Могикандардың соңғы тұяғы
Иә, біз көп ұзамай бұрынғы Кеңес Одағы дейтін алып мемлекетті адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың тайқазанына тоғытқан, бір сәтке толас таппай төрт жылға созылған алапат шайқастардың соңғы сарбазы посткеңестік кеңістіктегі елдердің қайсысында қалт-құлт етіп тіршілік кешіп жүр екен деп тайлы-таяғымыз қалмай жабыла іздестіретін боламыз.
Есептей беріңіз, сондағы ең жас жауынгер жиырма жасында майданға аттанса, әгәр ол бұл күнде Алла сақтап тірі болса, 94-95-ке келуі керек. Расында, сол соңғы сарбаз қай елде қалар екен? Бұл жасқа жету сол соғысқа бармай-ақ, баяу ғұмыр кешсе де, кез келген пендеңіздің пешенесіне жазыла бермеген. Иә, қай елде қалмақ? Бүгінгі Қазақстанда ма, Орта Азияның өзге елдерінде ме, әлде Ресей бастаған славян мемлекеттерінде ме? Әрі-беріден соң гәп онда да емес.
Мен өз басым осы Қарағандыда тұратын екі ардагер – бірі ғалым, екіншісі заңгер – ақсақалға мереке кездерінде сәлем беріп, аман-есендігін біліп жүретінмін. Өткен жылғы Жеңіс күні қарсаңында да соларға кіріп шықтым. Заңгердікіне барсам, бір әріптесім отыр екен. Қаламсабын үйіріп, «соғыста есіңізде қалған бір ғаламат (орыстың «уникальный» деген сөзі осылай аударылушы ма еді?) эпизодты баяндап беріңізші!» деп тақымдап қоймасын. (Неге екенін білмеймін, осы біздің журналистер ардагер көрсе бас салып, әлгіндей сауалмен қинайды да жатады, олардың жан жарасын тырнап аламын-ау деген сезім қаперіне де кірмейді!).
Ана кісі біраз ойланып отырды да, әлдебір әңгіменің тиегін ағытуға мәжбүр болды, әрі сауал қойып отырған кәріске ұқсас, өзі орысша сөйлейтін газетшінің ығына жығылды:
– Қайнаған шілде. Жауынгерлер окоп қазып алып, передовойда жатырмыз. Мен шинелімді шиыршықтап қасыма қойып, аптапқа шыдай алмай, каскамды бір сәтке шешіп едім, окоптарды аралап жүрген командиріміз көзі шалып қалып, ақырып жіберсін: «Рядовой Бакишев, что ты делаешь? А ну-ка, немедленно надень каску!» деп зекіді де, өзі әрі кетті.
Командир айтты, жан қала ма, касканы басыма бастырып қойдым. Арада жарты минут уақыт өтті ме, өтпеді ме, окоптан мойынымды сәл соза беріп едім, тура маңдайымнан бір оқ сарт ете түсті!
Ақсақал осылай деді де, әріптесіме «қалай, эпизодқа жарай ма?» дегендей, әлсіз жанарын қадады. Мынау болса сүйкектетіп жатыр, жымың-жымың етеді. Менің зәрем ұшып отыр.
***
Сол ойранның тарихын қазбаласаң, сөз жоқ, алдыңнан «Қазақ қалай соғысты?» деген сауал көлденеңдеуі хақ. Құдайға шүкір, қазақтардың өзгелерден артық ерлік көрсеткені дәлел!
Қазақтар Мәскеу түбінде де, Ленинград қоршауында да, Курск иінінде де, Сталинград шайқасында да (тізе берсең, кете береді) ерен ерлікпен соғысты. Нүркен Әбдіровке 1942 жылы жауынгерлерге награда сыйламақ түгілі ел де, ел басындағылар да есін жия алмай жатқан кезде (Кеңес үкіметі Мәскеуден Куйбышев-Самараға безіп кеткен) Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Иә, қазақ сарбаздары ғасырлар бойы туған жерін жалаң қылыштың жүзімен қорғап баққан батыр бабаларының әруақтарына еш қылау тигізген жоқ. Қырық бірдің қысына қарай Мәскеу мен Ленин-
градқа төніп-ақ келген қалың жау енді жан сауғалап кейін қашқанда қазақтар өзгелермен білек қосып, Отанымыздан түре қуып, Еуропадан асырып тастады, Берлинге Кеңес Одағының қызыл туын қадады. Рейхстагтың шатырына шыққандардың арасында алғашқы болып Рақымжан Қошқарбаев деген қазақ қасқиып тұрған. Әскербасылар Сталинге жағынамыз деп рейхстагқа Егоров пен Кантарияны (бірі орыс, бірі грузин) жіберген, бірақ шындық керек болса айтайық, олар әлгі ғимараттың төменгі жағына әрең жеткен. Екеуінің кеудесіне де Алтын жұлдыз тағылды. Әрине, бұл жерде олардың еш кінәсі жоқ, гәп кеңестік идеологияның бір «спектаклінде» ғой. Қысқасы, Рақымжан болса, мұндай марапаттан қағылды.
***
…Енді Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 70 жылдан асты деп жатырмыз. Сонда сол сойқан салған жан жарасы мен тән жарасы жазылып бітті ме? Қайдағы! Бұл алапаттың қазақтың қай отбасын айналып өткенін айтыңызшы! Поштабай әйелдердің көрсең зәрең кететін, үшбұрышты қара қағаз әкеп бермеген үйін көрсетіңізші! Сол майданда не әкесі, не ағасы, не ағайын-туысы қаза таппаған, ортақ молаға құлатылған жауынгерлері жоқ қазақ отбасы, қане?
Осы жолдарды жазып отырған менің өз әкем мосқал адам болды да, майданға бара алмады. Есесіне бір қайын атам госпитальде қайтыс болды, екіншісі бір аяғынан айырылып, елге мүгедек болып қайтты. Мүгедек демекші, соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары майданнан оралған ақсақ-тоқсақ, саңырау-соқырлар қазақ ауылдарында қаптап кетті ғой. Біз, балалар, маңайларына баруға қорқатынбыз…
…Міне, могикандардың соңғы тұяғы іспеттес, Ұлы Отан соғысының соңғы сарбазы, қазақтың таяққа сүйенген әлдебір шәукиген шалы Жеңіс алаңындағы Белгісіз солдаттың мемориалына қарай әрең ілбіп келе жатыр. Қолында бір шоқ гүлі бар…
P.S.:
Ал сол қарағандылық қазақтың екі ақсақалы Жеңістің 70 жылдығына жете алмай кетті. Тым болмаса, осы мерекені теледидар экранынан болса да, көріп кетсе ғой, деп жүруші едім. Аллаңыздың жазуы басқадай болды. Аттарын да айтайын: бірі – экономика ғылымдарының докторы Талғатбек Әбдіразақов та, екіншісі – заңгер Әлихан Бәкішев еді.
Марал ХАСЕН.