БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ КӨЛЕҢКЕДЕ ҚАЛЫП ҚОЙЫП ЖҮР
Сәбит ДҮЙСЕНБИЕВ, жазушы
2015 жылы саусақпен санарлықтай кітаптар жарық көрген екен. Солардың бірі – Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, ұстаздық саласында қырық жылдай еңбек еткен Тұрғанай Мейірманқұлованың «Балдәуреннен жас дәуренге» деп аталатын әңгімелер жинағы. Сөздің басын ашып айтайық – Тұрғанай Мейірманқұлова кәсіпқой жазушы емес. Сондықтан да шығармаларының тілінде кібіртіктер бар екені рас. Әйтсе де, кейіпкерлерінің көңіл-күйін тамыршыдай дөп басуы онша-мұнша кемшілікті білдірмей жіберген. Бар өмірін бала тәрбиелеуге арнап келе жатқан қаламгердің бұл жинағы ұстаздық мейірімнен бастау алған шығармашылық десек те қателеспейміз. Автор балалар жанына үңіле біледі, көп ретте олардың мінез-құлқын дөп басып, оқырманды еріксіз езу тарттырады. Әсіресе, күтпеген жерден аяқталатын әңгімелердің түйіні адамды бей-жай қалдырмайды. Қырық жыл ұстаздық етсе де, әрине, Тұрғанай Мейірманқұлова балалар әдебиеті үшін жаңа есім. Осылайша балалар әдебиетіне жаңа бір жазушының, педагог жазушының келгені қуантады. Әлемдік тәжірибеде педагогтардан мықты жазушылардың шыққаны белгілі. Олардың бәрінің атын атап, түсін түптеп жатпайық, айтарымыз Тұрғанай үзбей еңбектене берсе, келешекте одан мықты балалар жазушысы шығады деген ойдамыз.
«Атамұра» баспа корпорациясы «Мектеп кітапханасы» сериясымен бұған дейін он екі кітап шығарған еді. Міне, сол серия Толымбек Әбдірайымның «Дала әуені» әңгімелер жинағымен толықтырылып отыр. Толымбек Әбдірайымның есімі оқырмандарға кеңінен белгілі. Ол үздіксіз ізденіп, талмай еңбектеніп, өзіндік өрнегі бар балалар жазушысына айналды.
Жинаққа енген шығармалар жас ұрпақты туған елін сүюге, табиғаттың сырын білуге, аң-құстармен достасуға үндейді. Мұндағы кішкентай кейіпкерлердің дүрс-дүрс соққан жүрек лүпілін де аңғарғандай боласың. Мысалы, «Аққоянның үйшігі» әңгімесіндегі Дарқан атты бала жауынды күні үйшігі жоқ күшігін ойлап, түнімен ұйықтамай мазасызданып шығады. «Ертеңіне қоярда-қоймай көкесіне тақтайдан үйшік жасатқызды» деп аяқталады әңгіме. Немесе: «Қайыңның көз жасы» әңгімесін алайық.
« – Ата, айтыңызшы, неге су тамшылап тұр? – деп сұрады ақ қайыңның діңін нұсқап.
– Су емес, қайыңның көз жасы ол! Біреу әдейілеп сындырған. Жаны жараланып, ауырып жылап тұр соған. Қайтсін, байғұс! Тілі жоқ айтатын. Табиғат перзенті – тал-терек, өсімдік шөп атаулының, ағаштың, бәрі-бәрінің жаны мен жүрегі бар! Адамдардан аялы алақан, мейірім күтеді. Ал олардың жасайтындары осы. Отайды, шабады, сындырады. Бүйте берсек не болады? Өреннің беті ду ете түсті. Қарттың уәж сөздері зердесіне жеткендей басы салбырап, тапжылмастан тұрып қалды». Осы азғантай үзіндінің өзі көп жайды аңғартпай ма? Ал «Ақ қайыңның ақылы», «Шөптің қателігі», «Тәкаппар піл» ертегілерінде автор әр алуан табиғат құбылыстары, түрлі аң, құс, жан-жануар, өсімдік әлемін көркем образбен бейнелеу арқылы тылсым дүние жұмбағын ашып береді, бала қиялын өсіруге, танымын кеңейтуге әрекет жасайды. «Атамұра» баспасы алдағы уақытта да осындай жақсы кітаптарды көптеп шығарады ғой деген сенімдеміз.Маркиза Базарбайқызы – балаларға арнап жазып жүрген қаламгер қыздарымыздың бірі. Оның шығармаларымен біраздан бері таныс едім. Өткен жылы «Әдебиеттің маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша Маркиза Базарбайқызының «Әкесін іздеген ұл» атты әңгімелер жинағы жарық көріпті. Қуанып, қолға алған жайым бар. Кітапта жаныңды шуаққа бөлейтін сәтті әңгімелер баршылық. Дегенмен, «әттеген-ай» дегізетін кемшіліктері де жоқ емес. Әңгімелердегі ересек кейіпкерлер көбіне қатыгез болып келіп, бас салып балаларды сабайды, қарғап-сілейді. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысалдар келтірейік: «Соның арасынша алқын-жұлқын жүгіріп жеткен Санаттың папасы келе баланы сабады. Кемпір арашалап жатыр». («Әкесін іздеген ұл». 15-бет), «Алыстан көріп келеді, көкесі Арманның өңменінен қатты итеріп қалды. Арман тәлтіректеп кетті». («Бауырмал». 24-бет), « – Қақылдап қалдың ғой, қараң өшкірдің баласы. Қарасы батсын оның». («Асхат». 32-бет), «Өй, намыссыз неме, соңынан неге жүгірдің? – деп, шапалақпен жағымнан бір ұрды». («Қызыл топлай». 47-бет), «– Осыдан біреуге мен ұрды деп айтсаң, басыңды кесемін! – Шекеме нұқып жібергенде басым зеңіп жүре берді. («Көсеу». 49-бет). Бүлдіршіндерге арналған әңгімелерде мұндай өрескел жайлардың кездесуі аса жарасып тұрған жоқ. Орашалақ құрылған сөйлемдер де кездеседі. «– Ой, сіздің кәрі аяқтарыңыз ауырады ғой. Жете алмайсыз ғой». Осы сөйлемдегі «кәрі аяқ» деген сөз құлаққа түрпідей тиеді емес пе? Және бір сөйлемді оқиық.«Ол кезде қазіргі сияқты аппақ қаңылтырдан дуал тұрғызу ешкімнің ойына кіріп-шыққан емес». Әдетте дуал дегенді балшықтан тұрғызушы еді, қаңылтыр дуал деген де болушы ма еді? Балалар жазушыларының тілге аса сақ болғаны жөн ғой, өйткені жас оқырмандар сіздерден үлгі алады емес пе? «Дарабоз» сыйлығының лауреаты Дәнеш Ахметұлы «Дәнеш ағайдың ертегілері» жинағын балаларға тарту етіпті. Мұнда сәтті ертегілер баршылық. Дегенмен, кейбір ертегілердің тасасынан халық ертегілері менмұндалайды. «Ар сынағы» ертегісіндегі «қазан-қазан ет қажет» десе, етті үйіп тастайтын қара пышақ «Ұр, тоқпағым, ұр!» ертегісіндегі «Піс, қазаным, піске» қатты ұқсайды. Жарайды, халық ертегілерінің элементтерін пайдаланба деп ешкім тыйым салмайды. Бірақ автордың ертегі жазу барысында көбіне бір әдісті пайдаланатыны көзге байқалып тұр. «Дала мен жолбарыс» ертегісінде ұзақ жолға шыққан бала қақпанға түскен жолбарысты құтқарып қалады. «Қамқор аңшыда» аңшы әр түрлі жағдайға ұшыраған үкіні, тышқанды, мысықты құтқарып қалады. «Тәтті жемісте» жолға шыққан жалшы аш маймылдарға тамақ береді. Қажет болған кезде шақпақ тасын жарқ еткізіп, жүнін тұтатса, олар жетіп келіп бар қиындықты жеңіп береді. Бұлай жазу, әрине, оңай. Мен қаламдастарды балалардың қиялын оятатындай бүгінгі заманға лайықты шығармалар жазуға шақырар едім.
Джан Аманиидың «Алуан түсті балықтар және Дария» атты ертегісі де халық ертегісінің ізімен жазылғаны байқалады. Дегенмен, екінші бір «Даниялдың ғажайып әлемі» атты кітапшасы бүгінгі өмірді суреттейтін шығарма. Мұнда Даниял есімді бала көзін жұмса болды, сол заматта құлағына «Бір, екі, үш – сиқырлы күш» деген сөздер естіліп, ол ғажайып ертегі әлеміне сүңгіп кетеді. Даниял көздері мұңға толып жүретін аурушаң Ай деген қызға жақсылық жасағысы келеді. Оны өзінің ертегі әлеміне ертіп кеткісі келеді. Мұнан соң ол сан рет көзін жұмып ертегі әлеміне саяхат жасайды. Әйтсе де, осы шағын шығармада біресе баланың өңі, біресе қиялы беріліп үзік-үзік болып кеткен. Бірыңғай ертегі болғанда ғажап болар ма еді деп ойлайсың. Ең бастысы, автор қиялға бай. Әсіресе, Даниялдың ғаламшарға ұшатын тұстары әсерлі бейнеленген. Ден қойса Джан Аманиидан Андерсен сияқты мықты ертегіші шығатынына шүбәміз жоқ.
Автор ертегісін орыс тілінде жазады екен. Одан қазақшаға және ағылшынша аудартып, үш тілде әсем безендіріп шығартыпты. Ағылшасын қайдам, қазақшасы өте шорқақ. Келешекте қазақша жазатын жазушылардың біріне аудартқаны жөн дер едік.
Міне, көріп отырсыздар, балаларға арналып шығып отырған кітаптар өте аз. Әсіресе, мемлекеттік тапсырыспен шығып отырған кітаптар жоқтың қасы. Осы орайда балаларға арналған кітаптарға тендер бөлек өткізілсе дер едік. Өйткені, балалар әдебиеті ылғи да үлкендер әдебиетінің көлеңкесінде қалып қойып жүр.