ШЫҢҒЫС ХАН
02.12.2025
118
0

90-жылдары Орал казактары қыр көрсеткенде, қанатымен су сепкен қарлығаштай қарсы тұрып, қаһармандық көрсеткен қазақтың қайсар ақын қызы Құрмет орденінің иегері Айсұлу Қадырбаева 75 жасқа толып отыр. Оның «Барып қайт, балам, ауылға» деген бір өлеңінің өзіне ән жазылып, қазақ аспанында күнде әуелейді. Ақынның қаламынан «Перне», «Қарлығаш», «Көгілдір көкжиек», «Ақ мама», «Айту парыз», «Парыз», «Барып қайт, балам, ауылға», «Шың-Құз»,«Бабалар рухына тағзым», «Иманға жүгін, ей, пенде!», тағы басқа кітаптары туындап, елдің рухани әлемімен тұтасып кетті. Дәл бүгін өзі туып-өскен Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында оның шығармашылық кеші өтіп жатыр. Өлең болып өрілген ғұмырыңыз ұзақ болсын, Айеке!

«Әкеден бала тумай ма?! –
Атаның жолын қумай ма?!»
Әмрика, Англия, Алмания, Франция, Ресей секілді ірі-ірі державалардың қай заманнан бермен қарай Шыңғыс хан туралы том-том кітап жазып, оны бүкіл дүниежүзі көлемінде жарыса таратып, талқыға салудағы түпкі мақсат не?! Шыңғыс ханның атын ұлықтап, даңқын өсіру ме?! Жоқ, әрине! Керісінше, ол жүріп өткен тарихтың ізгілікті ізін жойып, оның тұлғалық бейнесін замана жадынан біржола өшіру!
Ол үшін не істелмек? Жауап айқын, әрине! Сонау Оғыз ханнан бастау алған мұсылман-түрік шежірелерінің бел ортасынан Ұлы Тұран Жұмһұриятының даңқын дүниежүзілік деңгейге көтерген Шыңғыс атты баһадүрді еткен еңбек, төккен тер, ғұмырбаянымен қоса, ойып алып тастап, оның орнына жалған жазбалармен, айналасына ажал шашқан аждаһа кейіптегі «Қанішер Шыңғыс» бейнесін орнықтыру.
Міне, осы себепті, Шыңғыстың жекебасы мен оның жүріп өткен жолдарына байланысты, жалаға толы ғұмырбаян, саяси-географиялық карта жасақталды. Сол арқылы, Шыңғыс хан өзінің шыққан ортасынан ажыратылып, өзге бір халыққа, өзге болғанда да, өмір бойы өзі табанының астында тапталып өткен ойрат жұртының соңында қалған жұқанағы – халхаларға таңылды.
Өткенге куәлік етіп, оны мұндай қаскүнемдіктен дер кезінде арашалап алып қалатындай мүмкіншіліктері бар, көзі ашық, көкірегі ояу, білімді деген тұлғалардың бәрінің көзі жойылды.
Міне, осы әрекеттердің бәрі орындалып болғаннан кейінгі кезекте тұрғаны – Шыңғыс кейпін қиял-ғажайып ертегілерде ғана кезігетін төңірегіне тамұқтың отын шашқан албастының образында кескіндеп, жұрт жүрегін шошыту, одан артындағы өкшелеп еріп келе жатқан ұрпақ бетін бұрып әкетіп, енді қайтып олар Шыңғысқа «Бабам» деп мойын бұрмайтындай ету. Сөйтіп, тарих жүзіндегі Шыңғыс келбетін «Шыңғыс хан», «Шыңғыс қаған» атымен қоса біржолата өшіру! Ал одан әріде, Шыңғыс десе,одан ат-тонын ала қашар оның әбден мәңгүрттенген миғұла ұрпағымен есеп айырысу қиынға түспейді! Міне, түбі түрік, діні мұсылман дүниесіне байланысты жоспарлы саясат осы болса, ол да жүзеге асырылып тынды.
Қысқасы, не керек, қазақ халқын төресінен айырып, бассыздандыру және сол жоғалған басын іздемейтіндей, іздемек тұрғай, қажетсінбейтіндей етіп, тексіздендіру керек болса, біз сол жағдайды бастан кешіп жатырмыз.
Тексізденгеніміз сонша осыдан санаулы ғасырлар ғана бұрын, Шыңғысты ел болып ұлықтап, ақ киізге отырғызып хан көтергеніміз, ал жұмһұриятымызды, яғни мемлекетімізді басқарудың дәстүрлі үрдісі «мұралық құқ», «мұралық тәртіпті» ол шыққан тегеурінді текке жүктегеніміз, былай айтқанда, ел басшылығының құзыры хан қолында да, ал келешек хан болатын тұлғаны жөргегінен танып, ол шыр етіп жерге түскеннен хан тағына отырғызғанға дейінгі тәрбиесі мен тәлімі ол шыққан қият тайпасының төрелігінде болғаны қаперімізге де кірмепті.
Енді өткенімізге тағы бір көз жіберіп, сәл шегініс жасасақ, ақиқатында, Шыңғыс ханның мемлекет басына келуімен, биліктің жаңа жүйесі орнап, оның заңнамалары бекітілгенін көреміз. Соның негізінде, елдің саяси-әлеуметтік ахуалы мен әскери жағдайларына байланысты, жалпы қазақ өздерінің тұрмыс-тіршілігінің ыңғайына қарай, Үш Жүздікке іріктелініп, өзара іштей біріктірілді. Оның сыртында жоғарыда айтқан, қолындағы төрелік құзырымен қалың қият жатты.
Әрине, өмірдің бойлай қозғалыста тұратын ішкі заңдылықтарына сәйкес, кейін қият құзырындағы төрелік лауазымның ықпалымен қият тайпасының аты автоматты түрде «Төре» атына ауысты.
Ендеше, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау болмақ: біздің, яғни «төре», «төре еместеріміздің» бір-бірімізден айырмашылығымыз – әр қайсымыздың мойнымызға алған азаматтық парызымыз бен иығымызға артқан әлеуметтік жүгімізбен есептелген. Олай болса, ендігі жерде «төреміз» бар «төре емесіміз» бар – баршамыздың бір қазақтың баласы екенімізді кім жоққа шығара алады? Әрине, ешкім!
Құмырсқадай қаптаған қара қытайдың илеуінің астында қалып, талауға түскен түрік жұртының тағдыры «Бар боламыз ба, жоқ боламыз ба?!» деген үлкен ғазауат үстінде тұрғанда, қол жинап, көмекке келіп, «Аллаһу акбарлап!» жүріп, нардай шөккен халықты апат тырнағынан суырып алып шыққан, Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың ислами үлгі-өнегелерін алға тартушы Әбдірахим бап, Әбдіжәліл бап, Ысқақ бап, тағы да басқа ардақтыларымыздың есімдерін қалай ұмытуға болар?!
Исламның Жасыл Туының астында екі жақты бітімге келісіп, Алланың атымен ант етіскен арабтар мен көктүріктердің сол жолғы одағының екпіні жау табанының астында қалған қыруар жерді қайтарып алып, дінсіз жаратылған қас дұшпанмен шекаралас тұрған екі араны тас қамалмен біржолата бекітіп барып тоқтаған. Мейлі, қанша ғасыр, қанша дәуір өтпесін, арада нешеме жағдайларды бастан кешірмейік, сол бірлік, сол одақ келешек Ұлы Тұран жұмһұ­рияты мен айшықты Алтын Ордамыздың тұғырын қалап, ірге тасын көтеруге жол ашты десек, оны ешкім жоққа шығара алмас!
Иә, пенде болғасын, әрлі-берлі жүретінің болады. Сондай бір сапарлардың үстінде, әлдеқалай кездесе қалған біреулермен: «Қай туған боласыз?» – деп, жөн сұрасып жатамыз. Сонда, әлгі туғанымыз: «Қожа баласымын», – десе болды: «Оһо-оу, қожа баласымын де!» – деп әлгінің асты-үстіне түсіп, елпілдеп,.. бейне бір, Укаша атамыз тақымындағы қара бурасын бақыртып қойып, ұлан-байтақ кең даланың жазығында қазақтың қас дұшпанын, оңынан келсе – оңынан, солынан келсе – солынан, жапырып жайпап, алдына салып айдап бара жатқандай, одан асты, осы өңірдің бүкіл әулие-әмбиелері шапандары шұбалып, өн бойларынан иманның иісі бұрқырап, бастарына ораған аппақ сәлделерінің төбесінде күннің сәулесін ойнақшытып, көз алдымыздан тізбектеліп өтіп бара жатақандай әсерде қалатынбыз…
Иә, шынында да, дін-діліміз бір, Алланың құлы, Адамның ұлы – әлгі қожа баласы екеуіміздің бір-бірімізге деген қандай жаттығымыз болмақ?!
Оның үстіне, Қызыр бабамыздың аруағымен рухтанған қалың түрік жұртшылығы, қашан да өзінің мемлекеттік құрылымын мұсылманшылық тәртіпке бағындырып, ол тәртіптің тұтқасын, яғни мемлекеттік ілім мен білім басшылығын, о бастан-ақ, әлгінде аттарын атап өткен әулие-әмбиелерімізге ұстатса. Ондай жағдайда, Смағұл ғалейһиссалам пағамбарымыздың Қожа атты ұрпағынан тараған қожа балалары, атына заты сай, дәл осы іске қожа болмағанда, кім болады? Қазақ үшін қожа мен молдадан қадірлі кім бар еді бұрындары?! Молдамыз – ілім мен білімді дарытушы, яғни ұстаз. Ал жоғарыда айтқанымыздай, білім мен ілім билігі – қожа қолында.
Біз сөз барысында: «Шыңғыс ханның мемлекет басына келуімен, биліктің жаңа жүйесі орнап, оның заңнамалары бекітілді, соның негізінде, елдің
саяси-әлеуметтік ахуалы мен әскери жағдайларына байланысты, жалпы Қазақ көк түріктердің көне үрдісімен, Үш Жүздікке біріктірілді. Оның сыртында – төрелік құзырымен қалың қият жатты», – дедік. Олай болса, дәл осы сапта дәл осы принциппен, ел басқару жүйесінің саяси бағыттағы жұмыстарының бірден-бір шешуші күші – дін тетігін ұстап отырған қожалар әулетінің қожалық құзыры сол құрылымның бір тетігі болып бекітілгені мойындалуы тиіс.
Хақ Тағаланың бұйрығымен, ақиқат­тың ақ жолында қазақтың «Үш жүзі» мен «Төре», «Қожасын» қолдың бес саусағындай етіп, бір жұдырыққа жұмылдырып, Ұлы қағанымыз Шыңғыс хан орнықтырған заң тәртібі ол құрған Ұлы Тұран мен негізін салып кеткен Алтын орда мемлекеттерінің игілігіне қапысыз қызмет қылды. Бұл даусыз!
Ендеше, біздің Шыңғыс ханнан безгеніміз – жоғарыда айтқан, өз кезінде ұлт-ұлыстың басын қосып, ел етіп, шашау шығармай бір Тудың астында біріктіріп ұстаған Ұлы Тұран жұмһұриятының алтын тұғыры қасиетті Алтын ордадан безгеніміз! Ал Алтын ордадан безгеніміз – өзімізден, өзімізге «Халық» деп мөр басып, ен таққан тарихымыздан безгеніміз! Бұл сөзді біз мың қайталасақ көптік етпейді!

***
Ұшар дәурен басымнан жыл құсындай!
Келешек тұр мылтықтың ұңғысында-ай!
Әттең дүние! Атой сап, бар түрікті
Мұсылманның жинайтын Туы астында
Тағы бір ұл туса-шы Шыңғысымдай!!!

Қабағында қара бұлт күркіреген,
Қалың әскер соңында дүркіреген,
Еш бір пенде Шыңыспен тең түсе алмас
Он сегіз мың ғаламның қағидасын
Астастырған тұқымы түркіменен!

Он сегіз мың ғаламым – Тәңірімнен!
Тәңірімнің «Бол!» деген әмірінен!
«Болма!» дей ме, Ғайыппыз
Қас-қағымда дүние біткен қақырап
жүре берер
Сөгітіліп жік-жігі әдібінен!!!

Сол дүниенің сен де бір тетігісің!
Жүректегі иманың – бекінісің!
Бекінісің барында саспа, мүмін! –
Келе жатқан ұрпақтың қағырадай
Қамалы – сен! Тапжылмас кепілісің!
Жұмысым жоқ есеп пен қисабында! –
Мендік мақсат – ақиқат мисалында!
Адам ата, Анамыз Хауа анадан
Бермен қарай түзілген түп шежірем
Қаттаулы тұр Құрани исламымда!

Өлшенбейді иманың саныңменен,
Жылжып аққан тамырда қаныңменен!
Қағидасы Құранның сол болады,
Бір анадан тусаң да, туыстық жоқ
Ардан безген Құдайсыз залымменен!!!

Әңгімемді қозғасам әріректен,
«Тәурат», «Зәбүр», «Інжілді» тәлім еткен
Бір жүз дағы жиырма төрт мың пайғамбар,
Міне, осының бәріне Жаббар ием:
«Дін мұсылман – Антың»
Саңқылдаған дауысы сұңқардайын,
Жер тарпыған тұяғы тұлпардайын,
алып тұлға ғұмыры – ғибрат бізге,
Хақ-Тағала жолында, ұран тастап,
Тажалменен алыс Зұлқарнайын!

Зұлқарнайын есімі – Тариықта!
Аллаһ рақымын жаудырғай ағиыққа!
Насихаты – қаттаулы Құранымда!
Өнегесі – өсиет Тұранымда!
Жан иманым түюлі тұмарымда!
Тұран, Тұмар, қолымда Құран тұрып,
мен мойнымды өзгеге бұрармын ба?!
Иә, Алла!!!
Ғайса, Мұса, Дәуіт пен Исаларым
Мұсылмандық жолында қиса жанын, –
Нұх, Сүлеймен, Ибраһим, Смайылдай
бабалардың, кім білмес, иман үшін
еткен еңбек, төккен тер – қиссаларын!

Тура тартып солардың жолыменен,
Үдері көш – қаптаған қолыменен,
қиқу салған дұшпанға Шыңғыс атты
Баһадүрге не біліп, сорлы ағайын,
Жібімейді жүректің тоңы неден?!

Жауда кеткен әперіп кегіңізді, –
Тезге салып тентек пен теліңізді, –
Шекпен менен бүтіндеп шеніңізді, –
Алшаңдатып бекзада, бегіңізді, –
Шиыршықтай ширатып, ширықтырып,
Қайта тартып босаған беліңізді, –
«Халық» атты белгілеп еніңізді, –
Жұдырықтай, бір жерде жұмылдырып,
Қосып кеткен қатарға еліңізді –
сол Шыңғыс хан!
Мойында-мойындама!!!

Шарпып өтіп шалғайы Шыңғыс ханның,
Айтшы, қане, қор болған жеріңізді?!
Ту көтеріп Шыңғыстан тапқан ұлың,
Дүр сілкінткен жоқ па еді, тегі, бізді?!
Келер ұрпақ!
Шегелеп саған айтам:
Таразының басында – Шыңғыс қаған!
Барша мұрат-мақсатың сол бабаңның
жыюлы тұр бойында, сенің, ізгі!
Сол Шыңғыстан ізде сен, іздей қалсаң,
Тепкілесе үзілмес «Қазақ» атты
Тегеуріні темірдей тегімізді!

Қара қазан, қалың ел – қарауында! –
Дүниенің ісі жоқ талауында!
«Құдай – жалғыз!»
«Құран – шын!» –
құрамды сөз –
Жауға шапса, жарқта-жұрқ найзағайдай,
Жарқылдайды Шыңғыстың Жалауында!!!
Тарих – теңіз. Сүңгі өзің тереңіне,
Ілігерсің деректің керегіне!
«Түрік» десе, түрпідей жиырылып,
Теріс қарай ағызар қара суды,
Ғылымыңның шетелдік берері не?!

Үш ұйықтасам, түсте жоқ Голланыңа,
Әмрикаң, Әңглия, Алманыңа,
Францияң, Қытайың – қалғанына
Менің тегім не керек, тініткілеп,
Бір-ақ мақсат – бәрінде, жалғыз-ақ
шарт, –
Адастырып ақ жолдан, біз сорлыны,
Қайткен күнде түсірмек қармағына!

Жел сөзің мен ісім жоқ таласыңда!
Түбі ақиқат жеткізер қарасынға!
Сандырағы дұшпанның неге керек?!
Ар-ұжданы Түріктің – Жасыл Байрақ
Оғыз хан мен Шыңғыстың арасында!!!

Айтқан сөзі халқының зиянына,
Қалды қандай қасиет зиялыда?!
«Шыңғыс!» десе, Қытайға жүгіреді,
Етек-жеңі далиған қайран Бабам
Қоржынына қытайдың сыяды ма?!

Жазған тарих – тарих па сұрастырып,
Аннан-мыннан жоқ-барды құрастырып?! —
«Шыңғыс!» қылам десеңіз Шыңғыс ханды,
Түріктіктің төңірегін түрткілемей,
Тұтас қара Алланың жолындағы
Мұсылмани күреспен ұластырып!!!

Бір Алла аты – Шыңғыстың ұранында!
Болат тәртіп! Ол тәртіп – Құраныңда!
«Аллаһу акбар! Аллаһу акбар!
Аллаһу акбарлап!»
Азандатқан дауысы Шыңғыс ханның
Ұйқысынан оятып қалың жұртты,
Азынайды дүниенің құлағында!
Иә, Алла!
Жиылмайды, оу, жұртым, неге есіңіз?!
Кім не десе, бас шұлғи бересіңіз!..
Қараңғылық шегі сол – бұл Шыңғысты:
«Пұтқа құлай табынған кәфір!» – десе,
Аузыңды ашып, оған да сенесіңіз!..

Не гәп менің тәптіштеп қоймауымда, –
Қызыл сөзді ермек қып ойнауым ба?!
О, жоқ, жұртым! Санаңа салдым қозғау…
Қал қимылдап! Қазына тұнып жатыр
Мұсылмани Шыңғыстың қойнауында!!!
«Шыңғыснама» айналса қазығына,
Ғылымның да жетеді ол азығына.
Құдай оңдап, бас қосса барша түрік,
Ергенекон – Алтайдан бастау алған
Тартар шеру жорығы мұсылманның,
Дешті Қыпшақ ұласып жазығына!!!

Сөздің нем бар тумайтын қысырында! –
Бейбарыс хан қайдан жүр Мысырыңда?!
Батыс жаққа ұзатқан ұғымымды,
Болмас ұмыт қалдырсам Тұғырымды!
Тарамады қай жаққа тамырымыз,
Үнді елінен не іздепті Бабырымыз?!
Сал осыны санаңның салмағына,
Жол табасың өзің-ақ қалғанына.
Не қасиет – Шыңғысқа дейінгіде,
Сол қасиет – Шыңғыстан кейінгіде!
Тұраның да, дәулети Османың да –
Шыңғыспен бір тарихтың тостағында! –
Түп шежірең шешілер Шыңғыс ханмен
Аты аталған баһадүр батырлардың
Бір арнада бастарын қосқаныңда!!!

…Бәйтеректің тамыры – түбірінде,
Түбіріне зердемен үңіліңдер!
Шыңғыс – ақыл! Шыңғыс – күш!
Шыңғыс – батыр!
Жалпақ әлем әскері, дүр-Жиһангер
Шыңғыс қаған алдында жүгініңдер!
Жүгініңдер!

…Әңгімемнің зейін қой әрісіне, –
Түсінерсің сөзімнің мәнісіне!
Құй санаңа! Сал құлақ! Ойлан, бауырым! –
Бұл дүниеде тең келер еш әдіс жоқ,
Шыңғыс ханнның соғысу әдісіне!

Шыңғыс бабаң «Аттандап!» «Аллғадайлап!»
Отқа түскен «Отан!» деп, қарғадайдан!
Ақыл-қайрат Құдайдан дарымаса,
Шегірткедей қаптаған қара қытай
Сол заманда-ақ жер бетін жалмамай ма?!

Ана-жатыр жаралып қуысында,
Кек түйіліп темірдей уысында,
жауда кеткен ақысын даулай туған
Бұл Шыңғысың – жалғыз ұл!
жалғыз тарлан
түрік деген тұқымның туысында!!!

Кең жаһанды Бабамыз қоныс қылған.
Қоныс үшін қанқұйлы соғыс қылған!
Шыбын жаннан түңілтіп кәфірлерді,
Дінін берік тұтынған мұсылманмен
Ниет қосып, тілегін тоғыстырған!

…Сөйлеп кетсем, өлең сөз жосыла ма?
Аярлықтың бет-жүзі осыла ма?!
Ақиқатқа соқпаса Бабам ісі,
Қол бастаған сан батыр, бас иіп кеп,
Өз еркімен Шыңғысқа қосыла ма?!
Кәфіріңді жанынан түңілдіріп,
бір Алланың алдында жүгіндіріп,
Атой салған ұрандап, Дін-Мұһаммед
Пайғамбардың Шыңғыстай хас сарбазын,
Уа, халайық, жатырсың бүгін біліп!

Көңіліміз жарасып осындайда,
Пікіріміз бір жерден қосылғай да!
Ұстанымы қағанның Шыңғыс атты–
Құл-Ахмет сап берген Ясса жолы.
Ендігі айтар әңгімем осы ыңғайда.

Иә-ә-ә, хабар беріп санаңа ақыреттен,
Қиялдағы қиырды жақын еткен
Ғалымдардың ғалымы шоң ғұлама,
Ғибрат болар кейінгеШыңғыс ханның
Берік тұтқан Одағын Ахметпен.

Ахмет-құл-Ясауи Кемеңгерім!
Ол ақиқат жолында не көрмеді?!
Тұңғиық сыр болмаса тұнып жатқан,
Пайғамбардың жасында белді буып,
Қара жердің қойнына енер ме еді?!

Ол кездегі имани қалып күшті.
Ата-бабам ұстанған салт күшті.
Әмірімен Алланың Қожа-Ахмет
Қалдырмаққа мәңгілік, сол мұраның
Түп тамырын тереңге алып түсті.

Түп тамырын тереңге алып түсті!
«Аллаһу! Аллаһайлап!» зікірін салып түсті!
Қақ айырылып қара жер, қойнауына
әулиемен ілесіп Ясауидей,
Көз қарыққан керемет жарық түсті!

Жердің асты – мәңгілік түнгі аймағым,
Жүре берді жарқырап күнге айналып!
Он сегіз мың ғаламым дөңгеленді,
Құдайы жол – Құрани пәрменменен,
Қожа-Ахмет Ясауи Күнді айналып!

Шашты Күнім әлемге шұғыласын!
Жазбай танып мүмінім Құбыласын!..
Бабам орнын өзгеден бөлек қойсам, –
Оның сырын осы бір жыр-дастанның
Желісінен өзің-ақ ұғынасың!!!

Алла берген осындай несіп болды! –
Жердің асты ғаламат Мешіт болды!
Мінездегі айығып күліктіктен,
Сол Мешітке ағылды түрік біткен!!!

Маңдайымның жазылған еншісіне,
Жан дүниемнің айналды ол емшісіне!
Бір жаратқан Алланың рақымымен,
Ясауиді бекіткен Пайғамбарым
«Түрік» атты әулеттің Елшісіне!

Бұған болмас, сірә, енді таласыңыз?!
Уәжімді айтқан ақылға саласыңыз! –
Ясауидей Құдайым сүйген құлды
Пайғамбардың ықыласты құшағынан
Қалай ғана айырып аласыңыз?!

Ахметтей бас иіп Бабамызға,
Сараптайық осыны санамызда!
«Қылуетке кеткені – неткені? – деп,
Алла берген қызықты шектеді!» – деп,
Жел сөзге ерген жан болса арамызда,
«Қайт, демекпіз райдан, Раббым өзі
Тұрғанында түсірмей сабаңызға!!!»

Ой – тұңғиық! Түбіне үңілгенім! –
Бүктетіліп аш белім бүгілгенім!..
Кәрі тарих көне көз, сен не дедің?! –
Әлденені айтқандай, еппенен кеп,
Құлағымның түбінен күбірледің!..
Күбірледің! Ішкі әлем дүр сілкінді!
Сірә, ми қабатым қақырар бүгін менің!
Иә, Алла!

…Тағы тартам алдыңа тосын жайды, –
«Қайдан табад, – деп жүрме, осындайды?»
Моңғолияң қазіргі – Жоңғар жұрты! –
Оу, сондықтан, Шыңғыстың бұл моңғолға
үш қайнаса, сорпасы қосылмайды!

Шыңғыс тегін іздесең, ол моңғолда. –
Дін мұсылман – иманы мол моңғолда.
Оғыз-Бабам ізіме «Аллаһу акбарлап»
Сап түзеген жауынгер қол моңғолда!

Ол моңғолың – түріктің бір бұтағы! –
Қадір тұтып, қауымы пір тұтады!
Ал, мына моңғол, жылмиған желкедегі –
Атын жұтқан жоңғарлар ертедегі!

Ақиқатта кетпесе аласымыз,
доғарылсын осымен таласымыз!

…Шыт-шытырман өмірдің өрмегінде
тұнып жатыр не бір сыр! Көрмедің бе?! –
Шыңғыс ханның бабасы – Оғыз қаған
Әмірімен Алланың, әлһәмдулилла,
Иманына жүгінген, антын байлап,
Анасының сүтімен, жөргегінде!!!

Қол жүгіртіп, дәніккен жиғаныма!
Түкірдім мен дұшпанның шимағына!
Бұққан сайын сұғады бұл кәззаптар!
Бұдан әрі үн-түнсіз жата берсек,
Шыңғыс емес, Шыңғыстың бабасының
Тиісетін түрің бар иманына!!!

Құдай үшін! Сөйлеме, білмегесін!
Шежіре үнін құлаққа ілмегесін!
Мені қалай боқтасаң, олай боқта!
Оу! Қалай ғана шыдармын, Бабамыздың
Шыққан тегін «Кәфір!» деп тілдегесін?!

Иншаллаһ! Түбі сенем таңымның атарына!
Қосылармын, қайта, елдің қатарына!
Бір Аллаға аманат – Баба рухы!
Рахым түссе Құдайдан, Лә илләһә ил Аллаһ!
Бас көтеріп, тіл бітер баз-баяғы
Түркижұрт боп тұтасқан Татарыма!

Иә! Тіл бітеді татардың малайына.
Жыйыламыз малайдың маңайына.
Күндердің бір күндері сол малайың
Қойнауында ғасырдың тұнып жатқан
Қатпар-қатпар қаттаулы қазынаны
Тарқатады тарих қып талайыңа!

Көрерсің сен сол кезде сөйлегенді,
Шыңғыс жәйлі өй деген, бүй дегенді.
Сүйекте – дақ! Қорладың аруақты!
Ақырет күн татарсың әлі азабын,
Өңшең азғын түсінбес қой дегенді!

… Әңгімемді жөн еді созбағаным…
Бір ойды кеп бір ойдың қозғағанын!..
Наламенен, қып-қызыл жаламенен,
Көрде тыныш жатқызбай, бабалардың
Көргенімде рухын қозғағанын,
жаным күйіп, ботадай, боздағаным!
Иә, Алла!

«Жаббар ием, сақта!» деп, Жаратқанға
Жалынармыз, жан шығып баратқанда!
Өкініш сол – ол кезгің кештеу болмақ,..
Құдай өзі жиып ап құл пендесін
Құзырына еріксіз қаратқанда!!!

Жан тәсілім бүгінгі қысылған күн –
Аллам бізге мүмкіндік ұсынған күн!!!
Арашалап пәктігін ғұсыл жанның,
Туын көтер ғалами мұсылманның!!!
Ақыретте Аллаға берер жауап –
«Әлһәмдулилләһи, мұсылманмын!
Әлһәмдулилләһи, мұсылманмын!
Мұсылманмын!!!»

Кім бар жеткен дүниенің баянына!
Көңілім құлай берілдім баяғыға!
Бабам аты аузымнан түспей қойды-ау! –
Айтқан сөзім Алланың аяны ма?!

Көз жасыма ұстаттым ерігімді!
Балқып сезім, ет-жүрек ерітілді!
Біздің тамыр – әріде! Алданба,ұрпақ,
Аннан-мұннан жиып ап, әркімдердің
айта салған сөзіне берітінгі!

Сөз салмағы – иманның қадірінде,
Бас билігің – Алланың әмірінде!
Тыныштығын бұзбалық! Шыңғыс баба
Ұйықтап жатыр, тыныстап, Лә илләһә
ил Алла,
Құбылаға бас беріп қабірінде!

Көзін ашып өлең-сөз бұлағымның
«Бисмилләлап!» қол жайып, дұға қылдым!
Бір өзіңе аманат, иә, Жаратқан!
Бейнет кешкен «Ел!» «Жер!» – деп
Бабаларға
Бұйырта гөр рақатын Жұмағыңның!!!
Лә илләһә ил-Алла!
Мұхаммадун – Расул Алла!!!

 

Айсұлу Қадырбаева

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір