Ғажайып ғұмыр
15 тамыз күні ҚР Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы залында «Ғажайып ғұмыр» атты ақын, аудармашы, журналист Марфуға Бектемірованы еске алу кеші өтті.
Шараны кітапхана директоры Бақытжамал Оспанова ашып, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Балбұлақ» журналының бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы Мағира Қожахметова жүргізді. Кешке халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Баян Бекетова, белгілі ақын, журналист Қорғанбек Аманжолов, ақын Мұратқан Шоқан, т.б ақын-журналистер қатысып, сөз сөйледі.
Марфуға мұрасын реттеп, жинастырып оқырманға жеткізуші, өзі де ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Есенгелді Сүйінов сөз сөйлеп, жарының кітаптарын кітапхана қорына сыйға тартты. Кеш аясында жас ақындар өлең оқып, Мәдениет саласының үздігі, әнші Жадыра Арыстанова ақынның сөзіне жазылған «Ер Көкше» әнін шырқады. Сонымен қатар Ұлттық кітапхана қорынан Марфуға Бектемірованың өмірі мен шығармашылығына арналған «Ғажайып ғұмыр» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.