Боз далада Шыңғыс отыр…
24.11.2025
77
0

Суретші Ерболат Төлепбайдың Астанадағы Ұлттық музейдегі көрмесінен кейін туған ой

Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай жөңкіліп жатады…
Ерболаттың  мына суретіне қарасам, полотноның сыртынан пойыздың жүрісі мен алыстан талып жеткен ысқырығы естілгендей болады. Ойпыр-ай, а, суреттер де сөйлейді екен ау! Дүрс-дүрс, дүрс-дүрс…
Боз далада бозінген бар, бозторғайы жоқ…
Фариза ақын:
«Бозінген сүйреп бұйдасын,
беткейге бозаң белге асты.
Боздаған сәтте қимас үн,
Жанына тиіп жел қашты.

Артында қалды жон-жота,
Анадан үміт сөнген бе?
Қалды ма дейді-ау боз бота,
Бошалап барған сол жерде», – деп жырласа, Есенғали Раушанов:

«Бозаңға біткен боз жусан,
Боқыраудың күні болғанда.
Бозарып барып солар ма?
Мен бозаңды құшып көз жұмсам,
Қара жер, қойның толар ма?..» – деп тебірене толғаған екен.
Төлепбайдың жұмысына қарадым, қарадым да бозамық күнге тап болдым. Бозамық емей немене? Боз далада Шыңғыс отыр.
Мұндағы кейіпкерлер екеу ғана. Олар – Айтматов және кішкене бала,  дұрысы Ерболаттың өзі. Таудай дана Шыңғыстың қасында отырған бала Ерболат Төлепбай. Бұғанасы қатпаған, жұртқа әлі танылып үлгермеген. Сондықтан бала бейнесінің көрерменге, халқына, болашаққа бетімен толық бұрылмаған әрі ашылмаған кезі. Бар көңілі жаңа ғана Шыңғыс байкесі айтқан әңгімеге, эпосқа еліткен, елжіреген. Ал ар жақта Айтматов қалдырған кейіпкерлер бейнеленген.  Ұзын бойлы Танабай ма, болмаса Байтемір ме? Әлде мынау отырған Авдий Калистратов па?
Шыңғыстың сол жағында түйе жетелеген мәңгүрт жүр. Анық емес. Оның бет-жүзін ажырата алмайсың. Иә… мәңгүрттерде сурет болмайды, бейне жоқ. Олар көп… Сондықтан Шыңғыс олардың сыртқы образын емес, ішкі дүниесін берген. Ерболат осыны меңзейді. Аты-жөні белгісіз біреулер. Құдды Айтматовтың өзі сөйлеп тұрғандай… Мәңгүрттер – өзінің кім екенін, әке-шешесінің кім болғанын, руын, ата-бабасының тарихын, тағдырын, тілін, ділін, дінін білмеген пенделер.
О, тоба! Бүгінде мәңгүрттер өзгерген, өскен, өркендеген екен. Олар сонау заманда түйе мінсе, бүгінде джиппен, мерседес, майбах, ломбарджинимен жүретін болыпты. Дүние, уақыт, қоғам – бәрі өзгерген. Өзгермеген  Мәңгүрт қана! Себебі Мәңгүрт мәңгі…  Олар ертең  бастық болып шыға келсе, таңғалма…
Ал ана бір әйел Толғанай ма? Не дейді екен?
«– Уа, армысың, киелі далам!
– Дені-қарның сау ма, Толғанай! Өзің бе келген?
– Бүгін шейіт кеткен бауырларымды еске алатын күнім еді, – дейді Толғанай…
– Білем, білем. Мен де күтіп жатқанмын, япыр-ау, бұл жолы да жалғызбысың?»
Ұлы Шыңғыс  жер-ана мен Толғанайдың  кездесуін, сөйлесуін қалай көрсеткен десеңізші! Құдды көне таныс адамдардай тілдеседі… Иә, жер-анада тіл жоқ, жүрек бар. Жердің тілін ұғу үшін ана болу керек. Айтматов болып туу қажет. Жер-анаға тіл бітірген Шыңғыс отыр мінекей…
Бүгінде жер-ананы былай қойғанда, өз анасын ұқпайтындар қаншама?.. Ана тілі… Ана тілден ажырағандар тап бір анасынан айрылғандар секілді екен-ау.
Мына оң жақта отырған кім?.. Танабай ма? Хош бол, Гүлсарыдағы кейіпкер ме?
«…Сен менің қанатым едің, Гүлсары. Менің ең жарқын жылдарым, өмірімнің ең шұрайлы кезеңі сенімен бірге кетіп барады, Гүлсары. Сен менің көз алдымда сөніп барасың,  тұлпар туған Гүлсары. Бір кездері о дүниеде кездесерміз, Гүлсары. Бірақ әзір менің көзім тірі тұрғанда сен өлмейсің. Өйткені сен менің есімде мәңгіге қалдың, Гүлсары…»
 Қандай қоштасу! Бейне бір әлемдегі ең қимас жақыныңмен, жаның сүйген адаммен қоштасу тәрізді. Танабайдың сүйікті аты Гүлсарымен емес, Шыңғыстың Бибісарамен жылап  тұрып қоштасуы іспетті… Бірақ оны  мына жұртқа көрсетуге болмайды. Заман солай… Иә… бұл – азамат Шыңғыстың, пенденің қимасын, махаббатын, он төрт жыл бірге жүрген асылын, қымбаттысын өлімге қия алмай еңіреген ессіз кезі… Бибісарасынан айрылған Шыңғыс… Қайран  байке… Ұлылар да жылайды екен-ау… Сенің сонау Сицилияға бара жатқан кемеде палубаның үстіндегі аспанға қарап жылағаның Тасшайнардың сыңарын іздегеніндей-тін. Ол әңгіме  әлі күнге жақсылардың жадында. Сондықтан болар, Ерболаттың Шыңғысы мұңлы. Көз жасын жаңа сүрткен, өксігін енді басқан кейіпте.
Полотноның оң бұрышында қайық тұр. Үстінде отырған бала секілді…  Балыққа айналып суға кеткен бүлдіршін… Тағы да Шыңғыс күбірлейді…
Мен саған не айтайын енді, сен өзіңнің бейкүнә сәби, мүбәрак жаныңның, адал жүрегіңнің дегенін істедің. Сен айдын аспанның төсінде бір жарқ етіп сөнген найзағайдай болып кете бардың. Найзағайдың иесі – тұңғиық, шексіз аспан ғана… Аспан мәңгі-бақи…
Иә, осыны айтып тұрған Шыңғыс… Тек қырғыз-қазаққа ғана емес, әлемдік руханиятқа, әдебиетке ізгілік нәрін шашып өткен Айтматов. Ұлы тұлға!
Кімнің не ұққанын білмеймін… Ерболат Төлепбайдың суретінен  мен осыны ұқтым, түсіндім, ой түйдім. Сосын… сосын ешкіммен сөйлескім келмей қалды…

 

Талғат ТЕМЕНОВ,
Қазақстанның Халық артисі, кинорежиссер

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір