Ауылдағы бажекеме хат
31.12.2024
284
0

  

Жер-көктегі бір ғана бажам Барбол, уағалейкүм! Қалайсыңдар? Сен менше ақырын-ақырын, сағатына жарты шақырым жүрсің бе, әлде нормаң бір шақырым ба? Қап, «норма» деп жазып қалғанымды қарашы. Үйренген ауыз…. Бұдан біраз бұрын үлкен гәзетте үлке-е-ен мақала шықты. Сен екеуіміздің ортақ құдамыз Ғали жазған. Қазақ тілі мен орыс тілінен ботқа жасап сөйлейтіндерге қарсы. Ал соған біздің Алматыдағы знако… тфу!.. таныстарымның бір де бірі не «дұрыс», не «бұрыс» демеді. Әй, сірә, олар Ғалиға қарсы. Бөлем Аманболға.., ей, Бареке, осы сендердің аттарыңды кім қойса да, тауып қойған, қарашы: Барбол, Аманбол, ә? Иә, бірақ бөлемнің атын сенің атыңша ықшамдап айту…
«Иә, ол гәзетті алғанмын, алайда сен атаған мақаланы көре алмадым, қай жерінде?» – деді. «Өй, қасқа!.. Гәзеттің ең соңғы бетінен кейінгі соңғы бетінде» – дедім, не дер екен деп. Ол үндемеді. Жә, оны қойшы, бірсыпыра сөзім кетті-ау. Е, иә, сен де үндемедің, «көре алмағансың» ғой. Нешауа, енді саған айтпағымды бастайын.
Мен бар ғой, Бареке, соңғы кезде, қарағаннан қарап отырып, өсиет сөз-сөйлемді ойлап табатын болдым. 80-нен секіріп кеткен жасыма қарай ма, ақ мақтадай шашыма қарай ма, ештеңені біле алмадым. Обшым, Бареке, мынадай: «Жоқты «жоқ» деме, бәрібір «бар» болмайды, барды «бар» деме, бәрібір «жоқ» болмайды». Қалай екен?! Содан кейінгім: «Азды «аз» деме, бәрібір «көп» болмайды, көпті «көп» деме, бәрібір «аз» болмайды», «Сақалыңды сатпа, сатқың келсе, кімге, қалай, қаншаға сатуды біл», «Жақыныңа жақын бол, алысыңа алыс бол», «100 грамдататын жастан астың екенсің, стақанды ұмыт», «Ұйқың келсе, ұйықта, келмесе – ұйықтама», «Тамақты күніне неше рет ішкің келсе, сонша рет іш, келмесе – ішпе», «Шікірейген шенеуніктің үлкен-кішісі – бәрібір», «Бастығыңа басқалардан артық жағынғың келсе, күнде таңертең тісін тазалап беріп жүр», «Кімге болсын өтірік айтқың келсе, тыңдаған ол да, айтқан өзің де өкінбейтін етіп айт», «Ұяты жоққа: «Ұятың қайда?» деудің өзі – ұят», «Қызғаншақ екенсің, онда кімнен нені қалай, қашан қызғануды біл», «Пара бермекші болсаң, пайдасын болжап бер, ал біреу саған пара бермек болса, қолын қоса ал!», «Мешкей тойса да, қорқау тоймайды», «Саңырау бастық болса, қол астындағыларды керең етеді», «Ашқарақ бастық болса, алды-артын, айналасын талтүсте тонайды», «Бақа бастық болса, шалшықты көбейтеді», «Көзі ойнағаннан қорық, сөзі судырағаннан сескен», «Аяғы салбырап аспаннан түскендер де, желкесі шодырайып жерден шыққандар да бар», «Әтеш жоқта мекиен қырқылдайды, бұлбұл жоқта бөдене бырқылдайды», «Кім болса да, басында барын базарлайды, жоқты қайдан табады?»… Уәй, Бареке, осымен тоқтай қалайын, кейінгі хаттарыма да қалсын. Ал аман-есен бол! Бәйбішеңе привет! Жауабың кешікпесін.

Сенің де жапандағы жалғыз бажаң – Тоқан.
20. 05. 2024 ж.

Тоқа, сен маладессің!

Қаладағы бажекем, хатыңды алдым да, алдым! Еще қуанып қалдым! Неге қуанбайын?!. Алты үйлі ауылда кім дәу қаладан хат алып жүр?! Пока мен ғана! Ал сенің хатың келген минөтте, осы сенің атың қызық – Тоқан. Жәй ғана толық айтқанда 5 әріп, егер құрметтеп қысқа айтқанда 4 әріп, яғни арғы-бергі арадағысы – «н» әрпі. Жарайды, оны қоя тұрайын да, өзің айтқандай, мен де бастайын.
Сонау жылдары, екеуіміз қыз-келіншектерге қырындап жүргенімізде, колхоздың орталығы болған біздің бұл Қарағайлы ауылымызда 33 үй бар еді ғой. Заман өзгеріп, өзгертпей қоя ма, Президенттің «Жекешелендіру» деген Жарлығы шықты. Ол кісі де үлкен басымен қателесті. «Жекешелендіру»… Нені, қалай, қайда жекелеу керек болды? Дұрысы, «жекеменшіктеу» еді. Солай болды да ғой?.. Жарты жылдың ішінде «Мынау – колхоздікі» дейтін дәнеңе қалмады. Сауда сапырылды. Ойпырым-ау, ауылсоветтің бастығы, сен оны білетін шығарсың, жалтырбас Азарбай, сол ауруханамызды сатып алып, онда жатқандарды «сауықтырып» шығарып жіберді. Колхоз бастығы Базарбай машина-трактор паркін, бас агроном Назархан жанар-жағармай пүнкітін, бас зоотехник Сәлибек киім-кешек, ыдыс-аяқ магазинімізді иемденді. Солардың біреуінің нағашысы дей ме, жиені дей ме, бір жуан қара басқа жақтан жын қуғандай жетіп келіп, наубайханамызды сатып алды. Оны да, магазин атаулымызды да сухиттағандар бағаларды өздері қоя салады. Бәйбішем кеше дүкеннен келе: – Екі апта бұрын еттің килосы 180 теңге еді ғой, бүгін 200 теңге. Бұл не, не пәле бұл? – деді. Мен не дейін: – Тағы екі апта өтсін, шыда, 300 теңге болады, – дедім. Арзан қалжыңмен жұбатып. Е, Тоқа, айтып-айтпай не керек, бәрі базарланып кете барды. Айтпақшы, колхоздың жылқысы, сиыры мен қойы қайда кеткені белгісіз. Аға шопан маған бұйырғаны – екі ешкі.
Біздің желікпей, желпінбей, өзімізше жүретін басекеңдеріміздің ой-жоспарлары қырық қабат, ал қалталары түпсіз терең екенін кім білген.
Ай, Тоқа, осымен аялдайын, басыңды ауырпайын да, құданың құдіреті: соңғы кезде мен де өзіңше өсиет пе, өзімше мақал-мәтел ме, әйтуір тәп-тәуір сөздерді қиыстыратын болдым. Онымды саған ғана айтып отырмын, Тоқа. Блокнотымнан көшіріп бере­йін. Так, так… міне: «Аузыңа келген сөзді айтқың келсе айт, айтқың келмесе айтпа», «Жоғарыдағыларға көзіңнің құйрығымен ақырын ғана қарайтын, төмедегілерге түксіп қарайтын бол», «Байығың келсе, жымқорлармен жымдас бол және олардан «үйрен де жирен», «Дәу бастықтың қолтығына ебін тауып кіре алсаң, ол бір түшкірсе, сен оны сөзіңмен аймалап, «жәрәкімалланы» екі рет айт», «Жолдас-жораларыңның біреуі алдыңа түсіп кетпек болса, бәлемді домалақ хатпен атқыла», «Қалайда жолың ашылып, үлкен кеңседегі биік креслоға отыра қалсаң, қол астыңа өзінің отбасыңнан бұрын сенің амандығыңды тілейтін құлақкестілерді таңдап жинап ал», Обшым, Тоқа, мен де ендігісін келесі хатыма қалдырайын.
Ау, Тоқа, әлгі жекеменшіктеу деген «рррепарма» ауылымызды «аялай» бастағанда жұмыссыз қалған жастарымыз алыс-жақын қалаларды жағалап кетті емес пе, сенше. Сен андағы қалаға барып сіңіпсің. Мұнда туған-туысқандарың жоқ, жым-жырт жүріп, бүгін, 33 жылдан соң, менімен хабарласқаның просто тамаша болды. Себебің не? Енді келіп қайтсаң, құмарымыз қанғанша шұрқырасар едік! Бізде өгеріс көп. Әлгі бөліске түскен техникадан қыл аяғы трактордың сыңар доңғалағы қалмапты. Шет елдердің бірі металға зәру болып зарлауда екен, соған сатылыпты. Естуім. Ал көргенім: құрылыс ағашы таусылып, тотиып отырған тағы бір шет ел «Қарағайлыны» айнала қоршап тұрған көркем орманымызды төрт жылда отап әкетіп, тақыр ауылға айналдық.
Солай, Тоқан мырза. Бөркіңді қалай киюді заман көрсетті, ә? Аралары 5-10 шақырым селдір ауылдағы бізге де, халқы ығы-жығы қаладағы сендерге де. Ыбырай деген көршіміз алдыңғы күні сенің қалаңа барып келіп еді, көзі бақырайып:
– Жағамды ұстамақ тұрмақ, жұлып жырта жаздап келдім! – деді.
– Не болды сонша? Қала көшіп кетіп, орнын сипалап келдің бе?
– Дүкендері азық-түлікке лықа толып тұр…
– Содан шошыдың ба?
– Бағаларынан шошыдым, – деді Ыбырай, басын шайқап.
– Өте арзандап кетіп пе? – дедім, қитығына әдейі тиіп.
– Өзіміздің сары майымыздың килосы бес мың теңге, Қырғызстаннан әкелінгені бесжарым мың теңге! Ет одан да қымбат.
– Әй, Ыбеке, сабыр сақта, тоқта. «Жаңа Қазақстан» болған соң бәрі орын-орнына келеді, – дедім. Дұрыс айттым, ә, Тоқа? Осымен өзім де сабыр сақтайын. Аман-есен бол! Сен де бәйбішеңе сәлем айт!

Қарағайсыздағы бажаң
Барбол.
28. 05. 2024 ж.

* * *

Тоқанмен таныспын. Екеуіміздің үйі­міздің арасында екі үй бар. Жақында хабарласып, кездесіп, әңгімелестік. Ол осы хаттарын маған жымия ұсынып: – Бұларды әзіл-сықақ әңгімелерің шығып тұратын гәзеттердің біріне берші. Фамилияларымыз жазылмаған осы күйінде. Оқығандар не дер екен? – деді. Аманатқа қиянат жасамадым.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір