Көңілден кетпес көркем жан…
21.10.2025
261
0

«Мен өмірде қаншама адам көрдім, үстінде киімі жоқ. Мен қаншама әсем киім көрдім, ішінде адамы жоқ», – деген екен Жәлеладдин Руми.
Иә, адамшылық, кісілік иініне мауыты жапсырмай-ақ, кенеп пен бөз іліп жүрсе де күләңкөрдей айқындалып тұрады екен-ау!
Міне, осы тақылеттес, Әбу ақсақал да бұл жалған дүниеден бап, рақат, ләззат талғамай өткен, біреуге істеген қайырының қайтарымынан баз кешкен, періште тұқымдас, бір жусанды азық, бір жусанды қазық етіп, мұз жастанып, қар төсеніп, бұлт бүркеніп жүре беретін, жаратылысы бөлек әзиздің бірі еді.
Ақша бұлттай ақ пейіл жан өз күнделігіне: «Кейде жас кездегі сүйкімді суреттеріме қараймын. Қайран жастық, сенен не қызық көрдім, өттің де кеттің. Өзгелер сияқты сайрандау да болған жоқ… Табысымды да өзімнен гөрі өзгелер молырақ пайдаланыпты», – деп жазып кетіпті.
Мен Әбу ақсақалды 1985 жылы әлдебір жиыннан көріп қалдым. Үстінде қара плащ, ақжал толқындай ақшаланған шашы бұрқырап, қажыған арғымақтай қасымнан жай жылжып өтіп кетті. Аяулы ақынның сол қалпы көз алдымда мәңгіге қалып қойды.
Осы орайда, 1943 жылы жаһандық соғыстағы Әбекеңнің өзі жазған естеліктері ойға оралады. Мұстай Кәрім екеуі әскери газеттің тілшісі болып, соғыса жүріп, майдан далаларын тынбай аралайды. Қос ақынның да шыршық атқан шөмеле шаштары арыстанның арда шудасындай сарбаз пилоткасына сыймайды. Содан полк командирі екеуіне де жалаңбас жүруге рұқсат беріпті. Сол алқара шашпен көргенде, Тұзтөбеден тұз тасыған атанның ақшулан басындай үлпілдеген ақ мамыққа айналған екен.
Ақ Еділдің жағасында сырнайыңды ойнама,
Қара көзге жас келтірер өткен күнді ойлама…
– деп, халық өлеңінде айтылғандай, Әбекеңдер теңіз жағалаған ой қазақтары да, біз Қызылқоға, Тайсойған, Жем-Сағыз атырабындағылар – қыр қазақтары едік.
Сондықтан да болар теңіз жағасында кіндігі кесілген Әбекең «Толқында туғандар», «Капитан ұлы», «Теңіз әуендері» «Офицер күнделігі» атты роман, хикаяттарды дүниеге әкелді. Қадап айтатын бір жайт – әдебиетімізде бұл тақырыпты тұңғыш рет игеріп қана қоймай, теңіз романтикасын, балықшылардың іс-әрекетін, сыр-сипатын, айдын табиғатын, құбылыс-мінездерін, теңізшілер қолданатын түрлі атаулар мен сөздерді қазақ оқырмандарына алғаш паш еткен Сәрсенбайұлы болатын.
Теңіз тақырыбын өз шығармаларының алтын желісіне айналдырған әлемдік деңгейдегі Эрнест Хемингуэй сынды санаулы жазушылардан ғана тұратын Дүниежүзілік маринистер мен баталистер қоғамына тұңғыш рет мүше болған қазақ тағы да осы Әбу Сәрсенбайұлы.
Сөз арасында белгілі ақын Темірхан Медетбектің бір естелігіне жолшыбай соға кеткенді жөн көрдім: «Ана бір жылдары Маңғыстауға рухани әкем Әбу Сәрсен­байұлы мен Ләзиза апай келді. Құрақ ұша күтіп алдым. Әбекең Атыраудың жоғарғы жағында туған, соғысқа дейінгі жас кезінде теңізші болған ғой. Содан ба, қара жердің үстінде келе жатып та, теңіз үстіндегі кемеде келе жатқандай, теңселгендей болып, ырғалып жүретін. Біраз жерді аралатқаннан кейін Тамшалы деген жердің теңіз жақ бетіне апардық. Су жып-жылы әрі жағасы саяз екен. Содан Әбекең «суға түсейік» деп шалбарын сыпыра бергені сол еді, теңіз жақтан қуанышты дауыс шықты. Қарасақ, әлгі теңіз ішінде жүрген екі адам қолдарына нән-нән, бір-біреуі адам бойындай екі бекіре балықты көтеріп тұр. Жарықтық Әбекем-ай, балықты көргенде есі шығып кеткені сонша, шалбарын тастай сап, көйлегі мен галстугін шешпестен суға күмп бергені. Есіл-дерті, екі көзі балық көтеріп тұрған екі адамда, мен шешінген бойда Әбекеңе жетіп, ол кісіні зорға тоқтаттым. Екі қолынан сүйрегендей болып, әзер дегенде жағаға шығардым. Екі балықшы да екі бекірені көтеріп әкеліп, құм үстіне тастады. Әбекең балаша қуанып, ылғалды құмда жатқан балықтардың арқасынан сипап-сипап, тіпті иіскеп те қояды…»
Міне, Темірхан ағамыздың естелігі осылай сөйлейді. Киімін де шешпей, сексеннен асқан шағында суға қойып кетуі – сонау албырт шағындағы теңізшілік, балықшылық кезеңін өлердей сағынғандығы емей, немене?!
Қалай дегенмен де, қанбай қалған құшыр, сартап боп алыста қалған самала саздар адамды түрлі күйге салады-ау!
Иә, туа сала ту ұстағандай дерлік, Әбу сынды аттары тым ерте аңызға айналған қажырлы қаламгерлердің қайсар жырларын, мейірбандығын, шарапат-шафхатын, артынан ерген қараларына қылған қайыр, қамқорлықтары туралы естеліктерді күні бүгінге дейін қайталап оқудан жалықпаймыз.
Әзелде, Құдайға сүйіспеншілік құшағында жүріп, өз жекебасының құштарлығын жойған пенде ғана ұшпаққа шығады және кемел дүние тудыра алады.
Тағы да Әбекеңнің күнделігіне (10.03.1976) кезек берейік: «Саттар Имашевпен әңгімелестім. Ол мені жылы қабылдады. Маңғыстаудың тарихи ескерткіштері, жер асты ғимараттары жайлы өтінішімді С. Ниязбековпен бірігіп шешуді кеңестеді. Абылдың 200 жылдығына байланысты жыраулар шоғырына символикалық ескерткіш тұрғызу және Сәттіғұл жинағын шығару сияқты мәселелерді неге екенін білмеймін, кейінге қалдырды. Маңғыстау композиторларының ән-күйлерін репертуарға енгізу, Маңғыстау филармониясы жайлы пікірімді қолдап, жазып алды. Қадірлі Қажекеңнің, Қажым Жұмалиевтің 70 жылдығын өткізу, зиратына белгі қойдыру жайлы ұсынысымды да жерге тастамай, тиісті шешім қабылдайтынын мәлімдеді».
Міне, өңшең елдік әңгімелер, халық көкейінде жүрген өтініш-тілектерді Әбекең мемлекет деңгейінде шешуге ат салысады. Өзінің, қара басының мұң-мұқтажы туралы бір ауыз сөз жоқ.
Эпик ақын Хамит Ерғалиев Әбу ағасы алпыс жасқа толғанда:
Әбу ақ қой шағала, желкеннен де,
Құшып тұрып сүйеді желкеңнен де.
Ақша бұлтқа қарайды ол аспандағы,
Жердегі бір пысықтан жеркенгенде… – деп, оның дарқан мінезін тап басып, осылайша, тебіренеді.
Абыз тұрпатты Әбекең біраз атырапты жылытып, көгалға айналдыра ағатын гольфстрим ағысы сияқты, айналасына мейі­рімділік, имандылық ұрығын себе жүретін.
Сондай-ақ Әбіш Кекілбайұлы да әзиз жан туралы бірталай сыр ақтарады. «Әбекең редакциялар мен баспаларға да көп баратын. Жалғыз бармайтын, қашан көрсең де қасында бір-екі жас қаламгер жүретін. Қолтығында бума-бума қолжазба. Өзінікі емес, өзгелердікі. Ұнаған қолжазбаны дереу қолтығына қыстырып, авторын қолынан жетектеп алып, әр есікке бір кіргізіп: «Мынандай таланатты танисыңдар ма?» – деп жерден жеті қоян тапқандай, табалдырық тоздырып жүретін жалғыз осы Әбекең ғана еді.
Алпысыншы жылдары әдебиет босағасын аттағандардың біразы осы әзиз ақынның алдын көріп, ақ батасын алғандар еді. Әбекең Алматыда консерваторияның театр факультетінде оқып жүрген Сайын Мұратбаевтың әңгімелерін оқып, оңды-солды мақтап, масаттанып бақты. Әбу ақын ауылда ауырып жатып жазған Қанипа Бұғыбаеваның қажырлы да қыжылды ойшыл өлеңдеріне тебіреніп, Алматыға алдырып, үйіне жатқызып, емдетті. Мейірбан жан Ақсу беттегі бір совхозда парторг болып істейтін Құдаш Мұқашевті да топқа қосқан-ды. Сонау Маңғыстауда бұрғышы болып жүрген Темірханның да аяқ алысына тамсанып, көшке ілесуіне қамқор қолын созған-ды. Бұл тізімді соза берсек, жуық арада аяқталар түрі жоқ.
Ол әсіресе Жұмекен Нәжімеденов дегенде, ішкен асын жерге қоятын. Құдайдың құтты күні: «Әй, Әбіш, Жұмекеннің әнеукүнгі кірген үйі суық болып шықты, «Алатау» жақтан басқа бір үй жалдап алды. «Әй, Әбіш, Жұмекен бір тамаша кітап бітірді ғой… Саған оқытты ма?» – деп үсті-үстіне телефон шалумен болатын. Пәтерден-пәтерге ауысып, бір қыста әлденеше рет көшіп жүретін Жұмекен жаңа пәтерге қоныстанғанда, бәрімізден бұрын Әбекең жететін. Баласындай кісінің жүгін тасысып, отын жағысып жүрген ақ бас ағаны көргенде, қараптан-қарап елжіреп кететінсің… Осылай, елден ерек мейірбан Әбу ақсақалдың майда алақанының майса шуағы талай маңдайды жылытқан-ды».
Міне, Әбіш Кекілбайұлы да әзиз ағасының шын таланттарға таусыла тағзым етуден бір танбайтынын көпшілікке әйгілей кетеді.
Ал енді Әбу Сәрсенбайұлының белгілі ғалым Қадыр Жүсіпке «Жұмекен Нәжімеденовтің ақындығы» деген монографиясын аяқтаған кездегі жазған хатын оқып қараңыз:
«Қадыр ұлым! Ғылыми ізденістеріңе сәттілік тілеймін. Жұмекен ағаңның аруа­ғы-рухы қолдағай! Бүгін оның мәңгілік өмір сапарына аттанғанына 2 жыл, үш ай, яғни 880 тәулік!
Ағаңды ұятқа қалдырмай, алғашқы ғылыми белестен сүрінбей өт те, кезекті шыңға дайындал!
Аталық мейіріммен: Әбу Сәрсенбайұлы. 1.04.1986 жыл».
Япырым-ай, Әбекең Жұмекен ақынның қайтқанына туған баласынан бетер қайғырып, дүниеден өткен әр күніне дейін санап жүріпті-ау! Мұндай парлап ұшқан шын талантқа деген пәруана махаббатты, ғажайып пірадарлықты бұрын-соңды кім көрген?! Балапанына жемді жемсауынан төгіп беретін пингвиндей, таршылық кезеңде өз сыбағасын аузынан жырып үлестірген, үйіне жатқызып, емдетіп-тәрбиелеп, қамқорлаған, елге танылсын деп елбірей жүгірген, ол көтерген талай ғаріп пен қасерлер, шәкірт­тері Әбекеңнің бұл шүлендігін, сақилығын ғұмыр бақи ұмытпайтын шығар.
«Әбу Сәрсенбайұлы әсіресе талантты жастарға елгезек. Алтын уақытын сарп етіп, олардың бабын табудан қартайса да жалыққан емес. Небір тамаша, кісілігі басым адамдар шығармашылық талантқа ие бола бермейді. Олардікі – адамдық талант. Адам болу үшін де талант керек. Ал небір талантты жазушы, композитор, суретшілердің адамдық қасиеті қарын аштыратыны бар. Оларды тек шығармасынан ғана көру керек.
Ақиқатын айтқанда, Әбу аға жүрегінде адамдық та, шығармашылық талант та қосақтала қоныстанған. Бәлкім, оның ұзақ жасауына, алғаусыз ақ пейілі мен кіршіксіз ниет-тілегі, жастардан алған уыз батаның да жәрдемі тиген шығар».
Міне, бұл қазақтың ақтан кер шайыры Ғафу Қайырбекұлының Әбу ағасы туралы ақжарма толғанысы.
Біз арғы-бергі арыстардың әзиз жан туралы жүрекжарды пікірлерін неге тізбелеп отырмыз?
Амал не, бүгінде Әбу Сәрсенбайұлы мен Әбіш Кекілбайұлында кездесетін теңдесі жоқ мейірбандық, бауырмалдық құстың сүтіндей, аюдың өтіндей зәрулікке айналды.
Көзі тірісінде әл-Атрауиды әкесіндей сыйлаған Тұманбай Молдағалиев: «Бұйра шашын сілкіп тастап, Алматы көшесінде жеделдете басқан Әбу ақсақалды көргенде, біреулерге жақсылық істеу үшін асығып бара жатқан «жедел жәрдем» көлігін көргендей әсерде боламын», – деп елжірей еске алады.
Иә, алыстағы біреудің сүйегі шытынаса, үйінде алабұртып, сіркесі су көтермей қиналатын аруақты сынықшыдай, бейнет шеккен жандарға жеткенінше Әбекеңде тағат қалмайтын.
«Алла тағала бағы жанар жігітке, алдымен, бейнет береді» дегендей, Әбу Сәрсенбайұлы патшалық ресейдің отаршылдық көршеңгелін, төңкерісті, ашаршылықты, атып-асу зұлматын, жаһандық соғыс қасіретін белшеден кешіп өткен кәрі тарлан, қаһарман тұлға, сұлулықты сүйген сыршыл ақын, құпиясы қырық қатпар заманадан түңілмеген сұңғыла ойшыл, іштегі шерін имандылыққа, мейірімділікке, сәруарлыққа ұластырған мұңлы шайыр. Ойрана заманның ойнамалы саясаты да оны өзгерте алған жоқ.
1995 жылы тоқсан жастан асқанда, дерт қажап арыған денесінің соңғы қызуын халқына саусақ ұшындағы қаламынан сарқып беріп, шыбын жаны пейіш патшалығына қарай ақ бу боп қалықтай жөнелді. Ол бу – өзі жырлаған ақша бұлтқа айналып, аспан әлемін кезіп кетті…

Жұмабай ҚҰЛ,
ақын, публицист

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір