Балалар жылы: Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру
Елордада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру: Қазақстандағы Балалар жылы» атты XIII Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өз мәресіне жетті.
Конференцияда 1500-ден астам қазақстандық мұғалімдер мен ғалымдар, сондай-ақ Финляндия, Ұлыбритания, Корея, Эстония, Ресей, Сингапур, Нидерланды, Жапония, АҚШ, Австралия, Португалия, Испания, Мальта және Болгария елдерінің белгілі педагогтері бас қосты.
Астанаға әлемдік білім беру саласының ең танымал өкілдері келді: Финляндиядағы Ювяскюль университеті тобының Educluster Finland инновациялар және сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Дэвид Марш, Корей білім беруді дамыту институтының ғылыми қызметкері Сунг Джи Парк, Оксфорд университетінің Балаларды дамыту және оқыту профессоры Ирам Сираж (Ұлыбритания), Кембридж университетінің Емтихандық кеңесі өкілі Тим Оутс (Ұлыбритания), Жапониядағы Ұлттық білім беру саясатын зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Тошия Чичибу, Көптілді оқыту сарапшысы Питер Мехисто (Эстония).
- Білім беру саласын зерттеушілері, майталман ұстаздар білім саласындағы зерттеулерімен ой бөлісті. Қазіргі күні оқушыларға білім беруде оқыту тәсілдерін өзгерту керектігін, атап айтатын болсақ, оқушылардың дәстүрлі рөлдерін өзгертіп, өз бетінше жұмыс істеу, жобалар арқылы, құбылыстар негізінде оқыту тәсілдерін ұсынып, жауапкершілік сияқты дағдыларын қалыптастырып, енжар оқуды азайту керектігіне тоқталды. Шетел ғалымдары «Аралас оқыту», «Дербестендірілген оқыту», «Саралау», «Дараландыру», «Бейінді оқыту», «Технологиялық қаныққан оқыту» терминдерін шатастырмау керектігін баса айтты,- деп бөлісті конференция қатысушысы, алматылық химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ақбота Таубалдиева.
Конференция делегаттарын Астана әкімі Алтай Көлгінов пен Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев қарсы алды.
Конференцияның ауқымды күн тәртібі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың «Өзгермелі әлемде балаларды жан-жақты дамыту» атты баяндамасында айқындалды.
«Сөзден – іске» шеберлік сағаттарында қазақтың ұлы ұстаздарының шығармашылық мұрасы басты тақырыпқа айналды. Олардың танымал туындыларының қазіргі білім ошақтарындағы сұранысы жайында «Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерін бастауыш сыныптарды оқытуда қолдану» атты шеберлік сағатын дайындаған Білім беру бағдарламалары орталығының өкілдері Қаламқас Байтенова, Перизат Биғазина, Жанат Қажығалиева баяндады.
Астаналық форумның күн тәртібінде ақпараттық қоғам контекстіндегі функционалдық сауаттылық, жас мұғалімнің кәсіби дамуы, қалыптастырушы бағалау саласындағы инновациялар, мектепте жайлы орта құру, инклюзивті және дербестендірілген оқыту, цифрлық мұғалімнің миссиясы және білім беру процесіне жасанды интеллектті енгізу, сондай-ақ басқа да жаһандық педагогикада сұранысқа ие талқылаулар болды.
Конференция аясында Нидерландыдағы сараптама және сертификаттау зерттеу орталығының «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына конкурстық іріктеуді аккредиттеу туралы RCEC сертификатын табыстады.
– Бұл NIS-тің әлемдік білім берудегі жаңаша мойындалуы, ол әділдіктің, сенімділіктің, объективтіліктің жоғары стандарттарын, сондай-ақ конкурстық іріктеу жүйесінің халықаралық талаптарға сәйкестігін растайды, – деп атап өтті Қазақстан астанасындағы конференцияға сертификатты өзі табыстау үшін арнайы келген RCEC директоры Арнольд Дж. Брауэр.
Үстіміздегі жылы NIS Білім беруді тұрақты дамыту қорымен бірлесіп «Ауылдық жердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасын іске асыруды бастады. Елімізде қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім алшақтығын жою мақсатында 17 өңірдегі 17 мектепке әдістемелік қолдау көрсетілді. NIS мұғалімдері әр білімошағының педагогикалық ұжымдарына ашық сабақтар, семинарлар, шеберлік сабақтар мен тренингтер өткізуде. Жалпы «Ауыл мектебі povered by NIS» жобасы қазіргі уақытта 17 000 бала мен 2000 мұғалімдерді қамтиды.
Конференция алаңында аталмыш жобасының қатысушыларына паспорт табысталды.
Сонымен қатар айтулы форумда алғаш рет мектепке дейінгі білім беру мәселелеріне арналған арнайы сессиялар ұйымдастырылды. Секциялық отырыстардың бас спикерлердің қатарында әлемге танымал Оксфорд университетінің Балаларды дамыту және оқыту профессоры Ирам Сираж болды.
Сұранысқа ие секциялар қатарын балаларға қауіпсіз және жайлы орта – қала, ауыл, мектеп құруға бағытталған арнайы сессиялар толықтырды. ЭЫДҰ стратегиялық талдау сарапшысы Франческа Готтшалк (Франция) халықаралық конференцияға «ХХІ ғасыр балалары: цифрлық дәуірдегі эмоционалды әл-ауқат пен білім беру» атты өзекті зерттеуімен келді.
- Пәнді-тілдік интеграцияланған оқыту бойынша жаттықтырушы және «Тілді визуализациялау» кітабының авторы Фил Болл оқушыларға тіл меңгерту мәселесі бойынша өз тәжірибесімен, оның нақты қадамдарымен бөлісті. Кездесу кезінде қатысушылармен практика жүзінде тіл үйретудің жолдарын жүзеге асырды. Аса қызығушылық танытқанымды байқап, оқулығын маған тарту еткеніне риза болдым. Ғалымның өз авторлығымен қатар өз кітаптары шыққаннан кейін де оны оқушылардың қалай қабылдап, қолдану барысында «оқушыға тиімді ме, ыңғайлы ма, оқушысына ұғынықты ма деп толғанып жүремін» деген жүрек жарды пікірі мені тәнті етті,- деп бөлісті Ақбота Таубалдиева.
Автограф-сессияда конференция қатысушылары қазіргі қазақ балалар әдебиетінің үздік шығармаларын тудырған белгілі отандық жазушылар мен суретшілер – Сауран Қастеев, Әсел Имайо, Алтай Асқар, Мейірхан Жылқыбай, Серікбол Хасан, Саят Қамшыгер, Рүстем Сауытбай, Ольга Гумирова, Зәуре Төреханмен кездесті.
Екінші күні Күләш Шәмшидинова Конгресс-орталыққа тікелей Ақордадан келді. Республика күні «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидиноваға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріліп, медальді Күләш Ноғатайқызына ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев табыстады.