ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ: САПАРҒАЛИ БЕГАЛИННІҢ 130 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ӘДЕБИ-ТАНЫМДЫҚ КЕШ
27.11.2025
103
0

Алматы қаласы Бостандық ауданы КМҚК “№77 бөбекжай-балабақасының” “Ақбота” ересек тобы А.И. Крылов атындағы балалар кітапханасына қазақ балалар әдебиетінің алып тұлғаларының бірі — Сапарғали Бегалиннің 130 жылдығына арналған әдеби-танымдық кешке келді. Бұл игілікті шара — балабақша мен кітапхананың жүйелі ынтымақтастығының жарқын жемісі.

Биылдан бастап мемлекет басшысы көтерген “адал азамат” идеологиясына сай “Балалар кітапхана” жобасы іске қосылды. Осы жоба аясында бүлдіршіндер кітап әлеміне үнемі саяхат жасап, ұлттық әдебиет пен мәдениетке жақындай түсуде.

Бұл кешке қатысқан “АҚБОТА” тобының тәрбиеленушілерін балабақша меңгерушісі Алибаева А.Е., топ тәрбиелеушісі Интыкбаева З.С., және ұйымдастырушы педагог Кошкарбаева Өміргүл бастап келді. Балалардың кітапханаға деген қызығушылығы мен тәртіптілігі сол ұстаздардың еңбегін айқын көрсетті.

   Әріптестердің үйлесімді жұмысы кештің мазмұнын байыта түсті: Атамкулова Г. кітапханаға келген бүлдіршіндерге шынайы ықыласпен экскурсия ұйымдастырды. Кітапхана тарихы, балалар әдебиеті, залдар құрылымы жайлы қызықты мәліметтер берді. Бүлдіршіндерге кітап әлемін жақындатып, олардың қиялын оятты. Әбдиреева А.Балаларды қолөнер бұрышымен таныстырды..Қолөнер бұрышында бүлдіршіндерге өте сүйкімді, практикалық шеберлік-сабақ өткізді.Балаларға қағаздан көбелек қиып жасауды үйретіп, түрлі-түсті қағаздар арқылы қиялдарын оятты. Бөлмені толтырған жүздеген кішкентай қағаз көбелектер – балалардың еңбегі мен қуанышының белгісіндей әсерлі болды. Кенже Гүлнар әріптес ретінде барлық кезеңге қолдау көрсетіп, балалардың тәртібі мен белсенділігін қадағалап , кештің үйлесімді өтуіне атсалысты.

   Кешке ұрпақ тәрбиесінде өнегесі зор, ақыл-тәжірибесі мол ақ жаулықты әжелер шақырылды. Олар балаларға рухани тәрбие, мейірім мен ұлттық құндылықтың үлгісін көрсетті.Жұмекеева Нақан -87 жастағы батыр ана, ұстаз-ағартушы. Жетпіс жылдан астам уақытын бала тәрбиесіне арнаған қастерлі еңбек адамы әрі өзі де ертегі жазатын, әлі күнге дейін кітап оқитын білімді жан.

Маханова Қалима Ануарқызы -Халық ағарту ісінің озат қызметкері, абыройлы ұстаз, кештің құрметті қонағы. Мейірімге толы жүрегімен балаларды баурап, өзінің дана сөздерімен кештің шырайын кіргізді. Ыбырашқызы Кәмила Сапархайыр — Іле аудандық “Қазақ аналары – дәстүрге жол” ҚБ төрайымы. Ұлт дәстүрін дәріптеп жүрген белсенді қоғам қайраткері.

  Кеш барысында ең ерекше көңіл-күй сыйлаған сәт — Қалима Ануарқызының балалармен берген тәрбиелік әңгімесі еді. Әжей балаларға шағын тақпақтар жаттатқызып, әр бүлдіршінге жылы қабақ танытты.“Немерем” әні шырқалғанда, әжелердің көзінен қуаныш пен сағыныштың нәзік сәулесі байқалды. Бұл жүректерді толқытқан, ұрпақ сабақтастығын терең сездірген ерекше сәт болды. Жастары егде тартса да, жүректері баладай таза үш әжейдің келуі бүлдіршіндерге ерекше қуаныш сыйлады. Әрине, әженің қалтасы бос жүрмейтіні белгілі. Үйіп-төгіп әкелген тәттілерінен шашу шашып, кештің шырайын тіпті жандандырып жіберді. Бүлдіршіндер қуанып, айналаны шат күлкіге толтырды.

А.И. Крылов атындағы балалар кітапханасының меңгерушісі Исаханқызы Қаракөз кеш қонақтарына және педагогтарға ризашылығын білдіріп, бүлдіршіндерге арнайы әзірленген Қадыр Мырза Әлі шығармаларынан жасалған кітапшаларды табыстады.

     Сапарғали Бегалиннің шығармашылығы мен әжелердің жүрек жылуы тоғысқан бұл кеш — ұрпақтар арасындағы алтын көпірдің айқын көрінісі.Балалар — ертеңіміздің жарқын шамшырағы, Әжелер — мейірім мен даналықтың бастауы, ал ұстаздар — екі әлемді жалғаған тәрбие көшбасшылары. Осындай игілікті шаралар ұрпақ санасына руханият нұрын себетін маңызды қадам болып қала береді.

А.Жолдасқызы

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір