РЕФЕРЕНДУМ – ХАЛЫҚ ҚҰҚЫҒЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында референдумның маңызды дипломатиялық институт екенін баса айтты. Өткенге көз жүгіртсек, 2022 жылы 5 маусымда Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткен болатын. 2022 жылы болған бұл жиында Президент бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгеретін Конституцияны халық дауысының еркіндігінің айқын көрінісі деп атады.
Референдум – мемлекетте маңызды мәселелерді шешу үшін республиканың барлық аумағында өткізілетін бүкілхалықтық дауыс беру. Байырғы заманда қазақ тарихын жаңғыртқан хандарымыз да іргелі істерде құрылтай өткізіп, халықпен кеңес құрған. Демек, дауыс беру арқылы әр азамат өз ұстаным-пікірінің мемлекет үшін маңызды екенін түсініп, Отанымыздың бір бөлшегі ретінде сезінетіні анық.
Республика Конституциясы мен конституциялық заңдарды бақылау, оларға өзгертулер мен толықтыруларды енгізу, мемлекеттік өмірдің өзге де маңызды мәселелерін шешу – референдум қызметіне қойылатын басты талап. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі ең алғашқы референдум Қазақстан Президентінің өкілеттік мерзімін ұзарту туралы шыққан жарлық негізінде 1995 жылдың 29 сәуірінде өткізілді.
2023 жылдың 1 қыркүйегінде халыққа кезекті Жолдауын жариялаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда АЭС салу тақырыбы аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналғанын және оған қатысты қорытынды шешім жалпыұлттық референдум нәтижесі бойынша қабылданатынын мәлімдеді. «Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы уақытқа дейін министрлікке қоғамдық бірлестіктерден де, қоғам белсенділерінен де референдум өткізуді жеделдету туралы өтініш түспегенін, тек бекітілген рәсім аясында жұмыс жасайтындарын айтқан энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 2024 жылы 10 мамырда үкімет отырысында атом электр станциясының (АЭС) құрылысы бойынша референдум өткізудің әлі күнге дейін белгісіз болуының себебін түсіндірді. Министрдің айтуынша, бүгінде министрлік еліміздің әр аймағында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазақстанның барлық аймағын аралауды қажет ететін бұл ауқымды жұмыстарға мамандарды тарту, қоғамдық пікір көшбасшыларымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істеу керегін алға тартқан министр тек төрт аймақты аралап үлгергендерін жеткізді.
Ал Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаевтың ресейлік ТАСС басылымына берген сұхбатына қарағанда, Қазақстанда АЭС салуға қатысты референдум жылдың соңына қарай болуы мүмкін.
Атом электр станциясын салуға Алматы облысындағы Үлкен ауылы таңдалған. Сондықтан 2023 жылдың тамызында Үлкен ауылында АЭС құрылысына қатысты алғаш халықтық талқылау өтті. Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас тұрғындардың 90 пайызы АЭС құрылысын қолдап отырғанын айтып, аталмыш станция электр энергиясынан тапшылық көретін халық үшін жаңа жұмыс орны, инвестиция әрі ауылдың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты деп оң көзқарасын білдірді.
Халық – тарихты жасаушы, мемлекет күш-қуатының қайнары. Мемлекеттік референдум аясында жүзеге асырылатын кез келген өзгерістер мен жаңа дүниелер сан түрлі қиындық атаулыны басынан өткерген халықты бақытты тұрмысқа кенелтсе болғаны.
Дана САДЫРҚАН