Әдебиет әлсіз болса, ұлт та әлсіз…
17.06.2016
2276
0

10-1_7e7479d4Дүйсенбек НАҚЫП,
прозашы, ақын, хореограф, Қазақстан
Республикасы Хореографтар одағының Төрағасы


Кейіпкеріміздің аты-жөнін ара-тұра басылым бетінен ұшырастырғанымыз болмаса, өрмекшінің торындай өтірікті тоқып не қылайық, шығармашылығымен таныс емес екенбіз. Ол кісіні Одақ фойесінде жолықтырып қалдық. Көңілді! 70-ке толуына  4-ақ күн қалған кезі екен. Көзілдіріктің арғы жағындағы мұңды жанардан: «Әлі де жаспын!» деген жазуды оқып үлгердік. Бұны көңілдің тазалығынан деп білеміз. Езуіне қыстырған жіңішке темекінің ақ күртешесіне түскен күлін аса бір сезіммен, аса бір ұқыптылықпен үрлеп, ұстамдылықпен сөйлей жөнелді. Сұрақ қойып едік, сирек шашы бар басын сипап, Аспанға бір қарап алды. Жауапты Ғарыштан күтетіндей. Өңгелерге ұқсамайтын, өзіне ғана тән ерекше бір жүрісі бар жазарман «жанының жапырағын ешкімге жұлдырар» емес (Есенқұл). Аңдамай сөйлесең қырсық та шайпау мінезі алмас қылышқа айналып, кесімді сөзімен кесіп түсуге дайын тұрады. Біразға дейін денеңнің қай мүшесі сылынып қалғанын түсінбей, дал боласың. Сөйтсек, «10 пәленің 9-ы тілден» екен ғой. Соған қарамастан жастарды жақсы көретінін байқадық. «Жасқанба! Қазақтың жасқануға хақы жоқ…», – деп оң қолын иығыма артты. Сонда ғана «!» мен «…» арасындағы Алтын көпірдің астында Поэзия өзені ағып жатқанын аңғардық. Ол сөйлегенде гүрілдеген дауысы мен ішкі бұлқыныстың әсерінен сол қабағы көтеріліп кетеді екен. Бұны физиологиялық ерекшелігіне, не балеттен қалған артистизміне жорырымды білмедім. Қолтығына қысқан қос кітабы – «Сирень на закате» мен «Время Реге» өз қолтаңбасын қойып берген бойда-ақ саябаққа қарай тарттық. Абылай хан мен Төле би бұрышындағы бағдаршамға жақындағанда жинақты парақтай бастап ем, көзім: «Как-то приснилось мне одиночество. Проснулся. И впрямь – один…» деген сөзге түсті. Ары қарай оқи түстім. Біреудің жетістігіне қатты қуана білетін, сырты қатал көрінгенімен, жүрегі жұмсақ ақын Батыс емес, Шығыс әдеби үлгісіне бой ұрғандай. Онда Жел билейді, Тұман жылайды, Гүл сағынады, Ай күтеді, Күн күрсінеді… Аз-кем әңгімелесіп, қоштасқан соң Дүйсенбек Нақып ұзын көшемен ұзап бара жатты, ұзап бара жатты. Түнде… Он бірлер шамасында қоңырау шалдым. Әлі ұйықтамапты…

–  «Өткен күнде белгі бар»… Өмірге жет­піс­тің биігінен қарағанда есіңізде қан­дай ерекше сәт қалды? Осыдан бас­та­сақ…
– Әкем Тыныштықбай: «Соғыста талай досым опат болды. Аман оралсам жеті ұл сүйгім келеді. Екіншімнің атын Дүйсенбек қоямын!» – деген екен, марқұм. Бірақ мен туғаннан кейін бір жыл өтпестен-ақ өмірден өтті. Аспаннан бір жұлдыз ағып түсті… Бұдан кейін белгілі ұстаз, про­фес­сор Төлеутай Ақшолақов мені өз қамқорлығына алды. Жақсының жақсылы­ғын ұмытсақ несіне адам болып жер басып жүрміз? Бір өкініштісі осы «ұмытшақтық» ұлттың дертіне айналған. Бәріне өзіміз ғана жеткендей көреміз. Содан не керек, ағайын-туысқан ақылдасып, мені қайда оқытсақ деп жүргенде Қайыржан  Бекхожиннің жары Валя тәтейдің үлкен ағасы Суворов училищесіне түсірмек болды. Алайда, әскери өмірді қаламадым. Сөйтіп, тағдырдың жазуымен экзаменнен  мүдірмей өтіп, Мәскеу академиялық хореография училищесінің «Балет артисі» мамандығына оқуға түстім. Со жылдары менімен бірге Рамазан Бапов, Раушан Байсейітова, Зарема Дасеева, Болат Жантаевтар оқыды. Төлеутай ағам Мәскеуге келіп: «Мынау әншілерді дайындайтын шеберхана ма десем, бұл би мектебі екен ғой. Болды, Суворовқа ауысасың», – дегенде: «Осында қалайыншы!», – дедім өтініп.
– Сонымен қалдыңыз ғой?..
– Иә! (Күледі). 1958 жылы Мәскеудің Үлкен театрында «Қазақ әдебиеті және өнерінің» екінші декадасы өтті. О кезде жасым – он екіде. Сонау Жолқұдықтан орталыққа келген мен орысшаға шорқақ болдым. Сонда Әуезов бастаған қарымды қаламгерлерді көріп, Отанымды сағынған сәтте аяқастынан: «И песню дружбы оставив в народе, уехали в степи акыны-старцы», деген аяғы бар, басы жоқ екі-ақ жол өлең келді. Жанымдағы жарылысты сыртқа шығарғым бар. Қатты қуанып, эйфориялық көңіл-күйде тұрмын, айтқым келеді, алайда аузыма сөз түссеші?! Поэзияның алғашқы ұшқындары со мезетте көрініс берген. 1964 жылы оқуды тәмамдап, Абай атындағы Опера және балет  театрына жетекші солист болып жұмысқа орналастым. Билеп жүрсем де, жан қалауым ақындық еді. Ол уақытта орысшам оңалған. Ағаларым қазақ ақын-жазушыларының  шығармаларын оқуға беріп, бас қосқанда: «Не түсіндің? Не алдың? Не ұнады? Не ұнамады?» – деп сұрай келе: «Кітап оқы. Онсыз болмай-
ды», – деп кеңес беретін.
– Мұқағалимен жыр жинағы арқылы таныстыңыз емес пе?!
– Ол өзі бір қызық жағдай болды. Аға­ларым: «Күшті ақын бар. Өзі ақылды тентек. Аты – Мұқағали!» – деді. Бұл жетпісінші жылдар еді. Оның бір кітабы қолыма тиді. Оқып, тамсанып жүрген кезім. Өзім де өлең жазамын, ақынмын. Бірде Опера театрының алдындағы орындыққа жайғасқаным сол еді: «Ей, бала не отырыс? Жұмыс қайда? Кімсің?» – деді. «Бишімін!» – деп едім: «Ойбай, олар туралы айтпа. Суқаным сүймейді», – деді. Мен оны бірден тани кеттім. Бұл – Мұқағали Мақатаев еді. Екеуміз біраз серуендеп, саябақты араладық. Ол кісі өлең оқыды. Тұрған тұрысы, дауысы, дене бітімі, өзін-өзі ұстауы керемет, енді. Мен оның поэзиясына ғашық болып қалдым. Ағам Мұзафар Әлімбаев: «Мұқағали – бұл Мұқағали!» – деп сүйсініп отыратын. Ұлы деген сөзді Тәңір-таудың белбаласына ойланбастан қияр ем.
– «Свобода слова» басылымына Ре­сей­дің Пятигорск мемлекеттік лингвисти­ка­лық университетінің филология ғылымы­ның докторы, профессор Альмира Ка­зие­ва қаламгерлікке кештеу келген кезі­ңізді Иннокентий Анненскиймен ұқсас тұсыңыз бар екенін жазыпты…
– Солай сияқты. 1986 жылы би өнерін қойып, Ш.Айманов атындағы киностудия жанындағы «Әлем» бірлестігінің бас ре­дак­торы қызметіне тағайындалдым. 1989 жылы Олжекең – Олжас Сүлейменов «Невада – Семей» қозғалысын бастап, жанына тартып алды. Өлең жазғым келеді, бірақ жұмыс дегеніңіз қауырт. «Мен өзімнен кейін із қал­дырамын ба, өзі?!» деген ой келді. Бұлай болмас деп тоқсаныншы жылы бәрін қойып, қырықтан асқанда жазуға кірістім. Ал 1996 жылы елуге толғанда «Вечер века» («Ғасыр кеші») атты алғашқы кітабым жарық көрді. Ағаларыма оқытып ем: «Сен өз жолыңды таптың», – деп қатты қуанды. «Биші қалай ақын болады?» деген әңгімелер де айтылған.
– Камю футболшы, Акутагава дәрігер, Шоу боксшы болған ғой…
– Иә. Пешенеңе не жазылса, соны көресің. Егер қабілет-қарымың болмаса, қанша жерден тырбансаң да одан ештеңе өнбейді.
– Сізді соңғы кезде нендей мәселелер мазалап жүр?..
– Үйсіз-күйсіз, жұмыссыз жүрген жас­тар тағдыры алаңдатады. Мұнайлы, газды ел бола тұра, әлеуметтік қолдауға зәруміз. Ұят, енді. Әлемге танылмас бұрын ішкі жағдайды реттестіруіміз керек. Әр саладан ортақ қазанға түскен түсім халық капиталына айналуға  тиіс. Жастарға  қолдау көрсететін ұлттық жоспар жоқ. Біріккен Араб Әмірліктеріне  қарашы, таң қаласың. Бала туғанда есеп-шотына 1 миллион доллар түсіреді. Ол өсе береді, өсе береді.
Ұр­лық-қарлық, қылмыс, зорлық-зом­бы­лық, суицид, нашақорлық, арақкештік, тән сату, адам сату секілді кеселдер жоқшы­лық­тың кесірінен. Зиялылар жастарға көңіл бөлмеудің зиянды жағын билік ба­сын­дағыларға айтуы қажет. Өйткені, қо­ғамның қозғаушы күші – өскелең ұрпақ. Егер ағаларым қолдау көрсетпесе, мен кім болар ем? Шопан болып малдың артында жүрер ем. Сол секілді ауылда небір дарынды жастар бар. Соларды орталыққа тартып, оқуға түсуіне жағдай жасағанымыз жөн. Қазақ 8 миллион дейміз, негізінен 6-7 мил­лион ғана деуге негіз бар. Көбі метистер, кос­мополиттер, шалақазақтар. Ал оларда ұлттық рух деген болмайды. 2030, 2050 бағдарламалары саяси конструкцияға ғана негізделген, ал арасында рухани діңгек жоқ. Егерде дәл осы бетімізбен кете берсек, ертең ұлттық трагедияға душар боламыз. Бізге әр-әр жерден ақпараттық һәм саяси шабуыл жасалуда. Тоқтықтан кекірігі азғандар шетел асуда. Олар ұрылар. Ұры болмаса қашпас еді. Ондайларға айтарым: «Егер ақшаң асып-тасып жатса ғылым-білім, тәрбиеге бөл». Көжектерше көлеңкемізден қорқып отыра берсек, ұрпақ бұл қателігімізді кешірмейді. Шыны керек, одан кейін 2050 біткен соң халық бәрімізді ұмытып кетеді. Жүректе Абайдың әні де қалмайды. Себебі, нео-мәдениет деген тажал жалмайды да кетеді.
– Этникалық кодымызды қаншалық­ты тани алдық…
– «Осыдан жүз жыл бұрын қазақ өзін-өзі толық таныған» деген әңгімелер айтылған. Жырау-жыршы, сал-сері, би-сұлтан, ба­тырлар, яғни «Ұлы дала мәдениеті» – ұлтты тәрбиелеген құрал болған. Табанымен жер басып, оймен Көкті шолып, Тәңірмен тілдескен халық қалайша әлсіз болмақ?! Урбанизацияның бір кемшілігі – далалық сананы жояды, ішкі еркіндікті «өлтіреді». Асфальттан не шығады? Шайыр ғана. (Күлді). Біз кеңдік пен кеңістіктің қадір-қасиетін білетін ұлт едік. Қалалық мента­литет соны шектеп тастады. Оған төтеп беру­дің бір ғана амалы – тамырдан ажырамау.
– Номадтар дүниетанымы әлі толық зерттеле қойған жоқ қой.
– Әр елдің өз ерекшелігі бар. Отырық­шы­лар санасы аналитикаға бейім болға­ны­мен, олар көшпенділер секілді Табиғатты танып, натур-философиялық категорияның шыңына шыға алған жоқ. Қазақ үшін негізгі этно-культ – СӨЗ. Бірақ кейде тіп­тен сөзшеңдігіміз басымызға таяқ бо­лып тиіп жатады. Бос уәде береміз, көп сөй­лейміз, нәтиже аз. «Уәде – Құдай сөзі» деп түсінген бабаларымыз мына күйімізді көрсе, бізге қатты ренжір еді. Қоршаған ортамен байланыс үзілген сайын жауапкершілік сезімі де азая түсуде. Байқайсың ба?! Яғни қазақ мінезінің кілті тереңде жатыр. Жаһандануға қарсы тұру қиын. Сол себепті, заманауи технологияны тиімді пайдаланбасақ, жойылып кетеміз. Өзімізде бола тұра кей тұста етті Канада мен Австралиядан аламыз. Бұл бәсекеге қабілетті емес екендігіміздің айқын көрінісі. Кадрлар шетелге кетіп жатыр. Өйткені, онда интеллектуалды жұмысты қатты бағалайды. Дарындыларға көңіл бөлмей жатқанымыз әлі де болса балаң ұлт екендігіміздің белгісі. Бай елміз. Бір американ экологы: «Қазақстанның жағрафиялық тұрғыдан өте ғажап жерде орналасқанын. Егер Солтүстік Мұзды мұхиты еріп, дүниежүзілік топансу басталса, Қазақ елі ғана аман қалады», – деген еді. Құдайдың құдіретін қарашы. Тағы бір ғалым: «Қазақ жері адамзаттың тең жартысын тамақпен қамтамасыз ете алатын жағдайы бар» деген. Өз Отанымызды шын жүрекпен сүйе алсақ қана мықты боламыз. Ал қазіргі кезде бізге біреудің мысы алтын болып көрініп жүр. Одан бөлек, қазақ жерінде жетім бала болмауы керек. Жер-Ана мен Аспан-Әке деген натуралистік көзқарас өмірлік кредомызға айналған ұлтпыз. Әркім бір-біріне: «Мынау менің бауырым, мынау менің қазағым» деп қараса екен деп армандаймын.
– «Күл-шеңбер» («Круг пепла») романы қалай туды?
– Менің анам – өнер. Би өнеріне жиырма бір жыл арнаппын. Сол қозғау болды. Себебі, шығарманың бас кейіпкері – балерина. Оның көркем бейнесі күндіз өңімнен, түнде түсімнен кетпей жүрді. Жазбасқа болмады. Романға төрт ай кетті. Оған дейін ойда піскен дүние еді ғой.
– Прозадан гөрі поэзияда пластикалық сипат басым. «Ақынжанды» деген сөз нәзіктік, жұмсақтық, мейірімділіктің си­но­ниміндей әсер етеді. Осы тұрғыда ақынның тууы, оның қалыптасуы да ел та­рихындағы елеулі оқиға деп есептеуге болады…
– Әрине. Ақынның дүниеге келуінің өзі – мереке. Орыстың көсемі Петр I емес, Александр Пушкин. Патшалықтар құлады, императорлар бақилық болды, сан түрлі саяси жүйелер күйреді, бірақ ақынның аты өшкен жоқ. Себебі, Құдай ақынды үлкен миссиямен жібереді. Әлем поэзия тарихында Абай өз ғақлияларында тұңғыш болып ұлтын «сойып салды». Оқудың өзі қорқынышты. Гений. Абай шығармаларында көркем шындық пен өмірлік шындық керемет астасып жатыр. Хакім кез келген құбылысты соншалықты дәлдікпен беруі шынында да таң қалатын нәрсе.
– Көптеген сыншылар шығарма­шы­лығыңызға баға бере келе: «Проза күйін­дегі поэзия», поэзия күйіндегі про­за», – дейді. Сіз үшін жанр мен стиль деген не?
– Стиль – өзің – мінезің – болмысың – кемшілігің – жетістігің – барың – жоғың. Жанр – жан қалауы, тақырып ауқымы. Жанр талғамауға тырысамын. Кәріс театрына арнап «Үш хандықтың ханзадасы» («Принц трех царств») атты пьеса жазғанмын. Сонда бәрі: «Сіз бұрынғы тарихты жақсы біледі екенсіз ғой», – деді. Бұл ізденіс пен оқумен келді. Ізденіс деген өмірден үйрене білу деген сөз. Стиль мен жанр Сиям егіздері секілді. Бірін-бірінен бөліп қарау қиын. Стиль һәм жанр – белгілі бір ақиқатты жеткізудің формасы. Бүгінгі әдебиетте жазушылық лаборатория әлсіреген. Оны мойындауымыз керек. Әркім өз бетінше, өз білген-түйгенінше жазып жүр. Әсіресе, жастар. Сан түрлі кітаптар жарық көргенімен қоғамға қажет, оқырман көңіл пернесін дәл басатын туынды тумауда. Мәселен, Сталин сияқты жауыздар у жасаса, со кездегі қаламгерлер еліне рухани ем іздейтін. Біздің басты миссиямыз – адамгершіліктің жаршысы болу. Адам деген аяулы атқа кір келтірмесек екен.
– Әдебиеттанушылар Сізді модернист деп жүр…
– Келіспеймін. Бұның бәрі теория тудырған шартты ұғымдар. Сезім мен жазу тар шеңберге сыймайтынын түсінуге тиістіміз. Әдебиетті ағымға бөлуге қарсы­мын. Егер қажет деп тапсаңыз, Абайды да модернист етіп шығаруға болады. Ол түсініксіздеу, тосындау жазса: «О, мынау жаңашыл!» – дейміз. Біз жаңалық ашқан жоқпыз, себебі бізге дейін бәрі жазылып та, айтылып та қойған. Модерн, постмодерн, авангардтың туындауы – Еуропа әдеби кеңістігінің әлсіреп, эстетизмінің жоғалып бара жатқандығынан дер ем. Бұл біз үшін жат нәрсе. Мен ақын ретінде өзімді мазалаған тақырыпты ғана жазамын. Бар болғаны осы. Мәселен, белгілі бір кезең өткен соң «супер-модернист» деген сияқты тағы бір ағым пайда болуы мүмкін. Әдебиеттің ұлылығы мен тереңдігі сонда, ол Уақыттың ықпалына ұшыраған адамның сезімі мен мінезін көрсетеді. Мысалы, біз Абайды әлі толық танып болған жоқпыз. Хакімді саяси жүйе қабылдай алмайды. Себебі, оның шығармашылығындағы басшылыққа қатысты батыл ойлары Біреулерге жақпайды. Ресей негр Пушкиннің құрметін асырып жатқанда, біз өз Абайымызды барынша қадірлеуге міндеттіміз. Қазақ қаншама сұрапыл кезеңдерді басынан өткергенін еске түсірсек көзге жас келеді. Ел боламыз десек мәдениет, әдебиет, өнер, тарих, салт-дәстүрден ажырамауымыз керек. Онсыз «рухани жұтты» басынан өткеріп жүрген қазақ үшін гегемонияларға оп-оңай жұтылып кетуіміз мүмкін. Бірақ біз Құдайдың назары ерекше түскен халық болғандықтан Уақыт дайындаған сын-сынақтан аман-есен өтеміз деген ойдамын. Өз мүддемізді қорғай алуымыз қажет. Байқадың ба, 9 мамыр күні Ресейдің бірде-бір телеарнасы қазақтар жөнінде айтпады. Ал Рейхстаг туралы хабарда Кантария мен Егоровтардың аты аталды, ал біздің Рахымжан Қошқарбаев қайда, сонда? Бұдан шығатын қорытынды, тарих – халық санасын қалыптастыратын этно-фактор. Біз кім екенімізді, қайдан келгенімізді, бабаларымыз қандай ұлы империя құрғанын идеологияға айналдырсақ қана «сана төңкерісін» жасай аламыз. Екінші дүниежүзілік соғыста 10 оқтың 9-ы Қазақстанда жасалған. Біз өз күш-қуатымызға әлі де болса сенбейміз және көмекті сырттан іздеу дағдыға айналған. Тәуелсіздікді қатты аңсадық, бірақ оған іштей аса дайын болмай шықтық.
– Егер тетігін тапса, адамды басқару­дың формасы өте көп қой…
– Абай атындағы Опера және балет театрында істеп жүргенімде әріптестерімнің қанына Сталиннің темір тәртібі мен брежневизмнің сіңгені соншалық: «Анау болмайды, мынау болмайды», – деп тыйып тастап отыратын. Ал еркін жүріп-тұрып үйреніп қалған мен үшін, «болмайды» деген сөздің өзі ерсі естілетін. Көрдіңіз бе, егер адам бойында хаюани инстинкт оянса, оны қой құсатып оп-оңай билеп-төстеуге болады. Бақсам, қазіргі адамдардың ел тағдырына жүрегі ауырмайды екен. Билік әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту мақсатында кешенді жоспар қабылдауға тиіс. Гитлердің алдында тізе бүккен Еуропаның тұрмыс-тіршілігімен, КСРО құрамында фашизмды жеңуге үлкен үлес қосқан Қазақстанды салыстырыңызшы. «Әділеттілік қайда? Және ол қашан орнайды?» деген қос сұрақ мазамды қашырды.
– Автор ретінде өз-өзіңізді тани ал­дыңыз ба?
– Жоқ. Жасым жетпіске келсе де әлі «творчестволық эгомды» іздеумен келемін. Қаламгерлік – үздіксіз ізденісті қажет ететін жанр.
– Ал адамның даму эволюциясына сенесіз бе?
– Эволюция жоқ, тек адам деген киелі ұғым бар. Өйткені, бізді жаратқан ғалымдар емес, Құдай. Бүгінгі ғылым шекарадан асқаны соншалық, Жаратушының «меншігіне» кіріп кетті. Ал ол жаққа «рұқсатсыз» кіруге ешкімнің құқы жоқ. Эволюция – Еуропа мәдениетінің доминанты. Яғни өздері ойлап тапқан кез келген нәрсені өзгелерге таңуға бейім. Олар сондай «ауруға» ұшыраған. Әдебиетте де солай. Сөз өнері әлсіз болса, онда ұлт та әлсіз болмақ. Батыс пен Шығыс текетіресі бұрындары соғыс, қару, милитаризм, жаулаушылықпен есте қалса, қазір ол мәдени деңгейге өтіп кеткен.
Бір кездері мынандай бір оқиға болды. Тереземнің алдына көгершін ұшып келді де, маған ұзақ қарап тұрды. Бір нәрсе сұрағысы келетіндей. Мен болсам темекі шегіп тұрмын. Құс ұшар емес. Бір-бірімізге қарап тұрмыз. Жандүниемді түсініп тұрғандай. Сонда ғана түсіндім – көгершін ақыннан қорықпайды екен. Себебі, мен оған еш жаманшылық жасамайтынымды біледі. Шығармашылық адамы да көгершін секілді өз оқырманынан қорықпауға тиіс. Екі арада байланыс үзілмеуі керек. Біз аға буын көрерімізді көрдік, ендігі үміт жастарда. Қиын бір кездерде адам өзін-өзі мына хаоста жоғалтып алмас үшін ақылдан бұрын, жүрек керек. Жүрек тек тамыр-талшық пен қаннан ғана тұрмайды, онда Сөз бен Ұлы сыр бар. Тыңдап тұрсаң не айтқысы келгенін естисің. Жүрек – барометр. Ол ақылдың айтқанын сүзгіден өткізіп, өзіндік бір түйінін шығарады. Бүгінгі адам өз жүрегін тыңдаудан қалған.
– Қазіргі әлем әдебиетінде әдебиетті ғылымиландырғысы келетін топтар бар. Және осы кері үрдісті қолдайтындар саны артып барады. Сөз өнеріне өз нәзіктігін жоғалтып алу қаупі төнуі мүмкін. Бұған қа­лай қарайсыз?
– Мәселен, Мичурин, Павлов, Сеченовтар табиғаттанушылар, бірақ олар ақын емес.
XX ғасырдағы биология, гинетика, медицина, социология, политология, психологиядағы сан түрлі теорияларды Билік басқару формасына икемдеп, колонизацияның бір айнымас аспектісі ретінде қолданды. Оларға ғалымдардың атын шығарып, халық арасындағы беделін күшейту тиімді еді. Сол секілді әдебиетті де барынша өз мүддесі үшін пайдалануға тырысты. Бірақ сөз өнерінің мықтылығы сонда, ол ғылым секілді «қауіпті элементке» айналған жоқ, қайта халыққа демеу беріп, өзінің түпкі мақсат-мұратын анықтап алуға күш-жігері жетті. Адамзатқа қарсы көптеген қанқұйлы әрекет істелді. Геноцид, репрессия, соғыс, т.б. бастауында диктаторлар мен ғалымдар жүрді. Былайғы кезде гуманизм туралы жалған сөйлеуді әдетке айналдырған олар үшін ешбір құндылық жоқ. Тәжірибе аясында бір маймылдың миын екіншісіне ауыстыру, иттің жүрегін шошқаға салу, дельфинді бомба тасушы балыққа айналдыру, қолдан ауру таратып, оған қарсы анти-вирус ойлап шығарған қандай үлкен қылмысқа барғанын түсінсе ғой, шіркін. Бұған қоса, белгілі бір идеяны насихаттайтын авторлар бар. Мысалы, Нобель сыйлығының лауреаты, жазушы Бертран Рассел мен Карлос Кастанеда жазбаларында расистік реңк басым. Астарында ақ адамды мақтау, ақ адамның генологиясын түгендеу, еуроцентризмді ұрандату нышандары айқын байқалады. Түркітілдес елдер үшін еуропалықтардан гөрі алыстағы Африка жақын. Өйткені, олармен рухани байланыс бар және тағдырымыз да ұқсас. Көркем әдебиетті ғылымиландырғысы келетіндерді түсінбеймін. Әдеби популизм мен интеллектуалды расизмге бой ұрғандар өзге нәсілдің өкілдерін сауатсыз, әлсіз, надан, қабілетсіз етіп көрсетеді. Ал одан кейін «ақ адам» ғана әлемге әйгілі сыйлық алып жатса таң қалмаңыз. Еуропалық әдебиет кіші ұлттар, оның ішінде қазақ әдебиетін ассимиляцияға ұшыратып, дүниежүзілік әдебиетті тұтастандырып, бір ғана кеңістік жасағысы келеді. Яғни тақырып, жанр, стиль, идея, т.б. дүниелер бір-біріне ұқсас болып кетеді. Бұл да мәдени жаулаудың бір түрі. Кітап оқығың келсе, оның астарында не жатқанын анықтап ал. Жастарға айтар ақылым – осы.
– Не істемек керек?
– Ежелгі әдеби үлгілерді игеру керек.
 – Кезінде Шыңғыс Айтматовпен араласқан екенсіз. Ол кісі қандай еді?
– Жүрегі жұмсақ, өте мейірімді жан болатын. Құдай 2 миллионға жетпейтін қырғызға Шыңғысты сыйлады. Оның «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетін» Хемингуэйдің «Шал мен теңізінен» жоғары қоямын. Ол өз шығармасында: «Бізге кім жақын? Алда-жалда қиын жағдай орын алса, кімнен көмек сұраймыз?» деген күрделі сұраққа жауап іздейді. Бала Америка мен Азия құрлығы тұтасатын жер – Камчаткаға дейін жүзіп барып, дүниенің арғы жағында да тіршілік бар екенін, түркілер мен Америка құрлығының байырғы тұрғындары да бізге бауыр екенін аңғартады.
Мен бір кездері бұрынғы Фрунзе, қазіргі Бішкектің Опера театрына гастрольдік сапармен барған едім. Осы хабарды естіген Айтматов: «Айналайын қазағым, қайдасың?» – деп іздеп келіп, хал-жағдайымды сұрап, ағалық мейіріммен бауырына басты. Ол кезде ағамыздың ел арасындағы беделі өте күшті болған. Лениндік сыйлықтың лауреаты еді ғой. Жазушы: «Қонақты жақсылап тұрып күтіңдер!», – деп еді министр, депутат, әкім-қараның бәрі жанымда құрдай жүгіріп жүрді. Ол кезде жасым жиырма бірде. Дастархан басында тілек айтып отырып: «Мен Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің шәкіртімін. Қазақтардан көп нәрсе үйрендім. Қазақ болмаса қырғыз да болмайды», – деп еді, айыр қалпақты ағайын арасында гу-гу әңгіме басталды. Оның сөзін біразы жақтырмай қалды, білемін. Бірақ оған қараған Айтматов жоқ: «Сендер де үйреніңдер!», – деді өте сенімді сөйлеп. Меніңше, әдебиет – рух соғысы. Кімнің рухы асқақ болса, сол жеңіп шығады.
– Би өнері өте қиын екенін білеміз. Кез келген мамандықтың «кәсіби ау­руы» болады. Мәселен, боксшылар бір нәрсені ұрып тұрмаса ішкен асы бойына тарамайды, ұшқыштар ұйықтап жатса да «штурвалды» айдағанды жөн көреді, шахматшылар ақ пен қараға ерекше мән береді, дәрігерлер, әсіресе хирургтар үйін­де жүрсе де қолын спиртпен жууға дағ­дыланған. Сондай бір әдет сізде де бар шығар?
– Секіру ғой, біздікі. Би өнерінде әр түрлі қимыл жасаған кезде оқыстан аяқ пен қолдың саусақтары сынып, күніне төрт-бес сағат дайындалғандықтан бүйрек, бауыр, асқазан төмен түсетін-ді. Кейде күні-түні репетициялағанда табан ойылып, ашып, тамырың адырайып кетеді. Амал жоқ, шыдайсың. Жеңіл киініп, ашық алаңда жүргенде тез суықтап қалып жататынбыз. Радикулит, артроз, артрит, полиартрит, телонефрит, т.б. біз үшін таңсық емес. Әсіресе, әйелдерге қиын. Қанша дегенмен отбасын құрып, ана болатын адам үшін денсаулықтан асқан не бар?! Бұрын біз зейнетке 39 жаста шығатынбыз. Қазір оны алпысқа созды. Көз алдыңа елестетіп көрші, үлкен кісі серең-серең етіп секіріп, балет билеп жүрсе қалай көрінер екен?! Біріншіден, оған денсаулығы жарамайды, екіншіден, онда эстетика жоқ. Оған қоса, бүгінгі қазақ би мектебі әлсіреп қалды. Төлемақы төмен, үлкендердің орнын басқан жастарда тәжірибе аздау. Ал дарындылар шетелге кетіп жатыр.
– Бір сұхбатыңызда: «Гүрілдеген қа­зақы дауысты жақсы көреміз», – депсіз?
– Гүрілдеген дауыста табиғилық, ең бастысы шынайылық бар. Той-думандарда дауысы зорайып шығатындарды тыңдағанда ләззат алып, рахат күй кешемін. Дауыстар музыкасы, дауыс симфониясы деген ғажап нәрсе ғой.
– Қызық екен… Дауыстар не дейді, сонда?
– Дауыстар саяси Тәуелсіздікті емес, рух Тәуелсіздігін аңсайды.
– Әңгімеңізге рахмет!


– Бостандық не?
– Махаббаттың бар екенін ұғыну.
– Ар деген не?
– Қазақбайшылығыңды емес, қазақтығыңды сақтау.
– Өмір деген не?
– Аманатқа қиянат жасамау.
– Ал жауапкершілік деген не?
– Ішкі жоспарыңа берік болу. Жауапкершілігі жоқ адам үшін, Отан да жоқ. Бірақ біз Арғы жақта сұралатынымызды естен шығармайық.


Әңгімелескен
Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір