Олигархтардың да әкесі – Халық
26.04.2024
1814
1

«Апат айтып келмейді» дейді атам қазақ. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Жер бетінде өмір сүріп жатқан адамзат қауымы есте жоқ ескі заманнан бері қарай да табиғат­тың дүлей күшін бастан өткеріп келеді.
Бабаларымыз қай жылы қандай табиғи құбылыс болатынын айдың қалай туғанынан, жұлдыздардың жамырағанынан алдын ала болжап, біліп отырған. Күні кешеге де­йін біздің сондай данагөй ақсақалдарымыз бар еді-ау. Әт­тең сол бір халық ішіндегі табиғатпен біте қайнасқан «жауырыншыларымыздың» ұрпақ сабақтастығы үзіліп қалды. Ата-бабамыздың жылдың төрт мезгілінде келетін нақты амалдарын да ұмыт­тық. Ендігі дәтке қуат ететініміз – халқымыздың қиын-қыстау кезінде, табиғи апат кезінде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірігіп кететіні. Бұрын да солай болған, қазір де солай. Әнебір жылдары Шығыс Қазақ­стан облысының Зайсан ауданындағы зілзалада, соңыра Атырау облысының Қызылқоға, Жылой ауданындағы су тасқынында халықтың ұйымшылдығына, бірлігіне өзім куә болғанмын.
Әлі есімде, 1993 жылы Атырау облысының Қызылқоға, Жылой аудандары суға кеткенде арнайы құрылған комиссияның құрамында – сол кездегі Мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиев, академик Зейнолла Қабдоловтармен бірге Миялы мен Құлсарыға барғанымыз.
Үйлері суға кетіп далада қалған қарапайым халықтың басына түскен ауыр қиындыққа мойымай, бірін-бірі қолдап, Үкіметке сенім білдіріп, елдік танытқандарына іштей риза болып, оларды жігерлендіріп ақ, адал сөзімізді айтып кеткенбіз. Ке­йін халқымыздың «Бір жамандықтың, бір жақсылығы болады» деген ақылман сөзіне әбден тәнті болғанмын. Су апатынан ке­йін көп кешікпей үйсіз-күйсіз қалған жұртшылықтың бәріне жаңадан үйлер салынып, керемет ықшам аудандар пайда болып, бәрі қалпына келген еді.
Ал енді биылғы су тасқынының беті жаман болғанына бәріміз куәміз. Еліміздің Шығысы мен Солтүстігі, Батыс облыстары нөпір судың астында қалды. Мұндайда кім кінәлі деген үлкен сұрақ туындайды. Әрине алдымен айтып келмейтін табиғат, екінші бейқам отырған жергілікті билік кінәлі екеніне ешкім дауласа алмайды. Алайда бар кінәні билікке артып өздері қарап отырмай табиғат­тың дүлей апатына қарсы жұмыла күреске шыққан халқымыздың ерен ерлігіне қалай разы болмайсың, осындай ұлы халықтың ұлы екеніне қалай мақтанбайсың!
Мемлекет басшысы халықтың ауызбірлігіне ерекше тоқталып, ризашылығын білдіруде. Сонымен қатар табиғи апат­тың алдын алу барысында қауіп төніп тұрған аймақтарды өзі аралап, халықтың ой-пікірін тыңдап, нақты шараларға арнайы тапсырма берді. Құдай қаласа бұл қиындықты да жеңіп шығатынымызға күмән жоқ.
Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табиғат апатына жұмыла қарсы тұрып жатқан халыққа Жолдауында бұл су тасқынының соңғы 80 жылдан бергі болған ең ірі апат екенін атап көрсете отырып: «Барлық жапа шеккендерге қаржылай да, басқа да көмек көрсетіледі», – деп уәде берді. Сонымен қатар Президент соңғы отыз жылда пайда болып, әлемдегі ең бай олигархтардың «Forbes» тізіміне кіретін байлардың алынбас қамалын бұзды. Президент өзіне тән терең мәдениет­імен байсалды түрде салиқалы да салмақты ескерту жасап: «Бізде өте ірі кәсіпкерлер бар, олар «Forbes» тізімінде алдыңғы қатарда тұр. Олармен арнайы әңгіме жүргіземіз. Олар жеке-жеке әр облысқа, аудандар мен ауылдарға бекітіліп беріледі және әрқайсысы тікелей жауап беретін болады. Бұл алдымен өздеріне пайдалы іс болады, өйткені олар өздері салған қаржының нәтижесін көріп, риза болады. Сонымен қатар сіздердің туған халыққа жасаған қайырымдылықтарыңыз мемлекет­тің назарынан тыс қалмайды», – деді. Сөйтіп, олигарх­тардың алынбас қамалының қақпасы халық үшін айқара ашылды.
Меніңше біздің аса ірі байлардың барлығы – Қазақ­станның бұрынғы басшысы Н.Назарбаевтың шекпенінен шыққандар. Сондықтан олардың халық алдындағы беделі жоққа тән. Халық олигархтарға жек көре қарайды. Алайда олардың көпшілігі Мемлекет басшысының сөзінен ке­йін неге бірден халыққа көмек қолын созды деген заңды сұрақ туындайды. Себебі олар күні бүгінге де­йін халықпен тіл табысудың жолын таба алмай жүр еді. Енді өздерін жақсы жағынан көрсетуге мүмкіндік туғанына қуанған болса керек.
Осындай сәт­те менің көкейімнен кетпей жүрген жауапсыз екі сұрақты айтпай кетсем өзіме сын болмақ. Оның біріншісі – қаңтар оқиғасы кезінде, анығырақ айт­қанда, 2022 жылдың
5 қаңтарында Н.Назарбаевтың Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы лауазымын халқына бірауыз ескерту айтпай тастап қашуы. Екіншісі – Қазақ­стан табиғи апатқа ұшырап жатқанда халқына арнап жылы сөз айтып, өзінен бастап соңынан ерген, қолдан жасалған байларға: «Халыққа көмектесейік», – деп аталы сөз айтпағанына таңғаламын!?
Жә, сонымен Президент­тің емеу­рінімен алынбас қамал бұзылды, олигархтарымыздың халыққа деген ықыласы оянды. Президент те, халық та үлкен жеңіске жет­ті. Енді біздің байлардың халыққа қалай көмектесіп жатқанына назар аударып, олардың кімдер екенін талдап көрейік. Тағы да қайталап, нақтылап айтсақ, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайға арнайы іс-сапармен барған кезінде зардап шеккендерге көмек көрсетуде бизнес өкілдерінің рөлі ерекше екенін айта келіп, бұл жолы үнсіз қалудың реті жоқ екенін ескерткеннен ке­йін арнайы шотқа қаржы жаңбырдай жауды.
Ең алдыңғы қатарда – қазақ­стандық миллиардер Владимир Ким. Ол өзінің бірнеше алпауыт компаниялары «Қазақмыс», KAZ Minerals, «АлтынАлмас», «Қаражыра» және RBK Bank есебінен бірден 40 млрд теңге аударды. Бұл қаражат арнайы, мақсат­ты түрде инфра­құрылымдарды қалпына келтіруге жұмсалмақшы. Әрине қарапайым халық үшін бұл – өте үлкен қаржылық көмек. Алайда Владимир Кимнің «Forbes» тізіміндегі қаржы көлеміне көз жүгіртсек, мына 40 млрд теңге теңіздің тамшысындай ғана екеніне көзіміз жетеді. В.Кимнің компанияларының барлығы сонау жылдары ұлы академиктер Қаныш Сәтбаев, Шаһмардан Есенов, Дінмұхамед Қонаев, Шапық Шөкин сияқты ағаларымыздың іздеп тауып, ке­йінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған кен орындарының негізінде құрылмап па еді?! Бір өкініштісі олигархтарымыздың көпшілігі жаңағы аты аталған ағаларымызды біле бермейді, білсе де мойындамайды.
Тағы бір алпауытымыз Болат Өтемұратовтың жеке қоры алғашқылардың бірі болып су тасқынынан зардап шеккендерге 680 млн теңге аударған екен. Соңыра су тасқынының ұлт­тық апатқа айнала бастағанын аңғарып жеке өзі 10 млрд теңге бөлгенін шулап айтып жатырмыз. Алайда Болат Өтемұратовтың «Forbes» тізіміндегі мына байлығына көз сала кеткеннің айыбы жоқ. Ол «Forbes» тізімінде алтыншы орында, байлығы 2.7 млрд $ құрайды.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары Қазақ­стан мен АҚШ-тың бірлескен жобасы «Теңізшевройл» мұнай кәсіпорыны (ТШО) дүниеге келді. Оған Алматыдағы Достық үйінде Қазақ­стан Президенті қол қойғаны әлі есімде. Бұл Тәуелсіздік алып, не істерін білмей отырған Қазақ­стан Мемлекеті үшін елеу­лі оқиға болды. Алайда көп кешікпей, «келісім-шарт негізінен бір жақты АҚШ компаниясының пайда­сына 40 жылға жасалды», – деген күңкіл сөздер естіле бастады. Шынында да «Теңізшевройл» мұнай компаниясы Қазақ­стан үшін ғасыр жобасы болуы керек еді. Қырық жылға жуық уақыт­тың ішінде басқасын айтпағанның өзінде кеше түгелдей суға кеткен Құлсары қаласы ХХІ ғасырдың ең заманауи қаласына айналады деген үміт­те болатынбыз. Алайда бәрі керісінше болып шықты. ТШО-ның Америкалық басшылары мен мамандары компания­ны Атырау қаласында жайлы офисте отырып басқаруды әдетке айналдырды. Ал теңіз мұнайының улы күкіртін жергілікті халық күнде жұтып денсаулығына зиян келтірді. Құлсарыда тепсе темір үзетін жігіт­тер экологиялық қолайсыздықтың зардабынан таңертең ұйқыдан тұрмай қалатын зауалға ұшырады.
Бір сөзбен айт­қанда, атақты «Теңіз­шевройл» мұнай компаниясы миллиард­таған таза табыс тауып жатса да жергілікті халықты назардан тыс қалдырды. Өйткені кезінде Назарбаев қол қойған келісімшарт­та жергілікті халықтың әлеумет­тік жағдайы лайықты дәрежеде қаралмаған. Соның салдарынан Құлсары айдың күннің аманында суға кет­ті.
Кешегі Президентіміздің нұсқау сөзінің алдында «Теңізшевройл» мұнай компаниясы апатқа қарсы күреске дереу көмек көрсетіп, қаланы қалпына келтіру үшін 2 млрд теңге бөліпті. Соңғы дерек көзіне қарағанда ТШО акционерлері Шеврон – 50%, «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) – 20%, ExxonMobil Kazakhstan Ventures – 25% және «Лукойл» – 5% болып бөлінеді екен. Қарап отырсаңыз біздің жер асты байлығымыз қалай талан-таражға салынғанын аңғару қиын емес. Осы ТШО-ның бақылау­шы акционері АҚШ алпауыты Chevron Corporation $3 млн (1,3 млрд теңге) көмек көрсет­ті дейді дерек көздері.
Бір қарасаң, бұрынғы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасы да қозғала бастаған тәрізді. «Жас Алаш» газеті келтірген мына дерекке көз салайық.
«Қазақ­станның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атындағы қор 9 сәуірде «Қазақ­стан халқына» қоғамдық қорына елдегі орын алған су апатына көмек ретінде 300 млн теңге аударғанын мәлім ет­ті. Ал экс-президент­тің қызы мен күйеу баласы Тимур мен Динара Құлыбаевтарға тиесілі Halyk Bank және «Халық» қайырымдылық қоры зардап шеккендерге 1 млрд теңге аударды. Тоқаевтың сөзінен ке­йін, 18 cәуірде Тимур Құлыбаев жеке өз есебінен Атырау облысына 30 млрд теңге бөлгенін мәлімдеді. Назарбаев университеті мен Назарбаев мектептеріне иелік ететін Pioneer Capital Invest-ке тиесілі Jusan Bank су тасқынынан зардап шеккен қазақ­стандықтарға көмек көрсетуге 300 млн теңге аударды».
Біз келтірген деректегі мына жолдарға оқырман назарын аударғымыз келеді: «18 сәуір Тимур Құлыбаев жеке өз есебінен Атырау облысына 30 млрд теңге бөлгенін мәлімдеді».
Отыз жыл бойына Батыс Қазақ­станның мұнайы мен газын оңды-солды сатудан түскен қаржат­ты ата-бабасы қалдырып кеткен мұрадай қалтасына басқан Тимур Құлыбаевтың бұл көмегі – жылаған балаға кәмпит ұстатқанмен бірдей мардымсыз көмек. Өйткені Тимур Құлыбаев пен Динара Назарбаеваның «Forbesтің» тізіміндегі жеке байлығының мынадай көлеміне қарағанда Т.Құлыбаев 4.3 млрд $, Динара Назарбаева 4.3 млрд $, ол аударған 30 млрд теңге айтуға тұрмайды.
Бас-аяғы бір-екі аптаның ішінде еліміздегі су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек ретінде жасалған қаржы көлемі 147,542 млрд теңге болыпты. Әрине су тасқынынан зардап шеккендерді толық қаржымен қамтып, қала мен ауылдарды қалпына келтіру үшін әлі де қомақты қаржы жиналу керек.
Алпауыт олигархтарымызға айтарымыз, ел мен жұрт­тың алдындағы жоғалтып алған бедел мен абыройды қалпына келтіру үшін халықты шөміштен қыспай көмектеріңізді аямаңыздар. Қаншама бай-манап, олигарх болсаңыздар да халыққа қарыздар екендеріңізді ешқашан естен шығармаңыздар. Өйткені олигархтардың да әкесі – Халық екенін бәріміз жақсы білеміз.

 

Мереке ҚҰЛКЕНОВ

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 03.05.2024 | 10:56

Басқаша сайрайтын болыпты ғой қазір бәрі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір