Байділда Байке биігі

Жастау кезімізде әр жерден оқыған мына бір шумақтар жадымда жатталып қалды:
…Мен – кіммін?
Мен – бір жүрген жаман сары,
Қолында қойқаңдаған қаламсабы.
Шешеміз өйтіп-бүйтіп туа сапты,
Қырғызда көбейсін деп адам саны!
…Ана тілін білмеген,
Ақылы жоқ желікбас.
Ана тілін сүймеген
Елін сүйіп жарытпас!
Бұл жырларды қазақ тіліне аударған Мұзафар Әлімбаев ағамыз:
«Авторы – қырғыздың аса дарынды ақыны Байділда Сарноғаев» деген еді.
Біздің елімізде біраз жыл Төтенше және Өкілетті Елші болған қырғыздың тағы бір аймаңдай ақыны, Есенғали екеуміздің ортақ досымыз Әкбар Рысқұлов:
«Байділда байкемнің:
Қырғыз айтады «Қанча?» деп,
Қазақ айтады «Қанша?» деп.
«Ч» менен «Ш» болмаса,
Айырмасы онша жоқ! – деген өлеңі бар», – деп, араласа бастаған ерте кезден аузынан тастамайтын.
Қордайдан ассаң – қырғыз елі қол созым. Әлмисақтан ауылы мен айылы аралас, қойы мен қозысы қоралас. Төсекте басы, төскейде малы қосылып жатқан ағайын. Қазіргідей шекара жоқ кезде Алматы мен Пішпектің шаңын бір-біріне қосатын едік. Мерке, Жамбыл, Шымкент, Қызылордаға барар жолдың бәрі қырғыз астанасы арқылы өтетін. Сонау 80-ші жылдардың ортасында болғанымда: «Осында «Ташқора» деген суатхана бар, оны біз «Байділданың Ташқорасы» деп атаймыз. Оған кірмеген ақын – Бішкекті көрмеген ақын!» десіп айта берген соң, мен де сол жерге сусындауға барып, Байділда байкемен ұшырасқанмын. Ақын достарым таныстырып, жасы үлкен ағамызбен бірден жұлдызымыз жарасып, өлең оқысып, шөл басып, тарқасқанбыз.
Жатты жатырқамайтын, көзінен кісіге деген мейірімі төгіліп тұрған, кішіпейіл де қарапайым, асып-таспайтын, кеуде қақпайтын, менің Жұмекен ағам сияқты ұтымды сөзімен, жарасымды жымиысымен-ақ биік парасатын білдіретін жайдары мінезді жан екен. Әлде, Мұзафар ағадан естіген шумақтарым көкірегінің құлпын ашты ма, бірден жақын тарта, іштесе сөйлесіп, бауырмалдығымен баурап алды.
Байділда байке де кезінде Мәскеудің Әдебиет институтында дәріс тыңдап, білім алған болып шықты. Оның үстіне екеуміз де үлкен қалпақ киеді екенбіз. Бұл да тезірек тіл табысуымызға себепші болды ма деймін. Бір қарағанда, біздің абыз актеріміз Серке Қожамқұлов екеуінің қожырлау мұрны бір қолдан шыққан ба деп қалдым. Ақ сары өңді Байдекең жыр оқығанда қызылшырайланып, әжімдері тегістеліп, көзі ұшқындап, әлгі сәл қиғаштау бұжыр мұрны түзеліп кетеді екен. Арқасы бар ақын екені бірден байқалды. Біздің Ғафу ағамыз да өлең оқығанда арқасы қозып, ажарланып, бетіндегі шешектен қалған шұбар дақтары жым-жылас жоғалып кететін еді. Байділда байкем де сондай ерекше жаратылыс болып шықты. Өзі әзілқой. Шымшыма шумақтарын оқып, ішек-сілемізді қатырды. Айтпақшы, ол кісінің кейбір әзіл өлеңдерін біздің
Шерхан аға да шағын отырыстарда қырғызша жатқа оқып, елді қыран жапқандай күлдіруші еді.
Байдікем сол жолы маған да өлең оқытып, бір-бірімізді түсінісіп, аз-кем әзіліміз жарасқаннан кейін: «Жас та болсаң меймансың, үйге жүр, қонақ бол!» деді. Оған қасымдағы ақын достарым Акбар мен Марқабай келіспей, беріспей, қояр да қоймай, мені өз үйлеріне алып қашты. Қойдан қоңыр қонақта қайдан ырық болсын? «Келесі бір жолы кіріп шығармыз» деп, қимай қоштастық. Бірақ өкініштісі, сол «келесі жол»
бұйырмады…
«Ташқораға» жиналатын сайдың тасындай сайланған қараң-құраң жас ақындарды «Байдікемнің батальоны» деп атайды екен. Байдіке байке сол жастардың рухын оятумен, ұлттық мүддеге жұмылдырумен айналысып, ана тілін ардақтауға баулығанын бертін естідім.
Кеңес өкіметі, компартия саясаты дәуірлеп тұрған кезеңде сол үшін
«ұлтшыл ақын» атанып, шетқақпай көріп, шөміштен қағылып, қысымшылыққа да ұшырапты. Сол тұста қырғыздардың аузында жүрген мына бір өлеңін кейінірек қазақшалаған едім:
«Ұлтшыл!» дейді білмеген,
Ұлтын кімдер сүймеген?
Қызылшақа кезімнен
Қиялым көкке сүйреген.
«Қырғыз» деп келіп дүниеге,
«Қырғыз» деп өтем дүниеден!
Жақында 14 қаңтарда Байділда ақынның туған күніне қызы Қарлығаш
Сарноғаева ханым «Шыңғыс және Мен» деген өлеңін жариялап, өлеңнің туу себебін жазды. Мен ықшамдап келтірейін:
«…Ол кезде Советтер дәуірі, Мәскеуге бас иген, жалтаң көз уақ еді, бірақ ержүрек Әкем ештеңеден қорықпай, тайсалмай, «Қырғыз елім, Ана тілім, Ақ қалпағым!» деп ұран шақырып, қырандай, отаншыл жігіттерімізді жанына топтап алып, ақ қалпақтарын кигізіп, жарияға шығарып жүрген…
Мемлекет басшылары Әкемді әрбір пленумда келекелеп, сөгіс жарияласып, «Ұлтшыл» деген атақ беріскен, шет елдерге шығармай, орыстар айтқандай, «невыездной» етіп қойған… Бірақ Әкем өз ұстанымынан еш тайған жоқ, ақырғы демі біткенше «Қырғыз елім, Қырғыз жерім» деп жүрегі соғып жатты…».
Қарлығаш Сарноғаева. (Фейсбуктегі парақшасынан).
Аяулы ақынның сүйікті қызы
Қарлығаш ханыммен, осыдан 10 жыл бұрын, Болат Шер-Нияз бастаған, Түгелбай Қазақов қостаған қайраткер қырғыз меценаттарының «Жеті Мен» Қоры тағайындаған халықаралық Сарноғаев сыйлығын және Байділда ақынның бет-бейнесі бедерленген Алтын медалін, сонымен қоса Сүйінбай Ералиев, Сауранбай Жусуев, Акбар Рысқұлов, Түгелбай Қазақов, Марқабай Ааматов, Нұрлан Қалыбековтың, т.б. аудармасында қырғыз тілінде шыққан «Біз дағы ғашық болғанбыз» деген кітабыммен қоса табыстауға Бішкекке шақырғанда, Қырғыз Академиялық опера және балет театрындағы салтанатты кеште таныстық. Соңынан жайылған дастархан үстінде қатар отырдық. Қарлығаш әкесіндей ақсары өңді, бірақ әйел затына тән әдемілік дарыған, сұлу жүзді, жарқылдаған ашық, әзілге жақын жан екен:
«Әттеген-ай, сонау жылы Байдібек бәйкем үйге шақырғанда бара қалсам, сізбен тіпті ертерек таныс болады екенбіз» деймін.
«Ол үйге келем десеңіз әлі де кеш емес!» дейді.
Әдемі әзіл. Жарқын жүздесу.
Мен сол кеште үлкен сахнадан «Байдікем батальоны» деген өлеңімді оқыдым.
Ал Сарноғаевтың «Шыңғыс және Мен» деген өлеңінің фрагменттерін
Акбар Рысқұлов талай рет тілге тиек еткен. Қолымдағы кітабынан ұшырастырмағам. Жазылу тарихын да білмеппін. Осы жолы қызы Қарлығаш ханым әлемжеліге жариялағаннан кейін, оқи келе, қолма-қол тәржімалап шықтым. Сол өлеңді төменде назарларыңызға ұсынып отырмын.
Бұл – «Шыңғыс және Мен» – ақ қалпақты бауырлар елінде аңызға айналған өлеңі. Бір қарағанда әзіл түрінде жазылған сияқты. Бірақ астары ойға жетелейді. Шетелдерге шығудан шеттетілген ақынның үнемі шетелде жүретін атақты қаламдасына әзілі мен назы аралас, ішкі мұңын шағуы десеңіз де болады. Ақын тағдырының табы бар.
Википедиядағы қырғызша
өмірбаянын қарап отырсам: «1996 жылы қазақ және қырғыз елдерінің дәстүрлерін нығайтуға қосқан үлесі үшін
Б.Сарноғаевқа Қазақстан Республикасының «Алтын көпір» («Золотой мост») сыйлығы ұйғарылды» деп жазылған екен. Біздің елдің бір құрметін көріп қалған екен деп тәуба қылдым. Қазір өмірде жоқ мұндай сыйлықты қайта тірілту қажет екен деген де ой түйдім.
Ақын Байділда Сарноғаев – біздің Мұқағали ақынмен жасы құрбылас, даңқы тұрғылас, заманы тұстас қырғыз әдебиетінің, түрік дүниесінің ұлы тұлғасы. Екеуі де Алатаудың асқақ шыңдары.
Жұмсақтық қылсаң кейбіреу
Майталқан қылар аямай.
Қаттылық қылсаң кейбіреу
Қабағын түйер қарамай.
Тым-тым тәтті болмағын,
Жемесін біреу жұтынып,
Тым-тым ащы болмағын,
Кетпесін біреу түкіріп.
Мен ол кісінің бұдан да басқа бір топ өлеңін қазақшаға қотарған едім, «Киіз кітабымның» кейінгі қайта басылымдарына енгізіп жүрмін. Жақсы жыр жаһанға ортақ.
Байділда Сарноғаев. ШЫҢҒЫС және МЕН
– Шыңғыс қайда?
– Мәскеу, Берлин, Лондонда.
– Неге кетті?
– Маңызды ісі болған да.
– Байділда қайда?
– Мал жайылған тауларда.
– Неге кетті?
– Тұз беріп жүр қойларға.
– Шыңғыс қайда?
– Прага, Париж, Римде.
– Неге кетті?
– Әдебиет халін білуге.
– Байділда қайда?
– Таластағы үйінде.
– Неге кетті?
– Темекіні үзуге,
Апиынды тілуге.
– Шыңғыс қайда?
– Джакарта, Каир, Алжирде,
Америкаға бармақ қай бірде.
– Неге кетті?
– Жақсы жазушы менен
Жалпы елдік жан бірге.
– Байділда қайда?
– Бұйырса, бүгін Ташкенде,
Ертең бармақ Баткенге.
– Неге кетті?
– Су қоймасын салыспақ
Су жетпеген қат жерге.
– Шыңғыс қайда?
Варшавада, Бағдатта,
Шақырған ел көп әр жақта…
– Азамат екен!
– Азаматтығы әдебиеттегі салмақта.
– Ал, Байділда қай жақта?
– Алма теріп жүр шарбақта.
Қызылша сосын қазысып,
Мақта терімге бармақ та…
– Шыңғыс қандай қызметте?
– Сыртқы қызмет атқарады.
– Байділда қайсы қызметте?
– Үй тірлігі…
Шаруаны басқарады.
Әлемді Шыңғыс шарлайды,
Қырғызға құрмет жинаймын деп.
Байділда сыртқа бармайды,
Тауларымды қимаймын деп.
Тау қыңбаса қыңбаймын деп.
Шыңғысты қырғыз көтерді,
Қырғызды Шыңғыс көтерді.
Бірігіп тұрмыс көтерді.
Жақсы тілек, жақсы сөз
Құт қылсын осы екеуді.
– Байділда дағы көп елге
Барғанды теріс демес-дүр.
Бір ақындай жыр жазды,
Болмаса дағы ең өткір.
Алысқа шықпай жүрсе егер,
Бар шығар үлкен себеп-сыр?
– Өйткені…
Шыңғыс – шет елде,
Ауылға да кісі керек бір…
Қазақшалаған Ұлықбек
17-қаңтар, 2024
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ
ПІКІРЛЕР1