Естен кетпес кездесу…
Екі ел арасындағы әдеби-мәдени байланыстардың жақсара бастағанына байланысты 1992 жылы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аймағы (ШҰАР) жазушылар қоғамының шақыруымен Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, әйгілі жазушы Төлен Әбдіктің бастауымен Үрімжіге алты кісіден тұратын қаламгерлер келе қалды.
Делегация құрамында Рымғали Нұрғали, Мұхтар Мағауин, Оралхан Бөкей, Қастек Баянбаев және бір ұйғыр жазушысы (есімі есімде қалмапты) бар екен. 1980 жылдардың басынан бастап, Қазақстанда шығатын «Жұлдыз» журналы, «Қазақ әдебиеті», «Ара» т.б басылымдар барып тұратындықтан, Қазақ-кеңес энциклопедиясының бас редакторы Рымғали Нұрғалидың, бірқатар кітаптары Шыңжаң халық баспасынан араб қарпімен басылып шыққан Мұхтар
Мағауиннің, «Атау кере» кітабымен белгілі Оралхан Бөкейдің, балалар әдебиетімен айналысатын Қастектің есімдерімен әбден таныс едік. Енді аттары аталған әйгілі адамдардың дидарларын көріп, бетпе-бет сыр-сұхбатта болатынымызға ерекше қуандық. Сол үшін де делегацияның келуі екі елдің рухани өміріндегі айта қалатын елеулі оқиға болды.
1962 жылғы Іле, Тарбағатайда туындаған шекара оқиғасынан кейін екі ел арасындағы қарым-қатынас, хат-хабар мүлде үзіліп қалған болатын. Содан 30 жыл өткенде, Қазақстанның әйгілі ақын-жазушы, ғалым, қоғам қайраткерлерінен құрылған зиялы қауым өкілдерінің келуі, расында, Қытайдағы неше жүздеген қазақ ақын-жазушылары ғана емес, Үрімжідегі негізгі ұлт қаламгерлері үшін де айтулы жаңалық болғаны рас.
Делегация Қорғас шекарасына көлікпен келгеннен кейін, белгілі жазушы, ақын, сыншы, «Шұғыла» журналы бас редакторының орынбасары Әбденбай Бажаев жолсерік болып бастап алып келді. Ертесі ШҰАР жазушылар қоғамының ұйымдастырумен делегация мүшелерін қарсы алу жиыны ашылды. Жиынға Үрімжідегі әр ұлттың ақын-жазушылары мен Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарынан арнаулы өкілдер шақырылды. Қарсы алу жиынын Шынжаң жазушылар қоғамы төрағасының орынбасары, Қытайдың танымал сыншысы Чын Байжұн ашып, қонақтарға арнайы ат басын бұрғандары үшін алғыс білдірген. Мен Чын төрағаға ілеспе аудармашылық жасап, сөздерін қазақшаға тәржімалап тұрдым. Артынан, делегация жетекшісі Төлен Әбдік қазақ қаламгерлерін жеке-жеке таныстырып, өзінің сөзінде жазушылардың келу мақсатын, екі ел арасындағы рухани-мәдени байланыстың атқарар қызметін, мән-маңызын түсіндіре келіп, серіктестеріне сөз тізгінін берген.
Академик Рымғали Нұрғалидан бастап, әрқайсысы ағытылды-ау, шіркін! 15-қабатқа жиналған неше жүз ақын-жазушылар сілтідей тынып, ұйып қалған едік. Шеттерінен, әсіресе Мұхтар Мағауин мен Оралхан Бөкей керемет шешен азаматтар екен. Екі елге қатысты арғы-бергі тарихты, әдеби-мәдени шежірелерді көзіңмен көргендей, қолыңмен ұстағандай көз алдыңа елестетіп төкпеледі-ау келіп. Сол кезде 80-ге таяп қалған Өзбек халқының әйгілі жазушы-драматургы, ақыны Абдұшкір Ялқұн деген кісі тұп-тұнық қазақ тілінде: «Бауырым, Сәли, қазақта «жағы жоқ шешен» деген тәмсіл болушы еді, осы жасыма дейін сондай шешендерді кездестірмедім. Енді бүгін көзіммен көріп, өз құлағыммен естігеніме разы болып отырмын. Пай-пай-пай, сөйлейді-ақ екен, шіркіндер. Жаратуышым жамандық бермесін, бәріне көңілім әбден толды. Қанша дегенмен мәдениеті, әдебиеті, ерте дамыған елдің азаматтары ғой (сөзінің ұзын ырғасы солай)» деп таңданғаны әлі есімде. Ұйғырдың көзге көрінген талантты ақыны, қазаққа күйеу, өзі де қазақ арасында өскен Османжан Сауыт деген азаматтың ерекше тебіренгені сонша, жиын тараған сәтте ентелеп барып, бәрімен жағалай қол алысып, Оралханды мойнынан құшақтап, қолынан сүйген еді-ау. Олардың сөйлеген сөзін қытай жазушыларына қазақшаға жүйрік Жұңлу дейтін сібе азаматы ілеспе аударма жасаған еді. Олар да «Керемет! Керемет!» десіп тарасты.
Менің назарым Мұхтар Мағауин мен Оралханға көбірек ауа берген еді. Себебі Мағауиннің ата-бабаларының сүйегі Толының Жайыр тауында қалған екен. «Талқының кезеңіне шыққанда көлікті тоқтатқызып, Жайыр тауының қай жақта екенін сұрап алып, сол бағытқа бетін қаратып, жүрелеп отыра қалып Құран оқыды…» дегенді Әбденбайдан естіп алғанмын, Майлы-Жайыр таулары – ата-бабамның екі ғасырдан бергі құтты мекені, жаныма жақын, жүрегімдегі ұйық мекендер. Оралханның Найман ішінде Қаратай екенін де біліп алғанмын. Сол күні жиынға келген радио тілшісі Тұрар деген қарындасымыз да Қаратай еді, араласатынбыз. Делегация мүшелері орналасқан «Күнлүн» қонақүйіне іңір түсе барып, Оралханға амандасып, танысып алған екен. Жиыннан кейін, адамдар көп болғандықтан, жеделсатыға кезекпен бөлініп шығуымыз керек болды да, Тұрар қарындасым Оралхан ағасын шеткерірек шығарып, басымыз біріге қалды.
Османжан Сауыт қазақшаға судай, ағып тұрған азамат еді. Өзінің оқымайтын дүниесі жоқ, Ұйғұр-қазақ тілдеріне аударылып басылған әлем классиктерінің шығармаларын, бұрынғы Кеңес Одағындағы одақтас республика ақын-жазушыларының, әсіресе Қазақстан жазушыларының шығармаларын құмартып, қалдырмай оқитын. 80-жылдардың басынан бастап, біздің «Шұғыла» журналы да, Қазақстан басылымдары «Жұлдыз» журналын, «Қазақ әдебиеті» газетін, «Ара» журналын жаздырып алып тұратынбыз. Османжан оларды да қалт жібермей оқып жүруші еді. Содан да болар, ол Оралхан шығармаларын көп оқыған екен. Соларын айта келіп: «Мен сіздің «Атау кере» повесіңізді ұйғыршаға аудардым, керемет шығарма. Нобель сыйлығын еншілеп жүрген қай-қай шығармадан да кем түспейді!» – деп мақтаған еді.
Оралхан шашын бір сілкіп тастап, Османжанға: «Рақмет, бауырым!» – деді. Жеделсатыға жоғарыда аты аталған Абдұшкір Ялқұн, Османжан, Тұрар қатарлы бір тобымыз бірге кіргенбіз. Мен Османжанның жаңағы сөзін қайта жаңғыртып: «Ореке, Османжан турасын айтады, «Атау кере» туындыңызды мен де талай мәрте оқыдым, әр оқығанымда бір жаңа әлемге кіргендей күй кештім. Бетіңізге мақтағаным емес, ілгерінді-кейінгі өзім оқыған қазақ жазушыларының шығармаларынан «Абай жолы» романынан кейін оқыған ұлы шығармам «Атау кере» болды. Повесіңіздің жазылу стилі өз алдына, көтерген идеясы, зілдей ауыр салмақты ойлары ден қойып, ойлана оқыған адамды еріксіз баурап, өз тұңғиығына тартып әкетеді екен. Әр жолы оқығанда шығарманың сыртқы қабатын ғана аршығандай, ең түпкілікті, ең шұрайлы да шырайлы, мазмұны мен мәні әлі ішкі жағында жатқандай сезіндім. Шынымды айтсам,туындының нені меңзеп, нені айтып отырғанын толық түсіне алмадым. Бірақ шығармаңыздың керемет көркемдігі, шұрайлы тілі, жүйелі жүлгесі, тағылымы, иландыру қуаты ой-санамды шырмауықтай шырмап алды. Социалистік идеология шеңберіндегі кісі «былай деп отыр-ау» деп ойлаудан жүрексінеді екен», – дедім.
Бірінші қабатқа түсіп, жеделсатыдан шыққаннан кейін, сәл оңға бұрылып тоқтай қалды да, шашын бір сілкіп, салалы саусақтарымен бір қайырып тастап;
– «Атау кере» мен – Оралхан жазғаным үшін «Атау кере» болып тұр ғой. Егер де «Атау керені» Шыңғыс Айтматов жазған болса, әлдеқашан Нобель сыйлығын еншілеп кеткен болар еді, түсінікті ме? – деді де сыртқа қарай адымдап кете берді.
Абдұшкір аға, Османжан, Тұрар төртеуіміз бір-бірімізге қарасып, тұрып қала бердік… Сол күні түске «Шұғыла» журналы қонақасы берген еді. Бұл басқосуға әйгілі ғалым Ниғымет Мыңжани, әйгілі ақын, жазушы, драматург Омарғазы Айтан, сосын, үш аймақтан шығатын үш журналдан кездесуге келген редакторларын шақырғанбыз.
Дастарқан басында кім бастағаны есімде жоқ, тағы да «Атау кере» жөнінде әңгіме қозғалған еді, Оралхан жұмған аузын ашпады, Мұхтар Мағауин мен Рымғали Нұрғали «Атау керені» мақтап, бірталай жерге апарып қойды. Нығымет Мыңжани, Омарғазы Айтан ағалар да «Атау кере» шығармасын мадақтап бірталай әңгімелер айтқан. Оралхан екі қолын жұптап «Рақмет!» айтты да, басқа сөз қозғамады.
Делегацияның келісімді уақыты қысқа болғандықтан, тек Шәкен Оңалбай, Омарғазы Айтан ағалар ғана үйлерінен дәм татырды да, басқаларымыздың үйге шақыру орайымыз болмады. Сосын, мен Шәкен Оңалбай ағаның кеңесі бойынша бір табақ етті астырып (жылқының соғымы еді), дастарқанымды көтеріп, ертесі таңертең «Күнлүн» қонақүйіне қаламгерлер жатқан жерге апардым. Менің алдымда ғана белгілі тарихшы, жазушы Жақып Мырзахан барып, қонақүй алдында Рымғали Нұрғалимен әңгімелесіп тұр екен. Үшеуіміз Оралханның бөлмесіне бірге кірдік, Мұхтар Мағауин екеуі жолға шығуға дайындалып жатыр екен. Менің келген мән-жайымды ұқаннан кейін, Оралхан дастарқан билігін өз қолына алып, ал сөйлесін келіп…
– Қане, құрметті Реке, аяулы дос Мұха, мархабат. Мына Найман дастарқанына ілтипат еткейсіздер. Міне, жал, міне, жая деген, міне, қазы, міне, қарта…жамбас…қане, бата қайсыңыздан болады? – дейді бастырмалатып.
– Ал енді, бұл ырық береді деймісің! – деп Мұхтар аға Мағауин кеңк-кеңк күле берді.
Айтатын жөні келіп қалды-ау деймін? – дейді Рымғали аға. Қатарлас бөлмелерден Төлен Әбдік, Қастектерді де шақырды, Орекең. Сөйтіп, таңертеңгі астары өте көңілді ішілді.
Делегацияны қайтарларында Шәміс Құмарұлы бастап аттандырып кеткен еді. Жолшыбай барлық сөз, негізінен, Оралхан мен Мұхтар Мағауинде болғанын айтып келді қайта оралғанында. Сөйтіп, сонда көрген Оралханым, менің тұңғыш рет әрі соңы мәрте көруім екенін қайдан білейін. Еліне қайтып келгеннен кейін көп ұзамай Үнді жеріне барып, сол жақта қайтыс болған қаралы хабарын естідік…
«Қайран Орекем-ай!» деп егіле қала бердік, дүние – жалған деген осы ма екен!..
Сәли Садуақасұлы
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі