Өткен кезеңнің көркем шежірешісі
04.11.2025
161
0

С.Бегалин есімін Кеңес дәуіріндегі әдебиет оқулықтарынан көңілімізге тоқып өстік. Әсіресе көбірек оқығанымыз – ол кісінің «Тайатқан тауынан табылыпты», «Сәтжан» деген әңгімелері. Кейін әдеби ортамен араласа бастаған кездерде осы көрнекті жазушыны тірідей көру бақытына ие болдым. Рас, қатар жүріп сырлас бола алғаным жоқ. Жасы сексеннен асса да, бойы тіп-тік, қара шашты, ұзындау қияқ мұртты ақсақалдың көсіле сөйлегенін естіген емеспін. Кейде жиналыстың төралқасында тапжылмастан отырса да, сөз сөйлеуге сұранбайтын.

Өмірбаянмен таныссам, Сапарғали Ысқақұлы 1895 жылдың 24 қарашасында қазіргі Абай облысы, Абай ауданының аумағындағы Дегелең деген жерде өмірге келіпті. Семей қаласындағы орыс-қазақ училищесін бітірер-бітірместен, 1916 жылы майдан шебіндегі қара жұмысқа алынып, бірінші дүниежүзілік соғыстың біраз эпизодтарын өз көзімен көруі де – қаламгер өміріндегі елеулі оқиға.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, С.Бегалин жергілікті жердегі басқару саласында әртүрлі деңгейдегі жауапты қызметтер атқарған. Мысал үшін алғанда,1929–1935 жылдары Дегелең болыстық атқару комитетінің төрағасы, Қарқаралы уездік атқару комитетінің мүшесі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, аудандық халық соты сияқты лауазымдарымен қайнаған қарбаластардың алдыңғы қатарында жүрген.
Кейінірек Қазақ егіншілік халық комиссариатында, Түрксіб темір жол басқармасында жауапты қызметтер атқара келіп, ұзақ жылдар бойы «Теміржолшы» газетінде, Қазақстан Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты (қазіргі Әдебиет және өнер институты), Қазақстан Жазушылар одағында еңбек еткен екен. Қаламгер 1983 жылы өмірден өтті.
Соңғы қызметтерінде жүрген кезінде ол ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысып, қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, зерттеу саласында да бірсыпыра жүйелі жұмыстар тындырғанын факті ретінде ғана еске салып өткен жөн болар.
Ұзақ шығармашылық сапарында оның қаламынан жиырманың үстінде поэма, оннан астам повесть, жүздеген әңгіме, тоғыз пьеса, бір роман, көптеген естеліктер, зерттеулер, мақалалар туды. Бір қаламгердің шығармашылық ғұмыры үшін бұл тізім аз жұмыс емес.
Әсіресе көбірек талданатыны – «Бала Шоқан»,«Сәтжан» повестерінің көркемдік жетістіктері. С.Бегалиннің балаларға арналған шығармаларының өзінде уақыт тынысы, тарихи шындықтың көркемдік шындыққа айналуындағы шығармашылық ізденістері сәтті көрініс тапқан.
Көркемдік сипаты жалпы ортақ талапқа өз деңгейінде жауап бере алатын көптеген туындыларды өмірге әкелген, өз заманының танымал қаламгері болған Сапарғали Ысқақұлының балаларға арналған шығармалары жиырма бірінші ғасырдың биігінен қараған жағдайда да идеялық-көркемдік құнын жоғалта қойған жоқ. Құрғақ мәлімет ретінде келтіре кетсем, оның «Көксегеннің көргендері» (1948), «Ермектің алмасы» (1955, 1985), «Сәтжан» (1947, 1973, 1978), «Жас бұтақ» (1953), «Жеткіншектер» (1960), «Мектеп түлектері» (1961), «Төл басы» (1947), «Бақыт» (1956), «Сырлы қайнар» (1963) «Шоқан асулары» (1971), «Қыран туралы аңыз» (1976) атты прозалық жинақтарына топтастырылған жекелеген әңгіме-повестері жас оқырманды уақыт шындығымен ұшастыра алатын дүниелер еді.
Бұл аталғандардан басқа «Замана белестері» атты романы (1975) мен екітомдық таңдамалы шығармалар жинағы (1979) оқырман игілігіне айналды.
Қазақтың көптеген прозашыларының әдебиет табалдырығын, ең алдымен, өлеңмен бастайтыны жазылмаған дәстүр десе де болады. Сапакең де осы үрдіспен жүріпті. Оған дәлел – 1914 жылы «Айқап» журналында басылған «Қазақ қыз-бозбалаларына» деген тұңғыш өлеңі. Одан кейін көп ұзамай жазылған «Азамат арманы», «Көшер ме тұман серпіліп» деген өлеңдері 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі атышулы қанды оқиғаларға арналған екен.
Оның поэзия жанрын бір ақындай тәп-тәуір меңгере алғанын аңғартатын – «Азамат арманы», «Көшер ме тұман серпіліп» (1916), «Жылаған жұрт уанды» (1917), «Тау сыры» (1938), «Таңсық» (1940), «Машинист» (1944), «Алтай аңызы» (1947),«Қыран кегі» (1943), «Цимлян теңізі» (1953), «Таңдамалы» (1956), «Сырлы қайнар» (1963) т. б. өлеңдері мен поэмалары. Бұл аталғандардың басым бөлігі балалар әдебиетінің ауылынан алыс емес, осы салаға қажетті көркемдік компененттері толық, жас оқырманның қабылдауына лайықты. С.Бегалиннің өлеңдерін зер салып, көңіл қойып оқыған адам оның сазды лирик, сыршыл ақын екеніне көз жеткізе алар еді.
Адамгершілікке үндеген ақын ел кезетін жалқаулардың теріс мінездерін сықақтай отырып, оларды адал еңбекке, білім алып, оқу оқуға шақырды.
Түтіні шыққан ауылдың,
Түстігін аңдып, телмірме.
Еңбекке ұмтыл, ерінбе…
Жалдан да, адал ақша тап.
Өмірді босқа өткізбей,
Жас шағыңда оқып бақ! –
деген өлеңінің идеялық ұстанымы бүгінгі күні де көнере қойған жоқ.
Оның балаларға арналған тақпақ, жаңылтпаш, жұмбақ өлеңдерінің тілі жеңіл, мазмұны да ұғымға ауыр емес.
Қандас азаматтардың ерлігін, батырлығын мадақтайтын «Алтай аңызы» (Төлеген Тоқтаров туралы), «Қанатты қазақ» (Нұркен Әбдіров туралы) поэмалары – Ұлы Отан соғысы шындығын сәтті бейнелеген шығармалар қатарында.
Заман трагедиясы «Абақ арманы», «Айдос», «Баян жүрек», «Қыран кегі», «Бибі ханым» поэмаларынан қылаң береді. Олардан халқы үшін туған ерлердің қатыгез қоғаммен алысып өткен ауыр жағдайлары, халық басындағы күйзеліс анық аңғарылады. Бірден басын ашып алу керек, бұл соңғы тізімдегілердің кейбіреулерін таза балалар әдебиетінің туындыларына жатқыза алмаймыз.
С.Бегалиннің басқа да замандас қаламгерлері тәрізді арнайы акцент жасай отырып жазған тақырыптарының бірі – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Кеңес халқының қаһармандық ерлігі. Оның Кеңес Одағының Батыры атағын алған жерлесіміз Нұркен Әбдіровтің ерлігін жырлауға арналған «Қанатты қазақ» поэмасының көркемдік лейтмотиві патриоттық екпінге толы. Қазақтың қос қаһарман қызы Әлия мен Мәншүкті прототип етіп алған «Ажар» поэмасында ел басына қатер төнген шақта қазақ қызының өзі сұранып, майдан шебіне аттануы, сол соғыста көрсеткен ерліктері суреттеледі.
Оның шығармашылығы туралы пікірлер баршылық. Соның кейбірі мынандай:
«Сапекең өз машығы – өз сөз өрнегі, өз мазмұны, өз ерекшелігі бар белгілі қазақ ақыны болуымен қатар, есімі бүкіл Совет еліне мәлім балалар жазушысы. Оның кезінде одақтық жүлде алған «Сәтжан» повесі жүз мыңдаған тиражға бірнеше тілге аударылып, Отанымыздың түкпір-түкпіріне тарап кетті» (Зейнолла Қабдолов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы).
«Сапекеңнің «Сәтжан», «Көксегеннің көргендері», «Бала Шоқан» сияқты повестері қазақ балаларына да жете таныс. «Сәтжан» повесі балалар кітабына арналған одақтық конкурста бәйге алып, орыс тіліне, сол арқылы басқа халықтар тілдеріне аударылды. Бұл шығармаларында Сапекең бүгінгі ұрпаққа ауыл балаларының бүгінгі тіршілігін, өмір, табиғат танудағы жаңа істерін тамаша етіп айтып берді. «Бала Шоқанда» халықтың дана ұлдарының балалық шағын әңгімелей отырып, сол дәуірдің тарихи шындығымен таныстырады. Көпті көрген, халық даналығын бойына жиған ақсақал жазушымыздың қай кітабы болса да, қазақ оқырмандарының үлкен-кішісіне бірдей ортақ. Ол – данышпан халықтың бай тәжірибесін әңгімелеуші» (С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы).
С.Бегалиннің «Бала Шоқан» повесінде Шоқанның бала кезі «отбасы ошақ қасындағы өмірі», өсіп-өнген ортасы, өзі қамқорлығын көрген атасы Шыңғыс, әжесі Айғанымнан бастап, бірсыпыра туыстары қысқаша болса да повестің әр тұсынан шаң беріп қалып жатады. Шығармада Шоқан жастайынан ұстамды, ақылды, жан-жағына байыптап ой көзімен қарай білетін зерек бала ретінде бейнеленген.
Жарқын талантымен, өлшеусіз еңбегімен қазақ халқының асыл перзенті ретінде тарихта қалған ұлы тұлғаның балалық, жастық шағы туралы әңгімелеуі уақыт шындығына сай. Қазақ халқының он тоғызыншы ғасырдағы тұрмыс-тіршілігі де, тарихи ерекшеліктері де назардан тыс қалмаған. Автор Шоқан неліктен осындай ұлы тұлғаға айналды деген сұрақтың жауабын өскен ортасынан табады.
С.Бегалин жалпы персонаждарды бейнелегенде ұзақ сонар баяндауға немесе терең суреттеуге бой алдыра бермейді. Бұл арада ол кісінің сүйенетін көркемдік тәсілдерінің бірі – нақтылық, қысқалық. Бірақ соның өзінде де кейіпкер бейнесін сол жекелеген штрихтар арқылы есте қалатындай етіп суреттеуге бейім.
Қалай айтсақ та, Сапарғали Бегалиннің қазақ балалар әдебиетін дамытуға қосқан үлесі әлі де назар аударарлық деңгейде. Балаларға арнап жазған өлеңдері мен әңгімелері тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді. Бір шығармаларда жас жеткіншектің жақсы үміті, талабы, әр іске икемділігі, құмарлығы сипатталса, енді бірінде олардың әртүрлі мінез-құлқы мен алуан әрекеттері суреттеледі. Бірсыпыра өлең мен әңгімесі балаға өмір сырларын, табиғат құбылыстарын танытуға арналған.
Оның балалар прозасындағы көркем кеңістігі – қақаған аяз, дүлей боран, шыжыған ыстық, жайдары жайлау. Ке­йіпкерлері – дала төсін жайлаған кесек тұрпатты, ірі мінезді жылқышылар, малшылар, аңшылар, солардың өнеге-үлгілерін ұстанған жасөспірімдер.
Халықтық дәстүрді бойларына сіңіріп, табиғат аясында өскен жасөспірімдердің жан дүниелері де таза. Міне, осындай кейіпкерлердің бірі – «Сәтжан» повесіндегі Сәтжан деген жеткіншек. Ол өзінің досы Жанай екеуі жазғы демалыстарында колхоз бұзауларын бағып жүреді. Сөйтіп, колхоз малын көбейту жөнінде түрлі қиялдарға да беріліп қояды. Бүгінгі эгоизм мен өктемдік асқынған жаһандану дәуірінің балалары мұндай энтузиастарды түсіне алмаулары да ықтимал. Повесте Зейне ана, аңшы Серікбай, кенші Петр тәрізді ересектер бейнелері де жақсы бедерленген.
Әдебиеттанушы ғалым Н.Ғабдуллиннің «Сәтжан» – жеткіншектерге аю, қасқыр, жолбарыс, ителгі, бүркіттер психологиясын ұғындырып, аң аулау тәсілдерін үйретіп, қоғамға белсенділігін күшейтетін шығарма» деген пікірі дәлелсіз, жадағай сөз емес.
Жазушының «Сәтжан», «Көксегеннің көргендері», «Сымбатты Сима» және басқа повесть-әңгімелері тәрбиелік қуатымен күшті. Өскелең ұрпақтың бойындағы мөлдір сезімді, тазалық пен адамгершілік нышандарын оқырманға үлгі ете алуының өзі шеберлік. С.Бегалин шығармаларының сюжеттері бала ұғымына жақын қызықты болып келеді. Аңшылық әңгімелерін айтқан жерлерінде автордың беріле суреттейтін тұстары да аз емес. Повестің орыс тіліне аударылып, Москва мен Ленинградта бірнеше рет басылып шығуы соның дәлелі.
С.Бегалин аса ділмар емес, айшықты сөздерді қолдануы сирек. Бірақ соған қарамастан, балалар бейнесін көз алдыңа жұқалап болса да, елестете алады: «Әншейінде жай қимылдап, сөзді сараң сөйлейтін Сәтжанның мына сияқты әрі тез,әрі тапқыш қимылына Жанай таңданғандай бетіне қарай берді» деген сөйлемді алып қарайықшы. «Жай қимылдап, сөзді сараң сөйлейтін» Сәтжанның қандай бала екені оқуырманға да аңғарылып қалады.
С.Бегалин елуге жуық әнге өлең мәтіндерін жазған. Халықтар достығы, 2 рет «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталуы да осы еңбектердің жоғары жақтан еленгендігінің белгісі еді.
Бүгінгі таңда жазушының атында кітапханалар, көшелер бар. Ол кісінің мерейтойларына орай есімін қайтадан жаңғыртардай етіп, жыл сайын «Бегалин оқуларын» өткізіп тұрса да, артықтық етпес еді.
С.Бегалиннің балалар мен жасөспірімдер жазушысы болуының басты себептері де жас ұрпақты тәрбиелеудегі осындай тәрбие­лік ұстанымнан туындайды. Жас оқырмандарға арналған шығармалары, негізінен, өзі көрген өмір тәжірибесі мен өзі ортасында жүрген тіршілік көріністерін реалистік тұрғыдан әңгімелеумен ерекшеленеді. Балаларға арналса да, үлкендердің де қызығып оқитын шығармалары да баршылық.
Сапарғали Бегалин – балалармен бірге ересек оқырмандарға да арнап әдебиетіміздің поэзия, проза жанрларында тартымды, толымды шығармалар берген суреткер, шығармашылық ұзақ ғұмырында бабымен еңбек етіп, артында елеулі мұра қалдырған қаламгер. Кеңес дәуіріндегі қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі ретінде оның есімі әдебиет шежіресінде өзіндік орынға ие екенін ұмытпауымыз керек.

Нұрдәулет Ақыш,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының бас ғылыми қызметкері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір