«АЛЛАҺ» емес, АЛЛА!
15.12.2025
48
0

Сәуле Әбілдаханқызы қарындасым кеше жақсы жазба қалдырыпты. «Алла» деген сөзді «Аллаһ» деп айтып-жазудың дұрыс еместігі жөнінде. Келісемін, қолдаймын. Өзім де жазғым келіп жүр еді. Енді дәлелдейін.
Бұл дыбыс («Һ») – қазақ тілінің заңдылы­ғына жат дыбыс. Сол араб-парсыдан еніп кеткен ғой баяғыда. Сіз жазуын «қаһарман» деп жазасыз да, айтқанда-оқығанда бәрібір «қахарман» дейсіз ғой. Қане, қайсыңыз «қа…» деп бастап, сонау көкірек түкпірінен, көмей түбінен естілер-естілмес боп қана шығатын «һ»-ны айтып тұрасыздар? «Жауһар» да, «Гауһар» да сол. Айтқанда бәрібір «хат-хабар» дегендегі «х»-ға көшіп кете бересіздер ғой. «Мәһ-һәб-бәт» деп анау эстрадалық ақын-әншілердің айтып-оқып жүргені жасанды. Өмірде біреуі бүйтіп қолданбайды. Әйелдеріне солай айтып көрсінші, «сенің денің сау ма?» десін. «Махаббат» дейді, болды.
Қазақ тілінің бір ерекшелігі – шеттен енген сөздерді өз ыңғай-интонациясына қарай бұрып, «жөндеп» алады, адам айыра алмастай ғып өз ішіне сіңіріп жібереді. «Пәуеске» (повозка), «бөкебай» (пуховый)… өздеріңіз білесіздер. Тіпті «Будулай» деген сығанның киносын көріп, бас кейіпкерді «әлгі Быдыбай ше?» дейтін менің шешем.
Ал өзбекте, әзербайжанда, т.б. түркі тілдерінде араб-парсы сөздері сол күйі жүр. Айтылуы өзгерместен…
Мысалы, шығыс қазақтары «әмбе» де­ген сөзді жиі қолданады. Бұл парсының «һәмма» деген сөзі ғой… «Әмісе» деп айтамыз-жазамыз. Ал ол – «һәмиша» (парсы). Сөз басындағы «һ»-нің бәрі түсіп қалған. Сөздің басы түгілі, соңында келсе де, «һ» байғұстың қазақ тілінде көрген күні сол – естілмей кетеді, түсіп қалады. «Гуәһ» деген сөзді «куә» ғып алдық, «гүнаһ» деген «күнә» боп кетті. «Һ» мүлде жоқ айтылуда. Ал енді осындай өзгелерге қарсы өз иммунитеті бар күшті тілге «Аллаһ» деген жасанды айты­лымды күштеп қосудың не керегі бар?
Жалпы, араб-парсы сөздері қазаққа бірнеше пішінде енген:
1) ертеректе, түпнұсқадағы айтылымына жақын күйде (әзиз, ілім, Әбдірахман, Әли, тәлім, т.б.);
2) «әйн» әрпін «ғ» деп белгілеген Ахаң­ның (Ахмет Байтұрсынұлының) төте жазуы­ның ықпалымен (ғазиз, ғылым, Ғабдырахман, Ғали, тағлым, т.б.);
Көрдіңіз бе, «әзиз» – «ғазизге», «ілім» – «ғылымға», «тәлім» – «тағылымға» айналып кетті! Бірақ екі нұсқа да – өте қазақы! Араб-парсыдан дін, мәдениет арқылы сіңді дегенге кісі сенбей, тіпті танымай қалатын­дай.
3) сөз басындағы, соңындағы есті­лер-естілмес «һ» дыбысының түсіп қалуы ар­қылы (әрекет, әл, әжі, айуан, есеп, куә, т.б.);
4) керісінше, сол «һ»-ны қатайтып (өйткені жұмсақ «һ» бізге жат) «қ» немесе «х» деп айту арқылы (қарекет, қал-хал, қажы, хайуан, қисап, т.б.).
Байқадыңыз, иә: «әрекет» – «қарекетке», «есеп» – «қисапқа» айналып жүре берді! Қай нұсқа болсын өз сөзіміздей сіңіп кетті.
Осының бәрін түсіну үшін керемет ақылды болудың қажеті жоқ. Тек тіл ерекшеліктерін ажыратып, аңғара жүрген де жақсы.
Мен де еріккеннен «данышпансып» отырған жоқпын. Бір жағы, Сәулетайдың ойын дамытқым келді. Екіншіден, біле жүріңіздерші жай. Сосын «Алла деп айтсақ, Пугачевамен шатастырып аламыз» деу де – бос сөз! Құр ыржаң…
«Алланың сөзі де рас, өзі де рас» демеді ме Абай? «Аллаһтың» деген жоқ қой. Ол кісі шағатайша жақсы білген адам. Сөз парқын Абайдан артық танимын деу күпірлік шығар. Демек, «Аллаһ» емес, Алла!

Сәкен СЫБАНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір