Саулықта сайра тілім, ашып көңіл…
04.11.2025
172
0

Алашқа заманында ана да, пана да болған Сыр өлкесі ежелден-ақ ерте және орта ғасырларда өркениеттің ошағы болған көне шаһарларымен (Сауран, Сығанақ, Баршыкент, Асанас, Жетіасар, Жанкент, т.б.), күй атасы Қорқыттың ақындық, жыршы-жырау­лық дәстүрін жалғастырған кестелі тілді, даңқты сүлейлерімен дараланады. Соның бірі – осы топырақта, онда да Қазалы өңірінде ғұмыр кешкен, кейінгі ұрпағына ұлағатты сөз қалдырған қазақтың ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Қарасақал Ерімбет (Ерімбет Көлдейбекұлы, 1850–1911 ж.) шайыр. Биыл дүлдүл сөз дүрінің туғанына 175 жыл толып отыр. Мерейтой қарсаңында танымал жазушы, сексеннің сеңгіріне көтерілген аға буын өкілі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Молдахмет Қаназға жолығып, заманында «Нұсқалы сөздің кестесі» (Шораяқтың Омары) атанған тұлғаның қазақтың жазба әдебиетіндегі алатын орны, Кеңестік кезеңдегі дін мен исламды насихаттаушы ретінде шығармаларына тыйым салынуы, болашақтағы насихат­талуы мен есімін ұлықтау төңірегінде әңгіме өрбіткен едік… 

– Молдеке, осыдан алпыс үш жыл бұрын (1963) мектепте жүргенде үкілеп үміт артқан шәкіртіңіз болғандықтан сіздің Алматыға өмірлік тәжірибеңіз толысқан шақта елден келгеніңізді, жетпісінші жылдары елде жүріп «Жалын» баспасының жабық бәйгесінде алғаш «Чика – Дабылдың баласы», кейін «Жер кіндігі» повестерімен екі мәрте жүлдегер атанғаныңызды жақсы білеміз. Қазалыда мұғалімдіктен бастап, аудандық газет редакциясында, аупарткомда, кәсіподақ саласында қызмет атқардыңыз. Өнерге етене жақын болғандықтан Сыр еліндегі есімдері жұртшылыққа танымал ақын, жазушылар, журналистер З.Шүкіров, А.Тоқмағамбетов, Қ.Сүйенішев, Н.Сералиев, С.Боранбаев, Б.Тәжімбетов, С.Сейітмағамбетов, Ә.Әлішев, К.Ізетов, Ш.Дәрмағамбетов, Алматыда Б.Алдамжаров, З.Сақиев, Қ.Мұқаметқалиевтермен және т.б. араластыңыз. Пікірлес болдыңыз. Аталған қаламгерлердің жабық Ерімбет тақырыбына баруы, оған берген бағасы қандай болатын? Елуінші жылдардағы жылымық, сексенінші жылдардағы жариялылыққа дейін шайырға діншіл көзқарастағы ақын, исламшыл айыбы тағылғаны белгілі.
– Өзің тәрізді сарыауыз балаларды кісі қатарына қосу үшін 1963 жылы Шымкенттен елге келіп, ұстаздықты бастадық. Алдымен, бізге қарап қалған қарт ата-аналарымыздың жағдайлары үшін. Жанашыр Ә.Байтанаев ұстазым сүйреп жүрген кандидаттық та қалды, пединститутқа мұғалімдікке де сәлем айттық.
«Қарғаның бір көзі – оқта, бір көзі – боқта». Халық ортасына келген соң тыйым салынған, кісендеулі халық батырлары мен шайырлары туралы сөз жинауға талап еттім, 21 жастамын. Алып-ұшқан кешегі студенттік көңіл әлдеқандай қауіп-қатерден де, күмәннан да аулақ. Қордалы халық сөзіне ай-бір мейпілдейтін болармын деймін. Маңдай бірден-ақ тасқа тиді. Ана шалың мына шалға, мына шалың ана шалға сілтейді. Соның бірі – өзің көрген де боларсың, Бегімбай Қосаев. Орта бойлы, тығыз денелі, ұзын кірпікті шағын қарт. Сол кезде зейнетте, жетпістің ол жақ, бұл жағында болар. Алдымен сотша тергеп, түп-тұқиянымды бажайлап сұрап алды. Бәрін танып, біліп отыр, әкелеріммен дәмдес, бірсыпыра ағаларыммен қызметтес болған. Бұйымтайыма қанығып алған соң, өзіме туыс болып келетін Балымбет Көптілеуовке жұмсады. «Бір білсе, білетін адам сол». Мені баласынды-ау деп ойлағам алғаш. Кейін бір кәперге келгені бұл баланы әлдебір жасырын мекеме жұмсап отырған болар-ау деген сезікті де жоққа шығаруға болмас…
Алпысыншы жылдар елдің енді ғана ес жинап келе жатқан кезі. Оның арғы жағы алапат соғыс, соғыстың арғы жағы зорлықпен жаппай колхоздастыру, колхоздастырудың арғы жағы репрессия. Бір елі ауызға – екі елі қақпақ тағы бар. Жеке басқа зіл батпан салмақ. Аңғара бастағаным, жұрттың бәрі үркек. Бегімбай болса сол аласапырандардың қайнаған ортасында өсіп, жетілген адам. Жастайынан қызметке араласып, аудан басшылығына дейін жеткен. Сөз ұстар қарттардың қатары сиреген, қалған сарқыт үрейлі. Одан қалған сарқыт көне сөзден аулақ, көбісі танаулары делдиіп «жарқын болашақтың» қамында жүр.
Одан әрі індетіп жүріп Ақанжан Келімбетов ағаңа шықтым. Бұл кісі халық ортасында өсіп-жетілген, кейін білім алған, жыр, айтыс, не қилы оқиғалар мен ел арасындағы әңгімелердің тұтқыры болатын. Арқалы ақын, өлең де жазады, елге абыройлы, көрнекті ұстаз. Талай әңгімелесіп, дәмдес болдық. Осы ағаңнан Нұрсұлтан Жұбатовтың «Жанқожа батыр» дастанын сұрап алдым. Онда да уақытша ғана. Өзінің рұқсатынсыз жан адамға көрсетуге, оқытуға болмайды. Екеуара келісіміміз солай. Бізде бағы жанбаған ақындар көп ғой. Солардың бірі – осы Нұрсұлтан Жұбатов. Дастан эпикалық сарынмен басталады. Сол басталған күйі оқиға әрі өрби алмастан аяқталмай қалған. Себептері көп. Ең бастысы Жанқожа мен Ерімбет шайырға саясат қырын. Бұл дегеніңіз кеңестік жымысқы идеологияның ұлтты тарихи жадынан айырудың, яғни қазақ халқының тарихын ұмыттырудың қитұрқы әдісі. Төртінші пішімдегі ақ қағазға қызыл сиямен көшірген қолжазба менде сақтаулы. Уағда бойынша ешкімге көрсеткен емеспін. Ағамыз о дүниелік болып кетті. Қызы Шәмшия сұраса, көрсетуім мүмкін.
Кезінде Сейіл Боранбаев аға екеуміз Асқар Тоқмағамбетовтың шашбауын көтеріп, Жанкент маңында жайлауда отырған замандасы Байназар Өтеповке алып барғанбыз. Ол бөлек әңгіме. Күйші әрі ұстаз Қобылаш өздеріңе де сабақ берген болар. Ю.Никулинге ұқсайтын бойшаң, белінен бүгіліп еңкейіңкіреп жүретін, үлкен домбырасын қолынан тастамайтын момын да таза адам еді. Талай сұхбаттастық. Бұл кісіден мен А.Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» кітабын алып оқығанмын. Бір сайтан ұрлап кетіп, кітабын қайтарып бере алғаным жоқ.
Ерімбет шайыр туралы мен досым Ботабай Рыстығұлов пен оның әкесі Рыстығұлдан көбірек естідім. Жырлары құлағыма тиіп жүрді. Біз білерде, шын мағынасында Ерімбет жырларының ұйығы – Қызылқұм, арғы жағы қарақалпақ, бергі жағы қазақтың малшы, егінші қауымы. Олай болар себебі Ерімбет ұрпақтарының басым көпшілігі сол жақта өсіп-өнген, екіншіден, қалың құм ішінде жыр атаулыдан үркетін, саясат салқыны ұрған, мұрындарына су жетпейтін қаланың сүргіншілігінен аулақ малшы қауым да жайбарақат жырау тыңдап, айтыс ұйымдастыру дәстүрінен кешеге дейін қол үзген емес.
Атап отырған азаматтардың ішінде халықтың көне мұрағатына жақыны Бекділдә Алдамжаров болатын. Ізденімпаз, жан-жақты жазушы, ақын һәм зерттеу­ші. Қазір кім көп? Жалаңтөстанушы, белсенді білгіш көп. Кеңестің қытымыр заманында Жалаңтөс баһадүрді алғаш рет қазақ босағасынан бері аттатқан Бекділдә болатын. Ерімбет шайыр туралы да талай әңгіме болған, алайда атаулы мақала жазғаны есімде қалмапты.
Ұстаздықтан қаламгерлікке ойыс­қаным жетпісінші жылдар. Оқырмандарға мәлім, жазушылыққа алып келген «Чика – Дабылдың баласы» (1971) повесі. Алматыдағы әдеби қауымға араласқаным 1978 жыл. Елдің қалың ортасында болуым, табиғи өмір өз алдына, Сыр бойы қаламгерлерімен аралас-құраластығымыздың шығармашылығыма қыруар пайдасы тиді. Ардақ тұтар Зейнолла ағамыздың «Сыр бойы» тарихи романында ел қорғаған ер Жәкемнің жорықтас серіктері, Ерімбеттің батыр аталары Шағырай мен Дабылдың ерлік істері баяндалады. Ал Асқар көкеміз «Жыр күмбезі» романында Сырдың Балқы Базар бастаған сүлейлерінің алтын топшысы Ерімбет ақынның образын: «Ол өзі ақын, әрі оқымысты, әрі серілеу кісі, қисық қылыш байлап, өте сәнденіп жүруге әдеттенген. Жасында медреседе оқыған, сыпайы әрі жомарт болатын», – деп сомдайды. Оның ақындық өнеріне: «Ереке, шын тұлпардың бірі едіңіз, шабытты шайыр сөзге дүр едіңіз», – деген баға береді.
«Сөзіндей сүлейлердің салмағы мол, демейсің өзің келіп қолтығымнан. Келесің сен өйткені көптен сақтап, Ерімбет, Балқы Базар өнегесін», – деген жолдар ақын, жазушы, аудармашы Б.Алдамжаровтың Қазалы ауданының «Қазалы» (бұрынғы «Ленин туы») газетінің елу жылдығына арнауында көрініс тапқан. Бекділдә ініміздің екі кітаптан тұратын «Ұлы сел» романында Жәкеңдей қоңырау­лы найзалы батырлармен қатар Ерекеңдей жыр нөсерін селдеткен жыршы, ақындарға кең орын берілген. Ал ақын інім Жетіскен Мәкеналы 2006 жылы «Жыр сүлейі Ерімбет» атты шайыр­ға арнауында: «Қарасақал Ерімбет қатарласа шапқанда, қарасын үзген қасқадай. Халық айтады «Алдына жан салмаған ерім деп» көсілетіні бар. Сүйсінерлігі сол, Ерімбеттей назым сөздің шеберіне арнаған жыр селі толастаған емес. Шындығы керек, қоғамымызда жариялылық желі соққанға дейін Қазалы қаламгерлері мен зерттеушілері Жанқожа батыр мен Ерімбет ақын тақырыбына еркін бара алмады. Бара алмайтыны – жазғаны еш жерде жарияланбайды. Жексұрын атанады. Сондықтан іштей тынып, діңкәсі құрып жүретін. Ортадан озып қайда барасың. Біз де сол маңнан. Барлық кедергіні жойған – Тәуелсіздігіміз!

– Аудандық деңгейдегі лауазымды қызметтер атқара жүріп, Қазалы мен Арал топырағының бізге там-тұмдап жеткен халық ауыз әдебиетіне, оның көрнекті өкілдері, жыршы-жыраулар мен ақындар – Б.Өтепов, Н.Жұбатов, күйші Қобылаштың шығармашылығына ден қойдыңыз. Солардың асыл мұрасын жинақтап, насихаттаушы, қазына кеуделі шежірешілер Б.Қосаев, Ө.Ахметов, А.Келімбетов, Қ.Бекетаев, Қ.Бекетов, Қ.Қарабалаев, Р.Бейсембаев, Қ.Тілепов және басқалармен жиі дидарласып, сұхбаттастыңыз. Бірлі-жарымын кітабыңызға жеке кейіпкер еттіңіз. Сол ағалардың Сыр бойындағы жазба әдебиеттің қалыптасуына, ауыз әдебиетінің зерделі жанры – жұмбақ айтыстың өркендеуіне, шежіренің толығуына қомақты үлес қосқан Ерімбет шайыр атамыз туралы айтқаны мен пікірі көкірегіңізде сақталып, құлағыңызда қалған шығар?
– Халқымыздың «Ауыл – алтын бесік», «Ел іші – өнер кеніші» деген даналық сөздері бар. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде тарихи тамыры тереңде жатқан Қазалы мен Арал өңірінде кеудесі алтын сандық, қазыналы да шежіреші ақсақалдардың шоғыры мол болатын. Бала-шаға қамымен үкімет қызметін атқара жүріп, алыс ауданда шығармашылықпен айналысқан, әлденелерге қол жеткізген өз басым санамалаған қазақтың қасиетті қара шалдарымен әңгіме-дүкен құрып, дастарқандас болу бақытына ие болдым. Солардың бірі – майдангер, кейін партия және шаруашылық органдарының қызметкері, зерделі, «Сыр елінде жинақталған қазақтың шежіресі» және «Көсемдік пен шешендік» кітаптарының авторы Өмірзақ Ахметов. Кеудесі қазынаға тұнған, салмақты көсем сөздің иесі Сыр бойының би, батырлары мен ақын-жырауларын сөз еткенде көбіне-көп Ерімбет шайыр­дың жыр, қиссалары мен шежіресіне жүгінетін. Тамсана әңгімелейтін. Осы бір арда мінез сол ағалардың бәріне тән еді. Мамандығы теміржолшы болса да, руханият жанашыры Ботабай досымның алқалауымен Ерімбеттің жақын ағайыны, ғасыр құрдасы Рыстығұл атаның талай ғибратты әңгімесін тыңдадым. Ал Рысекеңнің туысы, шежіреші ақын Қызылбай ақсақалды сонау 1973 жылы наурызда Алматыдан Қазалыға М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының арнайы тапсырмасымен іздеп келген әдебиетші ғалымдар Б.Адамбаев пен М.Байділдаевтың сапарынан хабардармын (ол бөлек бір әңгіме). Қазақ ауыз әдебиетіне, демек ұлт мәдениетіне, айтарлықтай үлес қосқан екі бірдей азаматымыз Мардан Байділдаев пен Балтабай Адамбаевтардың елге келіп, ауыз әдебиеті үлгілерін жинауы – айтарлықтай үлкен ерлік. Ұмытпасам, бұл соғыс жылдарынан кейін біздің елге жасалған екінші ғылыми экспедиция.
Бұл кісілер кетіп қалған соң естідім. Кімнен қаншалықты материал алғандарынан хабарым жоқ. Елдегі көнекөз қариялардың бірі, маған туыс ағайын Балымбет Көптілеуовке жолығыпты. Алайда әлдеқандай себептермен бірден-ақ шалыс келіп қап, бұл кісі оларға шешіліп әңгіме тарқатпай кетіп қалады. Өз аузынан естігенім осы.
Қызылбай ағамыз араға екі ай салып, Ерімбет туралы «Тереңнен гауһар сөз теріп» деп өлеңмен Марданға жазған жауап хаты кейінде жергілікті автордың зерттеу кітабында жарияланды. Тарихшы ұстаз Қ.Бекетов ағамыз «Қазағымды, Қазалымды жырлаймын» кітабында бабасы Жалаңтөс баһадүрдің шығу тегін таратқанда Ерімбет шежіресін басшылыққа алған. Осындай үрдіс т.ғ.д., профессор Х.Мадановтың «Кіші жүздің шежіресі» (1994) кітабында да байқалады.

– Жарты ғасырдан астам шығармашылық ғұмырыңызда сіз көркем әдебиет­ке (әңгіме, хикаят, повесть, т.б.) қалам тербеумен қатар, кейінгі отыз жылдың бедерінде ХІХ ғасырдағы Сыр бойындағы Ресей империясы мен Хиуа, Қоқан билеушілеріне қарсы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы, даңқты батыр Жанқожа Нұрмұхаммедұлының (1774–1860) ерлік жолына мықтап ден қойдыңыз. Шаң басқан архивтік құжаттардың көмегімен батырдың әр жылдардағы мерейтойларына алғаш «Ел қорғаны ер Жәкем», кейін екі рет «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» атты ғылыми-танымдық кітаптар құрастырып шығардыңыз. Тауқыметті саланы меңгерген тұста «…Қозғалса құйын нөсер құр кетпеген» (О.Есентайлақұлы) деген бағаға ие Ерімбет шайырдың ер Жәкеммен замандас батыр аталары Шағырай Бекшеұлының, Дабылдың, оның туысы Ақшаұлы Досбол мен Қабақтың есімдерін жолықтырған боларсыз. Туыстық жағынан келсек, Ерімбеттің анасы Зәуре Жәкеңнің ағасы Ақмырзаның қызы деседі. Бұл турасында не айтасыз?
– Қай шығарма, қай кітаптың болмасын азды-көпті өзіндік бейнеті болады. Ал «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» жинағының бейнеті ерекше. Сыр бойы шаруаларының көтерілісіне деген қара түнектің ашылар-ашылмасы мүлде беймағлұм жетпісінші жылдары елде жүріп Мәскеу, Ташкент мұрағаттарында жұмыс істедім. Алдымен өзім біліп, түсініп алу үшін. Одан кейінгі Алматы, Орынбор мұрағаттарындағы жұмыстар өз алдына. Облыстық кітапханада МБА (межбиблио­течный абонент) деген арнаулы бөлім болатын. Соның оқырманымын. Мен сұраған материалдар, кітаптар, журналдар негізінен Ленинград, Мәскеуден келеді. Оның өзі он-ақ күнге. Мұрнымнан шаншылып жүрген адаммын. Қазір оңайлады ғой, ауданда екі-ақ машинка. Өзге амал жоқ, кітаптардағы керек тұстарды сол кездегі ақ-қара суретке түсірткізіп алатынмын. Бірсыпырасы сақтаулы тұр. Содан бері жыл сайын тірнектеп жинап, толықтыра бердім. Бұл тұрғыда батырға байланысты әртүрлі мазмұндағы материалдар 90 пайызға жуық осы кітапта жинақталды деп есептеймін. Тауқыметі мол, бірақ өкінбеймін. Бүгінгі күнге дейінгі 200 жылдық мерзімді қамтитын елеулі жұмыс. Мүлік халықтыкі. Аруақтар риза болса болды. Бұдан былайғы жас зерттеушілер онша қиналмайтын болады.
Архивтік деректерге негізделген қос кітапта, жыршы-жыраулардың ерлік дастанында жеті атасына батырлық дарыған Ерімбеттің ержүрек аталары Шағырай мен Дабыл, Ақшаұлы Досбол мен Қабақтың есімдері жолығады. Бұған қоса, жыршы Л.Кенжеевтің «Жаңқожа батыр» дастанында: «Шағырай, Сәдір, ер Дабыл, тоқым тыққан Қыстаубай. Құр атаққа мәз болмай, атақты өңкей ер едің», – деп сипатталады. Ер Дабылға: «Алғыс айтып балаға, ер Дабыл берді батасын. Үлкендер қылар кешірім, кішінің көрсе қатасын», – деп айрықша тоқталады.
Батыр бабаның ажалы орыс жағына берілген бақталас сатқындардың қолынан болғанда Ерімбет он жаста (1860) екен. Ата-анасының айтқаны, елден естігені бар, ақын нағашысының ерлік істеріне бала кезінен қанық болып өскендіктен «Қабан Құттыбайдың толғауында»:
Жанқожа мағлұм еді үш Алашқа,
Тұлпардай дүбірі шыққан қарақасқа.
Табаны қара жерден жалпақ еді,
Егесте екіталай айнымасқа!
Олардай даңқты дабыс бізге қайда?
Белгілі жақын-жуық, қарындаста, – деп жырға қосады.
Ал Кете Шораяқтың Омарымен айтысында ширыққан тұста:
Жаңқожа жау боламын дегеннен соң,
Оқ атты орыс әскері кәрі шалға-ақ.
Сол күнде сексен алты жасында дейді,
Патша да гүжім қылды кемітпей-ақ! – деп батырдың басынан өткен азапты тағдырын жеткізеді.
1841 жылы Кенесары Қасымовтың бастауымен Қоқанның Созақ бекінісін аларда Кіші жүз қолын бастаған Жанқожа қосынында Дабыл Бекшин бар. 1842 жылы Жанкент маңындағы Хиуа найыбы Бабажан қорғанысын талқандап, өзін жазалағанда Дабыл Жанқожаның жанында. Бұдан да ілгеріде Хиуа бекіністеріне талай жасалған жорықтарда да Дабыл батырдың қатарында арпалысып жүргені ауызша айтылады. Бірақ көбісі қағазға түспеген.
Орыс әкімшілігінің ұйғарымымен арнайы шыққан 600 жазалаушы қарақшы 1860 жылдың ерте көктемінде Қызылда жалғыз үй отырған 86 жастағы Жанқожаны намаз үстінде атып өлтірген соң, генерал-губернатор В.Катенин шешесі ұл тапқандай қуанып, соғыс министрлігіне енді қалғаны жалғыз Дабул деп жазады. Осы кездегі бір жазбаша деректе Дабыл өзінің жанындағы төрт-бес үймен теңіздің арғы беті Үстірт асып кетті деп көрсетілген.
Көтерілісшілерді жазалап жүрген Елікей Қасымов жансыздар жұмсап Қармақшыдан бұл жердегі қазақтар түгілі Хиуа, Қоқан, Бұхарда болып жатқан оқиғаларды соғыс министрлігіне мұрнынан тізіп жеткізіп отырған үш бірдей тілді білетін сарай кеңесшісі тыңшы Осмоловскийге, «Хиуаның Әлләберді Мейрам деген кісісі Дабылдың ауылын тонап, өзін тұтқындап алып кетті» деп көрсетіп отыр. Нағыз аласапыран кезең, солай болуы да мүмкін.
Ал шындығында, Дабыл өз туыстарымен бір қауым ел болып Боқан тауының маңы Қаракөл деген жерге тұрақтаған. Жасы келгенде ағайындарына егін еккізіп, бейбіт кәсіппен айналысқан. Көз көргендер Дабыл жармасының сұлбасы әлі тұр деседі. Айта келгенде, Дабыл – Жанқожаның жанында ұзақ болған ең сенімді батырларының бірі. Екеуі дос болған. Достық келе-келе құдалыққа ұласқан. Батыр Ақмырза ағасының қызы Зәурені Дабылдың ағасы Ақша батырдың ұлы, өзінің сарбаздарының бірі Көлдейбекке ұзатып берген. Көлдейбек Ерімбеттің әкесі, сонда Ерімбет Жанқожаға жиен.

– Ежелден батыр мен ақынын қастерлеген ел едік ғой! Кіндік қанымыз тамған, қазақы дәстүрге берік Қазалы ауданының ер азаматтары соның жарқын үлгісін көрсете білгеніне сіз бен біз куәгерміз. Сонау 1992 жылдың күзінде Қазалыда халық батыры Жанқожаға арналып кесене салынғаны, Ақиректе баба рухына ас берілгені, республикалық дәрежеде аталғаны, бұл үрдіс 240 және 250 жылдықта кең сипат алғаны белгілі. Ал Ерімбет шайырға елдік құрметтің алғашқы қадамы аудан әкімі С.Имандосов тұсында (1994) жасалғаны, 2006 жылы 155 жылдығы мерекеленгені мәлім. Өзіңіз қатыстыңыз. Ер Жәкемнің өткен жылғы мерейтойында баяндамашының бірі, сыйлы қонағы болдыңыз. Алайда биыл Қазалыда шайырдың 175 жылдығының қарекеті баяу жүруде. Біз тегі көп тойшылап, халықты ығыр қылып алған жоқпыз ба? Жекелеген аталар бабалар мазарын салуды бәсекеге айналдырған іспетті. Бетке ұстар, сөзі өтімді ер-азамат­тардың намысы мен рухы әлсіреді ме? Мұны бір десек, екінші мәселе Ерімбет ақынның есімін мәңгі есте қалдыру, оның шығармашылық мұрасының кеңінен насихатталуы туралы не айтар едіңіз?
– Қарасақал Ерімбет бабамыздың елге тұңғыш оралуы қазіргідей емес, атқан оғың жететін, айтқан сөзің өтетін, еститін құлақ бар 1994–1995 жылдар. Бұл жайында сенің жазбаңнаң қанықпын. Әңгіменің ортасында болғаным жоқ. Аудан әкімі С.Имандосовтың басшылығымен қиын кезде қаражат жиналып, кітабы шығарылғанынан, Бөзкөлдегі мектепке, Астана, Алматы, Қызылорда қаласы мен Әйтеке би кентіндегі көшеге есімі берілгенінен хабардармын. Өкініштісі Самұраттың орнына келген әкімдер тұсында бұл екпін саябырсыды. Ал араға он жыл салып қайта оралуы 2005–2006 жыл деуге болады. Бұл жыл ауданда «Ерімбет жылы» деп аталды да, сан-алуан бөгесіндер мен кедергілерге қарамастан, көптеген шаруалардың басы қайырылды. Ғылыми конференция өтті, ұжымдар мен мектептерде шайырдың шығармалары таныстырылды, кітабы шықты. Тағы да жазбаңнаң білгенім, Мәдениет министрлігінің бағдарламасы бойынша шыққан «Қарасақал Ерімбет» кітабының қор есебінен қаржыландырған мың данасы мансаптың буына піскен әкім-қаралар мен күншілдігі басым пенделердің көрсоқырлығынан келген қонақтарға таратылмай, бөлменің бұрышында жатып қалуы кешірімсіз-ақ! Мәселенің анығы, Қазалы қаласында ақынның ескерткіші орнатылды. Ақын молынан насихатталды. Осы шаруалардың басы-қасында жүрген сенің ағаң, менің қимас досым Ботабай Рыстығұлов болатын. Ботабай дос ес білгелі тыным таппай, үнемі елдік істердің бел ортасында жүрді. Оның Ғани мен Ерімбетке сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Аруақтардың шапағаты төгілгей адал дос, арда азаматқа!
Ортаймаған қазаны қазыналы Қазалы өңіріңде ел мақтанышы, тарихи тұлғалар – Жаңқожа мен Ақтан батырға, Ерімбет шайырға, жастар жетекшісі Ғаниға арналып жатқан іс-шарадан хабардармыз. Әйтсе де, кейінгі жылдары өршіген жаман әдет – самарқаулық індетке шалдыққан әкім-қаралар облыс басшысының аузына жалтақтап қарау, өз бетінше құлшыныс танытпай, бәрін кейінге ысырып, бір күнде апыр-топыр өткізе салудан әрі аса алмауда. Әйтпесе, Ерімбет шайырдың ізгілікке шақырған жыр-термелері мен қиссаларын жас ұрпақтың бойына сіңірсек, рухани байлығымыз арта түсер еді ғой! Деректі фильмін түсірсе, шығармашылық мұрасы мен зерттеу кітабын академиялық үлгіде шығарса, үгіт-насихатын жандандырса, Мемлекет басшысының Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдағы ұлтымыздың тарихи тұлғаларына құрмет көрсетуді жақсарта түсу қағидасы жер-жерде оң шешімін табары сөзсіз. Бұған қоса, ақын есімін мәңгі есте қалдыру үшін, шығармасын оқулыққа енгізуде Түркістан, Ақтөбе, Байқоңыр қалаларындағы көшеге есімін беруді де ескерген абзал.
Тағы бір айтпағым, ердің атын елі мен бетке ұстар азаматы шығарады. Дәстүрлі із бар. Тек азаматтарға ұлтжандылық пен белсенділік, ал билікке пейіл мен ниет керек. Сезінгенге шайырдың Қуаңдариядағы мешіт-мектебі мен бейіті қамқорлыққа зәру. Айта берсе, шешілмеген мәселелер баршылық. Әңгіменің тоқетері, Ерімбет – сөз бастаған ақын. Демек даңғайыр ақынға лайықты елдік құрмет көрсетілуі тиіс.

Түйін
Естінің ізі, көненің көзі, қазақ әдебиетінің қарымды қаламгері сіздің егде жасқа келгеніңізге қарамастан, ағалық тілек айтып, Ерімбет шайыр есімін ұлықтауға, мерейтойын жоғары деңгейде өткізуге жанашырлық танытқаныңызға үлкен рақмет! Ел ағасы ретінде әлі де айтарыңыз азаймасын, жазарыңыз сарқылмасын! «Батыры мен ақынын құрметтеген ел бақытты» қағидасын алға тарттыңыз. Лайым да солай болғай! Ел азаматтары сілкінер, серпіліс туар… Сырдариясы бар елдің, інжу-жыр дариясы бар. «Саулықта сайра тілім, ашып көңіл, халықтың қалсын сөзің құлағында», «Қолыңнан келер ісіңді аянба, халықтан алғыс ал» деп өткен, хәкім.

Сұхбаттасқан Қараша ҚАРАМАН,
ерімбеттанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір