ХАНГЕЛДІНІҢ АҚЫЛ ЖЕМІСІ – РАЙЫМБЕК
Бексұлтан Нұржеке-ұлы,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері
Жетiсу жұрты Хангелдіден гөрі Райымбекті жақсы біледі. Себебі, Хангелді өз батырлығын Жетісу жерінен тыс жақта көрсетсе, ал оның немересі Райымбек бүкіл ерлігін Жетісу жерінің шығысында жасаған. Сондықтан Райымбектің әр шайқасын көзімен көріп, бірге соғысқан адамдар оның ерлігін атадан балаға таратып отырған. Ал шындықтың түбіне үңілсек, Райымбектің Райымбек батыр атануына себепкер бірден-бір адам – Хангелді батыр.
Атасы Хангелдi мен немересi Райымбек – екеуi де «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңінің батыры. Бұл – дауға жатпайтын ақиқат. Сондықтан аталы-немерелі батырлардың ерлігі мен өмір шындығын баяндағанда «Ақтабан шұбырынды» заманынан ауытқымауымыз аса қажет. Не одан бұрын, не одан кейін айтылып жатқан шайқастар мен ерліктер ақиқатқа жатпайды.
«Ақтабан шұбырынды» кезінің бастапқы кезеңінде ұлы жүз қолын басқарған Қазыбек бек Тауасарұлының жазуына қарағанда, Хангелді батыр 1694 жылы туған. «Соғысқа аттанар алдында Сөгетідегі еліне кеткен Албан Хангелді батыр келді. Оның өңі қап-қара, кісі өлтіріп келген адамдай. Ол менен екі жас кіші болатын». (Қазыбек бек Тауасарұлы. «Түп-тұқияннан өзіме шейін». Алматы, «Жалын», 1993, 312-бет) дейді ол 1776 жылы өлер алдында жазған «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітәбінде. Ал «Ақтабан шұбырынды» зобалаңы 1723 жылы көкекте басталды. Ол кезде Хангелді 29-да, Қазыбек бек 31-де. Екеуі бір-бірін бұл зобалаңға дейін де білсе керек, өйткені Қазыбек бек аталмыш кітәбінде Хангелдінің әкесі Сырымбетті бұрыннан білетінін, шешесі Керімбүбінің қолынан дәм татқанын жазады.
1723 жылы қалмақ қолы Жетісуға төрт тараптан лап қойған: Сүмбеден, Қорғастан, Жоңғар қақпасынан (ол кезде Арқас аңқайы деп аталған), Тарбағатайдан қалмақтың тұтқиыл шабуылына бір Хангелді батыр тұрмақ, бүкіл қазақ тойтарыс бере алмады. Малы төлдейтін маңызды шақта қазақ қара басын қорғай алмай қырылды. Хангелді, Бағай сықылды батыр бағландар жаумен ашық айқасуға амалы болмағандықтан, азды-көпті нөкерімен ел ішіне қарай ығысты. Елді басқарған хан бар екенін, хан төңірегінде ел қорғайтын батырлар бар екенін ескерген соң сөйткен болар. Қай жерде, қай кезде қосылғанын кім білсін, әйтеуір, Хангелді «Ақтабан шұбырындыда» Қазыбек бек Тауасарұлының қасынан табылады. Үнемі соның қасында жүріп, оның оққағары болады. Екеуінің жақындығы өздерінен жүз жыл бұрын өмір сүрген Қарасай батыр мен Ағынтай батырдың достығындай болмаса да, соған ұқсас жағдайға жетеді. Сондықтан Қазыбек бек оны «үнемі менің қасымнан табылатын» деп атап жазады. Ал ұлы жүз қолбасшысының «үнемі қасында жүру» Хангелді үшін оңай-оспақ нәрсе емесі кімге де болса түсінікті. Бүгінгі тілмен айтсақ, ол – мемлекеттік мәні бар мәселе. Өйткені, қолбасы – мемлекетті қорғаушы.
Хангелдінің халықтық, мемлекеттік көзқарасы Қазыбек бектің қасында шыңдалады. Әкесі Сырымбет батырдан қанмен берілген батылдық Төле, Қазыбек, Әйтеке ұйымдастырған 1726 жылғы Ордабасы жиынында шыңдалады. Сол жылғы Әбілқайыр қолбасшылық жасаған «Қалмақ қырылған» соғысына қатысады. Бұған дейін әр қойнауда, әлдебір қолайлы жағдайда қазақ батырлары қалмақ қолына қарсы жекелей ұрыс салып, кейде жеңіп, кейде жер ыңғайына қарай жылысып келгенмен, бүкіл қазақ қолы бірігіп біртұтас қалмаққа қарсы әлі соғыспаған еді. Бұл соғыс Әбілқайыр батырдың ғана емес, бүкіл қазақ халқының ерлігі мен намысы сынға түскен соғыс еді. 1643 жылы Орбұлақ шайқасында көрсеткен ауызбірліктің жемісін қазақ қолы 1726 жылы да қайталап, тағы үлкен жеңіске әкелді. Бұл соғыста қазақ-қалмақ қолы үш майданда шайқасты. Бұланты өзенінің бойында Бөгенбай мен Қабанбай қолы жауға шапса, Қазыбек бек бастаған ұлы жүз қолы Шу бойында, екі майданның ортасында Әбілқайыр қолы майдан ашты. Әскер саны жағынан қазақ қолы көптеу болады, ұзын саны 57 мың болыпты. Осы ұлы шайқас өткен Айрантөгілген деген жер кейін Қалмақ қырылған аталады. Атының өзі-ақ ұлы жеңістің осында болғанын меңзеп тұр. Сардар болды ма, сарбаз болды ма, Хангелді батыр осы соғысқа қатысып, жауынгерлік міндетін мінсіз атқарып шықты. Бұл – оның өзге замандастарымен қатар ұлы жеңіске үлес қосқан сәті, шыңдалу мектебі.
Бір өкінішті жәйт: кейбір тарихшыларымыз осы Бұланты ұрысын жеке ұрыс ретінде талдап, Әбілқайырға еш қатысы жоқ ұрыс дегенді айтып жүр. Ол, шындығында, ұлы шайқастың бір бөлшегі ғана.
«Ақтабан шұбырынды» зобалаңы «Қалмақ қырылған» жеңісімен біте қоймайды, ол – 35 жылға созылған зобалаң, тек 1758 жылы ғана оны Абылай қолы аяқтады.
Өкінішке қарай «Қалмақ қырылған» жеңісінен кейін қазақ қолбасшыларының арасына тағы алауыздық кірді. Әбілқайырдың бас қолбасшылығы одан ары өз жалғасын таппады. Бөгенбай батырдың қолы бір бөлек, Қабанбай батырдың қолы бір бөлек, Қазыбек бектің қолы бір бөлек жауды қуалап, әрбірі әр жақта соғысып жатты.
«Қалмақ қырылған» даласында жеңілген қалмақ қолы быт-шыт болып кеткенмен, шашырап қалған жау Хантауы маңында қайтадан біріге бастады. Ана жеңіліс қапы қалған жеңілістей көрінген болу керек. Ал «Қалмақ қырылған» жеңісінен басталған ұлы бетбұрысты ары жалғастыруға жалғыз ұлы жүз қолының шамасы жетпейтін еді. Содан үміттенді ме, 1729 жылдың ерте көктемінде қалмақ қолының бір бөлігі Ұзынбұлақ бойында соғыс ашты. Ұлы жүз қолын Қазыбек бек басқарды. Қасында, сөз жоқ, Хангелді батыр болды. Сол соғыста Қазыбек бектің бала күннен бірге өскен досы Мүйізді Өтеген батыр қалмақтың бас батыры Ботхишармен жекпе-жекке шығып, абыройлы жеңіске жетеді.
Қазыбек бектің жазуына қарағанда, соғыстан қолы босаған кезде жауынгерлер Хангелдінің қасынан шықпайды екен. Ол жауырынға қарап, әркімнің отбасы жайында мағлұмат айтып, көріпкелдік жасайтын болған. Және оның айтқандары шындыққа жанасып отырған секілді. Оны мына жағдайдан байқауға болады. 1729 жылы жазғытұрым Хан тауының маңына жиналған қалмақ әскері кәдімгідей шоғырланып, оңтүстік аймаққа үлкен қауіп туғыза бастайды. Одан ұлы жүз ханы Жолбарыс та сескенеді. Төле бидің де мазасыкетеді. Төле би досы Қазыбек биден көмек сұрайды. Жолбарыс хан бауыры Әбілқайырға көмек сұрап хат жолдайды. Әбілқайырдан жауап болмайды да, Қазыбек би Бөгенбай бастаған қолмен жетіп үлгереді. 1729 жылдың жаз басында әйгілі Аңырақай шайқасы өтеді. Қазақ қолын жалпылай Бөгенбай басқарады да, ұлы жүз қолын Қазыбек бек басқарады. Жекпе-жекке қай батырларды шығарамыз деп Бөгенбай мен Қазыбек бек ақылдасады да, оған 26 батырды белгілейді. Оның ішінде Хангелді де бар. Қалмақтың бас батыры Аңғырақпен бірінші жекпе-жекке қазақ батыры Бөлек Сатай баласы шығару ұйғарылады. Бұл соғысқа Бөлек алдын ала 20 шақты күн дайындалады. Оған Төле би өзінің құла атын береді. Төлеқұланы Бөлек тақымына үйретіп, өз ыңғайына қарай жаттықтырады. Ол жекпе-жекке кетіп бара жатқанда Хангелді: «Бөлек жеңеді. Өйткені, Төлеқұланың қабағы күліп тұр», – деп сәуегейлік айтады. Оны қасында тұрғандардың бәрі естиді. Айтқанындай, Бөлек Аңырақты әбден масқаралап жеңеді. Және оның жеңісіне мінген аты Төлеқұла да жаудың атын кеудесімен қағып, үлкен сәттілік жасайды.
Кіммен, қандай батырмен жекпе-жекке шыққаны белгісіз, бірақ Аңырақай шайқасында Хангелді жекпе-жекте жеңіске жетеді. Ол оның, сірә, соңғы жекпе-жегі болса керек, өйткені жасы қырыққа тақап қалған кезі еді.
Райымбек батырдың туған жылын анықтауға Хангелді атасының да туған жылын анықтау тікелей байланысты. Осыған орай, менің бір жорамалым бар. Оным Қазыбек бектің Хангелді менен екі жас кіші дегеніне сәйкеспейді. Ол жорамалым Хангелдінің атына байланысты. Аталмыш кітәбінде Қазыбек бек өзі туған жылы Жетісуға Тәуке хан келіп, Көктөбе деген жерді жайлағанын айтады. Не көп, Жетісуда Көктөбе аталмыш жер көп. Бірақ қарттардан естіген шежіре аңызды шындыққа қарай біраз жақындатады. Қапалдың батысында Ғали Орманов пен Сайын Мұратбеков туған Қоңыр деген ауыл бар. Ол ауылдың желкесінде Қора деген жайлау бар. Одан жоғарыда Шажа деген тамаша жайлау бар екені белгілі. Көргендер жердің жұмағы деседі. Албан тайпасының ішінде Шажа деген ру бар. Сол шажалар Арқадағы Атасу жерінде болып, содан осы араға қайта келіп орналасқан деседі. Шажадан тағы өрлегенде, Қызылауыз деген арадан жоғарыда Ханжайлаған деген жер бар екен, оны кезінде қарттар Ханжайлау деп атапты да, сол араға Орбұлақ шайқасына қатысқан Ұзынмұрт Ұзақ батыр мен оның Хангелді атасының бауыры Мырзагелді жерленіпті. Хан келіп жайламаса, ол ара неге Ханжайлау аталған? Тәуке келіп жайлаған соң солай аталған ба екен деп топшылаймын. Бірақ мені одан гөрі Суан Хангелді мен Албан Хангелдінің бір кезде туып-өскені және екеуінің неге адас болғаны ойға қалдырады. Екеуі де хан келген жылы туған болуы керек деп ойлаймын. Өйткені, менің немерем Гүлкен суан Хангелдінің 11-ұрпағы болса, Мұқағалидың Жұлдыздан туған немересі де Албан Хангелдінің 11-ұрпағы екен. Бұл, сөз жоқ, кездейсоқтық емес деп ойлаймын. Сонда Хангелді батыр 1692 жылы тууы мүмкін. Оның жеті ұлы болған. Райымбектің әкесі Түке – оның үшінші баласы. Қазыбек бек аталмыш кітәбінде Түкенің бір ағасын соғыста өліп жатқан жерінен тауып алғандарын айтады.Бұған қарағанда Түкенің Мөңке, Дөңке деген ағалары әкесі Хангелдімен қатар жүріп соғысқан. Осының бәрін жинақтап қарасақ, кәзіргі біздің Райымбек батыр 1705 жылы туды деп әр ескерткішке таңбалап жазып жүргеніміз шындыққа жанаспайтын дерек болып шығады. Өйткені, Хангелді 1692 жылы туса, 13 жасында; егер 1694 жылы туса, онда 11 жасында немересі Райымбекті сүйген болып шығады. Ал егер Хангелді одан да ерте туған деп соқсақ, онда оның «Ақтабан шұбырындыға» қатысқаны да, батыр болғаны да – бәрі жалған болып шығады. Міне, осы келеңсіздікті жасыру үшін Райымбекті Түкенің баласы емес, Хангелдінің ұлы деушілер де табылды. Бірақ Райымбекті Хангелдінің баласы қылғанмен де жалған тарихтың жібі бір-бірімен жалғаса қоймайды. Оған көз жеткізу үшін Райымбектану ілімінің негізін қалап кеткен ағамыз Қабылбек Сауранбаевтың «Райымбек батырдың шайқастары» атты еңбегіне және Мұқағалидың әйгілі «Райымбек! Райымбек!» дастанына жүгінуіміз міндет.
Қабылбек Сауранбаевтың «Райымбек батырдың шайқастары» атты еңбегі – жиырмасыншы ғасырдың басында
30 шақты адамнан жазып алған деректер жиынтығы. Ой өрісі, біліміне, ортасына қарай Қабылбек ағамыз рулық, тайпалық деңгейде пікір қосқанмен, негізгі естіген әңгімесіне өз тарапынан алып-қосу жасамаған. Сондықтан о кісінің жазғанына жүгіну – Райымбек жайында шындыққа жетем деген әрбір адамға парыз.
Ел аузындағы әңгімелерде де, Қабылбек Сауранбаевтың дерегінде де Райымбектің алғаш аты шыққан кез 15-тен 16-ға асқан кезі деп анық айтылады. Ал Мұқағали дастанында 13 жаста делінген. Қабылбек ағамыздың жазбасында, жылқы бағуға кеткен Райымбек үйіне оралса, атасы Хангелді оны ертпей жорыққа кетіп қалады. Атасын артынан қумақ болған баласына анасы рұқсат етпейді. «Астыңдағы Көкойнағың ат болсын, өзің азамат бол! Сонда сені жорыққа бірге аламын» деген атамның уәдесі бар, – дейді Райымбек. – Көкойнағым ат болды, өзім азамат болдым, найзамен, қылышпен жауды қалай өлтіруді үйрендім дегенді айтады да, Іледен өткелі жатқан жерде атасы Хангелдінің жауынгерлерін қуып жетеді. Іледен сең жүріп, жауынгерлер арғы бетке өте алмай тұр екен. Райымбек отыз жігітке қамыс орғызады да, көзер жасап жауынгерлерді Іледен өткізіп салады. Көзер деген буған қамыспен су бетіндегі сеңнің жолын бөгеп, түнде мұз біріне-бірі жабысып тұтасқан соң, үстiнен өте беруге болатын қамыс бөгеттi айтады. Нағашысы берген Көкойнақты суда жүзуге, жата қалуға, секiруге, қару-жарағын әкелiп беруге жасынан үйреткен Райымбек Iледен өткенде, «Райымбек! Райымбек!» деп өз атын ұрандап суға түседі («Райымбек». Астана, Елорда, 2005. «Райымбек батырдың шайқастары», 79, 80, 81-беттер).
Міне, Райымбекке Іленің суы қақ айрылыпты деген аңыздың тарауына себеп болған осы көзер жасау әдісі.
Ал енді Хангелдінің бұл жорығы қай жорық дегенге келейік. Егер Райымбек 1705 жылы туса, онда ол 1720 жылы 15-ке келеді. 1720 жылы әлі «Ақтабан шұбырынды» басталған жоқ. Демек, ешқандай әскери жорықтың шындығы жоқ. Аңыз тарих емес, ол тек тарихтың дақпырты ғана. Сонда бұл аңыз қай тарихтың дақпырты? Әлде, тарихи негізі жоқ дақпырт па?
«Ақтабан шұбырындының» басынан аяғына дейін қатысқан, ұлы жүз жауынгерлерінің 1723 жылдан 1729 жылдың жазына дейін бас қолбасшысы болған Қазыбек бек бұл жайында аталмыш кітәбінде не деді екен?
1123 жылдың көктемінде Наурызбай қолы Сапы-Саты көлі арқылы жартысы Доңызтауға, жартысы Мұзартқа қарай бет қойды. Қалмақ әскерінің нарты Нор деген ноян екен» дейді («Түп-тұқияннан өзіме шейін», 1993, 315-бет). Хижраның 1123 жылы, біздің жыл санауымыздың 1745 жылына сәйкес.
«Әбден ыңыршағы айналған албандар да атқа мінді. Оны енді Хангелді бастады», – дейді Қазыбек бек (Сонда, 316-бет). Осыны ескерсек, Қабылбек Сауранбаев ағамыз да жазған, аңыздарда да айтылатын Хангелдінің Райымбекті ертпей кеткен жорығы осы жорық екені белгілі болады. Дәл 1745 жылы 15-тен 16-ға шыққан Райымбек 1730 жылы туған болып шығады.
Албан қолын Хангелді басқарды деген сөз – ол кезде одан асқан батыр Албан ішінде жоқ деген сөз.
«Құмтекейдегі бес күн ұрыста Албан Оңқа батыр зор ерлік көрсетті», – дейді Қазыбек бек (Сонда, 318-бет). Алайда, Райымбек жайында ештеңе айтпайды. Демек, оның әлі ұрысқа араласпаған және аты шықпаған кезі. Бұны мойындау – тарихтың шындығын мойындау. 1705 жылы туған батырды 1745 жылы 40-қа келгенде білмеуі қалай? Дүниеде Райымбектей батырдың болғаны өтірік пе? Ал егер Хангелді атасы Райымбекті ертпей кеткенжорығы осы жорық болса ше? Онда Райымбек сол жылы қырыққа емес, он бестен он алтыға шығуы керек қой. Олай болса, ол 1705 жылы емес,
1730 жылы тууы керек. Оған тарихи жағдай үйлесе ме? Көрейік.
Біріншіден, Хангелді 1692 жылы (не 1694) туса, онда 13 жасында (не 11) немере сүймек тұрмақ, бала сүюі де екіталай.
Екіншіден, 1705 жылы туса, онда
15 жасында Райымбектің ешбір әскери жорыққа қатысуы мүмкін емес.
Сонда қалай болғаны? Өтірік тарихпен өзімізді-өзіміз алдап келгенбіз бе?
Әйткенмен Қабылбек Сауранбаев Райымбек батырдың шайқастарында былай дейді: «Бұрынғы шабындыда қалмақ қолына түсіп кеткен қазақтың ұлдары мен қыздары қойдай жапырып, қозыдай шулап табысып жатыр. Жас шағында түсіп кеткен ұлдары мен қыздары балалы болған. Сонда да қазақ екенін ұмытпапты (Сонда, 89-бет). Мұны қалай түсінуге болады?Бұрынғы шабындысы не? Жас шағында қолға түсіп кеткені не?
Ол – «Ақтабан шұбырындыға» ұшырағаннан бері талай жыл өткен деген сөз.
Райымбек шайқасы, Қабылбек Сауранбаевтың жазуында, үш сапардан тұрады: 1-сапарын 15-тен 16-ға қараған шағында Түрген мен Көкпектіні азат етуден бастайды. 2-сапарында 17 жасында Жалағаш пен Көміршіні азат етуге аттанады. Сол арада жеті жыл өтеді. Райымбектің жасы 24-ке толады. Үшінші сапарын дәл жиырма бес жасында Көктал мен Жәркенттің ортасындағы қамалдан қалмақтарды қууға арнайды. Осы үш сапармен оның негізгі шайқасы аяқталады.
Бұдан заңды сұрақ туындайды: қалмақтар Түргенді, Жалағашты, Көміршіні, Жәркент пен Көкталды қашан басып алып жүр?
Міне, тарихи шындық осы арадан шаң береді. Райымбек 1705 жылы туды деген дерек – жалған. Ол «Ақтабан шұбырынды» басталғаннан кейін туған. Демек, Қазыбек бектің айтып отырғаны рас: 1745 жылғы ерте көктемде албан қолын Хангелді батыр бастап соғысқан. Райымбектің алғаш аты шығуы да осы жорық кезінде. Олай болса, Райымбектің 1730 жылы туып, 1745 жылы 15-тен 16-ға шығуы – шындық.
Жарайды, солай-ақ болсын, ал артынан қуып жеткен немересін өз қолына қоспай, «Көкойнағың ат болсын, өзің азамат бол» деген уәдесін Хангелдінің орындамауы қалай? Неге немересін қалдырып кетеді және оған қандай уәж айтып көндіруі мүмкін?
Хангелдінің дәл осы арадағы айтқан ақылы мен тапсырмасын біз елемей жүрміз. Өйткені, атасының не айтқанын тек Райымбек білген. Әрі батыр, әрі ақылды бала атасының өте дұрыс айтып тұрғанын бар жан дүниесімен түсінген, солай істеудің қажет екеніне көзі жеткен. Әйтпесе артынан әдейілеп қуып жеткен батыр немере өз бетінен оп-оңай қайта қоя ма? Атасы екеуі ғана білген сол құпияны біз бүгін сөзбе-сөз, әрине, қайталай алмаймыз. Алайда, бағыт-бағдарын шамалауымызға болады. Хангелді, сірә, былай деген болу керек:
– Балам, Көкойнағың ат болды, өзің азамат болдың. Біз Қарқарада қалмақтың қолын жеңгенмен, қыздарымызды күң, ұлдарымызды құл етіп келген қалың қалмақты Түргеннің қойнауынан, Асының жайлауынан, Жалағаштан, Темірліктен, Көміршіден түгел қуып тастай алған жоқпыз. Өз жерінде жауға қыздарымыз күң болып, ұлдарымыз құл болып қала бере ме? Соларды құтқарудың орнына, олардан қашқандай болып, сен де бізбен бірге кетсең, ол бауырларымызды кім құтқарады? Сен, сен сияқты жастар неге бас қосып соларды құтқармайсыңдар? Сол қолыңнан келмей ме? Келсе, қал да, соны істе! Келмесе, бізбен бірге жүр! Өзің шеш, – деген болар-ау.
Батыр, намысқой ұл:
– Ата, айтқаның дұрыс екен. Мен қалдым, – деген шығар деп ойлаймын. Өйткені, содан кейінгі Райымбектің бүкіл тірлігі осы айтқанның дәлеліндей. Ол сол жылы-ақ Аралбай, Сатай, Бөлек, Ырыскелді, Қапай, Бақай сынды замандастарының басын құрап, Түрген мен Көкпекті өңірін қалмақтардан тазалауға кіріседі. Оны бұған дейін ол неге істеме-
ген? Өйткені, оған дейін Хангелді оған ол ақылды айтқан емес. Бұл жағдайға терең ойлай қарасақ, одан Хангелді батырдың да, Райымбектің де тарихи тұлғалары бейнелене түседі. Біріншіден, ата мен баланың дәстүрлі тәрбиесіне тәнті боласың. Атаны тыңдау, оның уәделі күнін шыдаммен күту, ал уәделі сәт туған кезде атаның жаңа ақылын түсіністікпен қабылдау Райымбектің ұлттық тәрбиенің бесігінде баулынғанын дәлелдейді. Екіншіден, немересінің алғырлығын, туабіткен батырлығын дәл бақылаған Хангелді аталық ақылын Райымбекті қорғаштауға, аман болғанын ғана ойлауға жұмсамай, ел үшін жанын қиюға да мүмкін жағдайға жұмсайды. Ата батыр мен бала батырдың мүддесі бір жерден тоғысады. Үшіншіден, Райымбектің жау басып алған жерді, жау қолында қалған қазақтарды құтқарып алу соғысы, бір қарағанда, партизандық соғысқа ұқсағанмен, шын мәнінде нағыз ұлт-азаттық соғысына жатады. Төртіншіден, Райымбек шайқастары – «Ақтабан шұбырынды» кезінің ешбір соғысына ұқсамайтын ерекше соғыс.
Ол – ешбір ханның сардары емес, ешбір сардардың сарбазы да емес, Хангелді атасының ақылымен жау басып алған жерден бауырларын азат ету үшін, өзі құрап алған жауынгерлерге өзі қолбасшылық жасаған нағыз халықтық батыр. Бесіншіден, оның соғыс жүргізу тәсілі де ерекше. Ол жаудың мінез-құлқын, дәстүрлі ерекшеліктерін жақсы білгендіктен, көзсіз ерлік пен психологиялық әсер ету әдісін де батыл пайдаланған. Ол ылғи қалмақтың киімін киіп, қаруын асынып, жау ішіне еркін араласып жүріп соғысқан.
Өкінішке қарай, «Жаужүрек мың бала» фильмінде Райымбекке тән оқиғалар басқаға телініп кеткен.
«Райымбек батырдың шайқастарына» сенбеген адам Мұқағалидың «Райымбек! Райымбек!» дастанында аталған жағдайды да салыстыра алады. Онда да Райымбек жау басып алғаннан кейін атқа қонады.
«Қара жауға қатын боп қыздың бәрі,
Әр өлікке жалт беріп қонып жатыр.
Даланың түндік қанат құзғындары», –
дейді дастан.
Жеңілген, жауға таланған елдің жағдайына ашынған ақын:
«Батырлар жоқ бұл елде,
Қатындар бар бұл елде, –
дегенді «Ақтабан шұбырынды» басталмай тұрып айтпаса керек қой.
Қабылбек ағамыздың (1899 ж. туған) «Райымбек батырдың шайқастарын», Мұқағалидың «Райымбек! Райымбек!» дастанын оқымаған адамдардың Райымбекке батылы барып ескерткіш орнатқанына мен қайран қалам. Ол ешқашан басына дулыға, денесіне сауыт кимеген. Негізгі ерлігін 15 пен 25 жастың аралығында жасаған жас батырдың жалын тұлғасын қай ескерткіш бейнелеп тұр?
15-тен 16-ға қараған шағында Түргенді жайлап алған қалмақтарды туған жерінен түре қуса, араға 8 ай салған соң, 16-дан 17-ге қараған кезінде қазақ пен қалмақ шекарасын Шарын өзеніне жеткізсе, 7 жылдан соң, 24 жасында ол шегараны Сүмбе бойына жеткізеді. 25 жасында Төреханды жеңіп, Жәркент-Көктал шегарасын Қорғасқа дейін кеңейтеді.
Ерлігі де, киімі де, аты мен өзі де ешкімге ұқсамайтын ерекше батырға ерекше ескерткіш орнатамын деген білімді мүсіншінің де, білімді тапсырыс берушінің де елден табылмағаны ғой!? Қандай өкінішті!
25 жасында Жәркент пен Көктал арасындағы қамалды алу кезінде 1755 жылы 25 жасында тағы жараланған Райымбек 1790 жылы алпысқа келген дегенге өз басым сене алмаймын. Өйткені арада «бірталай уақыт өткенде Бақай батыр көтеріп үйге алып кірді», – дейді Райымбекті Қабылбек Сауранбаев қолжазбасы. «Осы уақыт Райымбектің жарақаты оңалмауы салдарынан ауырлай бастады» дегенді де ескерген дұрыс секілді (Сонда, 134-бет).
Оқымай-ақ, білмей-ақ оқығанды талдамай-ақ айта беруден, бірінен-бірі айнымайтын жалған ескерткіштер қоя беруден арылатын кезіміз келген-ақ сияқты. Мемлекеттік мәні бар мәселеге қалай болса солай қарау ғалымға да, жазушыға да, мүсіншіге де, тарихшыға да, жалпы халыққа да дәреже емес. Қолдан келіп тұрғанда болашаққа дүмбілез тарих тастамауымыз керек.
«Ақтабан шұбырынды» заманында өз немересіне ұстаздық жасап, ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастыруға ақыл берген дәл Хангелдідей батыр ата да, өз замандастарынан қол жиып, ұлт-азаттық көтерілісін басқарған Райымбектей батыр немере де болған емес. Осы ерекшелікті үлгі ете білу, тарихи тұрғыдан талдап көрсету, атап үлгі ету – Отансүйгіштік тәрбиенің негізгі кіндігі. Оған мән бермеу, дақпыртты, жалғанды араластыру – ұлы ерлікке обал.
ПІКІРЛЕР1