БАЛАНЫ АСЫРАУДАН ТӘРБИЕЛЕУ МАҢЫЗДЫ
Сараш ҚОҢЫРБАЕВА,
педагог-ғалым
Бай болу мен кедей болу құдайдан дейміз. Сондықтан болар, халқымызда «Кім бай болғысы келмейді, құдайы қаламайды» деген сөз бар. Ал енді байдың баласы болу, кедейдің баласы болу да тағдырдан. Бай баласына өмір сүру жеңіл деп ойлайтын шығармыз, керісінше, дәулеті тасыған отбасының да бала тәрбиесіне қатысты проблемалары шаш-етектен. Бұл жердегі мәселе: асырау мен тәрбиелеуді бір деп қараудан қателесеміз.
Әрине, баланы өмірге әкеліп асырап-өсіру деген де оңай емес. Оның салдарымен күнде кездесеміз. Бірақ баланы дұрыс тәрбиелеуде, қабілетін ашуда байлық пен кедейліктің ықпалы бірі-бірінен қалыспайды. Бірінің ақшамен алатын жетістігінен, екіншісінің еңбекпен, тәжірибемен, мейіріммен алатын жетістіктері артық болуы да мүмкін. Сондықтан жоқ-жітік отбасында өскен баладан күтетін үміт аз деуге болмайды.
Егде тартқан бір азаматтың балаларымды ешкімнен кем қылмаймын деп жүріп, дербес өмір сүруге мүмкіндік бермеппін. Қазір балаларымды мойнымнан түсіру қиын болып отыр, тіпті немерелерімнің мәселелерін шешу де менің мойнымда, – деген еді.
Қай заманда да бала – болашақ, артта қалар із. Бала – мемлекеттің байлығы. Қазіргі баланы бұрынғы баламен салыстыра алмаймыз. Оларға қамқорлық тек асырап-бағу жағынан емес, оларды тәрбиелеу тұрғысынан көп қажет. Тәрбие – үздіксіз процесс, заман өзгерген сайын тәрбиенің де әдіс-тәсілдері жаңарып отырады. Ескірген әдіс-тәсілдерді ығыстырып шығаратын заманауи тамаша тәрбие технологияларын өмірде қолдануымыз үшін де педагогика, психология деген ғылымдарға мемлекет тарапынан қолдау керек. Ғалымдар ұсынған жаңа жобалар үнемі назарда болып, сүзгіден өтіп отыруы тиіс. Сонда бала тәрбиесіне қатысты көзқарасымыздың жаңарғанына сенуге болады.
Ыбырай атамыздың сөзін толық келтірудегі ойымыз сыртқы форма мен ішкі мазмұнның үндесуі жөнінде болса керек. Ыбырай, Абай сынды ғұламалар сөздерінің өміршеңдігі – қай заманда да өзектілігін жоймауынан. Бүгінгі қоғамда да тәрбиеге ықпалды тұлғалардың деңгейлері әр түрлі. Бірақ ешкім өзін төмен санамайды. Бәрінің өмір туралы, ұрпақ алдындағы парызы туралы өз шындығы бар. Солар бүгіні емес, ертеңін ойласа деген ой келеді.