АЙДЫ АСПАНҒА  ШЫҒАРУДЫҢ ЖОЛЫ
10.06.2016
2120
0

Chemist dropping liquid into test tubes, close-up

Кезінде Ыбырай үлгі ететін «өнер-білім бар жұрттардың» ғылымдағы   жетістігі бүгін тіпті таңғаларлық. Ал қазақ ғылымының көкжиегі қай тұста? Біздің ғалымдарымыз әлемді мойындатар қандай жетістікке  жете алды? Әлде, бір ғалым ағамыз айтқандай, әлі күнге басы бар, аяғы жоқ немесе аяғы бар, басы жоқ реформаларды енгізумен уақыт өткізіп келеміз бе? 

Еліміздегі ғылым саласын ойға алғанда құдықтағы ай сәулесін көрісімен  жіп ұшына ілгешек байлап, жалма-жан тартып шығармақ болған Қожекеңнің алаңғасарлығы ойға оралады. Алайда, құдық түбіндегі тасқа ілгешегі ілінген оның шірене тартам деп шалқасынан түскенде аспанда тұрған Айды көріп: «Шіркін, өзім айды аспанға бір шығардым-ау!» – деп масаттанғаны еріксіз езу тарттырады. Осы күні ғылым саласына өзгерту енгізуге құштар министрлеріміздің жаңашылдығын  «айды аспанға бір шығаруға» құмар Қожекеңнің аңғалдығына теңейміз бе, әлде адасуға балаймыз ба? Әйтеуір Жан Жак Руссо айтпақшы, білмегендігімізден емес, білгішсінем дегенімізден адасып жүрмесек болғаны. «Дөңгелек үстеліміздің» бүгінгі қонақтары еліміздегі ғылым саласының мәселелерін ортаға салған еді. 

 

– Қазақ әуелден сөз өнеріне жетік, му­зы­каға бейім халық. Гуманитарлық ғы­лым­дарды игеру бізге онша қиындық ту­дыр­майды деген түсінік бұрыннан бары сон­дықтан. Ал нақты ғылымдарды біз қа­лай игеріп жатырмыз?

Қуандық  ШАМАХАЙҚуандық ШАМАХАЙ,
Тұран-Астана уни­верситетінің доценті,
филология ғы­лым­дарының кандидаты, қауымдық профессор:
– Өнерге бейім әрі гуманитарлық ғы­лым­дарды еш қиындықсыз меңгеріп жат­қан халық болсақ, нақты ғылымдарға келгенде неге  ақсап қалуға тиіс  екенбіз? Сан жағынан ғана дес бермей жатқан болармыз. Сапасы қайдам…

Гуманитарлық ғылымды еш қиын­дық­сыз меңгеріп жатырмыз дегенде ғы­лым докторлары мен кандидаттардың са­ны­мен өлшеп отырсақ, онда қатты қателесеміз. Жалпы, сырттай қарағанда солай көрінуі заңдылық та шығар. Олай болса, гуманитарлық ғылымды қалай игеріп жатқанымызға алдымен тоқтала кетейін. Орта мектептен бастайықшы. Соңғы жылдары кейбір ата-аналар бала­ларының біліміне, бейіміне емес, алатын бағасына қатты мән беретін болып алды. Бастауыш сыныптан бастап, баласы кілең бестікке оқып, міндетті түрде мектепті алтын белгімен бітіруі тиіс. Осы қағиданы баланың өмірлік мақсатына айналдырады. Әрине, шын білімімен оған лайық болса жөн-ақ қой. Өкінішке қарай баланы «жетектеген тазыға» айналдырады. Ол үшін пән мұғалімдерінен баға сұраудан еш арланбайтын болып алған. Тіпті, бір­лі-жарым таныстарым ұлдары мен қыз­да­рына ақы төлеп, ғылыми жоба жасатпақ болып, ала шапқын болып жүргенін де көрдім. Ондай өлермен жандар мақсат­та­рына жетпей қоймайды. Ғылыми жобасын да жасатады, олимпиадаларда жең­діріп, бас бәйгені қанжығаға байлатады. Олардың көбі физика, химия, математика секілді пәндерге тістері батпайтын­дық­тан тіл-әдебиет, тарих секілді гумани­тарлық саланы қолайлы көреді.

Сөйтіп, жетекпен жүріп, әлгі бала мем­лекеттік грантты да жеңіп ала салады. ЖОО-на түскеннен кейін керемет топ жаратындай қабілеті болмаса да, шолақ белсенділігімен көзге түсіп, бүкіл универ­си­тетті «жаулап» ала салады. Бұл кезде ата-ананың қолдаушылық ролі бәсеңдей бастайды. Өйткені, баланың өзі жол тап­қыштығымен, жағымпаздығымен әкесін он орайтын өнерді игеріп алады. Жүре келе ондай пысықайлар талай талант­тар­дың тауын шағатын деңгейге дейін көте­рілетіндігімен негізі, өте қауіпті. Бірақ оған мән беріп жатқан біз жоқпыз.

Қазір ғалымнан гөрі залымның жолы болғыш заман ғой. Ал сіз  «гуманитарлық ғылымдарды игеру бізге онша қиынға соқ­пайды» дейсіз. Әрине, сыбайлас жем­қорлықпен, көзбояушылықпен оны өте керемет игеріп жатқаны рас та болар.

Шын мәнінде, гуманитарлық ғылым­ды игеру нақты ғылымнан да ауыр әрі күр­делі. Оңай болып көрінетіні, лауазымын пайдаланған әкім-қаралардың көбі филология, тарих, саясаттану ғылымда­ры­ның докторы атанып жүргендігінен болар. Олардың диссертациясын қалай жазып, қайтіп қорғағандары туралы ғы­лыми ортада анекдотқа бергісіз талай әңгімелер айтылып жатады. Оның бәрін тізіп шығу үшін таңды таңға ұруға тура келеді.

678753_924657985_17Жарас СЕЙІТНҰР,
әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дың Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының доценті,
психология ғылымдарының кандидаты:
– Сіздің мына сауалыңыздан қоғам­дық санадағы ұлттың өзін-өзі бағалаудағы мәселелер мен жаңсақ автостереотиптер көріністерін айқын  байқауға болады. Қазақтарды тек музыка мен гуманитарлық ғылымдарға  ғана бейім ұлт деуге болмайды. Біздің  ұлттың  дәл,  нақты ғылымдарды меңгерудегі жетістіктері  өзге салалардан бір мысқал кем емес. Кез келген оқушы Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты,  Алашорда үкіметінің мүшесі, математикадан тұңғыш қазақ профессоры болған Әлімхан Ермековті, Алматы­дағы әйгілі «физмат» мектебіне есімі берілген физика-математика ғылымдары­ның докторы, академик  Орымбек Жәуті­к­овті, мыңжылдықтың жеті есебі санатына кіретін Навье-Стокс теңдеуін шешуге талпынысымен есте қалған физика-мате­матика ғылымының докторы, профессор Мұхтарбай Өтелбаев есімдерін  жақсы біледі. Айта берсек, нақты ғылымдар саласында жетістікке жеткен ғалымдары­мыз көп. Еліміздің жоғары оқу орындарында нақты ғылымдар бағытында қыз­мет ететін көптеген орталықтар мен зерт­­ханалар бар. Мәселен, 2015 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарымен 429 жоба іске асырылды. Ғылым ордасы­ның базасында бес ғылыми-білім беру және инновациялық кластер (ҒБИК) ашылған. Оның төртеуі нақты ғылымдар­ға қатысты. Ол инновацияны тудыру, ғы­лым мен білімді тоғыстыру және инно­ва­циялық өндіріс үшін, сонымен қатар, зерттемелерді коммерциялауға тиімді ор­та боп табылады. Инновацияны құру жә­не енгізуге бағытталған көптеген ұйым­дармен жемісті ынтымақтастық байланыс орнатылды.

– Халқымыздың аңыз-әпсанаға жақын­дығы кейде нақтылықтан, дәлдіктен адас­ты­ратын жағдайлар кездеседі. Осыған қара­ғанда біздің нақты ғылымға «икеміміз жоқ па?» деген ой туады. Сіз қалай ойлайсыз?

Қуандық ШАМАХАЙ:
– Қазақ баласы тумысынан зерек. Енді, прагматикаға шынайы бейімделген компактілі білімге шындап ден қойса, табиғи байлықтан жүздеген есе артық құндылығымыз сол ғана болмақ. Оған үкіметтік бюджеттен қосымша қаржы жұмсаудың да қажеті шамалы. Тек қана барлық деңгейдегі ғылым-білім ошақта­рын­да шын біліктілікті қолдайтын дені сау аура қалыптасса, сыбайластық пен жемқорлықтан құтылса, қазақ ғылым-білімі өзін ғана емес, әлемді жарылқауға да қабілетті.

Жалпы білім беру саласында теория­лық бағытта жоғарыдағы мәдени мәсе­ле­лерді игертумен шектелмей  оның прак­ти­кумының да орны ерекше болмақ.  Мы­салы, жылқы фермасын салу, оның құ­рылыс жобасының есебін жасатуға болады. Биологиялық, зоотехникалық жағдайын зерттеу, жұмыс орындарының ұйымдастырылуын реттеу, эстетикалық, тазалық талаптарын қанағаттандыру үшін қандай үкіметтік орындардан нендей рұқсат алу, қаржы көздерін табудың жолдарын іздестіру секілді нақты іс әре­кеттер үйретілсе баланың өмірге дұрыс жолдама алуына көмектескен болар едік.

Практикумдық жобалар арман-қиял­ға негізделген алға жетелейтін сипатта көрініс тапса құба-құп. Олай болса, өзіңіз айтқандай «аңыз-әпсанаға жақындық­тың» еш кедергісі жоқ бұл жерде. Практикум жұмыстарының жобасын барлық пәндердің мамандары талқылап, баға беріп, ақыл-кеңес қосып отырса, нақты құндылыққа негізделген болар еді. Мұ­ның бәрі баланың болашақ мамандығы мен кәсібін дұрыс таңдауына жоғары оқу орындарына түсулеріне зор қолғабыс жасағандық болар еді.

Қарапайым бола тұра әркімге түсі­нікті, белгілі дүниенің өзін ауырлатып, шақшадай басыңды шыр айналдырып жіберетін оқулықтар мен сабақ берудің көнерген әдістемесімен ендігі жерде алысқа шаба алмасымыз анық. Жеке тұлғаның дені сау, табиғи ойлау жүйесіне әйтеуір міндетті түрде осылай ұқтыруым керек дегенді алға тартып, теріс тәсілмен «шабуыл жасаудың»  психологиялық жағынан зардабы көп. Айталық, ғылыми танымнан, жүйелі білім мен мәдениеттен қорқатын, өз әлеуетіне (потенциалына) сенбейтін немесе барлық нәрсеге догматикамен қарайтын, сыңаржақтыққа бой ұратын әпербақандық жоғарыдағыдай ессіз «шабуылдаудан» туады.

Жалпы білім беретін орта мектептерде адамзат мәдениетінің құндылықтары жүйелі түрде оқытылуға тиіс. Мысалға ма­тематика ғылымын алайық. Натурал және бүтін сандарды, рационал мен иррационалды қандай сипатына қарай қалай бөлуді, дифференциал мен инте-
г­рал­дың негіздерін әркімнің білгені жақ­сы. Бірақ сол үшін бәріміздің математик болуымыз міндетті емес. Математика – моделдеу әрі абстракциялық ойлау ғылы­мы. Сонымен қатар, физика, химия және математика пәндері моделдеуді лайықты айқындағанымен оны  геометр­лік сызбалармен көрсеткенде ойға қоным­ды болатыны белгілі.  Олай болса, мате­ма­ти­ка­лық моделдеу ойды геометрялық тұрғы­дан, графикалық жағынан көре білгенде ғана адам баласы оның негізгі заңдылығын түсініп, өмірде қолдана алады екен.

Физика, химия пәндерінен орта мектеп оқушыларын ұшы-қиырсыз қаптаған формулаларды жаздырып, есеп шығартып қояды да дәл қандай заңдылықтың қызмет етіп тұрғанын әр оқушыға түсінік­ті етіп көрсете бермейді. Ішкі сыры мен себептерін түсінбей заңдылықтардың жалпы құрылымдарымен жіті таныспаған соң ол пәндер тез ұмытылады және оны қайта еске түсіру де мүмкін емес.

Жарас СЕЙІТНҰР:
– Ұлттардың икемділігі мен қабілетін туа бітетін генетикалық факторлармен байланыстыру үлкен қателікке алып ке­леді. Әрине, белгілі бір өмір салты, әлеу­мет­тік-экономикалық, мәдени-тарихи жағдайлар, мемлекеттің жүргізген саясаты кейбір ғылым салаларының дамуына қолайлы жағдай тудыруы мүмкін. Ғы­лым­ның өзі де кейде биліктің құралы боп кетеді. Оның үстіне ғылым мен білім министрі болып отырған адамның дүние­танымы, ғылыми бағыты, ұстанымы күл­лі саланың дамуын анықтап кетуі мүм­кін. Гуманитарлық ғылымдарға қа­ра­ғанда нақты ғылымдардың инфроқұ­ры­лымына көп қаржы жұмсалады. Зертханалар, аспап құрылғылар, жабдықтар ауылда емес қалалы жерде болғандықтан ғылыми орта қай жерде қалыптасатыны айтпаса да түсінікті. Оқушыларды ғы­лым­ға тартатын үйірмелер, оқыту орта­лық­тары, білім сарайлары қазақтар басым болған ауылда болған жоқ. Сон­­­дық­тан үлкен шығын талап етпейтін гуманитарлық  салаға қазақтар көптеп келе бастады. Психологияда «жақын даму аймағы» деген түсінік бар. Қай ортаға түсесің соған қарай дами бастайсың. Біз, психологтар адамдағы нышанды генети­ка­лық себептермен түсіндір­генімен, қабілетті әлеуметтік ортада қалыптасу нә­тижесі деп есептейміз. Балаға нені үйретесің, оқытасың соны алып кетеді. Еврейлердің бала тәрбиесіне көп көңіл бөлетіні сондықтан. Үлкендерге қарағанда балалар алғыр, оқуға бейім боп келеді ғой. Демек, адамның бейімділіктері қандай дәрежеде дамуы оның қоршаған ортасына, әлеуметтік-мәдени жағдайына байланысты болады. Адамда белгілі бір бейімділіктің болуы онда сол немесе басқа қабілеттіліктің дамитынын біл­дір­мей­тіндігін атап өткен жөн. Ол қоғамның даму ерекшелігі мен тәрбиелеу шарттарына байланысты.

– Қарап отырсақ, нақты ғылымдар саласында ғылым докторларымыз аз емес. Алайда, олардың шетелдегідей түрлі жетістіктерге жетіп, ел экономикасын алға сүйреп жүргендерін көрмейсің. Бұл біздің ғалымдар қабілетінің әлсіздігі ме, әлде билік пен ғылым арасындағы байланыстың жоқтығы ма?

Қуандық ШАМАХАЙ:
– Жалпы, қазақ қоғамының мүмкін­дігі де, қауқары да өте зор. Интернет қыз­меттерін тұтыну қажеттілігі артумен қатар компьютер, теле-қатынас  технологиясы адамдардардың күнделікті өміріне дендеп енген жаңа ғасырда  өркениетті экономика бүкіл әлемде бұрынғыдан мүлде өзгеше бағытта дамуға көшті. Мұны батыс ғалымдары ғылымға негіз­делген жаңа экономика деп те атап жүр.

Жаһанданудың арқасында бүгінгі таңда ғылым мен білімге негізделген экономика өркениетті ірі мемлекеттерге ғана емес, дамушы елдерге де ене бастады. Үндістан, Қытай, Ресей, Бразилия секілді әлем экономикасында айтарлықтай орны бар ірі ойыншылардың ықпалы артып, дәстүрлі экономика ығыстырыла бас­тағандығына сала сарапшылары ерекше назар аударып отыр.

Әрине, жаңа экономиканы дамытуда мемлекеттік саясаттың алар орны айтар­лықтай болса керек. Ресми билік, заң шығарушы органдар дәл қандай мәселеге басымдық беретіндігін айқындаумен қатар, ұлттық және аймақаралық эконо­микалық байланыс құруды белгілемек. Ең бастысы, аталмыш сала бойынша бі­лім­ді белгілеу, оны елге бейімдеу, қолдану, білім қорын жасау, одан жаңасын ашу екендігін әлем ғалымдары үнемі алға тартып келеді.

Негізі, білім-ғылымға негізделген экономика үшін басты роль атқаратын дүние өнеркәсіп кластерін құру мәселесі көрінеді. Бұл дегеніміз, белгілі бір аймақ­тардың өзара ұқсас әрі бір-біріне мүдделі кәсіпорындар мен фирмалар құрып, бірлесіп өнім жасауы. Аймақтардың дамуы ұлттық экономика үшін бірін-бірі толықтыратын маңыздылығы арқылы өсімінің нәтижесінде аймақтың ғана емес, жалпы ел тұрғындарының әлеу­меттік өмірінің сапасына елеулі өзгерістер әке­леді екен. Экономикалық дамуға білім мен біліктіліктің қосатын үлесі өскен соң мемлекеттік саясатты да жаңаша белгі­леуге тура келмек.

XX ғасырда негізгі бәсеке – экономи­калық өсуде, елдің дамуында, ұлттық  дең­гейдегі орталықтандырылған рынокте, өнеркәсіп аясында қарқын алды. Техноло­гиялық өзгерістер, электрлендіру, әуе тасымалы, арзан телефон байланысы, қуатты компьютерлер өткен ғасыр экономикасына аса ықпалды факторлар болды.

Ал  XXI ғасырда аталмыш факторлар­дың кейбір ықпалдары сақталғанымен бұрын-соңды кездеспеген тың көріністер де пайда болуда. Білімге негізделген жаңа экономикаға ауысқанда ең алдымен ресми билік үшін көптеген сынақтардан өту­ге тура келетіні белгілі. Әлемдік дең­гей­дегі экономикалық бәсекеде елінің тізе бүгіп қалмауына септесу, бизнес тиім­ділігін арттыра түсу басты назарда болмақ.

Бұл жерде ішкі нарықта ұстанған байырғы саясат жүрмейді. Дүниежүзілік рынок пен экономикадағы бәсекенің сапасын танып, соған үйлесім табатын жаңаша ойлайтын қабілет талап етіледі. XX ғасыр бойы әлем экономикасында АҚШ қана басты ойыншы болса, енді миллиардтаған тұрғыны бар Үндістан, Қытай сынды қарқынды дамыған елдер дүниежүзін дүбірлете бастады. Әсіресе, Қытайдың қарқыны тіпті қатты. Олар аймақтық қана емес, әлемге ықпалын арттыра бастады. Бір кездері азуын айға білеген АҚШ-тың бәсекелестері  Батыс Еуропа елдері мен  Жапония ғана болса, енді  дамушы елдердің өзі экспорттық өсімі бойынша оларды қуып жетті.

Технологиядағы түрлі прогрестер эко­номиканы өзге бағытқа бұрумен ғана шек­телмеді. Оның базалық теориясын да өзгертті деуге болады. Тіпті, шындығын айтқанда, жүріліп жатқан үрдісті эко­номистердің өзі халыққа толықтай түсіндіруге үлгеріп жатқан жоқ. Жаңа көріністердің өмірге дереу дендеп еніп, теориялық түсіндірмесіз-ақ сіңіп кетіп жатқандығына жұрттың еті үйрене баста­ған сыңайлы.

Жоғары технологиялық өндіріс үшін терең білімнің орны айтарлықтай екенді­гін Microsoft мысалынан көруге болады. Оның бағдарламалық қамтамасыз ету үрдісінің үстемелік өндіру шығыны нөлге тең болғанымен, табатын пайдасы шаш-етектен. Білім-ғылымға негізделген экономика деп отырғанымыздың өзі айналып келгенде осы тақылеттес дүние. Қыс­қасы, саусақтың ұшын ғана қи­мыл­датасың болды, қыруар ақша табасың. Ол үшін тау қопарып, тас жаратын білек күшін жұмсап, маңдайдың терін сыпыру­дың қажеті жоқ. Тек қана миды іске қосып, бас қатыруың қажет.

Бірақ білім арқылы жасалған «өнім» сол күйінде рынокке шығарылмауы мүм­кін. Соның арқасында технология жа­ңарады, тың идеялар пайда болады, соны сатумен мол байлыққа кенеледі. Тұр­­мыстық деңгейді сатылап көтере бе­ру­­дің амалы – жинаған дәулет пен шы­тыр­лаған ақша емес. Керісінше, жаңа туын­ды, тың технология, жұмыстың жа­ңа тәсілі, прогреске жетелейтін идея болмақ. Оған табиғи материал іздеп, дайын өнім жасап, қоршаған ортаны бүлдіріп айналаға залал тигізбейсің. Бейнебір шы­ғармашылық туынды жасағандай мимен, біліммен ғана ізденесің.

Жалпы, экономикалық жүйеде ұзақ мерзімдік білім қоры, біліктілікпен  басқа­рылатын өндіріс, капитал ресурстары мен инвестиция, тұтыну нарығы, жұмыс күші және оның еңбек өнімділігі­нің өзара ықпалы аса маңызды. Себебі, осының өзі-ақ жаңа экономиканың даму қарқынын күшейтудің кілті болмақ.

Әрине, осыны сезініп, елінің дамуын жеделдету ең алдымен мемлекетті бас­қарушылар мен саясатты анықтау­шылар­дың қолында екені айдан анық. Дегенмен, негізгі тетікті жоғары деңгейде сапалы білім алған, қарым-қабілеттері мол азаматтар ұстайды. Өсу мен өрлеуді қамта­масыз ететін басты құрал білім мен білік­тілік болып алға шығатындықтан, оған деген құрмет пен ілтипат та мейлінше арта түсуге тиіс.

Жарас СЕЙІТНҰР:
– Ғылымның дамуына тек интер­нал­дық факторлар (ішкі себептер мен оның логикалық даму барысы ) ғана емес, экс­тер­налдық  себептер де әсер етеді. Ғылым­ның дамуына әсер ететін, экономикалық, әлеуметтік-мәдени факторларды естен шығармауымыз керек. Ғылым дамуы әлеуметтік контексте, ұйымдастыру­шы­лық пен әлеуметтік алғышарттар  жағ­дайына байланысты қарастырылады. Бұл ғылыми білімнің детерминация­сын­дағы елеулі, мәнді факторларды анықтап бере­ді. Ғылымның әлеуметтік табиғаты бар. Бұл мемлекеттік тапсырыс, қаржы­лан­­дыру, қоғамдағы сұраныс сияқты жайттар. Бізде саясат пен бюрократия ғылым дамуына күшті әсер етеді. Ғылым тарихын зерттеп отырсақ, қолында әкімшілік билігі барлардың ұстанымы басым болып, нағыз ғылымның міндеті саналатын – ақиқатты іздеу жайына қалып келе жатқанына куә боламыз. Кейде ғылыми институттар, мекемелер әкімшіліктің жеке мүддесіне қызмет етеді. Бүгінде ғалымдарымыз тікелей өз міндеттерінен гөрі есеп беру, қағаз толтырудан бастарын көтере алмай жүр. Барлық жерге барсаң қағазбастылық. Кеңес заманының өзінде мұндай қағаз толтыру болмаған дейді аға буын өкілдері. Бүгінде билік өкілінің, шенеуніктің  беделі ғылым адамының беделінен  жоғары. Ғалымдарымыз креслода отырған жап-жас шенеуніктің алдына төменшіктеп тұрады. Ғалымның қадірі кеткен уақыт қой. Еркін әрі сыни тұрғыда ойлайтын, кез келген дүниеге күдікпен қарайтын, тек ақиқатқа ғана сүйенетін нағыз ғалымдар билікке ешқашан жаққан емес. Қазір бас игіш, айтқанды мүлтіксіз орындаушылар құнды. Ғалымдарымыз билікке сұрақ қоюдан да қалып бара жатыр. Біз интеграция, инновация деген сөздері жиі қолданамыз. Бірақ күткен нәтижелерге жете алмай келеміз. Өйткені, билік пен ғылым арасында кері байланыс онша болмай тұр.

– Тәуелсіздік алғаннан бері ең көп реформаға ұшыраған бірден-бір сала – білім-ғылым саласы десек, қателеспейміз. Осы жаңартулар мен жаңарулар ел ғылымына қандай да бір пайда әкеліп жатыр ма? Әлде зияны басым ба?

Қуандық ШАМАХАЙ:
– Рас, соңғы 25 жылда түрлі реформаны бастан кешірген, сынақ алаңына ең көп айналған сала – білім мен ғылым шығар. Оны қисынсыз деп тағы сөге ал­май­сың. Негізі керек. Кеңес кезінде ғы­лым мен білім бөлініп, әрқайсы өз бетімен қалды. Ал оның тәжірибелік базасы мүлде айдалада жататын. Әсіресе, гумани­тарлық саладағы осындай кереғарлық бүкіл социалистік жүйенің күлін көкке ұшырды. Оған сыртқы күштердің де ықпалы болған шығар. Дегенмен, іштен іріткен факторлардың бірі гуманитарлық ғылымдағы өмірден тым алшақ даңға­залық пен әсіреқызыл мақтаншақтық, шектен шыққан қағазбастылық, жалған есепке алданушылық болғандығында еш күмән жоқ. Қазір де  соның сарқын­шағы­нан толықтай арылып біткен жоқпыз. Оны сол қаптаған реформалардың нәти­жесінен де аңғаруға болатын сияқты.

Айталық, алған білімді сынақтан өткізудің әлемдегі ең тиімді тәсілі –  тес­ті­леу. Дұрыс, біз оны қабылдадық. Мұндай реформа керек болатын. Ал оны жүзеге асырғанда шалағайлықтарға, қателіктерге жол беріп қойдық. Себебі, университеттерде гуманитарлық-әлеуметтік ғылым­дар бойынша пәндерден сабақ беретін оқытушылар тест жасай алмай-ақ қойды. Жалқаулық па, жауапсыздық па, білмей­мін. Кейбір әріптестердің жасаған тес­тіле­ріндегі сұрақтары мен түрлі нұсқадағы жауаптарын оқығанда, көзден жас аққанша күлесің. Тұнып тұрған сати­ралық роман дерсің!

Тест негізі логикалық тұрғыдан тақы­рыптың мазмұнын айшықтайтын, беріл­ген жауаптары арқылы студенттің пайымы­ның қаншалықты дәрежеде екендігін көрсететін өте әділ түрдегі сынақтың аса қолайлы түрі. Оны сапалы жасай алмаудың салдарынан бүгінгі таңда «әжептәуір  ән еді, пұшық айтып қор қылдының» керін келтіріп жүрміз. Оны қазір өзімізден көріп жүрген ешкім жоқ. Бәрі дерлік мейлінше одан бас тарту­ға, бұрынғы жүйеге қайта көшуге кері тартуда.

Жоғары білім берудің кредиттік жүйе­сін тағы да осындай жүйеге көшіріп «қа­зақ­шалап» алдық та, тіпті құтын қашырып жібердік. Бұл жерде ең басты мәселе – студент пен магистрантқа таңдау құқығы іс жүзінде берілуі керек. Олар оқитын пәндерін, дәріс беретін оқытушысын (доцент, профессор) да өздері таңдауға тиіс. Жоқ, қазір бізде бәрін кафедра меңгеру­шілері әкімгерлік-әміршіл тәсілмен үй­лес­тіріп отыр. Ал қағаз жүзінде құрғақ есеп берушілік баяғы сол кеңестік социализм кезіндегідей. Мұндай жағдайда бізден бұрын реформаңның өзі шаршап, титықтап қалатын шығар…

Дәл қазіргідей халық мүддесін белден басқан, ұлттық байлықты аяусыз ұрлаған, түк бітірмей отырып-ақ өзгенің жасағанын қор қылатын сорақылық бұрын-соңды болмаған секілді. Әрбір ұлттың экономикасы тек феодализм дәуірінде ғана шенді-шекпенділердің мүддесіне қызмет етеді дегенді бір жерден оқығаным бар. Эконо­ми­калық барлық қатынасты ат төбеліндей ғана топ үйлестіріп, барлық мүлікті ен­шісіне алып, тонап жатса, әрине, ондай жерде ар-ұят туралы айтудың өзі артық.

Расында, феодалдық экономикада ғана ешбір реформа, даму атаулы болмайды, тек әркім өз шаруашылығы мен жұ­мы­сын күнкөрістің қамымен ілдебайлап жүргізеді. Ондай экономика өз бойына технологияны, ғылымды, білім-білікті, қосымша құнды сіңірмейді. Осы сипатымен ол экономикалық   артта қалушы­лық­ты ғана соңынан ертеді.

Экономикада ілгерілеу болмаған соң, әлеуметтік мәселелер ойдағыдай шешіл­мейді. Кедейшілік, жұмыссыздық дегендер қарапайым көрініске айналады. Еш­кім оларды жұмыспен қамтуға ты­рыс­пайды, біреудің кедейшілігіне бас қатырып, оны обалсынатын жанашыр тұлғаны табудың өзі мұң. Біреуге жалданып, өлместің күнімен ғана тіршілігін күйттемек. Кейін бала-шағасы да сол тірлікті қайталайды, ешбір болашақ жоқ.

Ал байлар мен дәулеттілер отаншыл­дық тәрбие атаулыдан жұрдай болмақ, бар білетіндері қарақан бастарының қамын күйттеу ғана. Алтын-жамбыға, байлық пен олжаға Отанын да, ұлтын да сатып жіберуге бар. Оның өрмекшінің торы секілді жүйесі әлеуметтік барлық саланы қулық-сұмдығымен, алдау-ар­бауы­мен, дүниеқоңыздығымен, парақор­лы­ғымен, жемқорлығымен ірітіп-шірітеді. Сыбайлас жемқорлық жайлаған сала үшін білім мен біліктің құны көк тиын. Ешкімнің еңбегі лайықты бағаланбайды, жасаған жетістігің, тапқан жаңалығың әлдебір тоғышардың олжасына айналып, айдалаға кетеді.

Айналаға қарасақ, осыған ұқсас жайлар бар ма? Банк және қаржы, салық саясатының өзі қарапайым халықтың қалтасын қағуға, зорға күн көріп отырған жандарды одан ары титықтатуға бағыт­та­лып жатқан жоқ па?  Қазіргі кездегі осы әлеуметтік өткір сауалдардың жауабын тапсақ, өзгенің бодандығындағы басы байлаулы еңбек емес, азат та жасампаз, өнімді кәсіпке жетудің жолы табылар еді.

Жарас СЕЙІТНҰР:
– Шынын айтсақ, ғылым деген кон­сер­вативтік сала. Тексеруден өткізбей, дұрыстығына көзі жетпей кез келген жаңалықты бірден мойындай қоймайды. Т.Кун енгізген парадигма түсінігі ғалым­дар­дың кәсіби дүниетанымы, әлем кө­рінісін анықтап отыр. Постмодернизмнен кейін ғылымды әлеуметтік конструкционизм, дискурс деп санайтындар да бар. Бұл тұрғыдан қарасақ, ғылыми жұрт­шылық «дискурсивтік» қауымдастық қана. Ғылым – ғылыми қауымдастықтың өзара келісімі, ұйғарымы. Жалпы, ғалымдар жаңартуларға қарсы емес. Бірақ авантюраны ұната бермейді. Уәжбен негіздеп берсе, рационализмді ұстанатын ғылым өкілі кез келген реформаны мойындар еді. Бірақ бізде қалай? Мамандарымыз Батыста оқып келсе батыстық үлгіні, Шығыста оқып келсе сол елдің, Ресейде оқыса сол жердің үлгілерін тықпалайды. Жергілікті жағдаймен санасу, бейімдеу деген жоқ. Әсіресе, технок­рат­тық ойлауға бейім нақты ғылымдар өкілдерін айтам. Ғалым тек бір ғылыми мектептің, оқыған жерінің «тұтқыны» болмауы керек қой. Жүйелі ойлаудан гөрі сыңаржақтылық басым. Нәтижеде арбаны аттың алдына қояды. Тіпті ең озық әлемдік тәжірибені соқыр көшіруге болмайды ғой. Бәленбай жылдар бойы жинақталған өз тәжірибемізді лақтырып тастау, жоққа шығару қаншалықты дұрыс? Керемет машина, ұшақ пен ғарыш кемелерін, материалдық базамыз әлсіз болғандықтан өзіміз шығара алмасақ та, идеалдық дүниені, интеллектуалдық дүниені неге өзіміз жасай алмаймыз? Қазақтың миы отандық өнім жасауға қабілетсіз бе? Интеллектуалдық, рухани өнімдерде отандық сипат болуы тиіс. Қазақстандық мазмұн, қазақстандық үлес түсінігінің күллі салаларға қатысы бар. Нағыз ғалым ең әуелі өз елінің патриоты болуы керек. Өз басым қазаққа қызмет ететін, қазаққа пайдасы бар кез келген реформаны қолдаймын. Бірақ трансұлттық күштердің, сыртқы күш­тер­дің мүддесіне қызмет ететін бағдарла­ма­ларды қабылдай алмаймын.

Дайындаған Айнара АШАН.

 


Алмагүл МЕНТБАЕВААлмагүл МЕНТБАЕВА,
Назарбаев университеті «Инженерия мектебінің» және
«Institute of Batteries» компаниясының аға ғылыми қызметкері:

– Осы уақытқа дейін қазақ балаларының нақты ғылымдарға қабілеті жоқ дегенді естімеппін. Әр адамның қабілеті әр түрлі, біреулер гуманитарлық ғылым­дарды оңай игерсе, басқа біреулер нақты ғылымдарға икемді келеді. Бұған ұлттың, геннің еш қатысы жоқ деп ойлаймын. Қазақ балалары тілдерді оңай үйренеді және коп тілдерде салыстырмалы акцентсіз сөйлей алады. Ол ең алдымен мемлекетіміздің қос тілділігіне және қазақ тілінің дыбыстық жағынан өте бай екендігіне байланысты деп ойлаймын. Мен гуманитарлы сала жайлы көп білмеймін. Бірақ техникалық мамандықтарға оқып жатқан студенттердің ішінде «адасып» жүргендер кездеседі. Бұл мамандықтарға грант көбірек бөлінетіндіктен, кейбір қабілетті балалар іштей қаламаса да осы мамандықтарды таңдайды. Керісінше, қабілеті болса да, техникалық мамандықтар перспективті емес, кейін жалақысы төмен деген оймен экономика саласына ұмтылатындар да жоқ емес. Меніңше, маман­дықты қабілетіне қарай емес, оқуға түсу мүмкіндігіне қарай таңдау проблемасы басым. Дегенмен, осы нақты ғылымдарға қызығушылық танытып, оңай игеріп, үлкен жетістіктерге де жетіп жатқандар аз емес қой. Ал білімді, қабілетті мамандар бола тұра әлемдік деңгейдегі ғылым мен технологияның даму қарқынынан қалып қоюымыздың бірнеше себебі бар деп ойлаймын. Өте маңызды фактор ол тілді білмеу, яғни ағылшын тіліндегі ғылыми әдебиеттің қол жетімсіздігі. Әлемдегі кез келген саладағы соңғы жетістіктер мен жаңалықтар ағылшын тілінде жарияланады. Бұл бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған мемлекеттердің бәрінде бар проблема. Әрине, уақыт өткен сайын бұл жағдай да өзгеріп келе жатыр. Ғылыми зерттеулерді тежейтін тағы бір мәселе – ол тендер мен бюрократия. Қазақстан территориясы үлкен мемлекет болғанмен халқының саны аз. Оның ішінде белгілі бір ғылым саласында жұмыс жасайтын лаборатория немесе өндіріс санаулы ғана. Сондықтан қандай да бір экспериментке қажет заттардың қоймасы мүлдем жоқ. Қажет материалдар мен қондырғыларды ең жақсы дегенде Ресейден, Қытайдан немесе алыс Америка мен Европадан тапсырыс беруге тура келеді. Өкінішке орай, тендер, бюрократия, кедендік құжаттарды ескере келе бұл процесс айлар мен жылдарға созылады. Үшінші мәселе ол, әрине, ғылымды қаржыландырудың өте төмендігі.

Ғылым мен билік арасында байланыс жоқ деп айта алмаймын, бірақ ол байланыс өте күрделі, яғни тікелей емес. Меніңше, әр түрлі ғылыми кеңестермен экрандалған. Жалпы, жүйе дұрыс емес деп ойлаймын.

Менің білім беру саласындағы өзгерістер мен жаңалықтар жайлы өз сыни пікірім бар. Бірақ оны айтуға жариялауға хақым бар деп ойламаймын. Ол жағынан тәжірибем жеткіліксіз болғандықтан қателесуім мүмкін.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір