Көзің – нұр, қимылың – от өртеп өткен
17.06.2016
4075
1

Перизат
Омарбекова,
биші, ҚР мәдениет қайраткері


 

сценаПеризат Омарбекованың өнерін жақсы білетін адамдар оны қазақ биінің негізін қалаушы Шара Жиенқұлованың жолын жалғаушы, сіңілісі деп біледі.Оның биіне тәнті ендігі бір қауым американдық биші, еркін бидің негізін қалаушы Айседора Дунканға ұқсатады. Шара апамыздан кейін жеке биші ретінде қазақ биіне арнап кеш өткізген Перизат Омарбекованың пластикасы, шеберлігі, артистизмі қатар өрілгенде бидің өн бойынын әдемілік қана емес, ерекше мінез көрінеді. Би мінезі. Биде мінез бола ма дерсіз? Болады екен.  Оған «Перінің қызы сынды беу, Перизат, Көзің – нұр, қимылың – от өртеп өткен», – деген өлең жолдары куә.Перизаттың, әсіресе, қазақ биінің төлқұжаты болған «Алтынай» биін  билегенде жылдамдығына көз ілеспей, үкісі жерге тигенше иілетіні бар. Қазақ өнеріне деген ықыласы мен адалдығы қатар тоғысқан бишінің әр қимылына қарап құдды сүйегі жоқ адамды көргендей боласыз. Бүгін біз Перизат ОМАРБЕКОВАМЕН қазақ  баспасөзінде көп айтыла бермейтін би тақырыбында әңгімелестік.

– Кәсіби биші ретінде қазақ биінің қазіргі деңгейін қалай бағалайсыз?
– Қазір қазақ биі өзінің о бастағы қал­пы­нан әлдеқайда дамыды, классикалық би негізінде жаңа қырынан танылып, үлкен сахнаға жол тартты. Қай халыққа да мақта­ныш­пен көрсете алатындай жоғары дең­гейге жетті. Қазақ өнерін үлкен бәйтерек десек, қазақ биі – ғасырлар бойы өзіндік ме­тодикасы қалыптасқан сол бәйтеректің ажырамас бір бұтағы. Жуырда Айгүл Та­тие­ваның жаңа биін көрдім, заманға сай, кә­сіби деңгейде өте жақсы қойылған. Әрине, оның негізінде Шара Жиенқұлова апамыз­дың қимылдары жатқаны белгілі, ол бидің заңдылығы.
Ақынның өлеңін оқыған адам ондағы мазмұнға толқып, бір жылап, бір күлсе ол ақынның ақындығын дәлелдейді. Ал би­ші­нің биін көріп отырып көрермен тебірен­се ол бишінің шеберлігі. Би арқылы тарихи оқиғаны да жеткізуге болады. Мен өнерлі отбасында дүниеге келдім, әке-шешем дра­ма актері. Сондықтан болар, драма жанры жаныма жақын. «Биім менің – биік шың» атты концертте бақсылықтан бастап, қазіргі кезге дейінгі би тарихын қамтыдым. Ондағы бидің көбі драмаға, сюжетке құрыл­ған.
– «Алтынай» биін Францияда билеге­ніңізде талғампаз француз көрермендерінің риза болғаны сонша, орындарынан тұрып қол соққан екен. «Алтынай» қазақ билерінің ішін­дегі ең қиын би. Бұл би сізге несімен жақын?
– «Алтынай» биін он екі жасымнан бері билей бастадым, алғаш ұстазым «Бұл бидің қадірін жиырма жылдан соң бір-ақ түсі­не­сің», – деп еді. «Алтынай» қазақ қызының бар болмысын ашады. Қазақ қызына ұяңдық пен қатар өжеттік тән, ол намысын қолдан бермейді. Күй өте жылдам, би де жылдам, демек техникасы да күрделі. Орта тұсында әуен баяулайды, сол тұста қазақ қызының назы, еркелігі, нәзіктігі, ұяңдығы бейнеленеді. Сол үшін де «Алтынай» биі қа­зақ­тың жанына жақын. Үш минуттың ішінде қазақ қызының болмысын көрсету, әр такт сайын ары-бері шалт қимылдау әккі бишінің өзіне де оңай емес. Франция балеттің отаны. Олардың «Алтынай» биін өте жақсы қабылдағанын қазақ өнерінің ерекшелігіне берген бағасы деп түсіндім. Тіпті, сол сәтте өзімді қазақ би өнерінің шыңында жүргендей сезіндім десем, артық айтпағаным. Қазақ қызы болғанымды мақтан еттім. Тек франция ғана емес, «Алтынай» биін көптеген шетелде жақсы қа­был­дайды.
 – ХХ ғасырдың басында Шара Жиен­құ­лова қазақ биіне арнап жеке концерт өткізіп еді. Сіз ХХІ ғасырда Шара апамыздың жолын жалғап отырсыз, арада көп уақыт өтті. Кон­цертіңіз билердің сюжетке құрылғандығымен ерек­шеленді. Оған «Атамекен», «Томирис ханша», «Өз елім», «Келіншек» атты би­леріңіз дәлел. Осы концертті өткізуге неше уақыт дайын­дал­дыңыз?
– Қазақ билеріне арнап жеке концерт өткізсем деген ой бұдан бес жыл бұрын мазалаған еді. Бақ­сыдан бастадым, өйткені, қа­зақ­тың буын биі о баста бақсылар­дың отты айналып билеуінен бастау алған. «Томирис ханша» биін қой­дым, оны ойға алғаныма да көп болды. Сақ дәуірінде қазақ, өзбек, қырғыз деп бөлінбегеніміз рас, дегенмен сол тайпаның мұра­ге­ріміз. Қазақ қызда­рының бойын­дағы өрлік, паңдық, ержүректік, Отанға деген сүйіспеншілік осы Томирис ханшадан дарыған десем, артық болмас. «Томирис ханшаға» қазақтың төл биіне тән қимыл­дарды қосуға болмайтын еді. Сақ заманында бидің болған-болма­ғаны туралы мәлімет тым аз, сол себепті модерн-балет стилінде То­мирис ханшайымның өмірін үш минуттық биге сыйғызуға күш салдым. Оның еліне деген сүйіспеншілігін, халқы қырғынға ұшы­раған соғыс даласындағы күйін, үрейін, күйзелісін, баласының қайтыс болғанын естігендегі қайғысын, жауға қар­сы қол бас­тап шыққандағы жігерін би арқылы көрерменге жеткізуім керек еді. Мұндай мағыналы билерді тарихтан хабары бар адам жақсы түсінеді, ал тарихтан мәлі­меті аз адам түсіне бермейді. Алайда, ел түсінбейді деп мазмұнсыз қимылдай беруге тағы болмайды, биге белгілі бір мазмұн берсек, жас ұрпақ, ең болмағанда сол кейіп­кердің өмірде бол­ған­дығы туралы мағлұмат алады. «Айша бибі» биі де Айша өмірінен бір үзік сыр шер­теді. Қазақ биінің клас­си­калық үлгісінің бірі – Ша­ра апамыздың «Айжан қы­зы». Шетелде де, ел ішін­­де де «Алтынай» мен «Айжан қызды» билемеген кезім жоқ. Халық алдына Шара апамыздың образын әкелу мақсатымен костюмдердің үлгісін де ұқсатып тіккіздім. Ол кезеңде қазақ биі жаңа дамып келе жатқан еді, сол себепті аздаған күрделі қи­мылдар қостым. «Келін­шек», «Томирис хан­ша», «Өз елім», «Атамекен» билері қа­зақ­тың бишісі ретіндегі өз еліме деген ықы­ласымның, отанға деген адалдығымның кө­рінісі деуге болады. Қазақтан өзге халық келіншек образына аса мән бермейді. Келіншектің күні бойғы шаруасын би ар­қы­лы көрсету асқан артис­тизмді қажет ете­ді. Көп балалы ананың, үйдің берекесі – ана образын осы би арқылы жеткіздім деп ойлаймын.
– Қарапайым халық биден тек пластика мен грацияны ғана көретін сияқты. Мұндайда бидің мазмұны туралы айту қиын емес пе?
– Сахнада орындалатын бидің атауы айтылған соң, сол атауға сай мазмұн болмаса, онда ол би өте мықты орындаушылық шеберлікке (техникаға) құрылуы тиіс. Демек, биші ел алдына өзінің жоғары мүмкіндіктерін, төзімін көрсетуге шықты. Мұндай бағытта қойылатын билер өте үлкен шеберлікті талап ететіндіктен де сирек қойылады. Осы екеуінің бірін мақсат етпей, сахнада тек арлы-берлі әдемі қи­мылдау би өнерінің қадірін кетіреді.
– Өнерден тыс азаматтар бидегі қи­мыл­дардың қай ұлтқа тән екенін жіті ажырата бермейді. Қазақ биіндегі қимылдардың өзіне тән ерекшеліктері мен атаулары қандай?
– Ою-өрнекті, өзен-көлді, шаңырақты, тауды, кең даланы бейнелейтін қимылдар қазақтан өзге халықтарда жоқ. Оны көп­ші­лік түсіне бермейді. Биден хабары бар адам бишінің әр қимылын танып, түстеп, кітап оқығандай түсіне алады.
– Кейінгі жылдары кез келген әншінің жеке концерті бишілерсіз өтпейді. Мұны халық қалыпты жағдай деп қабылдайтын болды. Би дегеніміз тек музыканың ырғағына икемделу деген теріс ұғым тумас үшін, сіз­діңше, қандай амал жасау керек?
– Сахна мәдениетінде әншіні әншілер қостап (подпевка жасап), бишіні бишілер қостауы (подтанцовка) тиіс. Испан, үнді, өзбек халқының жаратылысы биге жақын, сондықтан да олар тек би концерттерін жиі өткізеді. Ән кешінде де сахнада жеке биші ретінде өнер көрсетеді. Кейінгі жылдары көп әнші әннің ырғағына міндетті түрде бишілерді билетуді әдетке айналдырып алды. Олардың барлығы бірдей кәсіби биші емес, олар биге хобби ретінде қарайды. Сол себепті де көбіне жаттанды қимылдармен бірін-бірі қайталап, ырғаққа еріп жүреді де, музыка аяқталғанда би де бітеді. Әннің ырғағында билеу үшін биге белгілі бір мазмұн берген жөн. Би арқылы шағын сюжет көрсету бір бишіден гөрі топ бишіге әлдеқайда жеңіл. Ол үшін, әрине, биді қоюшыға (постановшик) да, бишіге де кәсіби білім керек. Затында мен әннің фонында билеуге қарсымын, биші сахнада би өнерінің қасиетін көрсетуі керек. Испания, Үндістан, Өзбекстан елдерінде би өнеріне қатты мән беріледі және би концерттері ұдайы өткізіледі. Өздерінің төл биіне өзге ұлтқа тән қимылдарды қоспайды, біздің елдегідей өзге ұлттың биін билеуге де аса құмар емес.
Кейінгі жылдары мектептерге ритмика үйретілетін болды. Әр мектепте би үйір­ме­лері ашылған. Дегенмен, меніңше бұл аздық етеді. Музыка пәнінің үлкен бір тарауын биге арнаса жас ұрпақ би әліппесімен танысып, осы өнердің өкілдерін жақсы танып, білер еді. Қай қимыл қандай мағына беретінін біліп өскен ұрпақ сахнадағы бишінің шашу, кең жазира дала, тау, ою, өзен, көл, шаңырақ, кереге деген әр қимы­лын түсініп отырар еді.
– Соңғы біраз жылда қазақ эстрадасында өзге ұлттардың ырғағы басым әндер кө­бейді. Бұл әдет ұлттық әуеннің насихаты мен дамуына кері әсерін тигізіп жүр. Бұл мәселе әнде ғана емес, өнердің көп саласында да орын алып тұр. Осы тұрғыда қазақ биі өз ер­ек­шелігін қалай сақтай алады деп ойлайсыз?
– Өнердің біраз саласында бұл проб­лема бар. Біраз дүниені жаңартамыз деп дәстүрлі негізінен алшақтатып алдық. Қазақтың биінен ауытқымай, бөтен қимыл қоспай билеу әр қазақ бишісінің басты міндеті. Би өнерінде әр халықтың өзіне тән өлшемі болады. Біз көбіне сол өлшемнен шығып кетеміз. Әсіресе, жеке бишілер (сольный) әр халықтың биін өз ерекшелігін сақтай отырып насихаттауы тиіс. Қазір қалың халық буын биінің қимылдарын қара жорға деп ұғынып кетті. Ежелгі бақ­сылықтан басталған мұндай қимылдар біздегі буын биіне тән. Оның қазіргі «Қара жорғаға» еш қатысы жоқ. «Қара жорға» деген кәдімгі жорғалаған аттың үстінде отырғандай қимылға негізделген, жігіттер ғана билейтін би. «Қара жорға» мен «Буын биін» негізінде қыз балалар билемейді, мұны да көп адам түсіне бермейді.
Қазақтың ұлттық биі дегеніміз – Шара апамыздың «Айжан қызы», Гүлжан Талпа­қо­ваның «Ерке баласы», «Алтынайы». Кеңес Одағы тұсында өмір сүрген өнерпаздар қатаң цензураның қа­да­ғалауында болса да қазақтың мә­де­ниетін шетелге еш қоспасыз көрсете білген. Ондай жетістікке жету оңай болған жоқ. Олардың ұлтқа деген адал­дығы да, өнер алдындағы жауап­кер­шілігі де осыдан көрінетін. Қазір биіміз де, әніміз де, киіміміз де ұлттық бояуынан ажырап, өзгеріске ұшырап кетті, бұл үлкен мәселе. Сахнада жүр­ген қыздарымыз ұлттық киім деп тым ұзын бас киім киетін болды. Қазақ халқында ондай ұзын бас киімдерді батырлар киген. Қыздардың бас киімі – үкілі тақиялар аласа болған, ал үкісіз бас киімнің жан-жағы елтірімен көмкеріліп, төбесі домалақ болып келеді, оны «топы» деп атаған. Иығы шам (фонарик) үлгісімен тігілген, кеуде тұсы мен белі тым тар, еуропалық стилде тігілген киімге немесе етегінде бірде-бір желбірі жоқ көйлектерге ою жапсырып қойып қазақтың ұлттық киімі деп айтады.Мен ұлттық киімді бұлай өзгертуге қарсы­мын. Қазақтың ұлттық киіміне, биіне, әніне асқан жауапкершілікпен қарап, өзінің алтындай қалпын сақтайық.
Біз өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді сақтап қалғанда ғана, өзгені мойындата аламыз. Қазақ өнерпазы Францияға барып балет биімен ешкімді таңғалдыра алмайды. Рас, қабілетін бағалауы мүмкін, алайда, «Біз көрмеген дүние екен», – деп таңдай қақпайды. Бұл биге ғана емес, өнердің бар саласына қатысты. Мұны түсініп қана қоймай, келешек ұрпаққа ұғындыру мә­де­ниет саласында жүрген әр азаматтың парызы деп білемін.
 – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Назым ДҮТБАЕВА.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 29.01.2020 | 11:47

Аааааааа

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір