ЖАРЫСЫП ОЙЛАР БОЙДА ӨПКЕН ЖЕЛМЕН…
07.12.2025
57
0

Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өлеңдері ағылшын және француз тілдеріне
аударылып, кітап болып шықты.

Бақтықожа Ізмұхамбетов

КЕТЕДІ БӘРІ ІЛЕСІП…
Самайға түссе, ақ қырау,
Өмірдің күзі енді де.
Жиілер дейді, хал сұрау,
Сезгем жоқ оны мен мүлде.

Баспалдақ басар көп алда,
Аттасам деймін бәріне.
Тұрғандай мені әманда,
Межелер күтіп әлі де.

Арманнан мініп арғымақ,
Қиялдан қанат байладым.
Ойлардың жүгін артып ап,
Дүниеге түпсіз бойладым.

Уақытпен келем жарысып,
Тоқтамай, зулап ағатын.
Өткізем кейде алысып,
Өмірдің кейбір сағатын.

Күтумен жүрем әр таңнан,
Жаңа бір жақсы қадамды,
Іздеймін әр кез ортамнан,
Жаныма жақын адамды.

Тағдырдың берген жолымен,
Асыппын біраз белестен,
Өтпесем қиын, оны мен,
Өткен күн шықпас, бәрі естен.

Көргем жоқ қалып кідіріп,
Өзіме сендім әр заман.
Аралап елдер, бір кідік,
Әлемді біраз шарлағам.

Дос, жолдас тапқан байлығым,
Қашан да бірге жүреміз.
Бөлістік бірге барлығын,
Қуаныш, қайғы жүр егіз.

Жақсылық көрсем біреуден,
Ұмытпастай оны ұғынғам.
Қайтарсам деумен жүрем мен,
Кеткенше бойдан шығып жан.

Қызбалау мінез бойдағы,
Кетер деп кейін, ойлағам,
Ақыры, жеңбей қоймады,
Жолдас боп алды, ол маған.

Білсем де жаман екенін,
Көрінген менде кекшілдік,
Осылай енді кетемін,
Бұл да бір менде кемшілік.

Келемін ылғи асығып,
Көргем жоқ жаймен ырғалып,
Жарыстым, талай бәс тігіп,
Бәйгеден жүрмей құр қалып.

Айтайын десем, тоқтап қап,
Ішіме сөзді тұтпадым.
Сөйледім, жүрмей бұқпақтап,
Алдымен ойлап жұрт қамын.

Ұнатпай қалған жандардан,
Бойымды аулақ ұстадым.
Сақтықты жылдам аңғарғам,
Біреуден көрсем сұс барын.

Жалбақтап, шауып, жағам деп,
Бас иген жоқпын аптығып.
Жеткенше жүрдім шамам кеп,
Көрсетпейін деп жат қылық.

Байқамай жүріп басқаның,
Көңілін кейде қалдырсам,
Өмірде мынау қас-қағым,
Өкініп кейде алдым сан.

Іріктеп бәрін қараймыз,
Жақсы деп бірін жамандап,
Қалдырып артқа талай күз,
Кетеміз бір күн тамәмдап.

Әр адам қонақ тіріде,
Тұратын күтіп бір есік.
Жалғасып бірі-біріне,
Кетеді бәрі ілесіп.

ТАРИХ
«Қаза беру тарихты қылмай тыным,
Еш тәрбие бермейді мұндай ұғым»,
Деп жазыпты бір ағам ел білетін,
Сөз айтатын қашан да тыңдайтұғын.

Тарих шындық ұнасын, ұнамасын,
Сан ғасырдың қолданған жылнамасын.
Саясат, билік, кезең, тарихтың
Азайтып, асырмайды шын бағасын.
Білуге тиістіміз өткен кезді,
Айта алмай іштен тынып өкпемізді.
Көп жылдар заман кешкен тіл мен дінде,
Қосуға аз-ақ қалған көппен бізді.

Бір замандас ұнатпай бұл дегенді,
Ол кездей қазақ ғұмыр сүрмеген-ді.
Көп халықтың тілінде мақтау айтты,
Жақсылығын сол кездің біл деп енді.

Сынамаймыз тарихты, біз сыналдық,
Жоғалды ғой талай бір ізсіз халық.
Кінәласа тарих пен бізді, налып,
Отырамын шыдап мен, үнсіз қалып…

ЖОШЫ
Жоймақ боп деректерді ептеп терген,
Алтын Орда тарихын зерттетпеген.
Кез болды бізде, бірақ елдер де бар,
Жазғандарын болмыстың өзгертпеген.

Үлкен ұлы әйгілі Шыңғыс ханның,
Жошы құрған тарихта ұлыс барын.
Жазса да жүрміз білмей ең шындығы,
Қайсысы екендігін түп нұсқаның.

Тағдыры шым-шытырық Жошы ханның,
Іштар, қастық, сатқындық осылардың.
Бәрін бастан кешіріп, өлімнің де,
Бұйыртыпты қайғылы тосын жағын.

Осындай қайғылы бір аңыз қалған,
Шыққанда Жошы ұзап жалғыз алдан.
Тап болыпты айғыры құландардың,
Үйірін ит-құстарға алғызбаған.

Аңшылық қызықтырып хан Жошыны,
Бұл жолы түз далада аң шошыды.
Қуып, тістеп жаралы құлан айғыр,
Құлатып, талап ханды, қан жосылды.

Рашид ад-Дин қолданған «Құнды дәптер»,
Келтірген деп ойлаймыз шын деректер.
Карпини, Рубрук, Йаздылар да,
Қалдырған бұл тарихқа тым керектер.

Қыздары қазақ өскен топырақтың,
Анасы, әжесі де Қоңыраттың.
Болғаннан шығар сірә, Жошы бөлек,
Келеді бізге жақын молырақ тым.

Төрт ұлынан Бөрте мен Шыңғыс ханның,
Ала білген тегінің дұрыс қанын.
Біреу білсе, әлі де біреу білмес,
Жошының қазағыма туысқанын.

Бұл жолы тиіспедім Шыңғыс ханға,
Сұрақ көп тарихта бұл тұста да.
Темуджин бөріжігін-қияттарға,
Әлі жоқ мағыналық дұрыс баға.

СОЛАРҒА ІШІМ ЕШБІР ЖЫЛЫМАЙДЫ
Атылып Алаш құрған ардақтылар,
Аз жылда адам қалмай салмақ қылар.
Кеңестіктер басқарды жайпап бізді,
Қырып-жойып, қалғанын алдап бұлар.

Жазықсыз қудалаумен талайларды,
Босатып көрші кейбір маңайларды.
Аштан қырып, бездіріп туған жерден,
Қазағым сол кез әбден азайған-ды.

Айтып жиі, сағынып, қиналады,
Кейбіреулер сол кезді қимай әлі.
Тапшылыққа тап қылып басқаларды,
Аз болғандай соншама жиғандары.

Қазақтың бастан кешкен мұңы жайлы,
Жеткізіп тарих талай сырын жайды.
Сол дәуірді әлі де аңсайтынға,
Жұмсартып айтсам ішім жылымайды.

ДЕП ОЙЛАЙМЫН…
Қандендей шәуілдейтін итпін ғой деп,
Басына шындығы жоқ кей тым ой кеп.
Жүргендер бар жамандап жазықсызды,
Артынан да ұялмай сөйттім ғой деп.

Шаршамай іздеуменен терістерін,
Тіміскілеп біреудің бір істерін.
Ақылы жетпесе де жүретұғын,
Өзін-өзі деп ойлап күрескермін.

Әркімнен теріп арттан жүрген ізді,
Көргенімде осындай жүгенсізді.
Әттең-ай, білсе-дағы деп ойлаймын,
«Құмырсқа жолыңды біл» деген сөзді.

КИЕЛІ ӨЛКЕ
Бірінде қыркүйектің – сентябрьдің,
Қараша шаңырақта мен табылдым.
Аунап, табан басыппын Қошалақтың,
Жұмекен ағам жазған кең шағылын.

Талайлар туып-өскен екен одан,
Батыр, ақын, күйшіге мекен болған.
Исатай, Махамбеттер сүріп өмір,
Нарын құмда белдерін бекем буған.

Жайылым, кең өрісті жоймау үшін,
Тигендей туған жерге қол қабысым.
Мақтанғам жоқ, білсін деп айттым мұны,
Екенін азаматқа бұл дағы сын.

Әрбірін азамат деп айтар едім,
Ойлаған қазағымның байтақ елін.
Кеп тұрады қолынан іс келгенге,
Жағдайын өскен жердің байқа дегім.

* * *
Аз емес екен өткен баспалдағым,
Бір тарих әрбір алға басқан адым.
Шүкірмін, межелерге жетемін деп,
Біреудің баққан емен қас-қабағын.

Өсіппін бала кезден, мұным шындық,
Қалыптасып бойымда тынымсыздық.
Білімпаз болдым жастай, ризамын,
Жаратпаған Аллаға ұғымсыз ғып.

Еңбекқор, өлерменнің бірі болдым,
Шыққан биік болған жоқ кірі қолдың.
Төкпеппін терді босқа, түстім талай,
Сынайтын торабына ірі жолдың.

Кемшіліктер болатын менде де бар,
Кететін аңғарылмай кеңде бұлар.
Тыпырлаған тынымсыз тіршілікте,
Кейбірін кештеу ғана пенде ұғар.

Жарысып ойлар бойда өпкен желмен,
Табысып жаз, күз, қыс пен көктемдермен.
Тоқтаймын мен де бір күн тынышталып,
Өтіп болып соқпақ пен өткелдерден.

ӘТТЕҢ-АЙ…ӘТТЕҢ
Әттең-ай, әттең ғұмырдың шіркін,
Көрермін соңғы тұғырын бір күн.
Қайтпайтын жақтың есігіндегі
Ұстармын жетіп, ұңғының кілтін.

Еске алар мені сыйласқандарым,
Көрсеткен кезек үй, дастарқандарын.
Той, думан, күлкі, қызықты пенде,
Кетеді екен қимастан бәрін.

Қалмайды арттан мұң, қайғы жылжып,
Бойыңды түбі шырмайды бір жіп.
Кетерің тастап фәниді мәңгі,
Болса да ащы шынайы шындық.

* * *
Бір көретін күн бітіп бар қызықты,
Көңілім менің ынтызар жанға үздікті.
Ойлағанда, аһ ұрып, жүрек байғұс,
Кеудеде сезді сыймай, жалғыздықты.

Аңғармай қалмайықшы былайғы күн,
Жарты жаның екенін жұбайыңның.
Аяп, қорқып, қамқор боп әлсін-әлі,
Жағдайыңды олардай сұрайды кім?

Жақын жоқ Құдай қосқан қосағыңнан,
Бар бақытты табасың ошағыңнан.
Әттең-ай сол ғұмырдың ақыры бар.
Айыратын екеуін құшағынан.

БІЗ – ҚАЗАҚПЫЗ
Біз – қазақпыз тегіміз көк түріктер,
Шашыраған бір кездер бөлтіріктер.
Қорғап жерін халқымның ұлан-байтақ,
Жүріппіз арпалысып, жөңкіліп ел.

Жерді жаулау болған-ды жат қиялы,
Талатын құс қанаты, ат тұяғы.
Жүріппіз жолда туып, қомда өсіп,
Жағалап, тар жол тайғақ, тап қияны.

Тарихымыз тым терең болса дағы,
Жеткен жоқ әлі бізге онша бәрі.
Деректердің көп жылдар бұрмаланған,
Біткен жоқ санамызды қоршағаны.

Біз – бүгін түркілердің кіндігіміз,
Ашылды жатқан жабық түндігіміз.
Алладан деп тілейік күткен ұзақ,
Мәңгілік болғай енді бірлігіміз!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір