Тектілік төркіні
11.10.2024
70
0

«Ата баласының ат төбеліндей белгісі бар» дейді даналар. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деп те айтады. Ойлана келе көрнекті ғалым Қабиболла Сыдиықовты бедел биігіне жеткізген тұлғалар туралы азын-шоғын білетіндерімді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім.

Қабекең – адайдың белді, беделді, қабырғалы аулының перзенті. Адайдың келінбердісі, одан бұзау (көңілімқош). Келімберді көкеміздің бір буаз інгені бошалап кетеді. Анамыз төл жорғасына мініп, түйені іздеп кетеді. Оны енесі түс қайта біліп, екі-үш жігіт­ті соңынан жібереді. Өйткені келіннің де ай-күні жетіп, әні-міні босанады деп күтіп отыр екен. Жігіт­тер өрістен ұзаңқырап кеткен анамызды табады. Анамыз кішкентайын емізіп отыр екен де, інген тәлтіректеген ботасын емізіп тұр екен. Үлкен той болып, ақсақалдар: «түйеміз де табылды, келін-баламыз да аман есен босанды, көңіліміз қош болды» деп, баланың атын Көңілімқош қояды. Бұл атамыздың мұрны жалпақ әрі үлкен екен. Жеңгелері «бұзау» деп атап, шежіреде «бұзау» атымен қалыпты. Бұл атамыздан өрбіген ұрпақтан ақбота ру атына ие болып, адайдың бір тақтасы болады.
Ақбота – малы, басы дүркірей өскен ауыл. Бұл ауылдан батырлар, би-шешендер, діни ғұламалар, байлар көп шыққан. Қабекеңнің өз әкесі Сыдиық – қызыл шырайлы, етжеңді, орта бойлы кісі. Діни терең білімді. Бұхарадан, Хиуадан діни білім алған. Кешегі зұлмат заманында бала оқытып, ем-дом жасап, көрегендік қасие­тімен атағы елге жайылып «Ақмолда» атанған. Сыдиықты тұтқындауға жекелеп те, топ-топ болып та келген жан алғыштар жолшыбай ат­тан құлап, жын қағып, диуана болып кеткен. Сыдиық ата дін аман, зайырлық ісін жалғастыра берген. Ол кісі жыр-қиссаларды, аңыз-әпсаналарды терең білген. Көпшілік бас қосқан жерде көбіне тек сол кісі сөйлейді екен. Ол діни білім берумен қатар шәкірт­терін шешендік шежірелермен, жыр-толғаулармен де сусындатқан. Сыдиық ата 1891 жылы Маңғыстауда туған, 1965 жылы, 23 ақпанда Атырауда дүниеден озды.
Қабекеңнің анасы Ағия Кеңесқызы – адайдың атақты батыры, биі, тау тұлға Сүйінғара Үргешбайұлының ұрпағы. Руы жетімек жары. Мен жоғарыда аталған мақаламда «Киіктің лағындай ойнап жүретін Гүлшат жеңгеміз қанша баптап берсе де, жаулығы қарқарадай енесі: «Қи шоғының қызуы маңдайыңа, иісі мұрныңа келіп отырмағасын мына шайыңа мейірім қанбайды», – деп отыратын» деп жазғанмын. Тоқыма өнерінің бау, басқұр, алаша, текемет, тағы басқа үй бұйымдарының шебері, киім-кешек пен киіз үй, қыз жасауы сияқты тұрмыстық әшекейлер жасақтаумен атағы шыққан анамыз да аулындағы жүздеген қыз-келіншектің тәлімгері болған.
Осы арада Ә.Спан жазған Қабекеңнің бір әңгімесіне назар аударсақ, «Жүйріктің соңғы иесі – Аймұрат сейіс. Мекені біздің Айрақты. 1930 жылдың лаңы келеді. Мал-мүліктің бәрі тәркіленеді. Аймұрат жаратып жүрген Тортөбел құнанын теңіз жағасындағы нар қамыс ішіне жасырып, бермей қалады. Артынан күн көрісі қиындаған соң оны-мұнысын Тортөбелге артып, әйел, баласын жетектеп, Жем бойы­на кете барады. Онда жақын туысы Сыдиық ауылын паналайды. Екеуі қостанып тары егіп, қақпанмен аң қағып, әйтеуір күнелтеді. Бірақ қызылкөз белсенділердің қуғынынан құтылмайды. Аңдысқан жау ақыры алып тынады. Аймұрат­тың бір туысын атып өлтіреді. Өзінің қолын байлап, Сыдиық ауылына алып келеді. Уезд орталығындағы түрмеге жаппақ. Екі қолы артына тұзақталып байлаулы. Тұтқынды есік алдындағы күркенің көлеңкесіне отырғызып қояды. Маңына ешкімді жолатпайды. Сонда айдауылдың көзін ала беріп, тұтқынға сусын беруге бүкіл ауылда бір адамның – Қабекеңнің анасы Ағияның ғана тәуекелі жетеді. Енді бір ретінде қолын шешіп кетеді. Қолы босаған тұтқын үйде ет жеп отырған белсенді құныкердің үстіне басып кіріп, қолындағы қорағашымен құрақұстан сұлатады».
Анамыз алты құрсақ көтерген. Қабекеңнің 1922 жылы туған ағасы Абдолла ұлы Отан соғысына қатысып, елге ауыр жаралы болып келіп, 20 жасында ауылда 20 күн ауырып жатып қайтқан. Қабекеңнің төрт апасы Зейнеп, Мария, Күлсін, Зада үйдің кенжесін аялы алақанына салып, мәпелеп өсірген. Ата-енесі жайлы Гүлшат жеңгеміз былай дейді: «Жарықтық Атырау құт­ты мекеніміз болды. Ел іші, ағайын ортасында тұрдық. 1960 жылы Інжу, 1962 жылы Оспан, 1964 жылы Маржан осында дүниеге келді. Атам өте балажан кісі еді. Немерелерін айналып-толғанады да жатады. Діндар, тақуа, молда кісі, қолын тигізіп Самарқанға, Бұхараға барып, сондағы әулие-әмбиелердің басына тауап етіп қайтады. Маңғыстаудағы Ержан хазіретке де барып, сәлемдесіп қайтуға уақыт табады. Гурьевтегі жалғыз мешітке барып жұрт­ты намазға жығады, Құдай жолын уағыздайды. Ал енемнің қыдыруға сірә, уақыт­ы жоқ, немелерін бағудан ауыспайды. Өте таза, ұқыпты, ширақ кісі. Бұл да адам көрмеген балажан. Үйде көп бап тілемейді. Шайқор». Осы арада қаперге бере кете­йін, Қабекеңнің кенжесі Манас 1972 жылы дүниеге келген. Ата-әжесінің алақан жылуын көрмеген. Анамыз Ағия 1967 жылы 78 жасында дүниеден озды.
«Бірде, – дейді Қабекең, – жалдаған пәтерде тұрып жатырмыз. Мен төргі бөлмеде қағаз жазып отырмын. Кәкем ауыз үйде дәрет алып, намаз оқығалы жүрген. Кенет бір нәрсе салдыр-гүлдір ет­ті. Жүгіре шықтым. Кәкем жоқ. Ауыз үйдің астында подвал бар еді. Соның аузы ашық тұр. Қақпақ жанында дәрет суы құйылған құман құлап жатыр. Подвал терең әрі іші қараңғы, үңілсем, Кәкем содан шыққалы жатыр. Мамам аузын ашып кетіпті де, Кәкем абайламай ішіне құлап кетіпті.
– Ойбай, аяқ-қолың аман ба? – деп жатырмын, үрейленіп.
– Ақырын, – дейді Кәкем сабырмен, – келіннің аяғы ауыр, шошып кетіп жүрер. Дабырлама, кел, қолымнан тартып жібер». (Ә.Спан. «Қабекеңнің қазынасы» Алматы. «Үш қиян», 145–146-бет).
Қабекеңдей телегей теңіз ғалымның тау тұлға болып қалыптасуына ықпал еткен өзі жан-жақты зерт­теген адайдың жеті қайқысы – Сүйіндік Тастемір, Мая Досат, Жаңай Өскенбай, Медет Жылкелді, Кенже Әділ, Майлан Шолтаман, Қаржау Тұрсын мен бес жүйрігі – Абыл Өтембетов, Нұрым Шыршығұлұлы, Ақтан Керейұлы, Аралбай Оңғарбекұлы, Қашаған Күржіманұлы болды ғой деп те ойлаймын. Тек бұлар ғана емес, Қабекеңнің қасиет­ті қаламына іліккен ондаған ақын-жыраулар мен сөз зергерлерінің, өрен өнерпаздарының ағаға тигізген әсері осал болмаса керек. Қабекеңнің өмірінде өнеге алған, тәлімгері, арқа тұтары болған тұлғалардың өзі бір қауым.
Солардың бірі де бірегейі – Алшын Меңдалиев. Ол кісі Сыдиық ағасымен төңкеріс кезеңінен етене таныс. Большевиктерге, Кеңес үкіметіне белсене қызмет еткен коммунист. 1931 жылғы қырғын салған қызылдардың озбыр саясатына қарсы шыққан елді босқа арандаудан сақтандырған, бұл сыңайда халыққа қадірлі, елге беделді Сыдиықтай уәлі ауыздарға сүйенген. Оларды Үкімет пен адай көтерілісшілерінің арасындағы мәмілегер еткен. Ке­йін өзінің де басына күн туып, 1937–1938-дің топалаңында ату жазасына кесіліп, ке­йіннен ату 25 жылға түрме жазасына ауыстырылады. Сталин өлген соң босап, тағы да шаруашылық басқару ісіне белсене кіріседі. 17 жыл қапаста өткен тозақты тағдыры қайсар тұлғаны мұқата алмаған. Зерделі, терең білімді, шежіреші тұлға бар жиған-тергенін, естігені мен көргенін қағазға түсірген. Әбіш, Қабиболла сынды зерек інілерін үнемі назарында ұстап, олармен таңды — таңға ұрып әңгіме шерткен. Алшекең жазбаларын Қабекең Ғылым академиясының қолжазба қорына тапсырған. Оның тарихи-танымдық құны зор «Адай шежіресінің» кітап болып шығуына қол ұшын берген.
Қабекең ғылымының қайнар бұлағы – аулындағы шежіреші, құйма-құлақ қария Қайшыбай Боқанов. Атақты зергер, ұста. Ол кісінің қолынан шыққан асыл бұйымдар – ыдыс-аяқ, шелек, қысқаш, неше түрлі пышақ-қанжал, сүймен, білезік, сақина, өңіржиек, шолпы т.б. бұйымдар Атырау, Жылыой музейлерінің алтын қорындағы құнды жәдігерлер. Атырау, Маңғыстау ақын-жыраулары туралы алған мәлімет­теріне Қабекең кітаптарында сілтеме жасап отырады.
Ақын, шежіреші, зерт­теуші, Қазақ­стан мектептеріне еңбегі сіңген мұғалім, «Қазақтың 1000 ақыны» ат­ты 2 томдықтың авторы, Жанаш Нұрмахан – Қабекеңнің ұстазы. Қабекең өз кітаптарын «Өзіңізге еліктеген шәкіртіңіз», «Алыс ауылда алғаш білім шашқан», «Ұстаздардың ұстазы», «Абыз аға», «Жақсылық жаршысы», «Ежелгі жыраулардың сұңғыла мұрагері» деген арнау қолтаңбаларымен ұстазына жіберіп отырған. Ғылым жолында Қабекеңнің жиі араласып, ұстаз тұтқан ағаларының бірі – Ғұбайдолла Айдаров. Белгілі түркітанушы, ғылым докторы. Кеңес Одағындағы Орхон-Енисей жазбаларын зерт­теуші төрт ғалымның бірі де бірегейі.
Қабекең 1934 жылы 18 наурызда туып, 2001 жылы 23 наурызда дүниеден өт­ті ғой. Осы ғұмырында Қабекеңнің өсуіне, өркендеуіне ерекше із қалдырғандарды санамалап тауысу мүмкін емес. Дегенмен Қаби ағаның өзі айрықша құрмет тұтқан қайын атасы мен қайын енесі туралы айтпай кетсек ақиқат­тан ат­тағандай болар едік.
«Аққудың көгілдіріндей, адыраспанның гүліндей» жеңгеміз Гүлшат – Алматыға тақау Нарынқолдың қызы. Сондағы Қайнар аулында туған. Әкесі – Омар Өскенбайұлы (1880–1974), анасы – Мәне Салыққызы (1900–1983). Түйе түлігін өсірудің, төл, жүн алудан Нарынқол ауданының, Алматы облысының бірнеше дүркін чемпионы атанған олар – өз ортасында биік беделге, асқақ абыройға ие болған жандар. Олар Қабекеңді туған балаларынан кем көрмей, ата-енелік мейіріміне бөледі. Бітім болмыстарымен үлгі, өнеге көрсет­ті. Омар мен Мәненің үлкен бедел иесі болған Сыдық, Сыдықбек, Қыдырәлі, Битан ат­ты ұларынан кейін кенжесі Гүлшат 1937 жылы 2 қарашада дүниеге келеді. «Ердің атын не аты шығарады, не қатыны шығарады» дейді ғой дана халқымыз. Қабекеңді – «Қабекең» қылған Гүлшат жеңгеміз екеніне дау айтатын қазақ бола қоймас.
1955 жылы орта мектепті үздік бітірген жеңгеміз екі жыл шаруашылықта не өндірісте жұмыс істеуі керек деген қаулыға ілігіп, Алматыдағы тігін фабрикасына орналасады. «Шебер тігінші», «Үздік тігінші» атақтарына ие болады. Екі жылдан соң шет тілдері институтының неміс тілі факультетіне оқуға түседі. Қабекең– екібастан Қазақ мемлекет­тік университетінің студенті. 1958 жылдың соңында университет студент­тері шет тілдер институтын жаңажылдық кешке қонаққа шақырады. «Сол кеште өлеңдері мерзімді баспасөзде көптен шығып танылып қалған ақын Қабиболла Сыдиықов өлең оқиды. Мәрмәр тастан сомдап шығарған мүсіндей аппақ, бота көздері от шашып мөлдіреген, қою қара шашы төгілген, жарқыраған ақ маңдайына ортасы сәл дөңестеу қыр мұрыны жараса біткен ай қабақ, сұлу ақын жігіт» (Ә.Спан) Гүлекеңнің жүрегін жаулап алады. Келесі айда университет­ті шет тілдері институты қонаққа шақырып, таныстық сырластыққа, сырластық сүйіспеншілікке ұласып, аяғы екібастан үйлену тойымен түйінделеді.
Мен – Қабекеңнің ауылдас інісімін. Оны Гурьев мемлекет­тік педагогикалық институтына түскен 1960 жылы білдім. Қабекең де университет бітіріп, осында оқытушы болып келген екен. Сол жылдан бастап «ағаның үйі – ақ жайлау» болып, бұл шаңырақ бір үйіміз болып кет­ті. Алматыда, 1973–1975 жылдары оқығанда да Қабекең табалдырығын апта аралатып тоздырып тұрдық. Аға-жеңгенің өзара сыйластығына, қонаққа деген риясыз ілтипатына, ініге деген мейіріміне шын көңілден риза болатынбыз. Жеңгеміз аға рухының асқақтауына өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді. Ағамыз жайлы естелік кітабының жарыққа шығуына, «Арыс» баспасынан ағаның шығармаларының он томдығының шығуына себепші болды. Ағаның үйіндегі екі бөлменің үш қабырғасын тұтас алған сөрелерге сірей орналасқан мұраларының шырақшысы. Биыл барғанымызда жеңгеміз 600 000 теңгеге арнайы мамандар жалдап, ағаның еңбектерінен 200 бума қол жазба қорын республикалық архивке тапсырғанын айт­ты.
Биыл көрнекті ғалым Қабиболла Сыдиықовтың туғанына 90 жыл толуына орай Атырау облысы, Жылыой ауданындағы орталық аудандық кітапханада, аудандық мұражайда, аудандық мәдениет үйінде және жастық шағы өткен, ұстаздық жолы басталған Ақкиізтоғай аулында әдеби-сазды шығармашылық кеш өт­ті.

Нұрдәулет АҚНАЗАРОВ,
Жылыой ауданының
Құрмет­ті азаматы,

журналист,
Атырау облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір