ӘКІМНІҢ ӘҢГІМЕСІ

Оралхан ДӘУІТ
Аяқ астынан Қызылқалаға баратын боп қалды.
Малды жайғап, күн арқан бойы көтеріле көлігіне екі қап етті артқан Бақыт әуеліде «Жол-жөнекей жолаушы ала кетсем, барып келген шығынымды шығарып алар едім-ау» деп ойлаған. Оны айтасың, құдай жарылқап жол бойында көлікке қол көтерген жолаушы үріп ауызға салғандай жап-жас қыз боп шықса, Қызылқалаға жеткенше бұл рөлде, ару қыз оң жағында, екеуміз қызу әңгімеге кірісіп, емін-еркін әзілдесіп барсақ, әй, бір керемет болар еді-ау деп те қиялдады.
Бірақ бойдақ жігіттің тілегі бола қоймады. Бұл күні қыз-келіншектердің қыдыруға қолдары тимеді ме, қас қылғандай жол-жөнекей көлікке қол көтерген ұзын етекті көрінбеді. Бірді-екілі жас бала, таяққа сүйенген шал кездесті.
Түске таман Түркістанның қан базарынан түстеніп, ақшасын төлеп жатып «Япырмай, Қызылқалаға баратын адам табылмай, жол-пұлымды шығара алмай қаламын ба? Қыз-пызы құрысын, кім кездессе де ала берейінші…» деген ойға тоқтады.
Бері шыққан соң «Қызылқалаға баратын адам бар ма?» деп айқайлағаны сол еді, бір шетте елеусіз отырған бір кісі атып тұрып, сөмкесін жалма-жан арқасына лақтыра салып, тез-тез адымдап бері жақындады.
— Ассаламағалейкүм, үкә, қалайсыз, жақсымысыз? Қызылқалаға барасыз ба?
Бақыт танымаса да асты-үстіне түсіп, амандасып жатқан кісінің бас-аяғына көз тастады. Қырықтың үстіндегі қыр мұрынды жігіт ағасы. Толқынданып кеткен қою қара шашын төрт қырлы ала тақия әрең басып тұр, үстінде көк шапан. Белін ала жіппен шарт буған. Өңі жүдеу. Шапанның кеуде тұсы ашық, оның ішіндегі ақ жейденің де үстіңгі түймелері салынбапты, мойнына моншақ сияқты қара тәспі тағып алыпты.
– Қанша төлейсіз? – деді Бақыт бәсең үнмен.
– Жұрттың бергенін беремін ғой, — деп анау бетіне қарап жымиған күйі сөмкесін екі аяғының ортасына қойып, тізесімен қысты да қалтасынан әмиянын шығарды. Ақ сөмкенің бір бауы үзіліп, екіншісіне шиелеп байлап қойған екен. Бұрышынан палау басатын темір кәкпірдің ұзын сабы сорайып шығып тұр.
— Анау көлікке отыра беріңіз… – деді бұл оны жаратпаған сыңаймен.
Бақыт «тағы кім бар екен?» дегендей жан-жағына қарап, көліктің кілтін сұқ саусағында шыр айналдырып, ыңылдаған күйі ары қарай ұзай берген. Қараса, көк шапанды жолаушы көліктің алдыңғы орнына жайғасып, ақ сөмкесін алдына енді алып жатыр екен. Шыр етіп жетіп барды.
– Тоқтаңыз, сізге кім алдына отыр деп айтты?..
Неғып екенін, кіжініп айтты. Жолаушы жалт қарады. Көзінде таңданыс.
– Алдыңғы орын бос емес пе?
– Жоқ, бос емес… Қазір бір қыз келеді…
Осылай дегенін өзі де аңғармай қалды. Таңертеңгі тәтті қиялы әлі де тарқамай, сұлу қыздан әлі де дәмесі бар екенін енді сезді.
Әшейінде ел іші болған соң еркегі де, әйелі де, қызы да, ұлы да күн сайын сабылып ары-бері қыдырып жатады емес пе? Бірақ бұл сапарға шыққан күні қыз-келіншектердің бәрі басқа жолмен жүрді ме, әйтеуір, бұл күні олардың жіңішке жолы Бақыттың даңғыл жолымен түйісе қоймады құдай ұрғанда…
Сүт пісірім уақыттан кейін Қызылқалаға баратын тағы бір жігіт табылып, бұлар жолға шықты. Әлі де адам іздеп тұрар ма еді, әлгі жігіт амандаса сала «Мен қалған үш адамның ақшасын төлеймін, тек тезірек жүрсек екен, уақыт деген ақша…» деп күліп қойып, алдыңғы орынға жайғаса кетті.
Бұл кезде күн еңкейіп, қараша айының қысқа күні ызғарлана бастаған. Күн жарқырап тұрғанымен күздің суығы бәрібір ерте білінді.
Алдыңғы орынға жайғасқан жігіт сөзуар екен. Қаладан шыққаннан аузы босамады.
– Бауырым-ай, сендер білмейсіңдер ғой, қазір бизнестің заманы… Билік бәріне еркіндік беріп қойған. Не сатамын, не аламын десең де өз еркің. Есектің артын жуып ақша тап деген осы ғой. Тек істей біл, көзін таба біл…
Жігіт қалтасынан темекі қорабын шығарып, ернімен бір шылымды іліп алып, Бақытқа сұраулы жүзбен қарады. «Жоқ, мен шекпеймін, рұқсат, шеге бер» деді бұл. Терезені сәл түсірген жігіт лезде көк түтінді бұрқ еткізді.
– Қызылқалаға саудамен бара жатсың ба? Бақыт елеусіз сұрай салды.
– Солай десе де болатын шығар… Бірақ шынымды айтайын, облыс әкімімен жолығуға бара жатырмын. Бір қажетіңе жарармын деген уәдесі бар еді.
Жігіт сөзім қалай әсер етті екен дегендей бұған ақырын барлап қарады. Бұл да сыр алдырмайын деп еді:
– Әкімді жақсы танушы ма едің? – деп қалды шыдай алмай.
Көк түтінді терезенің тесігінен көкке баппен үрлеген жігіт тіпті күшейіп кетті. Даусы зорайып шықты.
– Танушы ма едің дейсің-ау, бірге шай ішкенбіз, әңгімелескенбіз. Әкім әкемнің досы болған. Кезінде қызметте көтерілуіне әкемнің де көмегі тиген сияқты. Ол жағын анық білмеймін, әйтеуір, достары сөйтіп айтады… Екеуі ажырамас дос болған. Әкем қайтыс болғаннан кейін араласпай қалып едік. Әкімнің өзі қасындағылардан «Әй, Әшірханның артында балалары жас қалып еді, қайда екен, білсеңдерші…» деп сұрапты. Сонымен екі-үш мәрте кездестік. Шай іштік. Қазір араласып тұрамыз. Әке орнына әке боп жүр десем де болады. «Көке» деп қоямын, соған мәз ол… Одан кейін де «Не тіршілік, кәсібің қалай жүріп жатыр, не көмек керек?» деп телефон шалды. Мен не дейін? Құдайға шүкір, жағдайым жақсы. Біреуге алақан жаятын жағдайда емеспін. «Көке, рахмет, бәрі жақсы, әзірге көмек керек емес» деп ашығын айттым.
Қас қарайып, күн ұясына қызарып батып бара жатты. Шапанды жігіт ағасы көзін жұмып мүлгіп отырғанымен ол да мынау ірі әңгімеден қаша алмаған сияқты. Көліктің іші де, әңгіме де қыза түсті. Бақыт анда-санда сұрақ қойғаны болмаса, көбінесе тыңдаушы. Аяғын созып, алдыңғы орындыққа шалқая түскен жігіт армансыз көсілді. Тек мынау ұзақ-сонар жол таусылып, тоқтап қалмасақ екен, әсерлі әңгімем үзіліп қалмаса екен деп тілеп отырғандай…
– Әкім екен деп ә дегеннен көмек сұрау есі дұрыс адамның тірлігі емес қой… Құдай сақтасын, менің ондай сұғанақтығым жоқ. Бірақ екі арадағы достарынан біліп тұрамын, көкем жағдайымды үнемі сұрап-біліп тұрады екен. Тіпті әңгіме арасында «баласы жарап тұр, әкесінің жақсылығы өтіп еді, мен де қарыз боп қалмаспын, бір қажетіне жарармын» деп қалыпты. Атасына мың рахмет…
Әрине, Бақыт әкіммен бірге шай ішіп көрген жоқ. Аудан түгілі өз ауылының әкімі Сейітханды бір-екі мәрте көпшілікте көргені болмаса, маңына жақын отырған емес. Бірақ әкіммен бірге шай ішу, әкіммен әңгімелесу өз алдына бір ләззат, ал оны біреуге майын тамызып айтып беру тіптен кәйіп екенін осы жігіттің бал-бұл жанған жүзінен байқады. Әкім қалай келді, кіммен келді, қай жерге отырды, үстіндегі кәстөмі қандай, ой, не дейсің, дастарханда не бар, не әңгіме айтылды, қалай айтты, кімге қарап айтты, төңірегіндегілер қалай құрақ ұшты, қалай қызмет көрсетті, ойпырмай, осының бәрін бизнесмен жігіт қалай есінде сақтап қалғанына бір жағы таң қалды. Әкімнің әңгімесін жігін жатқызып айтқанда Бақыттың өзі де сол ортада отырғандай, осының бәрін өз көзімен көріп отырғандай қанаттанып кетті.
– Апырай, әкім болдым дегенше басыңа бақ қонды деген сөз бе деп қалдым ғой. Әкім не кисе де, не айтса да дұрыс, бәрі жарасымды. Ешкім қарсы келмейді. Айналайын-ау, бір рахат… Шайдың ортасында көкем «Мынау отырған жігіт менің досымның баласы… «Орнында бар оңалар» деген, әкесінің жолын жалғап жүрген жігіт, болашағы бар азамат» деп мені орнымнан тұрғызған кезде, шынымды айтайын, ұялып кеттім. Ойпырмай, мені өз ортасына осылай жар салып таныстырады деп кім ойлаған… Алдын ала ескертіп қойса да болар еді. Әйтпесе дастархан басында отырғандардың бәрі тегін адамдар емес қой. Ең кемі аудан әкімі, депутаттар…
Әкіммен бірге шай ішкен жігіт жанындағыларға маңғаз қарап, «солай» дегендей қасын керіп қойып, әңгімесін жалғай түсті.
– Әйтсе де көкем болашағы бар дегенді бекер айтқан жоқ қой деймін… Маған айтпай бір қызмет қарастырып жүр ме деп қалдым. Меніңше, солай сияқты… Әкімдер әр сөзін ойланып барып айтады емес пе? Не қызмет берсе де құп деймін, әрине… Алайда біршама уақыттан кейін ауданға әкім қып жібермесе, басқармада басшы боп байланып отырмаймын… Басымды кесіп алса да солай деп бірден айтамын. Мысалы мен ауылда өстім, колхозда аз-маз жұмыс істедім, енді ауылдың, ауданның жағдайын менен артық кім жақсы білсін… Әр адам білетін жұмысын істеуі керек…
Әкім болатын жігіт жұдырығын түйіп, бір жөткірініп алып, терезені ақырын аша берді.
Әңгімеге елтіген Бақыт келесі бір белден асып түскенде үлкен қиылыста жол полициясы көлігі тұрғанын кеш аңғарды. Жалма-жан жылдамдықты азайтуға тырысқан, бірақ талайды көрген әккі қызметкер алыстан аңдып-ақ тұрған екен. Шар етіп ысқырып, қызыл жанған таяғымен жолдың шетін көрсете берді.
«Қап-ай, ә… Кеш біліп қалғанымды қарашы» деп бұл көлігін тежей берген.
– Тоқтама, жүре бер, мен өзім жауап беремін, — деді кенет алдыңғы орында отырған жігіт. Әлде әңгімесінің желісін үзгісі келмеді ме, әлде өзінің мықтылығын, әкімнің жақыны, досы екенін дәлелдегісі келді ме, әйтеуір, оның даусы өктем шықты.
Көлік кідіріп барып қайтадан күш алып, үлкен жолға түсіп алыстай берді.
– Керек болса, бұлардың өзін алдымызға салып, жол бастатып қоямын. Мен бара жатқан әкімнің бір інісі осылардың ең үлкен бастығы. Соған шықсам, қазір-ақ орындарына қояды ғой, — деді жігіт темекісін ұштандырып жатып. – Былтыр әкім өз інілерімен таныстырған. Бауырлары да шеттерінен үлкен қызметтің құлағынан ұстаған кілең мықты жігіттер. Бүгін солар күтіп алып, қонақасы берейін деп отыр. Жер дөңгелек қой, бауырым. Құдай бұйыртса, тағы бір жолығармыз… Әкіммен кездестіремін деп айта алмаймын, бірақ өзіңді әкімнің бауырларымен таныстырып қоярмын… Үнемі сапарда жүреді екенсің, бір қажетіңе жарайды.
Десе де жол бойындағы сақшылар бұл көліктің ішінде әкімнің өзі шайға шақырып, әңгімесіне зәру боп жүрген, қала берді оның туған інілерімен, тіпті өзінің тікелей бастығымен жақын бауырдай араласатын бір дөй жанның отырғанын қайдан білсін. Білсе, бүйтіп бас салып қумас еді ғой… Қумақ түгілі алдына түсіп, құрдай жорғалар ма еді… Қырсық шалғанда бұлар қарапайым көліктің ішінде ханға зорға сәлем беретін, қайран басы ешкімге иілмейтін құдіретті жанның кетіп бара жатқанын білмей қалды…
Рас, басында қуғыншы көрінбеді. Бұлар жылдам ұзай берген. «Бұл байғұстар да қайбір жетісіп жүр дейсің, үлкен жолда қай көлікті тырқыратып қуа берсін..» деп те ойлап қойған. Бірақ созылып жатқан күре жол жалғыз, дімкәс көлікпен қайда барып тығыласың… Екі бел аспай жатып, қою қараңғылықты қақ жарған қызыл-жасылды жарық көрінді де артынша полиция көлігі күркіреп жетіп келген. Құйрық тістесе бере дауыс күшейткіш арқылы «оң жаққа тоқтаңыз» деп саңқ ете қалғанда Бақыт түгілі темекі шегіп отырған жігіттің өзі де ұйқысынан оянғандай селк ете қалды.
– Қаштық, бауырым… Газды бас…
Әкімнің танысы шылымын тастай салып, апыл-ғұпыл қауіпсіздік белдігін тағып жатты. Бақыт та оң аяғымен педальды басып-басып жібергенін сезбей қалды.
Бірақ бұлар қашып жарытпады. Әуеліде аралары алыстап, қуғыншы осы күйі қалып кететіндей боп көрінген еді. Бүйірінде көк жолағы бар ақ машина артынша-ақ арқыраған күйі адымдарын ұзатпай, оң жаққа қысып тоқтатты. Сол-ақ екен іштен атыла шыққан үш қызметкер құдды бір қарақшыларды құрықтағандай бұлардың қолын қайырып, жерге етпеттеп жатқызып тастаған. Арасында тепкілеп те алды. Суық түнде ақ сөмке ақтарылып, ұзын сирақ кәкпір сыңғыр етіп тас жолдың үстіне түсті.
Үшеуін полицияның кеңсесіне әкелген кезде шапан киген жігіт ағасы сол бүйірін уқалаған күйі екі бүктеліп, ыңырсып табалдырықты әрең аттады. Дөңгелек көзі тіптен шүңірейіп кетіпті. Кіре салып ұзын орындыққа қисая берді.
Сірә, шені үлкен екенін, осы бөлменің қожайыны екенін білдіргісі келді ме, жалғыз қалған полиция қызметкері еш асықпады. Орындыққа жайғасып алып бір сәт бұларға тесіле қарады. Одан алдындағы телефон аппаратына қол созып, тұтқасын құлағына қыстырған күйі шалқайып біреумен сөйлесті. Қағазға бірдеңе жазды. Қозғалған сайын орындығы сықыр-сықыр етеді.
Әлден соң ғана:
– Сонымен облыс әкімі біздің жақсы танысымыз, соған сеніп қаштық дейсіңдер ме?
– Иә, солай болды…
Бақыт осылай деп міңгір ете қалды. Анау шалқайған күйі мырс етті.
– Ол қайсың қане? Әкіммен жақын араласып жүрген…
Бақыт қасындағы жігітке қарады.
– Сен бе?
Полиция атып тұрып бұларға жақындады. Үн жоқ.
– Оу, айтсаңдаршы, не үшін қаштыңдар? Полицияның тоқта деген бұйрығын неге тыңдамадыңдар? Қораптағы ет кімдікі, қайдан алдыңдар? Бәлкім, ұрлықы ет шығар.
– Жоқ, ұрлап алған жоқпыз, ет менікі. Өзім бордақылаған тайдың еті. Қызылқаладағы әпкеме апара жатырмын… – деді Бақыт.
– Енді не себеп? Не үшін қаштыңдар?
– Мына жігіт осы облыстың әкімін де, бауырларын да танимын, өзім жауап беремін, баса бер деген соң…
Шенді полиция басын шайқап кекесінмен күлген сияқты болды, «әй, қазақтар-ай…» деп күбірледі, қолын созып керілді, ары-бері жүрді. Бөлмеде еденнің сықырлағаны ғана естіледі.
– Қазір сендердің жеке бастарыңды анықтап жатыр. Содан кейін жақсылап сөйлесеміз… Ал мынау шапан киген кім? Құжаты да күдікті сияқты. Ол қайдан мінді?..
– Түркістанның базарынан мінген кәдімгі жолаушы ғой…
– Жігіттер бәрін анықтар. Ал, әкім сендерге ойыншық па? Әлде облыс әкімі өзін танитын адамдардың бәрінің тірлігіне араласа береді деп ойлайсыңдар ма? Оның басқа істейтін тірлігі жоқ па сонда?.. Жақын таныстарың екен, енді телефон шалмайсыңдар ма, айтпайсыңдар ма?
Бизнесмен жігіт ештеңе есітпегендей отыра берді. Тек Бақыт оған тесіліп қарағаннан кейін ғана:
– Әкім танысым екені рас. Бірақ түн ішінде телефон шалып, мазасын алған ұят шығар… – деп төмен қарап күмілжіп, сөзінің аяғын жұтып қойды.
– Ең болмаса әкімнің бауырларына хабарлассай…
Бақыт оған өшіге қарады.
– Ой, олардың қай телефон нөмірлерін жаттап жүреді дейсің? Құдайдың құтты күні телефондарын ауыстырады да жатады.
– Ойбай, сен бүгін қонақасы дайындап отыр, күтіп алады деп едің ғой…
Полиция қызметкері қолын бір сілтеп қызынып сөйлеп кетті.
– Әй, бауырым, бері қарашы… Қасыңдағы адам не десе де полицияның бұйрығына сен бағынуың керек еді ғой. Көлікті жүргізіп келе жатқан — сен. Ендеше бәріне өзің жауаптысың. Әкім бола ма, министр бола ма, заң бәріне ортақ. Әкімнің танысымын деп тайраңдай бересіңдер ме? Тіпті «әкімнің жақынымын» деп өтірік айтқандарың үшін де жауап бересіңдер, оған да арнайы бап бар, оны ұмытпаңдар… Міне, телефон тұр. Қайсың шығасыңдар әкімге… Бір мүмкіндік берейін…
Телефонның тұтқасын көтеріп бұларға кезек-кезек ұсынды. Екеуі де төмен қарады.
Осы кезде шапанды жігіттің ыңырсыған даусы естілді. Басын көтеріп, орнынан тұруға ыңғайланды.
– Мен танимын…
Бәрі көк шапанға жалт қарады. Түрі бұзылып мазасы қашып отыр екен. Басындағы тақиясын тағы бір нығыздап басып, самай шашын бір сипалап қойды да шапанының төс қалтасынан бүктелген қағаз шығарды. Оның ішінен тілімдей бір қағазды саусағының ұшымен іліп алды.
– Телефонды бер, қоңырау шалайын…
– Кімге қоңырау шаласың, сорлы-ау?
Полиция қызметкері әлі де сенбегендей аңтарыла қарады. Бірақ даусы бәсең.
– Кімге болушы еді… Өзің айтып жатсың ғой, әкімге қоңырау шал деп… Бері әкел телефонды.
Шапанымен көлбеңдеп орнынан тұрып, телефонның тұтқасын көтеріп, тілдей қағазға сығырайып қарап әлдебір нөмірлерді теріп жатқан кезде де үшеуі сенімсіздеу қарап тұрды. Жүздерінде таңданыс ізі бар.
Ар жақтағы адам көп күттірген жоқ. Тұтқаны тез көтерді.
– Қанат үкә, қалайсың? Жақсымысың? Бұл — мен, Әлішермін ғой. Бердібек ака өзінде ме?… Қосып жіберші… Ассалаумағалейкүм, Бердібек ака, жақсымысыз? Аман-есен, рахмет. Ака, мен Қызылқалаға бүгін жете алмайтын сияқтымын. Жолда полиция ұстап, жібермей тұр…. Не үшін дейсіз бе? Келе жатқан машина жол ережесін бұзған еді. Иә, солай болды… Жо-жоқ, қасымдағыларды тастай алмаймын. Ұят болар… Қай жерде дейсіз бе? Қазір… Бұл қай жер өзі?..
Әлішер полиция қызметкеріне сұраулы жүзбен қарады. Анау абдырап:
– Қай жер дегені несі? Шиелі ғой, Шиелі… – деді жуасыған үнмен.
Тұтқаны қойғаннан кейін де үшеуі тырс етпей тұрып қалды. Тіпті үшеуі қазір ғана мынау бөлмеде қандай жағдай орын алғанын, не болғанын қабылдай алмай, ауыздары ашылып сілейіп тұр.
– Сен кімге қоңырау шалдың?
Алдымен полиция қызметкері тілге келді.
– Облыс әкімінің көмекшісіні телефон шалдым, ол әкімге қосты.
– Әкімді қайдан танисың?
– Әкім осы демалыста өз шаңырағында елді жинап ас беріп жатыр, мен сол асқа палау басуға келе жатырмын. Бұған дейін де талай мәрте арнайы шақырған.
– Өтірік айтып тұрған жоқсың ба? Білесің бе, бұл үшін де заңның арнайы бабы бар…
Осы кезде бөлмедегі телефон шар ете қалды.
* * *
Көп ұзамай Қызылқалаға қарай асыққан көлік қайтадан жолға шықты. Көлікте әдеттегідей үш адам отыр. Тек аздап өзгеріс бар.
Полиция қызметкерлері бұларды жік-жікпар болып шығарып салып жатқан кезде сөзуар жігіт әдеттегідей алдыңғы орынға ұмтыла берген. Бақыт қағаберісте оның құйрығынан бір тепті де, сұқ саусағымен артқы орындықты нұсқады. Анау өз кінәсін түсінгендей теріс айналып жүре берді.
Енді Бақыт ақ сөмкені де, оның ішіндегі мойны ұзын кәкпірді де асқан ықыласпен құшақтай көтеріп, шапан киген жігіт ағасының «керек емес, ұят болар» деп шырылдағанына қарамастан оны алдыңғы орынға асқан ілтипатпен жайғастырды. Осыдан кейін белінде көк жолағы бар аппақ көлік қызылды-жасылды жарығымен қою қараңғылықты қақ жарып жол бастап, бұларды аудан шекарасына дейін шығарып салды.
Бұлар Қызылқалаға жақындағаннан әкімнің адамдары кәкпір көтерген кісіге қайта-қайта хабарласып, нән қақпаның қасынан алып кеткенде де Бақыт айыпты адамдай аяқ-қолы жерге тимей, құрақ ұшып жүрді.
Осы кезде арт жақтағы жігіт:
– Мәссаған, менің бар ақшамды полициядағылар алып қойыпты ғой. Енді қайттім?.. Әлде алысып-жұлысып жүргенде түсіп қалды ма екен, ә? Жоқ, олай болуы мүмкін емес… Бәсе, қалай ғана тез жібере қалды деп едім. Бұларға еш сенуге болмайды. Бауырым-ей, айып етпе, саған барын беремін енді… Жер дөңгелек қой… Тағы бір жолығармыз, сол кезде риза қылармын, – деп қалтасын ақтарып, тиындарын шықырлатып санап жатты.