АЛАШТЫҢ АЛТЫН ЖЫҒАСЫ
Сүйер ұлың болса, сен, сүй, Сүйінерге жарар ол, – деген Абай өсиетін ерекше ілтипат көңілмен жиі қайталайтын ұстазымыз Қайым Мұхамедханұлы қазақ тарихы мен ғылымына өлшеусіз үлес қосқан шын мәніндегі ғалым, ұстаз. Ол М.Әуезов негіздеген Абайдың ақындық мектебін ары қарай дамытты. Өзіне қойған талабы мен мақсаты, ақын мұрасына деген азаматтық ұстанымы берік ғалым Абайдың ақын шәкірттерінің шығармашылық мұрасын тірнектеп жинап, зерттеп ғылыми айналымға түсірді.
Кеңестік кезеңдегі қасат көзқарастардың көбесі әлі сөгілмей тұрғанда Алаш зиялыларының атын алғаш ұстазымыздан естідік. Хандарымыз қанаушы, батырларымыз барымташы, банды деп санамызға сіңірген «сабақтардан» сартап болып қатқан тоңды жібітті. Кенесары мен Шәмілдің соғыстары жеке басының даңққұмарлығы емес, ел бірлігі мен тәуелсіздігі жолындағы жанқиярлық ерлік екені көкейімізге қонды. «Қабанбай мен Бөгенбайды тарихқа кіргізіп дәріптеу керек емес», – деп тапқан таптық тар түсініктің де ғұмыры ұзақ болмайтынын, ақиқат пен әділет тек уақыт пен тарихтың еншісі екенін түсіне бастадық. Абай мұражайының қолжазба қорында Шәкәрім шығармалары сақтаулы жатқанын жасырмай, жалтақтамай айтқанына бас шайқастық. М.Әуезовтің де өмірінің «қилы заманы» көп болғанын, көреалмаушылық пен қызғаныш деген қызыл иттің балағына, измдермен уланған жартыкештердің жағасына жармасқанына қынжылдық.
Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынұлының кемеңгерлігі мен көсемдігін, Абай мұрасының жарыққа шығуына ықпал жасаған, «Сен ертеңгі ұрпаққа, ұлтқа керексің, Ұрпақ үшін, Мұхтаржан, Абайды жаз…» деп көрегендік кеңесін берген бірегей тұлғалардың болашақ үшін, ұлт мүддесі үшін еткен еңбектерін көңілімізге тоқыдық. Асанқайғы мен Бұқар, Дулат пен Шортанбай толғауларының зарын ұқтық. Біржан мен Сара айтысының, Сегіз серінің «Ақбұлақ» өлеңінің ақиқатын аңдадық. Жанақ пен Шөженің өткірлігі мен өршілдігін, Әсет пен Әріптің, Сабырбай мен Сәдірдің айтыскерлігін Нұрлыбек Баймұратов пен Нарманбет Орманбетовтің қазақ тарихында алатын орнын, тарихи ақиқатын таныдық.
1980 жылдардың ортасында келген жариялылықтың жылымығы Алаш қаласы мен Семейдің ортасын бөліп жатқан Ертістің сеңін қозғады. Қ.Мұхамедханұлы алаш арыстарының ақталуына алғашқылардың бірегейі болып атсалысты. Әлихан мен Ахмет, Міржақып пен Мағжан, Жүсіпбек пен Шәкәрім өмірі мен шығармашылығын жарқырата көрсетіп, ел-жұртын қуантып, тарту етті.
3 курста «Жыраулық поэзиядан» дәріс оқыды. Оқулық «Қобыз сарыны», хрестоматиямыз «Алдаспан». Оның өзі кітапханада саусақпен санарлық. Бірақ біз онымен шектеліп қалмадық, ұстазымыз бізді мүлде бұрын естімеген тың деректермен таныстырып, өз тұжырымдарын ғылыми негіздеп көп жайттарға көзімізді жеткізді.Толғауларды тақырыбы, идеясы, композициясы деп талдатпады. Ана толғауды, мына толғауды жаттаңдар демеді.Қалыптасқан, дәстүрлі деген сабақтардың аясынан шығып кеттік. Түсініксіз тармақтар мен күмәнді, күзелген, түзелген мәтіндердің түп мағынасының мәнін ашып талдау барысында талай тағылымды шумақтар жадымызда жатталып қалды. Әрбір толғаудағы деректі жолдарды тарихпен байланыстыра қарастырып, Шоқаннан, Мәшһүр Жүсіп жазбаларынан, Құрбанғали Халидұлының «Тауарих Хамсасынан», Әбубәкір Диваев экспедициясы материалдарынан дәйектемелер келтіріп, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, М.Әуезов еңбектеріне сілтеме жасап, өз зерттеулерін, түйінді ойларын ортаға салатын. XV-XVIII ғасырдағы жыраулар мұрасының текстологиясы мен тіліне қатысты талдауларын Л.Будаговтың «Сравнительный словарь турецко-татарских наречий», Ильминскийдің «Материалы к изучению киргизского языка», Радловтың «Түркі рулары әдебиетінің нұсқаларынан» дәлелдер келтіріп түсіндіретін. «1940 жылдары қолыма бір «Образцы киргизской поэзии в песнях эпического и лирического содержания» деген Орынбордан шыққан кітап түсті, онда «Елім-айдың» бірнеше шумағы, «Шалкиіздің Би Темірге айтқаны», Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастаны – бәрі орыс тіліне аударылып басылған. Біздің көп жазба мұраларымыз көрші елдердің мұрағаттарында жатыр, іздеу керек, тауып, зерттеп халық кәдесіне жарату керек» дейтін.
«Бұқар жырауды» оқығанда жыраудың туған жылы мен туған жерін анықтау үшін қаншама тың деректерді алға тартып, «…жазып үлгермесеңдер сендер оқуға түсетін жылы «Қазақ әдебиетінде» (1982. № 31.32) жарияланған мақалам бар, өздерің оқып, танысарсыңдар», – деді. Жүзінде бір ризашылық сезім үйіріліп: «Ғылымда талас-тартыс көп болады, ол заңдылық, бірақ дәлелді ғылыми тұжырымды қолдау, мойындау үлкен ғалым-дық мәдениет. Менің сол мақаламды Әлкей Марғұлан: «Жазғандарың зор ақылға келеді. Ғылым жүзімен жақсы жазған екенсің» деп бағалап, Ақселеу Сейдімбек «Бұқар жырау» сәтімен тындырылған әлі талай-талай ұрпағымызға мойын бұрғызатын елеулі еңбек», – деп інілік ізетін білдіріп хат жазған», – деді.
Ақтамберді мен Үмбетейдің Қабанбай мен Бөгенбай батырларға арнауларын, Тәтіқара мен Бұқардың толғауларындағы Абылай бейнесін нақты тарихи оқиғалар мен деректер негізінде түйіндейтін. Бұқар толғауындағы: «Алуа шекер балмен тең» деген жолдағы «алуа» сөзін түсінбеген редактор «алуан» деп дәлелсіз түзеткенін, дұрысы «алуа» ол тәтті дәм, ал Үмбетейдің «Бөгенбай өліміне» толғауындағы «Алатаудай ақшадан» дегені дұрыс емес, Ақша батыр Бөгенбайдың әкесі, сондықтан «Алатаудай Ақшадан, асып тудың Бөгенбай…» болып бас әріппен жазылуы керек дейтін. Бүгін бұл текстологиялық олқылықтар орнына келгенімен ХХ ғасырдың соңғы ширегіне дейінгі кітаптарда текстологиялық тұрғыдан кеткен мұндай қателер жеткілікті еді. Қ.Мұхамедханұлы Бұқар толғауларының, Махамбет жырларының, Абай өлеңдерінің, кейіннен Шәкәрім шығармаларының текстологиясына қатысты зерттеу мақалаларын «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде жиі жариялап тұрды. Бірде «Қазақ әдебиеті» бетінде «Асылға абай болайық» деген Абай шығармалары жинақтарындағы емле мен тыныс белгілерінен кеткен қателердің ақын өлеңдерінің мазмұнына орасан зор нұқсан келтіретінін қынжыла жазған Герольд Бельгер мақаласынан бірнеше мысалдар келтіріп, «өздерің оқып шығыңдар» деп тапсырма берді. Көп ұзатпай осы мақалаға жауап әрі қостау түрінде «Маржанды тозаң тұтпасын» деген тақырыппен мақала жариялады. Абай мұрасына адалдығынан айнымаған ғалым ақын шығармаларының текстологиясына қатысты қыруар еңбек етті. 1958 жылы «Абай шығармаларының текстологиясы» атты зерттеу еңбегін жариялады. Қазақ әдебиеттану ғылымында текстология ғылымының теориялық негізі кенжелеп дамығаны рас. Қ.Мұхамедханұлының Абай мұрасының конондық мәтінін түзудегі, 2 томдық толық ғылыми жинағын баспаға әзірлеудегі текстологиялық зерттеулерінің практикалық құндылығын бағалап, оны қазақ әдебиеттануында текстология ғылымының негізін салушы десек, асырып айтқандық болмас.
Ұстазымыз ғылымға, өнерге қосылған ілкі жаңалыққа, жетістік, бастамаларға қуанды, қолдады. «Мекемтас мақаласында дұрыс жазған», «Құлмат (Өмірәлиев) талантты ғалым», «Г.Бельгер қазақ тілінің де білгірі» деп, дер кезінде орынды, өзекті мәселе көтерген ғалым інілеріне ризашылығын білдіріп отыратын.
«Осы топта бөрік кигендерден бес-алтау бар сияқты еді ғой» деп әзілдеп, жігіттерді іздестіріп қоятын. Екі алақанының ұшымен көзін көлегейлеп, сәт ойланып «Адамның кейбір кездері» деп баяу, жұмсақ дауыспен өлеңді толық оқып шығып, Абай өнерді «Тәңірдің сыйы» деп түсінген, бұл өлең Пушкиннің «Поэт» деген өлеңінің әсерімен жазылған. Абай жолында Мұхтар әлгі Байкөкшенің «жыны бунап келе жатқан…» сәтін Абайдың байқап қойғанын суреттейді емес пе? – деп өзі де еліте: «Абай өзінің екі жағындағы Дәрмен мен Ерболға кезек қарады да, алдында кетіп бара жатқан Байкөкшені нұсқап бір байлау айтты: Түрін байқадыңдар ма? Өңінде үлкен шабыт оянып тұр. Мен білсем, осы кәрінің жыны бунап келеді. Қазір өлең айтады, көрерсіңдер» – деген үзіндіні жатқа оқып, ақындық өнер жайлы шабыттана әңгімелейтін.
Институтты бітіретін жылы дипломдық жұмысымды Қ.Мұхамедханұлының жетекшілігімен қорғадым. Тақырыпты бекітерде: «Өзіңнің ойлап жүрген тақырыбың бар ма еді?», – деді. «Ақтамберді жыраудың мазары біздің ауылда ғой. Ақтамберді жыраудан жазсам деп едім». «Е, Мұхтар (Мағауин) жазды ғой. Сен онда толғауларының көркемдігін, текстологиясын тексер. Жазғандарыңды әкеліп көрсетіп тұр. «Ақтайлақ би шежіресін», «Тауарих Хамсаны» таппассың, Дулаттың «Еспембетін» оқы. Осында облыстық радиода Ақтамбердінің ұрпағы Кенжехан Боқасов деген жігіт бар. Таныс. Құндыздыңда Шәкір атаң (халық ақыны Ш.Әбенов) бар, тілін тапсаң, сөйлес. Амантайдың (Исин) «Семей таңына» мақаласы шықты. Оқы. Бағытың дұрыс. Енді текстологиясына кіріс», – деп кеңес беріп қояды. «Жұмысыңды бастырып, Төкен ағаңа (Абай мұражайының сол кездегі директоры Т.Ибрагимов) бар, пікір жазып берсін, қорғауда негізінен текстологиясына тоқтал, талдауларыңды дәлелде», – деді.
Кішіпейіл мінезді болғанымен өте сырбаз, тиянақтылықты, тазалықты сүйетін жан еді. Алаш азаматтарының өнегесін көрген, ары мен азаматтығын жасынан сақтаған, ұлы тұлғалардың ұлағатын жанына тұтқан Қ.Мұхамедханұлына да кесірлі кезеңнің «саяси сыйы» мол бұйырыпты. Қысастығы мен қасіреті қатар келген зауалды жылдар қыспаққа алғанда қайыспады, ақиқат пен адалдығынан айнымады. Алаш мектебінен ұлт пен елдіктің ұрығын бойына сіңірген, ізгілікті білім нәрінен сусындап, мақсатын ғылымның игілікті жолына бағыштаған жастың жігерін жендет саясат жасыта алмапты. Ерлік жасайын демеді, алдындағы ағасы, рухани ұстазы Мұхтарды мұқалтуға жол бермеді, жалған құжатқа қол қоймады. Айдалып кететініне күмәнданбады, атылып кетуі мүмкін екенін де сезді, бірақ «Мұнан менің қай жерім аяулы деп»(Абай) қарсы тұрды. М.Әуезовті нысанаға алған айтқыштар кандидаттық дисссертациясының қорғауында «А вообще он в своей диссертации в 16 местах ссылается на профессора Ауэзова и везде хвалить его» деп далбасалады, «Диссертация тов. К.Мухамедханова не соответствует требованиям, …потому что носит антинаучный характер» деп даурықты. Панисламизм, пантюркизм, паназияттық, шығыс суфизмі тәрізді кеңестік идеологияның көзіріне айналған тіркестерді көлденең тартып, түркілік тегімізді, мұсылмандық дінімізді, шығыстық кемелдігімізді күстаналады. Басқа ұлт өкілдері бұл тың жаңалық, ғылымға қосылған зор үлес екенін айтып қолдап жатқанда, «Он допустиль грубую политическую ошибку, подменив марксизм панисламизмом» деп «көрегендік» танытқан өз қандастарымыз болды. Бұл даудың аяғы 1951 жылғы атақты «Абайдың ақын шәкірттері туралы» конференцияға ұласып, «халық жауларын» Абайдың шәкірттері деп дәріптеген «ұлтшылдық пиғылдағы» Қ.Мұхамедханұлы сол жылдың аяғында 58 бап бойынша 25 жылға айдалып кете барды. Бейбіт күнде мұражайға айналған Карлагтың түрмелерін, ондағы карцерді көрген адамның жүрегі шайлығады. Қ.Мұхамедханұлы сол тар қапас, жан түршігер түрмені де көрді. Бәрін де жеңді. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» деп, өзі жиі мысалға алатын Абай сөзін өмірлік қағидасына айналдырған ұстазымыздың азаматтық ұстанымдары да биік болды. Тарихқа қатысты жазылған зерттеулер ақиқаттан ауытқыса төзбеді, бұра айтқандарға бұлтартпас деректермен дәлелдеп, талас тудырған жайттарға төрелігін айтты. Әрбір пікірін мұрағат материалдарымен, құжаттық деректермен шегелеп, қолжазба қорларындағы нұсқалармен салыстырып, сарабдал тұжырымдар жасады. Тура айтқан туғанына жақпайды, ұстазымыз туғаны жоқ тура би болды.
Ғылымда зәру мәселені дер кезінде көтеру, зерттеудің бағыт-бағдарын, методологиясын айқындау – ғалым абыройы. Тәуелсіздігімізді алып бабалар мұрасын барынша жаңғыртып, жаңа көзқарас тұрғысынынан терең зерттеу нысанына айналдырған бүгінгі күнде де Қайым Мұхамедханұлының ғылыми мұрасының, оның ішінде, Абайдың ақындық мектебіне қатысты зерттеулерінің маңызы күннен-күнге артып, ғылыми тұжырымдары тиянақталған мектепке айналды. Қ.Мұхамедханұлының әдеби мұрасы: өлеңдері мен аудармалары, драмалық шығармалары өз зерттеушісін күтіп жатқан тың тақырыптар. Бүгінде тәлейлі тарихы аңызға айнала бастаған, қазақтың тұңғыш әнұранының авторы болу бақыты да Қ.Мұхамедханұлына бұйырған.
Зұлмат пен зобалаңның зардабын шексе де, қиындық пен қудалаудың қысастығын көрсе де жығасы қисаймаған, алаш жұртына адалдығынан айнымаған азамат, бір өзі «тұтас бір ғылыми институттың жұмысын тындырған» (Алла Белякина) ғалым, тазалықты, адалдықты қасиет тұтқан ұстазымыз – кісілік келбетіне дақ, ақ жейдесінің жағасына кір түсірмей, мұнтаздай қалпында жүрегімізде жазылып қалды.
Сайлау ҚОЖАҒҰЛ,
филология ғылымдарының кандидаты,
І.Жансүгіров атындағы
Жетісу мемлекеттік университетінің доценті.