ҚОҒАМ МЕН ЗАМАН АЙНАСЫ
Нұрлан ОРАЗАЛИН, сенатор,
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы
Қадірлі әріптестер!
Жылына бір рет өтетін дәстүрлі «әдеби жыл қорытындысына» жиналып отырмыз.
Әңгіме төркіні – қай кездегідей әдебиет. Мақсат – өткен 2015 жылы жарық көрген жаңа шығармаларды таразы-талқыға салу. Күнгейлі сәттеріміз бен көлеңкелі тұстарымызды түгендеу. Бір сөзбен айтқанда, бір жыл ішіндегі барымыз бен жоғымызды, жеткеніміз бен әттеңімізді, алғанымыз бен қалғанымызды кәсіби тұрғыдан бағалау, сараптау.
Әдеби жыл қорытындысы – қаламгерлер қауымының, яғни сіз бен біздің кәсіби мәжілісіміз. Сондықтан талап жалғыз – ақты – ақ, қараны – қара деп, бар мен жоқты бүкпей айту. Адалына жүгініп, тек ұлы мәртебелі әдебиеттің ғана пайдасына тиер сөз айту, ағынан жарылып айту! «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген аталы сөзге тоқтай отырып, әріптес өз әріптесі туралы ақ сөзін айту!
Жасыратыны жоқ, қаламгерлер қауымы өзіне тиесілі пешенесіне бұйырған «жазу» дейтін киелі дүние мен «жазушылық» дейтін сирек кәсіпті әуелі өздері аялап, ардақтай білмесе, мына даңғазасы мен дақпырты мол көзсіз дәуір әдебиеттің қабағына қараудан қалып барады. Құндылық атаулының, әсіресе, ұлттық құндылықтардың басына қара бұлт төніп тұр. Бүкіл әлем осындай бір ахуалды бастан кешуде. Алты құрлық мазасыз… Мазасыз дүниенің жалынына шалдықтырмай, кешегі асылдарымыз бен ардақтыларымыздан қалған қазынаны қорғауға тиіспіз. Бұл, әсіресе, қолына қалам ұстап, сөз майданына енді-енді араласып жүрген, қауырсын қанаты жаңа-жаңа бекіп келе жатқан жастар үшін керек.
Жастар – ертеңіміз!
Жастар – өркеніміз!
Жастар – өрісіміз!
Реті келгенде айту парыз – әдебиеттің қозғаушы күші саналар көркем сын соңғы жылдары өрісін кеңейте бастады. Бұл орайда, «Қазақ әдебиеті» газетіндегі талдау, сараптау мақалаларының қара көбейтуі сөзіміздің дәлелі. Қазақ көркем сынында серпіліс бар. Әдеби басылымның табандылық көрсетіп, әріптестерімізді сергек сөз айтуға, көркемдік әлемінің қалтарыс-бұлтарыстарын танып талдауға жұмылдырып отырғаны игілікті іс. Соның арқасында сында жаңа есімдер көріне бастады. Батыл-батыл ойлардың тұсауы кесіліп, әдеби бағытымыз бен бағдарымызды бағалауға бет бұрдық. Жас сыншылардың ойлы, парасат-пайымы терең мақалалары бізді қуантады.
Иә.
Сөз өнеріне дем беру, қолдап отыру аса қажет.
Қолдаудың мемлекет тарапынан көрсетілер түрлері мен жекелеген демеушілік сипаттағы үлгілерінің бәр-бәрін іске қосуды ойластыруымыз керек-ақ… Бұл – бүгінгінің ғана ақиқаты емес, бұл – өнерді өрістетудің өткен ғасырлар қойнауынан бізге аман жеткен тағылымды жолдары. Бұл – өнерге кең жол ашар, өнер тұлғаларына, сол санатта жазушыға да қанат бітерер пәрменді күш!
Әдебиетті қоғамнан, заманнан бөле-жара қарауға болмайды. Әдебиет – қоғам немесе заманның айнасы десек, қоғам, заман – әдебиетті қимылға, әрекетке салар ұлы кеңістік. Ұлы кеңістіктің ойға, санаға, жүрекке артар жүгін абыроймен көтеру – ортақ міндетіміз!
Тәуелсіз жұртымыздың жаңа дәуірдегі бетпе-бет келіп отырған өмір сүру, ел іргесін бекіткен үстіне бекіте түсу, «Мәңгілік Ел» болу қағидаттарын орнықтыру тәрізді ұрпақ, ұлт иығына жүктелер міндеттердің ауырлай түскенін біздер, қаламгерлер жан-жүрегімізбен сезінеміз. Сондықтан да әлемде болып жатқан алуан түрлі қақтығыстар мен соғыстарға барынша алаңдай отырып, жаһандану кезеңі қалыптастырып отырған келеңсіздіктер мен керенаулықтарға сыни тұрғыдан қарауға тиіспіз.
Елбасы ұсынып отырған ел тұтастығы мен бірлігін қамтамасыз етуге жұмылдырар ұлттық идеяларды қолдау – Тәуелсіздікті қолдау. Тәуелсіздік – ұлттың басты мұраты. Әдебиет – осынау ұлы мұрат жолындағы адам жанын тәрбиелеуге ықпал етер, ел рухын тәрбиелеуге қызмет етер ең басты көркем құралдың бірі. Осылай деп ұққанда ғана көркем әдебиеттің бағы жанады, ондаған ғасырлық өнеге мектебі қалыптасқан сөз өнерінің де, сөз өнерінің тағдыр-талайын арқалаған бүгінгі қаламгерлер қауымының да өрісі кеңейері күмәнсіз.
Сонымен…
Келелі кеңесімізге, алқалы басқосуымызға бәтуа тілеуге рұхсат етіңіздер.
Жиынның туы – мәдениеттілік пен сабыр, төзімділік пен парасат болғанын қалаймыз. Әрине, сынсыз баяндама болмайды. Сын мінімізді айтумен бірге, сол мінді қайталамаудың жолдарын қоса ұсынса, нұр үстіне нұр болар еді…
Күнілгері әзірленген жанрлық кеңестер мен Басқарма хатшылығының ұйғарымымен мәжіліс мінбесінен он екі баяндама және хабарламалар оқылады. Проза, поэзия хақындағы баяндамаларға 15-20 минуттан, өзге баяндамаларға 13-15 минуттан, хабарламаларға 7-10 минуттан уақыт бөлінсе деген ұсыныс бар. Жарыссөзге – 3-5 минут, сұрақ-жауапқа – 3 минут… Жетіп қалар деп ойлаймыз. Жиынды жүргізуді хатшылыққа жүктейік. Секретариат мүшелерін президиумға шақырамыз.
Жиынды бастауға рұхсат етіңіздер!
Іске сәт!