МАМАНДЫҒЫМ – БОЛАШАҒЫМНЫҢ БАҒЫТ-БАҒДАРЫ
Мамандық таңдау кез келген жасты қинайтын, болашақ өмірге деген бағыт-бағдар ғой. Әр мамандық өзіндік тағылымы мол тарихымен ерекшеленеді. Сондықтан әр адам өз табиғатына сай келетін мамандықты таңдауда жаңылмауы тиіс. Ал мен осы орайда өз мамандығымды таңдауда жаңылыспағаныма көзім анық жетті. Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Дінтану» мамандығы бойынша грант иегерімін.
Дінтану – республикамыздағы сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Жалпы, дінтану – қоршаған орта мәдениетімен, дүниетанымымен таныстыратын ғылымның бір саласы.
Қоғамдағы қайсыбір өзекті мәселелер дін саласымен байланысты болғандықтан қарапайым халыққа дұрыс бағыттағы діни білім беру өте маңызды. Бұл саланы игерген мамандарға: мемлекеттік, діни және қоғамдық ұйымдарда бұқаралық ақпарат құралдарында тәуелсіз сарапшы ретінде және сарапшылар комиссиясы құрамында; ҰҚК және ІІМ сараптама қызметінің, мемлекеттік басқару, сыртқы және ішкі саясат бөлімінің, дін істері комитетінің қызметкерлері; дін тарихы мен теориясы, заманауи өркениеттің діни-философиялық мәселелері бойынша ғылыми-зертеу жұмыстарында ғылыми қызметкер; мемлекеттік және мемлекеттік емес жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары; «Халал» стандарттау комитетінің, ҚМДБ қызметкерлері және басқа да мемлекеттік, мемлекеттік емес мекемелер мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлері ретінде жұмыс жасауға мүмкіндік бар.
Дінтану – заманауи жоғары сұраныстар мен қызығушылыққа ие, әрі еліміздің тәуелсіздігімен тұрғылас жаңа ғасыр мамандығы.
Мен дәл осы мамандықты таңдағаныма қуанамын, өйткені дінтану бір жағынан жеке мамандық болса, екінші жағынан адамды рухани құндылықтарға, имандылыққа тәрбиелейді. Әсіресе, қазіргі әлемдік діни жағдайдың күрделілігі осы саладағы білімді мамандарды қажет етеді. Білікті мамандарға қай кезде де қоғамнан орын табылатыны сөзсіз.
Айгерим САГНАДИНА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
дінтану мамандығы 3 курс студенті.
* * *
Қазақстандағы білім беру саласында тәуелсіздіктен кейін қарқын алған мәселелердің бірі – дінтану мамандарын даярлау ісі. Еліміздегі дінтану мамандары бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде даярланады. Соның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Дінтану» саласында жоғарғы білімді, сапалы мамандар даярланады. Міне, мен де сол мамандықтың студентімен.
Дінтану – адамзат тарихының барлық кезеңдерін қамтитын және қоғамның барлық салаларына үлкен ықпал ететін мәдениеттің күрделі салаларының бірін зерттейтін ғылыми таным жүйесі. Ол тек бір ғана дінмен шектеліп қана қоймай, бүкіл діндердің ілімін, діни жазба ескерткіштерін, діни ұйымдарды да жан-жақты қарастырады. Жоғары кәсіби білім беру жүйесінде дінтану зайырлы тұрғыдан оқытылады. Қазіргі кездегі қоғамдағы ушыққан діни ахуалды жақсартуда, әр түрлі конфессия өкілдеріне толерантты қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру барысында дінтанулық білімді жетілдіру өте маңызды. Бұл саланы меңгерген білімді мамандарға кез келген жол ашық деп ойлаймын.
Дінтану мамандығы күрделілігі жағынан жаратылыстану ғылымдарынан кем түспейтін гуманитарлы ғылымдардың ерекше саласы.
Бекмұрат ИСАКОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
дінтану мамандығы 3 курс студенті.
* * *
Дінтану пән ретінде әрі жеке ғылым жүйесі болып ХIX ғасырдың екінші жартысында дүниеге келген. Қазір ол елімізде жаңа ашылған, сұранысқа ие мамандықтардың бірі.
Бұл мамандықтың білім беру бағдарламасы жоғары білім берудің жалпыға міндетті мемлекеттік стандартына сай негізделген. Дінтану – қазір адамзаттың кешендік білімінің бір саласы.
Осы мамандық бойынша білім алған мамандар кәсіби қызметін мынадай салаларда іске асыра алады:
– Мемлекеттік, діни және қоғамдық ұйымдарда, бұқаралық ақпарат құралдарында тәуелсіз сарапшы ретінде және сарапшылар комиссиясы құрамында;
– ҰҚК және ІІМ сараптама қызметінің, мемлекеттік басқару, сыртқы және ішкі саясат бөлімінің, дін істері комитетінің қызметкерлері;
– Дін тарихы мен теориясы, заманауи өркениеттің діни-философиялық мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарында ғылыми қызметкер;
– Мемлекеттік және мемлекеттік емес жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары;
– «Халал» стандарттау комитетінің, ҚМДБ қызметкерлері және басқа да мемлекеттік, мемлекеттік емес мекемелер мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлері;
– Бітіруші магистратура мен PhD білімін жалғастыра алады және халықаралық жобаларды іске асыруға (БҰҰ, ISESKO, Ашық қоғам институты және т.б.) қатыса алады;
Бұл ғылымның атқарар қызметіне үңілер болсақ.
Бұл діни ілімдер тарихын және діни өмірдің институциялық формасын діни-мәдени мұра, діни өнер, діни жазба ескерткіштерін, діни білім және ғылыми зерттеу қызметі, дінге тән құқықты, діндер тарихының археологиялық ескерткіштерін, түрлі діни ілімдер мен діни ұйымдар арасындағы өзара қатынас тарихы мен қазіргі ахуалын зерттейді. Жоғары кәсіби білім беру жүйесінде дінтану зайырлы тұрғыдан оқытылады.
Студенттер интернет және дінтану бойынша жаңа отандық және шетел әдебиеттерін пайдаланады. Шет елде және діни орталықтарда, әкімшіліктердің ішкі саясат департаменттерінде, университтерде, колледждерде және т.б. жерлерде тәжірибеден өте алады. Шет тілін меңгеруді қалайтындар үшін ағылшын, араб, парсы, түрік тілдерінде сабақ өткізіледі. Бітіру жұмысын үздік қорғаған бітірушілер магистратура мен РһD білімін жалғастыра алады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттеріне толыққанды оқуына жағдай жасалған.
«Дінтану» деген атаудың астарында адамзат тарихының барлық кезеңдерін қамтитын және қоғамның барлық салаларына ықпал ететін мәдениеттің ең күрделі салаларының бірін зерттейтін ғылыми таным жатыр.
Шыңғыс ИСЛАМОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
дінтану мамандығының 3 курс студенті.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.