Кешір, өлең, болсам егер төзімсіз
Кәрібек Мұхаметқалиұлы
КӨШ
Үздірмей көк тәңірмен байланысын,
Көш келеді Алтайды жайлау үшін.
Менің анам дүнияға мінәжат деп,
Іліп кетті талына байлауышын.
Ең алдымен, бағыштап дұғаларын,
Тазалайтын сонан соң тұмаларын.
Ұзақ қарап тұратын қайран әкем,
Тәнті боп мол суына бұл араның.
Маған мәлім елдің көші жасымнан,
Қалмайды ол тетелестей қасымнан.
Көш суретін таңбалапты бәдіздеп,
Бабаларым сонау алтын ғасырдан.
Мамыр туып маусымға таяғанда,
Көшу жайлы басатын баяғы әнге.
Әупірімдеп жететін жаз жайлауға,
Жол ортасы бір түнеп Қаражалға.
Дүйім жұрт мейманасы тасып бүгін,
Қара нарға артып ап басып жүгін.
Жайлау көштің жылжиды ақ кемесі,
Елемей алыс жолдың қашықтығын.
Ел жайлауы Алтайдың қолатында,
Қатар-қатар бой түзеп қонатын-ды.
Гүлге толған көк жасаң ой-қырына,
Шағала шаңқан үйлер толатын-ды.
Боз беткей көк торғын түрге еніпті,
Көген шөп құба талмен күрмеліпті.
Келіндер бие сауып, бозбала мәз,
Желіге құлын байлап күнделікті.
Жағасында өсіпті құрақ бітік,
Таудан төмен ағады бұлақ тұнып.
Құлдыр қағып асығады арнасына,
Алау күннен сәулелі шуақ күтіп.
Адаммын жайлау сәнін түсінетін,
Суретін әдемілеп түсіретін.
Әр үйдің ошағында құрты қайнап,
Күрпілдеп қара саба пісілетін.
Жаз ауса да қызығы тарқамайтын,
Қоныс осы шілде де шаршамайтын.
Жан жоқ-ау қызаратын тамыз туа,
Бармақтай бүлдіргенін аңсамайтын.
Қазақ халқы баласын санамаған,
Ұмытып қап аттарын шамалаған.
Он баласын сыйғызып бір қауызға,
Тұңғыш ұлын дәсердей бағалаған.
Құрдым кетті баяғы көш дегенің,
Қалды артта көмескі өшпеген үн.
Құшағына құндақтап жібермейді,
Тастақ қала, тас көше Өскеменім.
Арман мұңы
Арманшыл ем көкті кезіп кететін,
Қиял, ойым айға кейде жететін.
Қарай-қарай көзім талып алысқа,
Көп күндерім көкжиекте өтетін.
Түні бойы құба талмен сырласып,
Кетуші ем желік желдей қыр асып.
Боз биеден ағып тұрған саумал сүт,
Нәр береді құлын жырға бір қасық.
Тілін ұғып құстарменен жүргесін,
Қызық көрем қанатының күлтесін.
Мақпал түнде өлең жазу ғанибет,
Басып қойып наз көңілдің білтесін.
Түн періге жұтқызып ап жырымды,
Кімге айтып қалай ашам сырымды.
Бір әуен кеп бесігімді тербетіп,
Ұялатты сырнай сазды бір үнді.
Тауға қарап таң нұрымен өскен ұл,
Ұнатады ақша бұлттың көшкенін.
Құлатып алам ба деп биік құздан,
Қаламайды үмітінің өшкенін.
Шарлағанмен гүл оранған көшені,
Сый алмадым кереметтей көшелі.
Ақ бәтесті арманайым аһ ұрып,
Ұзақ тұрмай ол да өмірден өшеді.
Қош енді қош, аялаған арманым,
Қайтып енді келмейсің-ау арда күн.
Амал қайсы бес күн мынау жалғанда,
Салып тұрса қысқа ғұмыр қармағын.
БАҚЫТТЫСЫҢ!?..
(Бақытсызбын деген бір қызға)
Бақыттысың, жарығым, бақыттысың,
Шимайын әлі салмады уақыт-мүсін.
Алмағайып құлазыған мынау күнде,
Мен білмейтін әлде бір сұрақпысың?
Сұрақпысың?
Леппісің, жоқ әлде нүкте ме едің,
Өзіңнен сұлу сөзді күткен едім.
Қара түндей тұңғиық қара көзің,
Мөлдіреді, бірақ та…
үндемедің?
Деші жаным, мен бүгін бақыттымын,
Ерке нұрына бөленші жаһүт түннің.
Сәуле боп құйылып тұр саған ғана,
Зерделеп зерін салып шабыт бүгін.
Үзілмейтін үмітің бар үкілеген,
Құшағыңа құлағандай бүкіл өлең.
Өлеңмен өшпейтін шырақ жағып,
Жамылғансың шапанын күпі деген.
Бесенеден белгілі сырын маған,
Бақыт – ол шындық қой шырылдаған.
Шұға таңда кестелеп саған арнап,
Пір өнерді сыйлаған шырын далаң.
Бақыттысың, жаным-ау налымашы,
Жарым түнде жарқ еткен лағыл асық.
Жүрегім жанартаудай атқақтайды,
Бақытсызбын дегенге жаным ашып.
Бейіттегі күбір
Күмбір-күмбір етеді,
Күмбезде мүрделер көмілген.
Құлаққа сарыны жетеді,
Аруақтар өткен өмірден.
Сыңсиды жылауық сида жел,
Суырып сауырын даланың.
Бүк түсіп бұйығы бұйра бел,
Түреді мұңайып балағын.
Арманы асылып ақ бұлтқа,
Ұзаққа қалықтап барады.
Сырлары мүрдетас сандықта,
Тырнайды сыздатып жараны.
Сыйқы осы опасыз дүниенің,
Пенденің басына беретін.
Сезесің аһ ұрып күй демін,
Өмірде бір рет келетін.
Өкініш өзекті жұлқылап,
Талқысына тартып тағдырдың.
Шаһбоз ой бір тұрып, бір құлап,
Несіне ертеңге қалдырдың?!
Несіне ертеңге қалдырдың,
Айтатын сөзіңді сен бүгін.
Сен едің иесі ән-жырдың,
Алтайдан ауған кербұғым.
Теперіш көргендер осында,
Ащының дәмін көп татқан.
Кешегі айрылмас досың да,
Сапарын осында тоқтатқан.
Күңірен күмбездер күңірен,
Күшіген маңайлап жүр анда.
Сұрланған сұрқылтай түрінен,
Жоламай кетті ғой қыран да.
Айкүміс орнатқан басына,
Ғаламның ұшынан тіл алып.
Қалқиған зілмәуір тасына,
Барғанда дұға қып тұралық.
Тірінің мойнындағы қарызы –
Еске алып гүл қою міндетім.
Ұрпақтың өлгенге парызы –
Адал боп орындау сүннетін.
Ғасыр көші
Бір күнімді бір күніме алмастырып,
Бір айды келер аймен жалғастырып.
Алға қарай жылжиды ғасыр көшім,
Алатау ақбас таудай малдас құрып.
Ай да менен алыстамаған сияқты,
Күн де шығады көкжиектен тұрақты.
Тұрса да ардакүреңім алып-ұшып,
Қаламадым жанға жайлы жұмақты.
Қаламадым артығырақ армандауды,
Жолатпадым жаныма жалған дауды.
Қайрағым кеп тұрады шарқайраққа,
Тұтанып шала-пұла жанғандарды.
Егіліп кейде, қуаныштан жылаймын,
Жылап тұрып Алладан бақ сұраймын.
Сонан соң тәу етемін жалбарынып,
Мен де бір үмбетімін деп Құдайдың.
Қуанам кейде, қуанам да күрсінемін,
Өлең, жырдың көк темір тілшігі едім.
Шабыт келсе, өмірімнен өлең өріп,
Жазамын жайып тастап жыр кілемін.
Өтіп жатыр сәулелі ғұмыр осылай,
Болмақ емес одан басқа тосын ой.
Отқа салса балқымайтын алмастай,
Жүрсем болды майырылмай, жасымай.
Дауылды жаңбыр
Көкте күмбез күркірейді,
Күмістен жолақ қалдырып.
Бұршақ жаңбыр сіркірейді,
Тасқа соғылып жаңғырып.
Бейғам жатқан қара жерді,
Осқылайды қамшысымен.
Отта тұрған қаракерді,
Ықтырады тамшысымен.
Жеті қат аспан астынан,
Зарлауық жындар жылайды.
Солардың көлдей жасынан,
Құздардан өзен құлайды.
Тау-тасты бұзып арқырап,
Құлатардай жұлқып теректі.
Найзағай оты жарқырап,
Күңгірлетеді аспан шелекті.
Тәжіне күннің шыдамай,
Әп-сәтте маңып қара бұлт.
Төбеден қарап тұрады Ай,
Тоты құстай таранып.
Асқар тау мүлгіп қалғиды,
Құлпырып жайнап әлемі.
Түсімен құбылған әрқилы,
Маң дала қандай әдемі.
Жер ана жатыр тыныстап,
Манағы жаңбыр демімен.
Денесін қалған құрыстап,
Жазады дәруіш емімен.
Көштің басын бұрған ба,
Қыстауға қонар күз елі.
Көрсетіп соны тұрғандай,
Дауылдың соңғы мінезі.
Жолдағы күз көрінісі
Төрт мезгілдің күзі керім, сүйікті,
Сағым белдер сары уыздай ұйыпты.
Шешіп тастап жейделерін көк-жасыл,
Қайың біткен сары көйлек киіпті.
Киікоты қызарады қылтиып,
Жел өтінде тобылғы тұр бұртиып.
Қоңыр күздің тамшылайды жаңбыры,
Шақпақ тасқа ілінгенде бұлт ұйып.
Осы шақта құбылады күн неден,
Тығылады басын бұғып гүл деген.
Ақ бұлақтың салқын суы сылдырап,
Асығыстау жүгіреді жүлгемен.
Жауып алып «Өмеш асу» түндігін,
Түнеріп тұр «Қалба» тауда күн бүгін.
Қалың тұман басып қапты асуды,
Көрсетпейді асау өзен кіндігін.
Осы араның табиғаты керемет,
Тастағандай тауға ағашты шегелеп.
Иір жолы жүрісіндей жыланның,
Қиыр жолы атқа тиген бөгелек.
«Тарғын» асып «Тайынтыға» жеткенде,
Бұрыласың көзге жас кеп өткенге.
Өмір сүрген Қасым батыр бұл жерде,
Ізғұтты да сонда туған от кеуде.
Ұқсатасың ой-қырын алашаға,
Асыр салып жүргендей бала-шаға.
Қара суық жоймайды түрін күздің,
Іліккенше қазан менен қарашаға.
КЕШІР ӨЛЕҢ…
Өтіп жатыр мимырт күндер көңілсіз,
Қалай жүріп өмір сүргем өзіңсіз.
Өлкеңді шиырламасам өлетіндеймін,
Кешір өлең, болсам егер төзімсіз.
Кешір мені, тағдырым өлең денем,
Елең-алаңда елп етіп елеңдеген.
Бабалардан желдеп кеп маған жеткен,
Қасиетіңнен айналдым көнермеген.
Шырма-шату шешілмейтін бір сиқыр,
Өріледі содан өрім-өрім жыр-шылбыр.
Елес сияқты керемет бір құбылыс,
Гүл бағымда бұлбұл болып құйқылжыр.
Артта қалып барады серуен жыр,
Сынық айдай кетіліп кеміген бір.
Ұйтқытып соққанда дауыл өнер,
Шаңытып көрінеді шегірен қыр.
Шегірен қыр енді гүлге орана ма,
Жұтынып құр аттай боп торала ма?
Бопсалап алып кетсе басқа әлемге,
Мен бейбаққа енді қайтіп орала ма?
Әрі-сәрі күй кешемін осыны ойлап,
Кеткендей зілмауырдай тасын байлап.
Асығамын кетейін деп өлеңіммен,
Бақшамдағы гүл перінің шашын майлап.