Шыңғыс хан мен Әмір Темірдің тарихы
22.07.2025
686
1

     Түрктер – әлемдегі ең көне халықтардың қатарына жатады, олардың тарихы кемінде бұдан бес мың жыл бұрын басталған.
Көптеген еуропа халықтары өздерінің шығу тегін түрктерден таратады, ал Солтүстік Азияны өздерінің байырғы ата-жұрты деп есептейді. Бұл туралы Әбілғазы Бахадүр ханның «Түрктердің, мұғұлдардың және татарлардың жалпы тарихы» деген атпен 1730 жылы Лондонда жарық көрген ағылшын тіліндегі кітабында тайға таңба басқандай етіп жазылыпты. Сондықтан мен бұл деректерді осы газет арқылы қазақ зиялыларына жеткізуді жөн көрдім.
Аталған кітаптың авторы Әбілғазы Бахадүр хан (1603–1664 жж.) Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының Шайбан деген ұлының әулетінен шыққан, ол 1643–1663 жылдарда Хиуаның ханы болған, жас шағында өмірінің он жылын Персияда өткізіп, жақсы білім алған, хандық құрған кезінде екі тарихи еңбек жазған. Оның басты еңбегі «Шажара-и түрк» деп аталады. Ол кітап кезінде әлем жұртшылығына «Түрктердің шежіресі» және «Татарлардың шежіресі» деген атпен белгілі болған («шажара» – араб сөзі, қазақ тіліне аударғанда «шежіре» деген мағана білдіреді, «татар» деген сөз ортағасырларда «түрк» сөзінің синонимі ретінде қолданылған. Түрк — Яфастың ұлы, Нұх пайғамбардың немересі — жер жүзіндегі барлық түрк халықтарының арғы атасы болып саналады. Сондықтан Түрктің ұрпақтарын «түрк» деп атау орынды болар еді.
Алайда 1926 жылы Бакуде өткен Бірінші Бүкілодақтық түркологиялық ғылыми конференцияның барысында академик А.Н.Самойловичтің ұсынысы бойынша, анатолиялық түрктерді басқа түрк халықтарынан ажырату мақсатында оларды түркілер деп атау туралы шешім қабылданған. Содан бері бұл атау ғылыми айналымда берік орныққан. Бірақ мен осы мақалада тек «түрк» деген атауды қолдандым.
Татар тайпасының шығу тегі Түрк­тің ұрпағына жататын Татардың есіміне тікелей байланысты. Татар мен Мұғұл егіз болған. Олардан Татар мен Мұғұл деген екі тармақ (ру-тайпа) өрбіген. Бұл туралы «Зафар наманың» 45-бетінде жазылған. Ескі замандарда татар тайпалары дәуірлеп тұрған кезде, басқа түрк тайпаларының барлығы әлем жұртшылығына «татар» деген атпен белгілі болған. Ал Шыңғыс хан дәуірінде ол тайпалардың барлығы «мұғұл» деген атауға ие болған).
Әбілғазы Бахадүр хан өзінің бабасы Шыңғыс хан мен оның ұрпақтарының шыққан тегі туралы деректерді жинақтап, олардың өзінің хандық құрған кезіне дейінгі шежіресін дайындаған.
Кітаптың бас жағында Әбілғазы өзінің қуғында және қамауда отырған кезінде ата-бабаларының істері жа­йында терең ойға берілгенін, сол сәтте өкініш сезімін бастан кешкенін былай деп жазады: «Егер мен, ұлы хандардың ұрпағы бола тұра, өз ата-бабаларымның тарихын осыншалық аз білсем, онда қарапайым халық не білсін?» Сол себепті ол өзі жинаған мәліметтерді кейінгі ұрпақтарға жазбаша түрде жеткізуді ұйғарады. Бұл мақсатта ол ата-бабалары сөйлеген қарапайым әрі таза түрк тілін таңдайды, қолдан келгенше парсы және араб сөздерінен бас тартуға тырысады.
Аталған еңбекте қазіргі қазақ және өзбек халықтарының құрамына енген түрктілдес тайпалардың тарихы, сондай-ақ Шыңғыс ханның, оның ұрпақтарының Әбілғазыға дейінгі (1664) шежіресі жазылған. Сондықтан оның бұл еңбегін ағылшындар генеалогиялық тарих деп атаған.
Әбілғазының еңбегі тоғыз бөлімнен тұрады. Алғашқы екі бөлімде — түрк халқының негізін қалаушы Түрктен бастап, Шыңғыс ханға дейінгі барлық тайпалардың сипаттамасымен қатар, мұғұлдар мен татарлардың тарихы баяндалады. Үшінші бөлім — Шыңғыс ханның өмірі мен оның ерліктеріне арналған. Төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші және сегізінші бөлімдер — Шыңғыс ханның төрт ұлы мен олардың мұрагерлері туралы. Тоғызыншы бөлім — Хорезмді жаулап алған Шах Бахт ханнан бастап кітаптың авторының (Әбілғазының) 1664 жылғы өліміне дейінгі билік еткен хандардың тарихы жазылған.
Әбілғазының айтуынша, бұл еңбекті жазған кезде ол, Рашид ад-диннің «Жәмиғ ат-тауарих» атты кітабын және басқа да авторлардың еңбектерін пайдаланған. Барлығы 18 тарихи дереккөзге сүйенген.
Әбілғазы Бахадүр ханның ағылшын тілінде жарық көрген кітабының алғашқы бетінде оның түпнұсқасы мұғұл тілінде (яғни шағатай тілінде) жазылған деп көрсетілген. Онда XVII ғасырдағы Солтүстік Азияның сипат­тамасы, оның ішінде Ұлы Тартария (мұғұлдар мен татарлар иелік еткен елдердің ортағасырлық бұрмаланған атауы, оның дұрыс атауы: Ұлы Татария (Е.И.) мен Сібірді қамтылғаны айтылған.
Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы Әбілғазы өзінің еңбегін қорытындылай келе : «Аталған тайпалар әртүрлі өңірлерге таралып кеткенімен, оларды бір ортақ ата — Түрк, сондай-ақ тіл, салт-дәстүр мен жауынгерлік рух біріктіреді. Бұл тайпалар бір тілде сөйлеген, айырмашылық тек айтылу ерекшелігі мен кейбір сөздерде ғана болған, бірақ олар бірін-бірі түсіне алған. Бұл тілді біз бүгінде түрк тілі деп атаймыз» деп жазыпты.
Осылайша, Хиуа ханы болған Әбілғазы Бахадүр хан, Иранның Елханы Ғазан хан сияқты, өзінің арғы атасы Шыңғыс хан мен оның ұрпақтарының шығу тегі, ерліктері мен істері, жаулап алған елдері жайлы сенімді мәліметтер жинап, олардың шежіресін көне заманнан бастап, 1664 жылға дейін құрастырған.
Бұл шежіренің құндылығы, Шыңғыс ханнан бастап шежіреде келтірілген барлық хандардың түрк халқының перзенттері екендігін тайға таңба басқандай етіп көрсеткен және оларды келесі ұрпаққа жазба етіп қалдырған.
Әбілғазының бұл еңбегі Англияға қалай барып қалды деген заңды сұраққа, төмендегі келтірілген дерек толығымен жауап береді деп ойлаймын. XVIII ғасырдың басында Сібірдің Тобыл деген қаласында орыс тұтқынында болған Ф.И.Страленберг және Д.Каппель деген швед офицерлері бір бұхарлық көпестен Әбілғазының «Шажара-и түрк» атты қолжазбасын сатып алған. Кейін ол еңбек француз, орыс, неміс және ағылшын тілдеріне әртүрлі атаулармен аударылған.
Еуропалықтар аталған еңбекке сол заманда-ақ аса зор қызығушылық танытқан, ол ағылшын басылымындағы 29 беттен тұратын аудармашының алғы сөзінен анық байқалады. Онда аудармашы өзінің таңданысын жасыра алмай, Шыңғыс хан мен Әмір Темірді адамзат тарихындағы ең ұлы данышпандар ретінде сипаттайды. Оның айтуынша, олар (Шыңғыс хан мен Әмір Темір) бастапқыда ештеңеге иелік етпесе де, кейіннен өздеріне тиген шағын иеліктерін алып империяға айналдырып, бір ғана билік кезеңінде римдіктердің 500 жылда жаулап алғанынан әлдеқайда кең аумақты иеленіп, осылайша, еуропалық Ескендір мен Цезарьларды да басып озған.
Аудармашы әрі қарай былай деп жазады: «Біз татарларды жек көретінімізді әлдеқайда азайтар едік, егер олармен қаншалықты тығыз байланысты екеніміз туралы тереңірек ойлансақ: біздің ата-бабаларымыз алғашында Азияның солтүстігінен келген, ал біздің әдет-ғұрыптарымыз, заңдарымыз бен өмір салтымыз кезінде олардың өмірімен бірдей болған. Қысқасы, біз — татарлардың отары ғана екенбіз.
Дәл осы Татариядан кимвр, кельт және галл секілді әртүрлі атаулармен белгілі болған халықтар шыққан. Олар Еуропаның солтүстігін түгелдей жаулап алып, кейін Азияда да, Еуропада да, Грекия ұлт болып қалыптаспай тұрып және Рим өз атауын алмай тұрып, ұлы империя құрған. Ал готтар, аландар, шведтер, вандалдар, франктер бірнеше ғасырлардан кейін оңтүстікке жорықпен барып, Рим империясын құлатқан.
Біздің аралдар (Британ аралдары) Галлиядан қоныстандырылғанына еш күмән жоқ; ал ежелгі кельт тілі, ол бүгінгі күнге дейін Француз Британиясында, Уэльсте, әсіресе Ирландияда сақталған, жергілікті халықтың сол татар халқынан шыққанын дәлелдейді. Англияның біртіндеп жаулап алынуы – жалпыға белгілі немесе, ең болмағанда, солай деп есептеледі – өз бастауын Татариядан алған халықтар арқылы жүзеге асқан.
Мен, бәлкім, одан да әріге барып, белгілі бір дәрежеде негізсіз емес жорамалмен, біз өзбектермен — осы тарихтың авторы болған ханның елімен туыстаспыз деп айта алар едім. Өйткені саксон тілі мен ежелгі қыпшақ тілінің арасында айтарлықтай ұқсастық бар, оның үлгісін біз, Бусбектің төртінші хатынан көреміз. Бұл хат Қырым тұрғындарының тілінде жазылған, ал олар шыққан тегі жағынан қыпшақтар, өзбектер секілді.
Бусбек олардың сөйлеу мәнері, әдет-ғұрыптары мен келбеттері немістерге қатты ұқсайтынын мойындайды, бірақ сонымен бірге, қырым татарлары сол немістерден тараған болуы мүмкін деп болжайды. Тіпті ол бұл ұқсастықты түсіндіру үшін Қырымға оларды император Ұлы Карл (Карл Великий) қоныстандырған болуы мүмкін деген ой айтады. Ал егер ежелгі швед жылнамалары шындыққа жанасымды болса шведтер Кашгардан шыққан деп мәлімдейді. Біздің бұл жорамал одан сайын шындыққа жақындай түседі.
Біздің татарлармен туыстығымыз олардың тарихын біз үшін әлдеқайда қызықты етуі тиіс. Шынында да, бұл кең байтақ халықтың көне заманнан бергі нақты әрі сенімді шежіресі олардың Еуропаның әртүрлі бөліктеріне қоныс аударуы мен қоныстануын анықтау үшін өте пайдалы болар еді…»
Өзінің алғы сөзінің соңында аудармашы, Әбілғазының кітабындағы жалқы есімдер мен жер атауларының орфографиясына байланысты түсініктемелер беру керектігіне аса үлкен көңіл бөліпті. Ол бұл туралы былай жазыпты: «Осындай көптеген жағдайларда, әсіресе татар есімдеріне қатысты, қолжазбаның мұғұлша түпнұсқасы болса өте пайдалы болар еді. Өйткені бізге жеткен бұл кітап үшінші немесе тіпті төртінші аудармадан кейін келген: алдымен француз тіліне аударылған, содан кейін мүмкін орысша нұсқада қателіктер кетуі мүмкін, ал немісше аударма орысшадан ауытқуы мүмкін; демек, француз нұсқасы бәрінен өзгеше болуы ғажап емес.
Кем дегенде, бірнеше араб және парсы есімдерінің қате жазылғаны көзге бірден түседі; ал мұндай есімдерді дұрыс жазу үшін аудармашылардың аз да болса араб тілін білуі қажет еді. Себебі ұйғыр әліпбиінің шектеулілігі небәрі он төрт әріптен тұруы – сол әліпбиді қолданған мұғұлдарды бірнеше араб әріптерін бір ғана таңбамен белгілеуге мәжбүр еткен…»
Жоғарыда аты аталған Ожье Гислен де Бусбек (1522–1592), фламандық ғалым-энциклопедист, дипломат әрі жазушы, жеті жыл бойы Қасиетті Рим империясының Стамбулдағы елшісі қызметін атқарған. Ол тасқа қашалған руникалық жазуларды тапқан, қырым-гот тілі туралы құнды мәліметтер жинаған, жүзден астам грек қолжазбасын, көптеген көне тиындар мен медальдарды иеленген. Осы мәліметтердің негізінде ол өзінің «Түрк хаттары» атты әйгілі еңбегін жазған.
Алайда сол заманда еуропалықтар Солтүстік Азияда дәл сондай тасқа қашалған руникалық жазулардың бар екенін әлі білмеген еді. Сондықтан Бусбек қырым татарлары еуропалықтардан, яғни немістерден немесе сак­стардан шыққан деп жорамалдаған.
Енисей жағалауындағы руникалық тас жазбаларды 1722 жылы Сібірге жасалған экспедиция барысында әйгілі неміс ғалымы Д. Г. Мессершмидт алғаш болып анықтағаны белгілі. Ол бұл жазбалардың Солтүстік-Батыс Еуропадағы кельт-гот жазуымен ұқсастығы бар екенін болжаған. Осы жорамалға кезінде британдық ғалым Т. Байер мен неміс зерттеушісі П. С. Паллас та қолдау білдірген. Алайда олардың ешқайсысы бұл жазбалар түркі мәдениетіне тиесілі деп ойламаған.
1818 жылы Г. И. Спасский Сібір руникалық жазуларының атласын жариялады, ол В. Гумбольдт пен Ф. И. Круг сияқты ғалымдардың қызығушылығын тудырды. Өкінішке қарай, сол кезеңдегі бұл басқа да зерттеушілер бұл рундардың славян жазуына тиесілі екенін дәлелдеуге тырысқан.
XIX ғасырда осы мәселені венгр ғалымы А. Вамбери, орыс зерттеу­шілері А.А.Шифнер, Н.Г.Малицкий, Н.А.Аристов, Н.М.Ядринцев, В.В.Радлов және Д.А.Клеменец те зерттеген. Олар әртүрлі болжамдар ұсынған. Алайда бұл мәселенің шешуші нүктесін дат лингвисті әрі тарихшысы Вильгельм Томсен қойды. Ол 1893 жылы Орхон-Енисей тас жазбаларының мазмұнын оқып, олардың VII–VIII ғасырларда көне түрк тілінде жазылғанын мәлімдеді. 1894 жылы
В.В.Радлов В.Томсеннің жаңалығына сүйене отырып, бұл жазбалардың толық аудармасын жариялады. Сонымен қатар ол, Кошо-Цайдам алқабындағы екі тас стелладағы жазбалар Шығыс Түрк қағанатының билеушісі Білге қаған мен оның туған бауыры Күлтегінге арналғанын анықтады.
Кейін Орхон-Енисей жазбаларын орыс ғалымдары С.Е.Малов,
С.Г.Кляшторный, В.А. Левшин және Д.Д. Васильев зерттеді. Бұл көне жазба ескерткішті зерттеуге қазақстандық ғалымдар – М. Жолдасбеков, Ғ. Айдаров және Қ. Сартқожаұлы елеулі үлес қосты.
Белгілі болғандай, руникалық тас жазбалар XIX–XX ғасырларда Қазақстанның әртүрлі аймақтарында, Қырғызстанның Талас аңғарында, Ресейдің Батыс Сібірінде, сондай-ақ Скандинавия елдерінде (ол жерлерде шамамен бес мыңдай жазба бар) табылған.
Әлемге танымал қазақстандық ақын, мемлекет және қоғам қайраткері, түркітанушы, лингвист, әйгілі
«АзиЯ» кітабының авторы Олжас Сүлейменов түрктер тарихын әлдеқайда кең ауқымда қарастырады. Ол қазіргі түрктанушылардың түрктер тек V ғасырда қазіргі Моңғолия аумағында пайда болды деген пікірін үзілді-кесілді жоққа шығарады. Оның айтуынша, түрктер өз тілдерінің, грамматикалары мен жазбаларының ізін бұдан әлдеқайда ерте – б.з.д. IV мыңжылдықта Шумерде, III мыңжылдықта Ежелгі Мысырда, II мыңжылдықта Ежелгі Қытайда, I мыңжылдықта Апеннин түбегінде қалдырған.
Ал қазақстандық мемлекет және қоғам қайраткері, бірнеше ғылыми еңбектің авторы Әділ Ахметов америкалық үндістер мен скандинавиялық викингтер ежелгі заманда Алтайдан Америка мен Еуропаның солтүстігіне қоныс аударған деп есептейді. Мен Олжас Омарұлын да, Әділ Құрманжанұлын да қолдаймын және бұл мәселелер бойынша олардың пікірлерімен толықтай келісемін.
Осы тұста Олжас ағамыздың Моңғолия туралы жоғарыда айтылған пікірі туралы бір-екі ауыз түсініктеме бере кетуді жөн көрдім. XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап, әлем жұртшылығының санасында Шыңғыс ханның шыққан тегі «моңғол» деген ұғым қалыптаса бастағаны белгілі. Өйткені Шыңғыс ханның түрктің мұғұл тармағынан шыққан ата-бабалары Түрк қағанаты пайда болған б.з.д.VI ғасырдан едәуір бұрын Алтайдан Байкалдың (Байкөлдің) шығысындағы Барқұжым тұқым деген жерге дейінгі кеңістіктегі Мұғұлстан деп аталған алып аймақты мекен еткен. Оны 1710 жылы Парижде жарияланған Г.Делильдің Солтүстік Азияның картасынан көруге болады.
Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» атты кітабындағы дерек бойынша, Шыңғыс ханның Бөрте шина (Бөрте адамның аты, ал «шина» ашина тайпасының атауы) деген он алтыншы бабасы өзіне қарасты бірнеше рулармен Алтайдың ар жағындағы Мұғұлстаннан Оңтүстік Алтайдағы Бұрхан Қалдұнның (қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай және Холзун-Листвяга деп аталатын таулардың) баурайындағы Унан (Бұхтарма), Туғла (Қурчум) және Килуран (Қара Ертіс) деген үш өзеннің бойына келіп қоныстанады. Олар сол аймақта керей, найман және қаңлы руларымен көрші тұрады.
Шыңғыс хан Бұхтарманың Ертіске құятын жерінде дүниеге келген. Оның ордасы қазіргі Нарын атты өзенінің Ертіске құятын жеріндегі Қарақұрым деп аталған жазықта болған. Ол жерде Шыңғыс ханның Үгетай атты мұрагер ұлы Қарақұрым деген қала салған. Қытайдан Қарақұрымға дейін «Нарын жам» деген сауда жолын ашқан, сол жол арқылы ұлыстардан Қарақұрымға қажетті тауарлар мен азық-түліктер жеткізіліп тұрған.
Жошы ханның ордасы Зайсан көлінің шығыс жағындағы Ертістің бойында орналасқан. Оның иелігіне Ертіс пен Алтай және Дешті-Қыпшақ берілген.
Шағатай ханның ордасы алғашында Iленің бойындағы Алмалықта, сонан соң Бесбалықта болған.
Угетай қағанның ордасы әкесінің тірі кезінде Емел өзенінің бойында болған. Оның иелігіне Ойрат ұлысының жерлері қараған.
Төле хан барлық кезде әкесінің (Шыңғыс ханның) ордасында болған. Оның иелігіне Қытай ұлысы тиген.
Қорыта айтқанда, Шыңғыс хан мен оның жоғарыда аталған төрт ұлы қазіргі қазақ жерінде дүниеге келген және қазақ жерінде жерленген.
Өкінішке қарай, осы деректер XIX–XX ғасырларда өрескел бұрмаланып, Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары «моңғол» атанып, қазіргі Моңғолия жерінен бірақ шыққан. Бұл жерде Шыңғыс ханның тарихын бұрмалау­шылар оның ата-бабасының ежелгі замандарда жоғарыда аталған Мұғұлстан (қазіргі Моңғолия) жерін мекен еткенін «шебер» пайдаланып, ортағасырлық парсы тіліндегі жазба деректерді дұрыс аудармай, көне карталарға өздеріне керекті «түзетулер» еңгізген.
Осы тұста менің айтарым: ежелгі замандарда бабаларымыз мекен еткен қасиетті Мұғұлстан жерін біз еш уақытта ұмытпауымыз керек. Өйткені ол, біздің тарихымыздың ажырамас бөлігі, ол жерде түрктің Білге қаған бастаған асыл ұлдарының денелері жерленген, тасқа қашалған тарихы мен тілі жатыр. Ол құтты мекеннен біздің бабаларымыз «Ұлы көштерге» ілесіп жер жүзіне тараған. Осы деректерді біз өзіміздің өскелең ұрпақтарымызға жүйелі түрде жеткізіп, түсіндіріп отыруымыз қажет.
Ол туралы мен кейінгі жылдары «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде бірнеше мақалалар жазған болатынмын.
Сонымен, түрктер — әлемдегі ең көне халықтардың қатарына жатады, олардың тарихы кем дегенде бес мың жылды қамтиды. Бүгінгі адамзат баласы ежелгі замандарда орын алған «Ұлы көш», «Ұлы қоныс аудару» деген атпен белгілі оқиғаларды жақсы біледі, өйткені олар туралы әлемнің барлық дерлік халықтарында көптеген аңыздар мен мифтер сақталған. Ол жөнінде Әбілғазының «Шажра-и түрк» атты кітабынан басқа, кейінгі жылдары алғаш рет парсы тілінен қазақ тіліне аударылған, Рашид ад-диннің «Жәми-­ ғат-тауарихында» (1316), Шараф ад-дин Йаздидің «Зафар намасында» (1425), Мырза Ұлықбектің «Төрт ұлыс тарихында» (1425) өте айқын әрі нақты жазылған. Сонымен қатар кейінгі үш кітапта да түрк халықтарының көне дәуірден бастау алатын тарихы мен олардың даңқты император ұлдары — Шыңғыс хан мен оның аталас туысы Әмір Темірдің өмірлері мен жорықтары баяндалған.
Мен осы деректерді «Қазақ әдебие­ті» газетінде жариялай отырып, қазіргі уақытта орын алған түсінбеушіліктерге қарамастан, түрк халықтарының шынайы тарихы жақын арада бүкіл әлемге кеңінен белгілі болады деп сенемін.

 

 

Ержан ИСАҚҰЛОВ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 23.07.2025 | 03:08

Әбілғазының «Жошы ұлысы өзбектердікі еді» дегенін ұмытып кеттің бе, әлде әдейі көрмей отырсың ба, сол Әбілғазының кітабында бар ғой. Әбілғазы Араб шах, Әбілқайырдың (қыздан туған жиен) тұқымы. ешқандай жошылық емес., шағатайлық.оның кітабы не үшін жазылғаны осыдан түсінікті емес пе! оның кітабы қазақ тарихының негізі бола алмайды. бәрі өтірікке құрылған

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір