Халық қазынасына қайырымсыз қараған Жоғарғы Сот
Халық мемлекетке жинап-тергенінен, айлық табысынан салық төлейді, мемлекет сондай табыстан азаматтарға айлық жалақы, зейнеткерлерге зейнетақы, әлеуметтік қажеттіліктерді салық табысынан төлеп, халық қажетін өтейді.

Жоғарғы Сот реформа деп, өз құзырындағы үш алқаны қайталау арқылы қылмыстық, азаматтық, әкімшілік алқаларды жеке дербес етіп шығарып, заң жүзінде кассациялық сот құруды дұрыс деп тапты.
Мұндай құрылым арыз-шағымның кассациялық алқаға аз түсіп қалуынан, оның орнына Парламент пен Президент Аппаратына түсетін болды деген уәжбен сот жүйесіне реформа жасау депутаттар ұсынысымен енгізілді деп түсіндірілді. Арыз-шағым сот шешімдеріне түседі. Негізінен, арыздың түсуі, жаппай кассациялық қараудың шектеліп, жеке судья ұсынысымен қаралу тәртібіне байланысты. Кассациялық сатыда қылмыстық, азаматтық істерді қарау тәртібінің әркелкі болып жүйелі болмауынан туындаған. Бұл қателікті түзету үшін процессуалдық заңға өзгеріс енгізілсе жетіп жатыр, яғни сот өндірісі заңымен реттелуге жатады. Оны түзету үшін сот құрылымы заңына өзгеріс енгізу қателікке тіреген.
Бастамашылық жасаған заң шығарушылар сот құрылысы заңы мен сот өндірісі заңының аражігін ажыратпай, соттың жаңа құрылымын жасаған, оған қолдау білдірген Жоғарғы Сот жүйесі судьялары мен қызметкерлерінің санын көбейтіп, бюджеттік қаражатты ысырапшылықпен жұмсаған. Халық қазынасын үнемдеп жұмсау жөнінде мемлекет басшысы сан рет ескертумен келеді.
Халықтың қазынасы айлық есебінде ысырапшылдық пен жұмсалуына қоса, халық аттай шабылып, арызын арқалап Астанаға барады, жол шығынын айтпағанның өзінде, басқадай шығынға белшесінен батады: адвокат ақысы, қонақүй ақысы деген сияқты т.б. шығындар орынсыз орын алып, халықтың жүйкесін жұқартып, «соттан келемін, жанып тұрған оттан келемін…» деген ақын сөзін расқа шығарады.
Сот жүйесіне енгізілген бұл өзгеріс кассациялық шағымның түсуіне өзгеріс әкелмейді. Сот шешіміне қанағаттанбаған жақтар арыз жазуды жалғастыра береді. Кассациялық алқа шешімімен арыздың кассациялық түріне шешім шығарып, нүкте қойылады.
Кассациялық алқа сатысының «қыздай» ұзатылып облыстық сот деңгейінен Жоғарғы Сотқа барып, байыз таппай сыбайлас жемқорлық қылмыстың бел алуынан бірнеше рет қайтып, облсот деңгейіне қайтарылғанын, оны да заңмен бекіткенімізді, осыдан бұрын жазған мақалаларымыз бен лауазымды тұлғаға арнап жіберген ұсыныстарымызда көрсетіп, кассациялық сатыны «көкпар» етіп тартқыламай, «билікті орталықтандырмай, жергілікті жерде шешуді ұйымдастыру» керек екенін ескерткен мемлекет басшысының талабын орындауымыз қажет еді, бірақ бұл талап Парламент пен Жоғарғы Сот тарапынан ескерілмеді, аяқсыз қалды.
Жоғарғы Сот құрамында қалған үш сот алқасы — қылмыстық, азаматтық, әкімшілік алқалары дербес бөлінген кассациялық алқалардың қараған істерінің үстінен қарап шешім шығаруға құлықсыз. Ондай тәртіп заңда көрсетілмеген. Сонда олар нендей қызметпен айналысады? «Сот практикасымен шұғылданады» деген уәждің де нақтылай тұстары айқындалмаған. Біздің түсінігімізше Жоғарғы Сот – сот жүйесінің биік билік сатысы болғандықтан сот практикасын зерттеу-талдау орталығы болып, заң жүзінде қайта құрылып, әрбір категория істердің қаралуы практикасын зерттеп қортындылап, төменгі сатыдағы соттардың біркелкі іс қарау тәжірибесінің бағыт-бағдарын айқындап берумен айналысу керек. Сонымен қатар мемлекеттің қауіпсіздігіне ықпал ететін және экономикалық аса қауіпті қылмыстық істерді өз өндірісіне алып қарауды қамтамасыз етуі орынды болмақ. Заңда көрсетілгендей Жоғарғы Сот төрағасының ұсынысымен, бас прокурордың наразылығымен келіп түскен істер пленарлық мәжілісте қаралып шешім шығару құқығы сақталуы керек.
Сонымен қатар облыстық сот деңгейінде жаңадан құрылатын кассациялық алқалардың қаулыларына жазылатын шағымдарды да Жоғарғы Сот бақылау тәртібімен алқалы түрде өз өндірісінде қараса, «сот қателігі» деген ұғымның жойылуына ықпалын тигізген болар еді.
Жоғарғы Сот басшысы ауысқан сайын міндетті түрде жаңалық енгізуге ұмтылыс білдіріп, оны заң жүзінде бекітуге әрекеттенеді. Ізгілікті қоғамға пайдалы өзгеріс болса, оған қолдау білдіріп қуанамыз. Ал «реформа, тағы да реформа» деп рельстен шығып кетіп (жолдан шығып кетіп), «адасқанның алды жөн, арты соқпақ» болып жатса, жүйелі пікір айту қоғам мүшелерінің азаматтық парызы емес пе?
Республикалық баспасөз басылымдарда сот жүйесінің жетістігі мен кемшілігі жөнінде пікірлер айтып, көпшілік талқысына салсақ, оның несі айып, халық «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген емес пе?
Бүгінгі күнде бірінші сатыда іс қараған аудандық және оған теңестірілген соттардың шешіміне жазылған апелляциялық шағымдар облыстық және оған теңестірілген соттардың апелляциялық алқаларында қаралуда. Ал осы апелляциялық алқалардың қаулыларына жазылатын кассациялық шағымдарды облыстық және оған теңестірілген соттарда құрылатын кассациялық алқада қарау жоғарыда көрсетілген шығындардан бас тартуға, азаматтардың талабын жергілікті жерде шешуге мүмкіндік берер еді.
Ол үшін конституциялық күші бар заңға өзгеріс енгізіп, Жоғарғы Соттың өз құзырынан бөліп шығарған үш кассациялық алқаны таратып, одан босаған судьяларды жергілікті жерде құрылатын қадағалау алқаларға жіберу арқылы іс қарау, ең алдымен, жергілікті халыққа тиімді болса, судьяларға төленетін еңбекақы мөлшері облыстық соттың судьяларының айлығына теңгерімді болып, бюджет қаражатын үнемдеуге жол ашылады.
Жергілікті облыстық деңгейде құрылған қадағалау алқа сатылары іс қарауды жалпы қадағалау тәртіппен қараса, азаматтардың арыз-шағымы да орынсыз жазылмауға жетелейді. Сот шешімдеріне жазылған арыз-шағымдар тек сотта қаралуы тиіс, басқа органдардың ондай арыздарды қарауға, бақылауға алуға заң жүзінде құқығы жоқ.
Биліктің биік тармақтары сот қызметіне араласуға, арыз-шағымды шешуге жол көрсетуге құқылы емес. Халық та заң талабын түсініп, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп арыз жазудан арылуы тиіс.
Сот жүйесінде процессуалдық тәртіппен шешілуі тиіс түйткілдер баршылық, оның бәрін халық пен мемлекет мүддесіне қайшы келмейтіндей етіп қарастыру, алдағы күндердің еншісінде. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген халық даналығы босқа айтылмаған.
Бекет Тұрғараев,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген
қайраткері, заңгері, заң ғылымдарының докторы