Ұрпақтар жадындағы «Утро»
05.02.2024
310
0

Бұл – орыс суретшісі Татьяна Яблонскаяның «Утро» ат­ты картинасы. Осы әйгілі туынды жайлы Александр Беляков фейсбуктағы жазбасында былай депті: «Утро» картинасының көшірмесін «Огонек» жорналы басқан соң, бәрі сондағы сурет­ті кесіп алып, қабырғаға іліп қоятын. Ол сурет Арсеннің үйінде де бар еді. Сөйтіп, бала бұрымды қызға бір көргеннен-ақ ғашық боп қалады. Ержеткен соң Арсен Бейсембинов Мәскеуге жол тартып, Строгановский училищесіне оқуға түседі. Содан, ол өзінің жанындағы топтасымен көңіл жарастырады. Жазда Арсен қоярда-қоймай бойжеткенді көндіріп, Алматыға алып келеді. Сол жерде ол қабырғадағы сурет­ті көріп, ондағы қыз өзі екенін айтады. Иә, әлгі сұп-сұлу қыз – Лена, Киевте емес, сол училищеге құжат тапсырған екен. Міне, қызық! Арсен бала кез­ден ынтық боп жүрген картинадағы қызға үйленеді. Дап-дайын сюжет! Лена Алматыға көшіп келіп, Бейсембинова деген фамилияға өтеді. Ол мультипликатор боп жұмыс істеп, кітап иллюстрациясымен айналысып, гобелендер жасаған және сол қалада әлі күнге дейін тұрады. Заңғар деген ұлы бар, ол да суретші. Лена апайдың немере, шөберелері бар». 

Біз картинаны көз алдымызға келтіріп, ой елегінен өткізгенімізде көп сұраққа жауап таба алмай қиналдық. «Шымылдықтың» артына жасырынған шығарманың түпкі идеясын табу үшін де асқан байқампаздық қажет-ақ. «Утро» өмірдің бір ғана жылт еткен сәулелі сәтін берумен құнды. Сурет көп құпияны ішіне бүгіп қалғандай. Яблонскаяда кеңістік пен тұтастықты сезіну бар. Ол бояу арқылы қоғамның, өзі өмір сүрген кезеңнің көңіл күйін, мінезін берген.
Татьяна Яблонская 1917 жылы Смоленскте суретші, график әрі мұғалім Нил Яблонскийдің отбасында туған. 1928 жылы олар Одессаға, 1930 жылы Каменец-Подольский, одан кейін Луганскіге көшіп барып, жеті жылдық мектепті тәмамдаған соң, Киев суретшілер техникумына оқуға түседі. Бұл өнер оған әке арқылы берілген. Бала кезінен натюрморт салуды ұнататын сары қыз өсе келе біреуге қарапайым көрінген нәрсені өнер деңгейіне көтеруді үйренеді. Жемісті еңбек етіп, өзінің айрықша, ешкімді қайталамас дара қолтаңбасын қалыптастыру арқылы студент кезінен бастап-ақ Мәскеу, Лондон, Будапешт, Киев, т.б. шаһарларда 30-дан аса көрме ұйымдастырып, көптеген бүкілодақтық және халықаралық бәйгелерде жүлдегер атанған қылқалам иесі 1999 жылы инсульт алып, арбаға таңылса да, өнерге адал боп, сол қолымен сурет сала береді. Ал 2005 жылы ол 89 жасқа қараған шағында қаза болады. Құлпытасында өзі ерекше сүйіп оқыған орыс ақыны
Афанасий Фет­тің:
– Что такое день иль век,
Перед тем, что бесконечно?
Хоть не вечен человек,
То, что вечно, – человечно, –
деген өлеңі ойып жазылған.

Суретші аталмыш туындысын 1954 жылы салған. 1953 жылдың наурызында өмірден Сталин озған соң, «темір тәртіптің» тас-талқаны шығып, «жылымық» басталады. Бұл – қырқыншы жылдардың ызғарлы қырғынынан қырау қатқан талай қабақ жіби бастаған шақ.
Яблонская жыл құстарынша ұшқан осы сәт­ті ұстап қалған. Оның шығармашылығына тән нәрсе – жылылық, мейірімділік, мейірбандық, қайырымдылық. Қанша дегенмен ана емес пе?! Жалпы, суретшінің қылқаламынан туған картиналарда өз заманы кеңінен қамтылған. «Утро»-ға жай ғана сурет деп қарауға болмас. Өйткені, аталмыш шығарма түстер үндестігімен, сол кез­дегі өмірдің бейнелік-поэзиялық тілде көрсетуімен, терең лиризмімен, эпикалық кеңдігімен, монумент­тіліктің өзара үйлесім табуымен ерекшеленеді. Хас шебердің қолынан шыққан бұл дүние көрерменді бір көргеннен-ақ өзіне баурай, тарта түсері талассыз. Аты орыс, украин елінің аясынан асып, алып империяның көлеміне танылып, кейін шетелге мәшһүр болған ол, бүкіл ғұмырын туған жерінің көркем образын жасап, живопись пен пейзажға өзін алаңсыз арнаған. Яблонская шығармашылығының негізгі өзегі – адам, оның мінез-құлқы, толғаныстары, мұңы, қайғысы, қуанышы, ішкі күйі, замандастар бейнесі, шаруалар өмірі, туған ел табиғаты. Полотноларында тыныс-тіршілік жаратылысын, оның ішкі сыр-сыпатын, философиясын терең ашқан суретші отандастарының рухани кескін-келбетін поэтикалық күш-қуатпен бейнелеуде асқан шеберлік танытып, талдау, тұтастықты сақтау, ойын жүйелеу, өз идеясын әсем әрі әсерлі түрде жеткізе білу деген аспектіні алға қойған. Оның туындыларында адам табиғаты поэзияға толы өрнектермен өріле астасып, лирикалық көркем бейнелер көрініс тауып, адам – табиғат, табиғат – адам байланысы үнсіз үндестік тауып, түрлі детальдар мазмұнға мазмұн қоса түскен. Т.Яблонская өз картиналарында этнографиялық белгілерді көбіне-көп штрихпен береді екен. Бірде ол кісіге соңғы он жыл бойына суретшінің шығармашылығын зерт­теп жүрген Киев сурет институтының түлегі, жас өнертанушы қонаққа келеді. Әлгі қыз оған сұрақты жаудырады. Жас ғалым қойын дәптеріне айтылған әңгімені шебердің аузынан түспестен-ақ қағып алып, түртіп отырады. Өнертанушы кеткен соң туындыгер біраз ойланып отырады да өзіне-өзі: «Біреуге айт­қаннан гөрі, осының бәрін өзім жазсам қайтеді, осы?! Кейінгі тарих үшін, өнер үшін қажет қой…», – дейді. Шыны керек, сол естеліктерді оқып отырсаңыз Яблонскаяның өскен, тоқыраған, өзін жоғалтып барып қайта тапқанына таң-тамаша қаласыз. Мәселен, ол кісі былай дейді: «Бәрі әлі күнге дейін мен неге алпысыншы жылдары этнографиялық-декоративті бағытқа бет бұрып, ал кейін қайтадан «дәстүрлі» кескіндемеге ден қойғаныма таңғалады. Расында, неге сонша сең соққан балықша сенделдім екен?!. Институт­та оқып жүргенімде, яғни соғысқа дейінгі кезеңде живописьті құп көрдім. Сол арқылы түс пен тұтастық дегенді түсіне бастадым. Бастағанымды ары қарай тереңдете беруге кесірін тигізген нәрсе – соғыс. Бейнелеу өнерінен үш-төрт жылға қол үзіп ем, нәзіктікті сезіну дегенді жоғалтып алдым. Оны қайта қалпына келтіру үшін натураға қарап жұмыс жасау қажет болды. Уақыт жалынан ұстатар емес. Содан не керек, картина артынан картина туып, көрермен қошеметіне ие болдым. Асықпай-аптықпай алға жылжу арқылы ұмыт болған дүниелер еске түсе бастады. Әсіресе, бұл «Перед стартом» ат­ты туындымда аз-маз байқалды. Бояуды жұп-жұқа жағу негізінде қысты күнгі адамдардың мінез-құлқын көрсеткім келді. Сол шығармам Мемлекет­тік сыйлыққа ұсынылған еді. Ол хабарды естісімен-ақ үйіме тілшілер мен фотографтар ағылды. Енді, қаулы шығатын боп жатқанда, аяқ астынан «формализмге» соққы берілгені бар емес пе?! Мені – жап-жас қызды былай қоя тұрыңыз, Дейнека, Сергей Герасимов, Фаворскийлердің өзі жел тұрған кез­дегі теректей теңселіп кет­ті. Сөйтіп, «Перед стартом» картинасы Украин өнерінің мұражайында шаң басып жатып қалды. Сөйтіп, сый-сияпат­тың орнына сыбағамды берді, олар. Мені біреулер формалист, тағы бірі импрессионист қылып шығарды. Негізі олай емес қой! Күлкілі жағдай… бірақ факт. Ол заманда импрессионизм туралы айтуға болмайтын».
Александр Беляков өз жазбасын былай жалғайды: «Яблонская өзінің картинасында туған қызы – Ленаны бейнелеген. Ол кез­де қызы 13 жаста-тұғын. Бұл туындысын Киевтегі пәтерінде салған. Иә, бір қарағанда бөлме абажадай көрінгенімен, бұл – коммуналка еді. Лена 1941 жылдың шілдесінде дүниеге келіпті. Бір ай бұрын Яблонская мен оның күйеуі – Сергей Отрощенко Киев көркемсурет институтын тәмамдаған. Содан кейін-ақ, ол қолына қару алып, майданға ат­танады. Кетер алдында қызының атын Лена – Алена деп қоюды аманат­тайды. Отанына аман-сау оралғанымен де, аз уақыт­тан кейін Сергей әйелімен ажырасып кетеді. Яблонская ұзақ өмір сүрді. Ол 1917 жылдың ақпанында туып, 2005 жылы оған сол Киевтен топырақ бұйырады. Қарап отырсақ, бұл шып-шымыр шығарманың киноға бергісіз тарихы бар».
«Утро» – символикалық мәнге ие полотно. Онда елдің, ұлт­тың оянуы бар. Егер қызға зер салсаңыз, оның бойынан нәзіктікпен қатар, жаңа серпілістің үйлесім тапқанын аңғарасыз. Беляков сөз арасында картинаға италия суретшілерінің ықпал-әсері барын айтып қалды. Иә, рас! Татяна Нилқызы Леонардо да Винчи, Мазаччо, Рафаэль Санти, Сандро Бот­тичелли, Джорджоне, Джованни Беллини, Караваджо, Давид Гирландайо секілді Өрлеу дәуіріндегі италиялық қылқалам шеберлерін пір тұтқанын, сол алыптармен өзін салыстыра келе, әлдеқайда әлсіздеу екенін мойындағаны – кішіпейілдігінен. Суретшінің тақырыпқа тамызық ретінде басқа-басқа емес, дәл осы таң мезгілін алуында да гәп бар. Бір көргенде-ақ жылылықтың лебі есетін осы туынды сап-сары сағынышқа малынған. Себебі, о кез­де біздің апаларымыз, аталарымыз, ағаларымыз, әпкелеріміз өмір сүрді. Сондықтан, бір бүтін дәуірді көз алдыңызға әкелетін «Утрода» өмірге деген сүйіспеншілік, сенім, тазалық, іңкәрлік бар. Нобель сыйлығының иегері Орхан Памук «Менің атым Қырмызы» романында суретшілер жөнінде жазуы бекер емес. Немесе жапон новелисі Рюноскэ Акутагаваның «Тозақ азабындағы» суретші Ëсихидэның өзінің ең ғажайып картинасын қандай құрбандыққа бару арқылы тудырғаны туралы оқығанда жанымыз түршігіп, жан азабын тарту негізінде іште бұлқынған саф дүние қалайша сыртқа жарып шығатынына көзіміз анық жеткен еді.

Әлібек БАЙБОЛ,
Қазақ­стан Жазушылар
одағының мүшесі, жазушы-драматург,
әдебиет­танушы-ғалым

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір