«Абай жолы» Минскіге жетті
24.12.2021
788
0

Қазақтың әйгілі роман-эпопеясы «Абай жолы» «Шлях Абая» деген атпен беларусь тілінде жарық көрді.

Кітаптың беларусь тіліне аударылуына Беларуссиядағы Қазақстан елшілігі мұрындық болғанын осы арада айта кеткеніміз жөн шығар. Ел мен елді елдестіретін елшіліктің қызметіне мемлекеттер арасын рухани-мәдени байланыстар арқылы жақындатып, жарастырып отыру да кіреді. Осы орайда өз миссиясын нәтижелі атқарып келе жатқан Беларуссиядағы Қазақстанның елшісі Қайрат Аман «Шлях Абая» беларусь халқының әдебиеті мен мәдениетін кемелдендіре түсетін кітап болатынын және бұл кітап екі елдің бұрыннан қалыптасқан қарым-қатынасын нығайта берерін атап өткен алқалы жиын Якуб Коласа атындағы Орталық ғылыми кітапханада болды.

22 желтоқсан күні кітапханаға аталған елдің жазушылары мен әдебиетші ғалымдары, тәржімалаушылары жиналып, «Шлях Абая»-ны талқыға салып, пікір білдірді. «Абай жолын» Минскіге жеткізген ақын, жазушы әрі кәсіби аудармашы Михаил Поздняков жиында сөз алып: «Ойымша, аудармашы автордан артық жауапкершілікте жұмыс істейді. Өйткені аударма тілі тұпнұсқадан не кем, не артық болмауы керек.

Әрбір әріпті таразыға тартып отырасың және сөйлемдердің қатпарында қандай ой жатыр, автор нені бүгіп қалды – соның бәрін көресің, іштей сезесің. Роман-эпопеяның бас кейіпкері Абай немесе оның көркемделген шығармашылық өмірбаяны ғана емес, жалпы қазақ халқы, жалпақ қазақ даласы», – деді. Аудармашының бұл сөзінен «Абай жолын» терең түсініп тәржімалағанын байқаймыз. Расында, «Абай жолы» – алып полотнолық шығарма. Роман-эпопеяны оқып отырып, роман-полотнодан тұтас қазақтың тағдырын, салт-дәстүрін, болмыс-бітімін, тауы мен тасын, төрт мезгілдің бесігіне бөленген табиғатын көресің.


Әлем әдебиетінің қатарынан орын алып, Әуезовты ұлы тұлғалардың қатарына қосқан «Абай жолы» енді 9 349 645 жан саны бар Беларуссияда оқылатын болды. Бұрынғы ұжымшарлар мен мемлекеттік нысандарды сақтап қалған Шығыс Еуропадағы тұрақты ел – Беларуссия қазір заманға сай даму үстінде. Беларуссия Қазақстанға үй жиһаздарын, ауылшаруашылығы өнімдерін, сосын ұлттық брендке айналған «Беларусь» тракторын экспорттайды. Мемлекет басшысы – 1994 жылдан бері Александр Лукашенко. «Еуропадағы соңғы диктатор» атанған Лукашенко – Ресеймен қаншама одақтасып, туыстасып отырса да, саясат пен экономикалық мәселелер бойынша Кремльге есесін жібермейтін тұлға. Ресей саясаткерлерінің қазақ жеріне қатысты қыңыр-қисық сөйлегенде Лукашенко: «Қазақтар – Алтын Орда империясының мұрагері. Ресейдің Ресей болып қалыптасуына Алтын Орда көп ықпал еткен. Сондықтан орыстар қазақтарға рахмет айтып, қазақтан басып алған жерлерін қайтарсын», – деп салған-ды.


Айтпақшы, Беларуссияға Абайдан бұрын Жамбыл жәкеміз ертеректе «барып қойған». Ол жайында Беларуссиядағы Қазақстанның елшісі Қайрат Аман мырза айтты: «Биыл, 2021 жылы Қазақстан Республикасы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын кең көлемде атап өтті. Жамбылдың жырларына заманында беларусь әдебиетінің классиктері Янка Купала мен Якуб Коллас назар аударып, беларусь тіліне тәржімалаған. Сөйтіп, қазақ пен беларусь әдебиетінің көпірі түйіскен еді».

Ағымдағы жылы екі елдің де Тәуелсіз мемлекет атанып, дербес өмір сүре бастағанына 30 жыл болды. Келесі жылы Қазақстан мен Беларуссияның арасында дипломатиялық байланыс орнағанына 30 жыл толады. Сондай-ақ екі ел Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығын қатар ұлықтайды.
Филология ғылымының докторы, профессор, Янка Купала атындағы Әдебиеттану институтының директоры Иван Савченко алқалы жиынды қорытындылай келе: «Бұл шығармадағы басты кейіпкер Абай – ақын, ойшыл, жаратылысынан ерекше адам. Ол өзінің ойлы өлеңдерінде қазақтың арман тілегін, жүрегін жырлады. Ол қазақ қоғамының ұлттық мәдени-рухани дамуының философиясын жасады», – деді.

Кітаптың беташар рәсімінің барысында Абай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезовтің өмірбаянына арналған бейнебаян көрсетіліп, Абайдың әндері, Дина Нүрпейісованың күйлері орындалды. Поэзия театрының әртісі Ольга Богушинская мен Қазақстан елшілігінің қызметкері Манар Үсенова Абай өлеңдерін оқыды. «Абай жолының» беларусь тіліне аударылуына орай Қазақстан Республикасы Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет арнайы құттықтау хат жіберді.

Айгерім ТАНКЕБАЕВА,
Сарыбұлақ орта мектебінің
11-сынып оқушысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір