Көңілден кетпес кез­десулер
23.08.2024
150
0

немесе қалам қайраткерлері оқырман ортасында

Қазақ­стан Жазушылар одағының құрылғанына 90 жыл толғаны аталып өтіп жатқан қазіргі кез­де, қаламгер мен оқырманның байланысы туралы айт­қан орынды сияқты. Өзіміз куә болған терең мазмұнды әдеби іс-шаралар шоғыры арада алпыс жылға жуық уақыт өтсе де, көкейімізде дәл кешегідей сайрап тұр.
1965 жылдың маусым айы. «Ақын-жазушылардың үлкен тобы республиканың батысындағы үш облысқа ат басын бұрыпты» деген жақсы хабар жет­ті. Педагогикалық институт­тың бірінші курсын тәмамдап, демалысқа шыққалы жатқанбыз. Деканат жақтан «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің болашақ мұғалімдері алматылық ақын-жазушыларды көріп қана қоймай, жоспарланған іс-шараларға қатысқаны жөн» деген ұсыныс түсті. «Іздегенге – сұраған» дегендей, оқу тобындағы жиырма шақты ұл-қыз қуана келістік. Күткен күн де келді. Орал теміржол вокзалының төңірегі құжынаған халық. Ақтөбе қаласын артқа тастаған Алматы – Мәскеу жүрдек пойызы перронға жайлап келіп тоқтады. Облыс басшылары дөкейлер ғана мінетін 10-вагонның алдына топталды. Вагоннан бірінші болып суретін оқулық, кітап, газет-журналдардан көріп жүрген Ғабит Мүсірепов түсті. Оның артқы жағынан жерлесіміз, ақын Жұбан Молдағалиев көрінді. Ғабит Махмұтұлы орта бойлы, толықша денелі, дөңгелек жүзді келісті кісі екен. Түріктің фескасына ұқсас шашақсыз қара түсті бас киімі бар. Көзілдірігі де қара. Вагонның үш-төрт қана баспалдағын санап та, зерт­теп те келе жатқандай. «Аяғымның асты таза ма, жоқ па?» деп күдіктенетін тәрізді. Біздің халық мұндай адамды, жақсы мағынасында, «мызылған-сызылған», яғни кербез жан дейді. Классик жазушымыз сол кез­де, бар болғаны 63 жаста екен-ау. Біз әңгімелеп отырған кез­де Ғабит Мүсірепов Қазақ­стан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, Жұбан Молдағалиев екінші хатшысы болатын, яғни екеуі қаламгерлерді бастап келе жатыр. Иә, ұзыншұбақ вагондардан қонақтар түсіп жатыр, түсіп жатыр. Хамза Есенжанов, Жәрдем Тілеков, Қалижан Бекхожин, Қуандық Шаңғытбаев, Ғафу Қайырбеков, Қадыр Мырзалиев, Сағи Жиенбаев. Қателеспесем, бір-екі орыстың ақын жігіт­тері болған сияқты.
Иә, бұрындары да облысқа қаламгерлер екі-үштен келіп, оқырманмен жүздесіп жүрді. Ал мұндай қалың шоғыр Ақ Жайық өңіріне келіп көрмепті. Орал қалалық кеңесі атқару комитетінің мәжіліс залында алматылық ақын-жазушылар жергілікті шығармашылық ұжымдардың өкілдерімен жүздесті. Бұл басқосуға, негізінен, облыстық «Орал өңірі» (ол кез­де «Октябрь туы») газеті редакциясындағы және Орал пединститутының академик Қажым Жұмалиев атындағы әдебиет бірлестіктерінің мүшелері қатысты. Аға ақын-жазушылар жас қаламгерлерге құнды кеңестер берді. Сәт­ті туындыларының кітап болып шығатынынан хабардар ет­ті.
А.С.Пушкин атындағы Орал мемлекет­тік педагогикалық (қазір Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақ­стан университеті) институтының акт залында қала жұртшылығымен кез­десу болды. Халықтың өте көп жиналғаны соншалық, тізілте қойылған орындықтар аралығындағы адамдар жүретін жолдар бітеліп, орын жетпегендер залдың қабырғаларына сүйеніп тұрды. Дуды көрсе табаны қызатын хас жүйріктей, ақын-жазушылар көсілді-ай дерсің! Іс-шара орыс тілінде өтуге жоспарланса да, қалып бұзылып, қазақ тілінде сөйлегендер басым түсіп жат­ты. Сол кез­де Орал қаласы тұрғындарының 15-17 пайызы ғана қазақтар болатын. «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» дегендей, қандастарымыз ілдәлдалап күн кешіп жатқан-ды…
Иә, таяуда ғана пайдалануға берілген «Мир» кинотеатрындағы кез­десу кеші жазушы Хамза Есенжановтың шығармашылығына арналғандай болды. Саналы өмірінің он сегіз жылын қуғын-сүргінде өткізген қаламгердің, итжеккеннен «Ақ Жайық» трилогиясының негізгі нұсқасын жасырын жазып, құпия алып келуі ерліктің ешкім дау айта алмайтын үлгісі еді. Төралқада, залда трилогияда баяндалатын оқиғаларды бастан өткерген, көре қалған, кітапқа кейіпкер болған көнекөздер отырды. Осы әдеби іс-шаралар шоғыры көңілі пәс болып жүрген қандастарымыздың рухын бір көтеріп тастады. Ақындар жарқырай көрінді. Жұртшылық дарқан дарын Қалижан Бекхожинді ұйып тыңдады. Сырбаз ақын Қуандық Шаңғытбаев философиялық ойға толы өлеңдерін оқыды. Сол тұста аты дүрілдеп тұрған ақын Ғафу Қайырбеков «бәйге жүлдесін шаппай бер» дейтін бапты шағында екенін паш ет­ті. Қою дауысы кең зал ішін кернеп кет­ті. Қадыр мен Сағи ақындар да қалысқан жоқ. Өлеңдері жүрекке жылы тиіп жат­ты. Балалар ақыны ретінде танылған Қадыр Мырзалиевтің сол 1965 жылы «Ой орманы» деп аталған ересектерге арналған алақандай кітабы жарық көрген болатын. Тарих-филология факультетіндегі қазақ бөлімінің төртінші курс студент­тері шағын болса да, ормандай ойға толы өлеңдерінің ықпалында жүргенбіз. Тірі авторды жақыннан көріп, тіпті тілдесіп қалғанымыз бар-ды. Арада біршама жыл өткенде, Қадыр ақын туған жеріне келгенде, сан рет атқосшы болғанымызды сағынышпен еске аламыз қазір…
Содан, алматылық ақын-жазушылар облыс орталығындағы жоспарланған шаруаларын тәмамдап, ат басын аудан, ауылдарға бағыт­тады. Қазақ оқырмандарының сексен пайызы ауылдық жерлерде тұратын. Қазіргі әкімшілік құрылыммен айтсақ, қаламгерлер Ақжайық, Жаңақала, Казталов, Бөкей ордасы аудандарында болып, қалың жұртшылықпен жүздесті. Аудан, шаруашылық орталықтары мен бөлімше, бригадалардағы кез­десулердің маңызды, мағыналы, жүрек тебірентерліктей болғанын мерзімді баспасөз жазып, теледидар көрсетіп, радио хабарлап жат­ты. Ақын-жазушылардың Ақ Жайық атырабына сапары Қазақ­станның түкпір-түкпіріне мәлім болды.
Мұндай сапарлардың қаламгерге берері мол болса керек. Шынайы өмірді көзімен көріп, жан-тәнімен сезініп, шығармаларының болашақ кейіпкерлерін сомдауда жиналған әсерлер ауадай қажет қой.
Иә, көп кешікпей-ақ мерзімді басылым бет­терінде ақын-жазушылардың Ақ Жайықтағы күндерінің нәтижелері көріне бастады. Ақындардың топтама өлеңдері, жазушылардың мақала-очерктері жарияланды. Сол бір кез­дерде ақын Сағи Жиенбаевтың «Құлын» деген өлеңі көпшіліктің аузында жүрді. Осынау мақаланы жазуға оқталғанда, Сағи Жиенбаевтың он томдық шығармалар жинағының бірінші томынан «Құлын» өлеңін тауып, оқырманға ұсынғанды жөн көрдім. Шынайы өмірде болған оқиғадан туған өлең бұл. Мен бұны қазір жасы 97-ге келіп отырған, ұзақ жылдар бойына Батыс Қазақ­стан облыстық мәдениет басқармасының басшысы болған, қаламгерлерді бастап алып жүрген Жайсаң Ақбай ақсақалдың аузынан естіген едім.
Аудан, ауылдарды аралап жүрген қаламгерлер ел өміріне қаныға түседі. Бірде ақын-жазушылар ақ «Волгаларға» мініп, бір кеңшардан келесі кеңшарға кетіп бара жатады. Жолдың екі жағы қаптаған мал. Алдан қалың жылқы көрінеді. Ауылда өскен қалам қайраткерлері жылқыға көңілі ауып, сұлу мүсінді қылқұйрықтарды әңгіме арқауы етеді. Енесін төңіректеп құлын-тайлар құлдырап жүреді. Кенет­тен жылқы үстіне тоқымдай бұлт үйіріле қалады. Ол әп-сәт­те қанат жайып, қоюлана түседі. Найзағай жарқылдап, жерді тітірете күн күркірейді, нөсер үдей түседі. Бір кез­де, аспан жерге ауып түскендей шатыр-шұтыр үн естіліп, жер солқ еткендей болады. Тоқтаған машиналар легінен таяқ тастам жерде жай түскен құла бие сұлап жатады. Емшегінен сүт атқылайды-ай кеп. Ештеңені түсінбеген құлыны ары-бері шапқылап келіп, сұлқ жатқан енесін тұмсығымен түрткілейді. Нәзік жанды ақын-жазушылар дала трагедиясын жүрек арқылы өткізіп, мұңайып тұрады. Бұл не? Жаратқанның сыны ма? Қалай болғанда да, сөз зергерлеріне ой салғаны күмәнсіз. Ап-сап басылып, қаламгерлер қалыпты жағдайға келгенде, Ғабит Мүсірепов ақындарға өлең жазуға ұсыныс жасапты. Осы тұста Қазақ­стан Жазушылар одағымен түйдей құрдас, дүниеге келгеніне 90 жыл болып отырған қазақтың біртуар лирик ақыны Сағи Жиенбаевты еске ала өткен орынды сияқты. «Құлын» өлеңіне назар аударайық:
Табиғат­тың осындай бір қастығын,
Көрме­йін деп бұлт астына қашты күн.
Жаңа ғана енесіне жай түсіп,
Жапан түзде қала берді жас құлын.

Нөсер жаңбыр құйылғандай шүмектен,
Осы маңда өршелене үдеткен…
Құлыншақты тербегендей шайқалтып,
Қара жердің кеудесі бір дір еткен.

Одан басқа еш нәрсені сезбеген,
Тек екеуі ке­йін қалды өзгеден.
Басқа жылқы қырға бет­теп барады,
Бұл соларды ұзатып тұр көзбенен.
Жүйткір еді шарлап ойын-төбесін,
Кете алмай жүр шыр айналып енесін.
Шұрқыраған құлын-тайдың дауысы,
Шымырлатып барады оның денесін.

Шақырғандай қоғалы көл, гүл-құрақ,
Көз ұшында кет­ті бір кез бұлдырап.
Орта жолға жете бере жалт беріп,
Ке­йін қарай ақты қайта құлдырап.

Тағы біраз тыпыршыды талпынып,
Шыдай алмай арлы-берлі шарқ ұрып.
Құлындарға қарап қойып алыстан,
Енесін ол еміп жат­ты алқынып.

Жаңбырменен дүр сілкініп шықты көк,
Көк шалғынның бетін самал сүрт­ті кеп.
Оятқандай сұлқ жатқан енесін,
Тұрды құлын тұмсығымен түрткілеп.

Кеше ғана көрді ғой ол таң нұрын,
Кең даланың көкорайлы шалғынын.
Білмейді ғой, оның сәби жүрегі,
Ажал деген аяусыздың барлығын…
Иә, Қазақ­стан Жазушылар одағының 90 жылдық тарихында мұндай іс-шаралардың талайы болғаны анық. Қаламгер мен оқырманның байланысы үзілмеуі нәтижесінде, қазақ әдебиеті бүгінгі биігіне шығып отыр ғой. Бұл бағыт­та Қазақ­стан Жазушылар одағының өңірлердегі құрылымдары айтарлықтай рөл атқарды. Мысалы, 1959-1965 жылдарда батыстағы үш облысты қамтыған Орал облысаралық бөлімшесін биыл туғанына 100 жыл толып отырған белгілі ақын, махамбет­танушы Берқайыр Аманшин басқарған еді. Сол тұста үш облыста үш мықты әдебиет бірлестігі құрылды. Облыс, аудан орталықтары мен ауылдардағы қаламды серік еткен жас талант­тар бірлестіктер төңірегіне ұйыстырылды. Бұл бағыт­та Берқайыр ақынға облыс орталықтарындағы әдеби кеңесшілер: Ақтөбеде ақын Мұхтар Құрманалин, Атыраудан (Гурьев) драматург Берік Қорқытов, Оралда ақын Жанғали Набиуллин көмекші болды. Сол бір кез­дерде үш облыста ғұмыр кешкен жас талапкерлер жоғарыда аты аталған ағалардың қамқорлығын көрді. Уақыт өте келе ақын Берқайыр Аманшиннің тұсында құрылған әдебиет бірлестіктерінің талант­ты мүшелері Жазушылар одағына қабылданды.
Қаламгер мен оқырманды байланыстыруда Қазақ­стан Жазушылар одағының Көркем әдебиет­ті насихат­тау бюросы ерекше рөл атқарды. Қазақ­станның төрт бұрышында бюроның төрт қосыны жұмыс жасап тұрды. Осы жолдардың авторы 1987-1992 жылдар аралығында аталған мекеменің батыстағы төрт облысы бойынша уәкілі лауазымында қызмет атқарды. Төрт облыс аумағына іссапарға шығып, Көркем әдебиет­ті насихат­тау бюросы атынан еңбек ұжымдарымен шарт жасасып, ақын-жазушылардың өңірлерге келуін ұйымдастырдық, яғни шарт бойынша еңбек ұжымдары Қазақ­стан Жазушылар одағының есепшотына келісілген мөлшерде ақша аударып тұрды. Көркем әдебиет­ті насихат­тау бюросы болса, ақша аударған еңбек ұжымдарына қаламгерлерді жіберуді жүзеге асырды. Еш жерде қызмет істемеген, таза шығармашылықпен шұғылданған ақын-жазушылар кезінде Көркем әдебиет­ті насихат­тау бюросының жұмысына белсене атсалысты. Бюро қаламгерлерді еңбегіне қарай қаламақымен қамтамасыз етіп отырды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында шығармашылық одақтар бюджет­тен ажыратылғанда, Көркем әдебиет­ті насихат­тау бюросы да тарих сахнасынан кет­ті. Бюроның соңғы директоры белгілі ақын Аманжол Шамкенов те өмірден өт­ті.
Осынау шағын мақаламызда кезінде Қазақ­стан Жазушылар одағы атқарған жұмыстың өзіміз куә болған қас-қағымдай сәтін ғана әңгімеледік.
Заман өзгерді. Мақсат, мүдде жаңарды. Құндылықтар сараланып жатыр. Алпауыт­тар әлсіздерді әдет­тегісіндей айт­қанына көндіріп, айдауында жүргізуге күш салуда. Әлем өткен ғасырдың отызыншы жылдарын еске түсіреді. Іріктелген ірі мемлекет­тер екіге жарылып, топ құрып, бір-біріне қару кезенуде.
Аумағы кең байтақ, жерінің асты-үсті қазынаға толы Қазақ елі талайлардың көзқұртын қоздырып отыр. Кең жердегі саны аз халыққа сақтық, бірлік, қажырлылық ауадай қажет. Ел болып қалу үшін ұлт­тық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Бұл бағыт­та ақын-жазушыларға, яғни 90 жылдық тарихы бар Жазушылар одағына артылған жүк сары алтыннан да салмақты болып отыр!

Айт­қали НӘРІКОВ,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты

Фотосурет­тер Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы және Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы архивтерінен алынды

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір