүсіншілік өнерді айнымас серігі еткен, қазақ халқының батырлары мен хандарының, ақын-жазушылары мен қоғам қайраткерлерінің ескерткіш мүсіндерін сомдап, ұлттық тақырыптарды арқау еткен мағыналы туындыларымен ерекшеленген мүсінші Тілеуберді Бинешевтің талай жылғы еңбегі елеусіз қалмады. Туған өлкесі «Оңтүстік өңірге сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
Қай салада еңбек етсе де, әрбір азамат туған елінің өсіп-өркендеуіне өзінше үлес қосуы тиіс. «Тәуір мүсінші болып тарихта қалу үшін ең алдымен ұлтжандылық қасиет керек. Өйткені, өз ұлтыңды қадірлей білмесең, оған мақтана алмасаң бүгінде әрбір қазаққа қажетті елім-жерім дейтін сезімге ие болмайсың. Яғни шығармаларың тереңнен тамыр тартып, ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрге сусындамай шөліркеген ағаштай болып солып қалары сөзсіз», – дейді мүсінші. Қазақ халқының ұлттық құндылықтары ұрпақтарға мұра болып, өнерінің өрісі кеңейе берсін деп тілейміз.
Эльмира ОРАЛБАЕВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.