ЖОЛДАСБЕКОВ және ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР
24.11.2025
66
0

Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Еліміздің инженерлік саласының көшбасшысы болып саналатын Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп, «Еңбек адамы – 2025» республикалық байқауының тұсауын кесті. Бұл байқау әдебиеттегі жұмысшы инженерлер бейнесі, қалың өндірістің ортасында табанақы, маңдай термен ел игілігіне ерен еңбегімен олжа салып жүрген мыңдаған еңбек адамының тыныс-тіршілігі бейнеленген шығармалардың байқауы болатыны хақ. Бұл жолы «Қазақ әдебиеті» газеті «Еңбек адамы – 2025» байқауына арналған кезекті материалды оқырман назарына ұсынады.

Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияласымен Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп, «Еңбек адамы – 2025» шығармалар байқауын жариялап жіберді. Елдің экономикалық әлеуетін көтеріп, арттыруда қашаннан бергі жұмысшылар еңбегі зор құрметке лайық. Кешеден бүгінге жалғасып жатқан ұрпақтар сабақтастығы десек, асылық болмас. Бұрынғылар: «Өткеннің парқын білмей, қазіргінің қадіріне жетпейсің» деген ғой.

Алматының тау жақ бөктеріндегі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ауқымды әрі күрделі құрылысын кезінде сол құрыш қолды жұмысшылар жүргізіп, ертегідей тамаша қалашықты өмірге алып келді. Иә, ҚазМУ-дың қалашығы қалай басталып, қалай жүргізілген еді. Кезінде жүз гектардай жерді алып жатқан бұл ауқымды құрылыстың алғашқы қазығын ректор, академик Өмірбек Жолдасбеков қағып, ұлттық жұмысшы табын тәрбиелеп қалыптастыруда, болашақ инженер мамандарын шығаруға себепші болған жанкешті еңбек жолында бүгінгілерге үлгі тұтар өнегелі істер аз емес. Осыдан он жылдай бұрын сол құрылыстың жай-жапсарын жақсы білетін елге танымал тұлғалармен және Қазақстан Республикасы Архитекторлар одағының құрметті мүшесі «КазГУградтың» бас құрылысшысы әрі директоры, инженер Тарас Сатмағанбетұлы Төлегенов секілді майталман жандармен бір емес, бірнеше рет кездесіп, әңгіме-дүкен құрғаным бар.
Тарас Төлегенов орта бойлы, ашаң өңді кісі еді.
– Мен Өмірбек Жолдасбековпен бұрын кездескен жан емен, – Тарас аға сөзін осылай бастады. – Алғаш рет Орталық теледидардан көрдім. Бұйра шашты, палуан денелі, келбеті келісті келген ректор отыздың үстіндегі жігіт ағасы екен. Ол университеттің болашақ қалашығы туралы сөйледі. Сол сәтте қызыққаным соншалық «шіркін, осы құрылысты мен жүргізсем» деп елітіп, арманға бой алдырдым. Іле-шала: «Әй, бірақ қалада мүйіздері қарағайдай құрылыс инженерлері тұрғанда, ол танымайтын мені қайтсын» деген үмітсіздік ой басып, лажсыздық танытқаным рас. Содан екі-үш күн өткенде күтпеген жерден Жолдасбековтің өзі үйге телефон шалып, қабылдауына шақырмасы бар ма. Төбем көкке жеткендей қуанғаным соншалық, құстай ұшып Бас поштаның жанындағы ғимаратқа қарай тарттым.
Ол жымия күліп, жылы шырайымен қарсы алды. Әңгіме ауанынан байқағаным, алдын ала мен секілді бірнеше құрылыс инженерлерінің құжаттарымен, еңбек жолдарымен, іс-тәжірибесімен танысып, сарапқа салған секілді. Орыста «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген тәмсіл бар емес пе. Ең соңында жүрек қалауы маған түсіпті. Менің Ресейде қандай институтты бітіргенім, нендей қызметтер атқарғанымды алдын ала біліп алғанын тәптіштеп сұрамағанынан ішім сезді.
Ол ҚазМУ-ге жаңадан қалашық салуға Мәскеуден рұқсат алынғанын, қала басшыларының тау бөктерінен жүз гектарға жуық жер бөлгенін, жаңадан «Университетстрой» тресінің құрылғанынан хабардар етті.
– Ал Тарас бауырым, менің таңдауым саған түсіп отыр. Құрылысты сенімен бірге жүргізсем деген ойым бар. Құрылыс жөніндегі орынбасарым болуға қалай қарайсың? – деп ұсыныс жасады. Жай инженерлік емес, лауазымды қызмет ұсынатынын күткен жоқ едім. Әуелгіде абдырып қалдым. Мұндай мүмкіндіктің екінші рет қайталанбасы анық. Тез арада өзіме-өзім келдім де:
– Өмірбек Арысланұлы, мұндай қалашықты салу әр құрылыс инженерінің арманы ғой, – деп езу тартып, қуана-қуана келістім.
– Айлық еңбек ақыңның қанша болғанын қалар едің?
«Сыны ма, шыны ма?» Ішкі ойыммен арпалысып аз ғана тосылып қалдым.
– Оны өзіңіз біліңіз.
– Екі жүз елу сом берсем жете ме? Егер өз міндетіңді мінсіз атқарсаң, университеттің ғылыми жұмыстарына бөлінген қаржыдан тағы елу сом қосамын.
Мен жақ ашпадым. Үнсіздік келіскеннің белгісі. Оның үстіне Өмекеңнің бір сөзді жан екені көрініп тұрды. Сол кезде үш жүз сом еңбек ақыны министрлердің орынбасарлары алатын.
Өмекең сөзін жалғады.
– Әзірге астыңа қызмет көлігі берілмейді. Бірақ кейіндеу болады. – Ол үстел үстіндегі университеттің сызба-жобасымен таныстырды. Содан соң әлдебір іс қағаздарын тартпасына салды. Әлдене есіне түсіп кетті ме басын шұғыл көтерді.
– Пәтерің бар ма?
– Елуінші жылдары салынған үйде екі бөлмелі баспанам бар.
– Ол үйлер бүгінгі күннің талап-талғамына сай келе бермейді. Университет қызметкерлеріне арнап үй де саламыз. Содан отбасыңа қанша бөлмелі пәтер тиесілі болса, соншасын аласың.
«Жақсы сөз, жарым ырыс». Ішім жылып қалды.
Ол сұрақтарын қазақ тілінде қойды. Мен қазақшаға шорқақ едім. Көп жылдарым Ресей жерінде өтті ғой. Кібіртіктеп қала берген соң көбіне орыс тілінде жауап бердім. Ол «Қазақшаң мәнітті емес екен ғой» деп бетіме баспады. Біртүрлі жымиып күлді де қойды. Соның өзі маған ой салды. Турасы сабақ болды. Ана тіліме шорқақтығыма іштей қысылып, қорландым да. «Е-е бұл кісімен тіл табысу үшін өз тілімді жетік білуім керек екен ғой». Сол күннен бастап, көрші-қолаңмен қазақ тілінде сөйлесіп машықтана бастадым. – Тарас аға езу тартты. Жан қалтасынан шылымын алып, тұтатты да көк түтінді құмарта сорды. – Университет қалашығынаң архитектурасы мен ғимараттары жобасын Мәскеудегі «Гипровуз» жоғары оқу орындары құрылысын жобалау институтындағы сәулетші В.П.Бондаренко бастаған ұжымы жасапты. Біз құрылыстың алғашқы қазығын Биология факультетінің оқу ғимараты тұрғызылатын жерге қақтық. Сонымен бірге бес және тоғыз қабаттан тұратын жатақхананың да іргетасын құюды бастап жібердік.
Бір жылдан соң Жолдасбеков пайдалануға берілген тоғыз қабатты жатақхана құрылысы толық бітіп, университет құрылысындағы пәтер жалдап жүрген жұмысшыларды уақытша қоныстандырды. Олардың көбісі өзіміздің қаракөз жастарымыз.
Өмекең шұғыл шешімнің адамы еді. Кейде қимыл-қозғалысынан, сөйлеген сөздерінен әлденендей асығыстықты байқаушы едім. Бірақ бүгінгі істі ертеңге қалдырмайтын. Көңілі бәрін уақытында тиянақты істелгенін қалайды. Бір жолы құрылыс нысандарын аралап, көріп жүргенімізде ол маған:
– Тарас, құрылыс қарқынын екі еселеп арттыруымыз керек. – деді. Мен:
– Өмеке, университет қалашығын Үкімет екпінді құрылыс деп жариялаған. Осы екі ауысымдық жұмыста да күндік, айлық жоспар уақытында орындалуда. Бұдан артық не істеуге болады? – дедім аңтарыла қарап. Ол:
– Құрылысты қалайда үш ауысымда жүргізуіміз керек, – деп өз ойын ашып айтты. Байқаймын, бүгінгі жұмыс қарқынын місе тұтпайтын сыңайлы.
Мен іштей күмәндандым. «Бұған министрлік пен Бас мердігерлер, құрылыс трестері қалай қарайды? Келісе қоя ма? Әй, қайдам!». Лезде дүдамал туғызған ойымды меселін қайтарып алам ба деп, ашып айта алмадым. Әліптің артын бағып, үнсіз қалдым. – Тарас Төлегеновтің сөзін бұрыштағы телефон қоңырауы бөліп жіберді. Ол орнынан тұрып, солай қарай беттеді.
«Іс тетігін кадр шешеді». Жолдасбеков оның да жолын тауыпты. Қалашық құрылысының Бас мердігері «Алматы құрылыс басқармасының» Құрылыс индустриясы Бас басқармасының жауапты қызметкері Ұзақбай Қарамановты әйелі Ұлдаймен мамыр мерекесі күндерінің бірінде үйіне қонаққа шақырған. Шай үстінде Жолдасбеков:
– Ұзақбай, университет құрылысы бір жылдан бері екі ауысымда жүргізіліп келеді. Соны үш ауысымға көшіруге қандай кеңес берер едің? – деді оның қоңырқай жүзіне барлай қарап.
Ұзақбай ілкім сәт ойланып отырып:
– Өмеке, меніңше, құрылыс жоспарлы түрде жүріп жатыр. Ал неге үш ауысымға көшіргіңіз келеді?, – деп сұрақта төтесінен қойды.
Жолдасбеков:
– Алғашқыда Николай Константинович Байбаков төрағалық еткен Одақтық Жоспарлау комитетіндегі шіренген шен-шекпенділерді көндіру оңайға түскен жоқ. Олар университеттің оқу корпустары Алматының әр көшелерінде бар деген желеуді ұстанып, қаржының тапшылығын айтып, салған жерден ат-тондарын ала қашып, қарсы болды. КОКП ОК Саяси Бюроның мүшесі Дінмұхамед Қонаевтың КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Алексей Николаевич Косигинді көндіріп, құрылысқа жол ашпағанда, мені өзіме етене таныс аты әлемге мәшһүр академиктер қолдамағанда, бәрі де аяқсыз қалар ма еді, – деп бір қойды да қалың қабағын шытып, сөзін қайта жалғады. – Кім біледі, алда әлі қандай жағдай болатынын? Мәскеудің беті бері қарап тұрғанда құрылыс жұмыстарын тездетуді жөн көріп отырмын, – деді ішкі ойының шет жағасын шығарып.
Қараманов:
– Өмеке, сіздің арғы ойыңызды енді түсіндім. Бірақ екі ауысымдық құрылыстарда әрқалай тосын жайлар болып жатады. Ал үш ауысымның түн мезгілінде жұмысшылар үшін қауіпті екенін мен айтпасам да білесіз. Өйткені олардың көбісі кәсіби маман емес. Ауылда мал бағып, оқу-білім іздеп келген, уақытша жүрген жастар ғой.
Жолдасбеков:
– Біздің жастар қашанғы мал соңында жүреді. Ұлттық жұмысшы пролетариатын да қалыптастыруымыз керек шығар. Ертең солардың арасынан айтулы құрылыс мамандары, білікті әрі білімді инженерлер де шықпасына кім кепіл. Оларды алдын ала кәсіпке дайындап, қауіпсіздік курс сабақтарынан өткізіп алсақ ше? – деп оның қоңырқай жүзіне барлай қарады.
Қараманов:
– Ол үшін арнайы оқытушы мамандарын шақыру керек. Бірақ олардың кәсіби шеберлік дәрістеріне төленетін қаражат қажет-ақ.
Жолдасбеков:
– Бұл жағын шешу маған аса қиындық тудырмас. Қаржы министрлігімен келісермін.
Қараманов:
– Ендеше ұсынысыңызды қолдауға болады. Тек ертең сіз екеуміз «Алматы құрылыс басқармасының» Құрылыс индустриясы Бас басқармасының бастығы Ораз Мақайұлы Бейсеновтің қабылдауына барып, келісімен алайық, – деді байсалды үнмен.
Жолдасбековтің жүзіне қан ойнап шыға келді.
Ораз Бейсенов олардың ұсыныстарын мұқият тыңдап қолдады. Қаржы министрлігінен кәсіптік курсқа ақша бөлініп, жұмысшылар біліктілігін арттырды. «Университетстрой» үш ауысымдық жұмысқа көшіп, құрылыс барынша қарқын алды. Есентай өзенінің шығыс жақ бетінен университеттің оқытушылары мен ғалымдарына арналған үйлердің құрылыстары да бой көтере бастады.
Төлеген Тарасовпен сенбі күні тағы кездестім. Ол:
– Ауқымды құрылыс алаңында түні бойы қуатты шамдар жарқырап, жұмыстар таңға дейін тынбайтын. Қай кезде барсаң да қайнаған еңбек. Сол кездегі Өмірбек ағаның қажыр-қайратын, іске деген құлшынысын айтсайшы. Ғылыми жұмыстарынан да қол үзген емес. Студенттерге дәрістерін де беруде. Әйтеуір, бәріне үлгеріп, бәріне уақыт табады. Ойласам, әлі күнге таңмын. Мәскеудегі не шетелдердегі ірі ғылыми симпозиумдарға қатысып, Алматыға түнгі сағат екі-үштерде ұшақпен ұшып келсе де, үйіне соқпай бірден қалашықтың құрылыс алаңына келеді. Қыстың қақаған аязында қар кешіп, көктемнің жауынында ми батпақта тайғанақтап, аумағы ат шаптырым жерді алып жатқан құрылыс нысандарын жаяу аралайды. Жұмыс барысын өз көзімен көріп, прораб, бригадирлермен жолығып, қажетті материалдар тізімін қойын кітапшасына түзіп, ертеңіне таңертең сағат сегізден өте «Киров» пен «Панфилов» көшелерінің қиылысындағы кеңсесінде отырады. Басшының жұмсақ креслосына байланып отыра бермей, құрылысшылар ортасынан көрінгенінің өзі неге тұрады. Дәтке қуат қой. Құрылысшылар оны сол қасиеті үшін «Бас прораб» атап кеткен.
Әлі есімде. Биология факультетінің негізгі құрылысы бітуге айналған. Ішкі әрлеу жұмыстары қызу жүруде. Екеуміз ғимарат қабаттарын түгел аралап шықтық. Сонда тағы бір байқағаным, көзі өте қырағы екен. Әккі инженер мен байқамаған тасадағы сәл ғана кемшін жерді мүлт жібермей түзетуді талап етеді. Жолай маған сұрақтар қояды. Мен жауап беремін. Орынды жерде әзілдейтіні де бар. Ғимараттан былай шыққан соң ол мені қолтықтап тұрып: «Тарас, менің мамандығымда сен мақұрымсың, ал сенің мамандығыңда мен мақұрыммын», – деп ой қарқ-қарқ күлсін бір. Еш қитұрқысы жоқ шын ықыласты, шынайы таза күлкі. Менің де ішек-сілем қатты. Бұл кезде оның әзіл-қалжыңды жақсы көретініне, ашық-жарқын мінезіне мен де қалыптасып қалғанмын. Өмекеңнің: «…сенің мамандығыңда мен мақұрыммын» дегені жай сөз. Маған қатты сенетінін әзілмен жеткізгені ғой. Шындығына келсек, ол құрылыстың қыры мен сырын білдей бір инженерден артық білмесе, бір мысқал да кем біледі дей алман.
Ал Өмекеңнің табиғаты, талғамы басқа. Сырт пішіні адуынды, айбарлы көрінгенмен ішкі дүниесі мейірімге толы, өте сезімтал, бірақ анау айтты тым жұмсақ та емес. Қай жерде мәселені қалай қозғап, қалай шешетінін жақсы біледі. Ондайда ішкі ойын тартынып қалмай, ашып айтады.
Жолдасбеков маған шалт бұрылып:
– Тарас, өткен аптада сенбілікті ұйымдастыру жайында кеңесіп едік қой. Дайындық қалай? Оқу корпустарына, жатақханаларға хабарландырулар ілініп пе еді? – деп сұрады. Мен:
– Бір апта бұрын плакаттарға жазып, жатақханалар мен оқу корпустарының жұрт назары түсетін жерлеріне ілгенбіз, – дедім. Ол:
– Жақсы, университеттің бүгін болатын жалпы жиналысында көпшілікке тағы ескертеміз, – деді.
Бұл мамырдың соңғы күндерінің бірі еді. Ректор барлық факультеттердің оқытушылары мен ғалымдарын түстен кейін, сағат үште үлкен залға жинап, әуелі оқу-тәрбие, жазғы сессия мәселелерінен қозғап, істің жай-жапсарын пысықтап шыққан соң ертең сенбілік болатынын тағы да естеріне салып, соған бір кісідей қатысуды өтінді. Жас оқытушылар жағы құп алып, құлшыныс танытуда. Сол екі арада алдыңғы орындыққа жайғасқан Заң факультетінің жас шамасы алпыстың бел ортасынан асқан мол денелі профессоры орнынан ыңырси тұрып, ректорға ежірейе қарап, орыс тілінде зілдене сөйледі.
– Өмірбек Арысланұлы, біз ғылымның адамдарымыз. Студенттерге дәріс оқу үшін күні бұрын дайындалуымыз қажет. Соның өзінде бізге уақыт тапшы. Сонда, сіздіңше, біз қолымызға қалам ұстап дәріске дайындалудың орнына шаң басқан күрек ұстап, сенбілікке шығыуымыз аса қажет пе? Осы екеуінің қайсысы біздің міндетіміз? – демесі бар ма аузынан қағынып.
Мен оның түйеден түскендей сөзіне тіксініп қалдым. «Қап, мынаны-ай! Жұрттың көңіл күйін бұзды-ау. Сенбілікке шыққысы келмесе үндемей-ақ жайына қарап отыра берсе етті».
Жолдасбеков сабыр сақтап, басқалар да осылай ойлайды ма екен дегендей, залдағылардың бәрін көзімен шолып шықты. Аз үнсіздіктен кейін қоңырқай өңі сәл күреңітіп, қазақ тілінде.
– Сіз осы университеттің жалғыз профессоры емессіз. Мен де солардың бірімін. Анау жаныңызда отырған Тарас: «Құрылысқа шеге жетпей жатыр десе» мен соны іздеп, өндіріс орындарын кезіп, жоқты тапқанша табанымнан тозып, бүкіл қаланы шарлаймын. Ал сіз екі сағат күрек ұстауға жоқсыз. Анығы, арланасыз. Күрек ұстаған жұмысшының намысына тиіп, қорлап тұрғаныңызды білесіз бе? Олардың сол шаң басқан күрекпен сіздің анау жылы үйіңізді салып бергеннен басқа қандай айыбы бар еді. Қала берді осы универсиетет құрылысын күндіз-түні жүргізіп жатқан солар емес пе? Сіз ертеңгі күні немереңіз не шөбереңіз осы университетте оқымайтынына кепілдік бере аласыз ба? Біле білсеңіз, осының бәрі ұлтымыздың ұрпағы үшін жасалынып жатқан игілікті іс қой. Солардың болашағы үшін бір күн сенбілікке шықсаңыз, қолыңызға күректің шаң-тозаңы жұғып қалмас. Ертең сенбілікке факультет оқытушыларын сіз бастап шығасыз. Мен сізді солардың алдынан көретін болайын, – ол соңғы сөзін анаған мірдің оғындай қадап айтты. Залдағылар ду қол шапалақтап, ректорды қолдады.
«Әп, бәрекелді! Өмекең не айтарын біледі! Тұлданған неменің қақынан бір шықтың-ау, аға». Мен бар демімді бір-ақ алдым. Бойым ауыр ойдан арылып жеңілденіп қалды. Қазақ «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» демей ме. Профессор сонда ғана өзінің артық кеткенін сезіп, пұшайман халде келідей басын төмен салды.
Академик Көпжасар Нәрібаев сұңғақ бойлы, қоңырқай өңді кісі. Бертінде университетті он жылдай басқарды. Менің сауалыма құлақ қойып алды да тамағын кенеді.
– Мен сол кезде Ғылым және білім министрі едім. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев телефон шалды.
– Көпжасар, университет қалашығына барып құрылыс жағдайымен танысып қайтайық. Бізбен бірге облыстың, бірнеше министрлер және тиісті мекемелердің қызметкерлері болады, – деді биязы үнмен.
Межелеген күні таңертеңгі сағат онда бәріміз қалашыққа бардық. Бізді Өмірбек Арысланұлы алаңқайда күтіп алып, құрылыс нысандарына қарай жол бастады. Қай нысанға қанша қаржы көлемі игерілгенін, қанша пайыз жұмысы орындалғанын жатқа айтады. Бірқатар нысандардың құрылыстарымен таныстырған соң экспериментальды-тәжірибе зауытына алып барды. Мұндай зауыт сол кезде Одақ көлеміндегі жоғары оқу орындарының ешбірінде жоқ еді. Биология факультетінің құрылысы толық біткен кезде Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қалашыққа тағы келіп, ғимараты мұқият қарап шықты. Атқарылған іске көңілі толып, құрылысшылармен кездесіп, хал-жағдайларын сұрады. Құрылысшы мәртебелі мамандық екені жөнінде ұлағатты сөздер айтып, рухтарын көтерді. Содан соң Жолдасбековке бұрыла қарап:
– Ректор жолдас, озат жұмысшыларды мемлекеттік наградаларға ұсыну қаперіңде болсын, – деп ресми түрде ескертті. Жолдасбеков басын изеді.
Пәтер есігі сықырлай ашылып, ішке Тарас Төлегенов енді.
– Тарас аға, жұрт Жолдасбековті құрылыста реформатор деп жүр. Сіз бұған қалай қарайсыз?
Иә, реформатор демекші кейде құрылыс жұмыстары жанталаспен жүріп жатқанда, сызба-жобаны табан астында өзгертетінін қайтерсің. Ондайда құрылыс басшыларының шыр-пыры шығады. Бас мердігердің жауапты қызметкері Ю.К.Красиков ашынып:
– Өмірбек Арысланұлы, бұл Мәскеу бекіткен жоба. Енді мұны солардың ғана өзгертуге құқы бар, – деп күйінсе, екінші бір қызметкері В.Р.Краснянский:
– Өмірбек Арысланұлы, сіздің нұсқауыңызбен біз жобадан ауытқи алмаймыз. Өйткені басымызбен жауап береміз. Оны өзіңіз де жақсы білесіз, – деп азар да безер болды.
Өмекең сасқан жоқ. Оларды сабырға шақырып, сабасына түсірді.
– Бұл жобаны өзіміз секілді жұмырбасты пенделер жасады. Олар да қателескен. Жобаның жетілмеген жақтары құрылыс барысында көрініс беруде. Кейін бармақ шайнап, өкініп қалмас үшін соларды дер кезінде түзеткен жөн. – Солай деп сызба-жобаларды қолтығына қыстырып, жүре берді.
Жолдасбеков Мәскеуге шұғыл тартып, университет жобасының авторы Александр Потокинмен кездесіп, бір аптадан соң жобаның өз қалауы бойынша түзетілген жаңа нұсқасын алып келді. Жұмсалатын қаржыда өзгеріс жоқ. Оның түзетулері орынды болып шықты. Ал таңданбай гөр! – Төлегенов маған қарап, дауысын көтере сөйледі. – Білсең айтшы, бұрын-соңды мұндай бас кететін батылдық қай басшының, қай ректордың қолынан келіп еді?! Көрегендігі болмаса мұндай жүрек жұтқан іске кім барар еді? Тек, Өмірбек Жолдасбеков! – деп ол, сұқ саусағын жоғары көтерді.
Он жеті қабаттан тұратын Ректорат ғимаратының құрылысын бастар кезде, Жолдасбеков мені Германия мен Польшаға іссапарға жіберді. Сәулет өнерлері дамыған елдер ғой. Биік-биік сәнді ғимараттары алыстан көз тартады. Көрсең көзің ашылып, көңілің тояды. Бірқатар құрылыс нысандарын аралап, азды-көпті тәжірибе жинадым. Тіпті мен үшін бұл іссапар өте пайдалы болды.
Шетелдерден оралысымен ректорат ғимаратының жобасын қайта қарадым. Жоба бойынша төбесі көк тірейтін бас ғимараттың сыртқы және ішкі негізгі қабырғаларын монолитпен тұрғызу керек. Ал монолит ішке ауа өткізбейді. Сондықтан да бастапқы сызба-жоба біздің талғамымызға келмейді. Енді не істеуім керек? Қалайда ғимараттың негізгі сүйегін металл-рамалармен тұрғызып, қабырғаларын шлак-бетонмен өргізген абзал. Ал балкондарға күн сәулесіне тосқауыл болатын қалқандар қойған жөн. Нартәуекелдің атына мініп, Өмекеңнің алдына бардым.
Жолдасбеков ұсынысымды мұқият тыңдады.
– Тарас, сол металл құрамалары жоғары балдық жер сілкіністеріне төтеп бере ала ма? – деді сынай қарап. Мен кідірмей.
– Өмірбек Арысланұлы, жоғары сапада құйылған металл-рамалар бар және оларды бір-біріне дәнекерлеп қою аз. Қосымша болттармен қатырамыз. Тек жерасты жарылыс күші жойқын орасан зор болмаса, анау-мынау жер сілкіністеріне былқ етпейді, – дедім сенімді түрде.
Өмекең тағы да бірнеше сұрақтар қойды. Әбден көзі жеткен соң Мәскеудегі Кеңестер Одағы жоғары оқу орындары құрылысын жобалау институтының директоры Александр Алексеевич Потокинді арнайы шақырды. Потокинге жобаға тағы да өзгеріс енгізу керектігін ашып айтып, өз ұсынысымызды дәлелдеуімізге тура келді. Бұл жолы да Жолдасбековтің беделі көп көмегін тигізді. Ұзаққа созылған пікіралмасудан соң, біздің ұсынысымызды қолдады. Біз сол өзгерістер енгізілген жоба бойынша ректорат құрылысын бастадық.
Құрылыс нысандарын аралап, түс әлетінде кеңсеме оралдым. Телефон безек қақты. Тұтқаның арғы жағынан Өмекеңнің күмілжіген дауысын естідім. Өзіне шақырды. Жабырқау үнінен бір ыңғайсыздықтың болғанын ішім сезді.
– Тарас, КОКП Орталық Комитетінің идеология хатшысы Михаил Андреевич Сусловқа біздің үстімізден арыз түсіпті. «Жолдасбеков бастапқы сызба-жобада көрсетілмеген қымбат металл-құрамаларын жөнсіз пайдаланған. Құрылыс мамандары мұндай ғимарат жер сілкінісіне шыдас бере алмай шашылып қалатынын айтуда. Құрылысты тоқтатып, Жолдасбековке қатаң шара қолдану керек» деп шағымданыпты. Осы арыз бойынша Суслов бізге арнайы тексеру комиссиясын жіберері анық, – деді ол.
– Өмеке, жобаға өзгерісті әлемдік тәжірибеге сүйеніп, орынды енгіздік. Потокин де көзін жеткізіп кетті.
– Тарас, инженерлік ұстанымыңды дәлелдеп, Сусловтың атына арнайы хат жаз. Ғимараттың фотосуретін де қосып жіберейік, – деді көңілсіздеу үнмен.
Мен инженер ретінде ректорат құрылысының мықтылығына кепілдік беріп, оны нақты дәлелдермен ақ қағазға мұхият түсірдім. Потокиннен қолдау тапқанымызды да бүгіп қалғаным жоқ. Өмекең хатты оқып шықты.
– Өте жақсы. Соқырға таяқ ұстатқандай екен, – деп қолын қойды. Ол шырылдаған телефон тұтқасын көтеріп, әлдекіммен сөйлесіп жатқанда кабинетінен шығып кеттім. Хатты пошта арқылы салып жібердім. Көңіл шіркін алаңдаумен күпті болды. Ректорат құрылысын тоқтатқанымыз жоқ. Ғимарат күннен күнге биіктей түсті.
Сондай алаң күндердің бірінде Мәскеуден Сусловтың жеті-сегіз білікті маманнан құралған комиссиясы да сау ете қалды. Олар аз болғандай «Госстрой» бастығы Юрий Николаевич Пастухов та өз комиссиясын жіберіпті. Университетте күбір-сыбыр әңгіме жайлады. Әлдебіреулердің жайылған езулеріне қарағанда, айыздары қанған сияқты. Комиссия мүшелері қонақүйге жайғасып, ректорат құрылысын апта бойына асықпай тексерді. Назарларынан ештеңе қалыс қалған жоқ. Бір аптадан соң үн-түнсіз Мәскеуге қайтты.
Арада бірнеше күн өткен соң Өмірбек Жолдасбековтің қолына тексеру комиссияның қортындысы тиді. Өмекең көңілді.
– Тарас енді тыныш ұйықтауыңа болады. Бәрі де дұрыс! – ол хатты қолыма ұстатты. Көз жүгіртіп оқып шықтым. Ректорат құрылысының талапқа сай жүргізіліп жатқанын жазыпты. Аздаған жеңіл-желпі ескертулері де бар. Менің зіл тартқан алаң көңілім сонда ғана орнына түсті. Ол:
– Тарас, айналайын сенің өз міндетіңе, адалдығыңа қылаудай күмәнім жоқ. Тек өтінерім, құрылыстың бірде-бір шіріген шегесіне дейін жоғалтып алмағайсың. Ал егер жоғалса, артыңа қоңырау ілетіндер жетеді. Осы кезге дейін тірнектеп жинаған бар беделімізден сен де, мен де бір-ақ сәтте айырыламыз. Ар мен абырой саған да, маған да өте қымбат! – деп ескертті.
– Күрең қызыл шай көңіл ашады, інім, – Тарас Төлегенов буы бұрқыраған шәугім мен ызыңдаған шәйнекті үстел үстіне қойды.
– Университет қалашығын тек трестердің құрылысшылары ғана салған жоқ. Сотта кесімді жазаларын алған неше алуан қылмыскерлер де жұмылдырылды. Өмекең бұл шешімге қол күші жетіспеуінен барды. Әуелгіде Бас мердігердің басшылары қарсы болды.
– Өмірбек Арысланұлы, сотталғандар жұмыс істейтін құрылыс нысандары биік етіп қоршалады. Қауіпсіздік үшін жүк көліктері мен адамдар кіретін және шығатын жерлерде қарулы жасақ тұруы керек. Университет қалашығы ашық құрылыс алаңы. Мұндай жағдайда оларды пайдалану мүмкін емес, – солай деп жауапкершіліктен бастарын алып қашты. Өмекең:
– Отыз жетіде қазақтың талай «мен» деген азаматтары жазықсыз сотталып, жапа шеккен жоқ па. Солардың бәрі адами қасиеттерінен айырылып қалған деп кім айта алады? Аса қауіпті қылмыскерлер болмаса, былайғысымен тіл табысуға болады ғой. Тап қазір бізге қол күші ауадай қажет. Сондықтан ондай жандарды да пайдаланайық. Бар жауапкершілікті өз мойыныма аламын, – деп табандап тұрып, талап етті.

Мердігерлер ылажсыз көнді. Шынымды айтсам, мен де Өмекеңнің бұл тәуекелін іштей құптамаған едім. Білемін, қылмыскерлердің араларында небір қыш қалаушылар, бетон құюшылар, сылақшылар, электр дәнекерлеушілер, әрлеу жұмыстарын игергендер бар. Жаман айтпай жақсы жоқ. Оларға сенім артып, қапелімде сәтсіздікке ұшырасаң бар еңбегің зая кетті дей бер. Заң сенің атақ, даңқыңа қарамайды. Қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қатаң жазалануың да ғажап емес. Ал Өмекең ақыл-парасатымен соларға да сыйлы болды. Тоқсан сайын күндік норманы орындап жүргендерін «Мақтау грамотасымен» марапаттап, кесімді мерзімдерін қысқартуға септігін тигізді.
Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы Болат Арыстанәлиев:
– Жаңа ғимарат құрылысының алғашқы қазығын Жолдасбеков маған қаққызды. Мұндай құрметті қалай ұмытарсың. Шынайы мейірімімен, жанашыр қамқорлығымен жан дүниемізді өзіне баурап алды. Ол құрылыс нысандарын ұдайы аралаған сайын құрылысшылардың хал-жағда­йын сұрайды. Жыл сайын біразымызды кәсіподақ есебінен «Қарғалы» секілді демалыс орындарына жолдамамен жіберіп жатқаны. Ол кісінің құрылысшыға деген ілтипаты ұшан-теңіз. Өзім уақыт өте кәсібім жағынан сатылап өсіп, прораб, учаске бастығы қызметтерін атқардым. Атақ-абыройдан кенде емеспін. Сол жастардың арасынан бертінде қаншама құрылыс инженерлері шықты. «ҚазГУград» қалашығы – менің жастығымның куәсі. Бұл мен үшін мақтаныш, – дейді.
– Шынында, Өмiрбектiң жұмыс iстеу тәсiлi елден ерекше едi. Әсіресе университет құрылысында айқын көрініп тұрды, – дейді ОК-тің Ғылым және білім бөлімінің бұрынғы меңгерушісі Сәдуақас Темірбеков, – жаңаша ойлап, iстi жаңаша ұйымдастыратын. Не нәрсеге де батыл барушы едi. Оны бiреулер түсiнiп, бiреулер түсiнбейдi.
Сәтi келген оңаша сәтте жанашырлық сөз айттым.
– Өмiрбек, Өмеке, адам мүмкіндігі шектеулі. Шамадан артық жүк денсаулыққа әсер етеді. Енді өзіңді де аясаңшы. Саған қарап отырған отбасың, бала-шағаң бар ғой, – дегенімде, ол:
– Сәке, қазір өз жағдайымды ойлап аянып қалатын кез емес. Оның да реті келер, – деп жайдары күлімсіреген еді жарықтық.
Кенет ойына әлдене түскендей басын әнтек көтеріп жымиды да:
– Қалашықтағы оқытушы ғалымдар мен студенттердің көпқабатты жайларын айтсайшы! Бұдан он жыл бұрын мұндай жағдай студенттер мен оқытушылардың өңі түгілі түсіне де кірмеуші еді. Оқу корпустары ше?! Университет барлық әлеуметтік және ғылыми талаптар жағынан Одақ көлемiнде Мәскеу, Ленинградтан кейiнгi үшiншi орынды иемдендi, – деді қоңырқай үнмен.
Өмірбек Жолдасбековтің университет құрылысы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жан ұшыра жүгіріп жүргені кім үшін? Ұлтына жаны ашымаса, ұлтының болашағын ойламаса соншалық жанын қинар ма еді. Ойдан жүйрік не бар. Оның университет құрылысындағы сол күн-түн қатқан жанкешті еңбегі, сонау ғасырлар қойнауында көмескіленіп қалған Көк Түрік мемлекетінің ел қорғаған батырлары Білге қаған мен Күлтегіннің тасқа қашалған бүгінгі ұрпаққа аманат жазбалары ойға оралтады.
«…Күндіз-түні отырмадым,
Қара терімді ағыздым,
Күш-қутымды бердім.
…Түркі халқы үшін,
Түн ұйықтамадым.
Күндіз отырмадым».
Күлтегін мен Тоныкөк жаугершілік заманда түркі халқы үшін шайқасып, елдікті қорғады. Ал Өмірбек Жолдасбеков бергі бейбіт заманда ұлттың бүгіні мен болашағы үшін жан аянып қалған жоқ. Ол сол уақытта-ақ жаһандану үрдісін алдын ала сезген секілді. Сол кезде ұлттық құндылықтардың жойылып кетпеуі үшін, ұлттық білім-ғылымның материалдық базасы болып табылатын университет қалашығының құрылысына жанын салғаны содан да болар. Мұны да күрестің ерлікке толы жанкешті ісі емес деп кім айтар. Басқаларға қайдам, маған Өмірбек Жолдасбеков бүгінгі күннің Күлтегіні мен Тоныкөгі секілді көрінеді де тұрады.

 

 

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір