БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ: МЕН ІРКІЛІСТЕР
17.04.2023
1005
0

Бүгінде балалар әдебиеті толығымен жаңарып келеді. Олай дейтініміз, қазіргі балаларға арналған шығармалардың атауы, тақырыптық ерекшеліктері, тіпті кейіпкерлердің есімдері де заманауи түрленіп берілген. Ертегілеріміз – заманауи қалыпта, жұмбақ-жаңылтпаштарымыздың тілі жаңа лексикамен толыққан, мифтік кейіпкерлеріміздің өзі қазіргі уақытқа тән оқиғалармен ұштасып жатқанын көреміз. 2022 жылы жазылған шығармалардан бұл сөзімізге көптеген дәлелдер мен мысалдар келтіруімізге болады.  
Баяндамамызды ең кішкентай оқырмандарымызға арналған шығармалардан бастасақ. Проза жанры бойынша «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан шыққан – Қ.С.Сүлеймен құрастырған «Ертегі» деп аталатын шағын кітапшада Таусоғар, Желаяқ, Саққұлақ, Көлтаусар сынды ескі ертегілерімізден келе жатқан кейіпкерлер қазіргі заманға сәйкестендіріп берілген. Олар ертегінің бас кейіпкерлерінің көмекшісі ретінде пайда болады, өз миссияларын орындаған соң өз мекендерінде қала береді.
Г.М.Жалғасова құрастырған «Қазақ энциклопедиясы» баспасының тағы бір өнімі – «Самаурын» деп аталады. «Самаурын» ертегісі әртүрлі көне ыдыс-аяқтардың қазақша атауын балаға үйрету, дәріптеу мақсатында жазылған. Бұл ертегіде электрлі шәйнектер көптеп пайдаланылатын қазіргі қоғамда қолданыстан шығып бара жатқан көненің көзі болған – самаурын туралы баяндалады. Екі ертегі де мектепке дейінгі балалар мен бастауыш сынып оқушыларына арналған.
Орал қаласындағы «Dana орталығы» шығарған «Жетпіс палуан» ат­ты балаларға арналған комикс жанрындағы тарихи әңгіме – көлемі шағын болса да, балалардың қызығушылығын бірден тудыратын еңбек деп айтуға болады. Жобаның авторы – Ж.Сафуллин. Бұл кітап балаларға телефонның кері әсерінен арылып, кітап оқуға, спортпен шұғылдануға қызығушылығын арт­тыруға ықпал етуге арналғандай. Туған елдің тарихын танып, бойдағы күш-қайрат­ты халықтың пайдасына жаратуға тәрбиелеуге бағыт­талған. Оқиға желісі есте сақтауға жеңіл болу үшін өлеңмен өріліп, көркем сурет­термен әрленіп, комикс жанрына бейімделген.
Оқиға телефоннан бас алмайтын баланы спорт­тық секцияға апарудан басталады. Жат­тығуға шыдамаған баласына әкесі ХІХ ғасырда болған тарихи оқиғаның желісінде жазылған Жетпіс палуанның ерлігі туралы кітап береді. Тағы бір айта кететіні – бұл кітаптың соңында 2 түрлі QR код қойылған. Оның бірінде кітаптың аудионұсқасы ұсынылса, екіншісі арқылы комикстің бейнежазбасын көруге болады. Және де кітап соңында, әңгіме мазмұны бойынша балаға 3-4 әдемі сурет­ті тапсырма берілген. Бұл да – балаларды әдебиетке тартудың өзіндік бір нұсқасы деп ойлаймыз.
Енді орта және жоғарғы сынып балаларына арналған шығармаларға тоқталсақ. 2022 жылы жарық көрген кітаптардың арасында Халықаралық «Дарабоз» сыйлығының лауреаты, жазушы Баян Болатханованың «Менің жасыл әлемім» деп аталатын әңгімелер, ертегілер мен хикаят­тар жинағы бар. Көркем шығармаларының тілі – тартымды, сөзбен салған сурет­тердің бояуы қанық, ойы жүйрік. Әр әңгімесі оймақтай ой желісінен түйін түюімен ерекшеленеді. Қазақ ауыз әдебиетінен жөңкіле көшкен батырлық жырлар сарыны дейсіз бе, шешендік сөздер иірімі дейсіз бе, жазушы қолтаңбасынан бәрін де табасыз. Себебі көлемі 256 бет­тен тұратын кітапқа қаламгердің 19 әңгімесі, 5 ертегісі мен 19 хикаяты топтастырылған.
Келесі ерекше атап өтетін туынды – қазақтың «Гарри Пот­тері» деп аталып жүрген Рүстем Сауытбайдың «Шоко әлем» роман-фентезиі. Есеп беріп отырған жылда осы романның 3 және 4 томдары жарыққа шықты.
3-кітабы «Шоко әлем. Ғажайып тас» деп аталады. Бұл кітапта аркуандар мен карсуандардың арасында нағыз шайқас басталады. Қара күш иесі – Истискал одан әрі күшейіп мақсатына жетуді ойлайды. Нуа Дегдар ғажайып тастың күшін зерт­теп көрмекші болады. Арқалық қаласының тұрғындары Элия мен Райл бұл жолы көмегін аямайды. Алғашқы екі кітап 25 тараудан тұрса, үшінші кітап көлемі 400 бет болғанымен ірі-ірі 3 тарауға ғана бөлінген. 4-кітап «Шоко әлем. Алоэна құпиясы» деп аталады. Бұл кітаптың да көлемі 416 бет­ті құрағанымен, 4 қана тарауға бөлінген. Қарапайым ғана отбасынан шыққан Элия мен Райл аркуа мектебінде ары қарай деңгейлерін арт­тыруды жалғастырады. Бірақ Райлға күтпеген жерден алыс сапарға шығуға тура келеді. Ащы жақты таңдаған Ертуан болса оқиғалар желісіне ықпал ете бастайды. Төртінші кітапта да бұларды көптеген шайқастар мен оқиғалар күтіп тұрады.
Бірақ кейіпкерлердің ат­тары мен оқиғалар желісінен байқалып тұрғандай, осынау көлемді шығармада ұлт­тық рух, қазақи келбет тапшы. Оқып отырып, бұны қазақ авторының жазғанын байқау да қиын. Оның үстіне, әдеби тіл нормасын игере алмай жатуы да еріксіз қынжылтады.
Дизайны, илюстрациясы баланың қызығушылығын тудыратындай әсем безендірілген тағы бір кітап – Елдос Тоқтарбайдың «Тау құсы» әңгімелер мен хикаят­тар жинағы. Кітапқа енген шығармаларының тілі көркем, оқиғасы ширақ, жеңіл оқылатынымен қоса тәрбиелік мәні зор, эстетикалық әлемі айрықша деп айтуға болады. Осы кітаптың ерекшелігі — туындылардың аудиосы дыбысталған, оны QR-cod арқылы тыңдауға да мүмкіндік бар.
Келесі авторымыз – есімі кітап сүйер көпшілікке таныс Дәнеш Ахмет. «Көк тудың желбірегені» деп аталатын хикаят­тар, әңгімелер, мысалдар, ертегілер жинағының мазмұны бай, тілі көркем кестеленген. Әртүрлі жанрда жазылған дүниелерде бүгінгі рухани жаңғыру мен шынайы жаңашылдыққа бет бұру заманындағы бақыт­ты балалардың әрқилы әрекеті, өмірге құштарлығы, жаңашылдығы, тапқырлығы, толайым табыстары мен кейбір жетіспеушіліктері сөз болған.
Белгілі жазушы Заря Жұманованың 2022 жылы балалар мен жасөспірімдерге арнап шығарған кітабы – «Ғажайып орман». Кітап «Алақай, балақай», «Өрімтал», «Өнегелі өмір», «Сыр сандық», «Ашық алаң» деп аталатын 5 бөлімнен тұрады. Жинаққа ертегілер, әңгімелер мен хикаят­тардан бөлек, белгілі тұлғалардан алынған сұхбат­тар да енген. Сұхбат көркем әдебиет­тің жанрына жатпағандықтан, әрине, балалар үшін жиналған еңбекте артық екендігін айтып өткен жөн. Дегенмен әңгімелері мен хикаят­тарының оқиға желісі – қызықты, тілі заманауи сөздермен көмкерілген, тіпті ағылшын тіліндегі сөйлемдерді де кездестіре аласыз.
Назар аударатын кітаптардың бірі – «Мазмұндама» қорының баспасынан жарық көрген Нұрдәулет Ақыштың «Нағыз әже қайда?» ертегі-әңгімелер жинағы. Жаңа шығармаларымен бірге бұрын жарияланған дүниелері де енгізілген бұл жинақтан салиқалы қаламгердің қолтаңбасы атойлап тұр. Қазіргі таңда орта мектептердің қазақ әдебиеті оқулығына шығармалары енген автордың жаңа әңгімелері де – өте тартымды, тілі де, оқиғалары да бала жасына сай жазылған.
Есеп беріп отырған жылымызда жарыққа шыққан құнды еңбектердің бірі деп Саят Қамшыгердің «Ұлы дала батырлары» мен Ермұрат Ораздың «Ұлы дала хандары» кітаптарын атар едік. Мысалы, Саят Қамшыгердің «Ұлы дала батырлары» кітабында 100 томдық Бабалар сөзінің 24 томын қамтитын 30 жырдың қысқаша баяндалған, әңгіме түріндегі нұсқалары ұсынылған. Жырлардың толық үлгісі 200-300 бет­тен тұрған болса, заманауи жеңіл тілмен, балаларға түсінікті оқиғалармен берілген әңгіме түрі 2-3 бет­ті құрайды. Бұл – өскелең ұрпаққа жауһар мұрамызды оқытудың ұтымды амалы.
Ал Ермұрат Ораздың «Ұлы дала хандары» туындысына қазақ тарихында өшпес із қалдырған хандар мұрасы арқау болған. Кітапқа 1465-1847 жылдар аралығында өмір сүрген Қазақ Ордасының 30 ханы енген. Автор әр ханға жеке тоқталып, олардың өнегелі өмірін әңгімелейді. Айта кететін тағы бір тұсы – екі кітаптан да QR арқылы қазақтың жырлары мен күйлерінің аудио­нұсқаларын тыңдай аласыз. Кітаптар балалардың қызығушылығын тудыру үшін әсем безендірілген, әр бет­те қазақ батырларының сурет­тері балаға рух сыйлайды.
Зәуре Төреханның «Күйекөбелектер шаһары», Кәмшат Әбілғазинованың «Жоғалған ұйқы», Гүлдана Исаеваның «Балаларға базарлық» ат­ты кітаптары да жас оқырмандарын қуантуға тиіс деп ойлаймыз.
2022 жылы жас жазушылар мен жаңа шығармалардан басқа өзіміздің классикалық шығармалар жинақтары да қайта басылып шыққанын байқадық. Олардың ішінде «Qasym kitaphanasy» баспасынан жарыққа шыққан «Қасқыр мен түлкі», «Қошқар мен теке», «Хан мен құмырсқалар патшасы», «Алты түлкі», «Үш аю» сынды ертегілер жинағы бар. Бұл жинақтарға «Бабалар сөзінің» 100 томдық сериясына енген классикалық ертегілер топтастырылған. Аталмыш ертегілер баланың қиялын ұштап, танымын кеңейтіп, құндылықтарды таразылай білуге үйретеді. Кітаптардың көлемі шағын, балалардың қолына ұстау­ға ыңғайлы. Кітапта берілген ертегілер желісі бойынша салынған сурет­тердің де біздің кішкентай оқырмандарымыз үшін пайдасы мол. Сондай-ақ осы баспадан Ахмет Байтұрсынұлының «Оқуға шақыру» деген атаумен балаларға арналған өлеңдерінің жинағы жарияланған.
«Qasym kitaphanasy» баспасының бір ұнағаны әрбір кітаптың мұқабасында қай жастағы оқырманға арналған (6+) кітап екендігі көрініп тұрады. Бала немесе жасөспірім кітап дүкеніне келгенде өз жасына сай шығарманы таңдап алуына өте ыңғайлы.
«Мазмұндама» қоғамдық қоры ұсынған «Ұлы дала ертегілері» ат­ты әдемі мұқабамен берілген кітапта біраз ертегілеріміз жаңғырған. Ұлы дала ертегілерінің кейіпкерлері жердегі қыбырлаған құмырсқалардан бастап, көктегі жарқыраған жұлдыздарға дейінгі барша тіршілік иелерін қамтиды. «Көпшілік ертегі өткен шақта бұлдырап қалып кеткен» деген пікір – қазақ ертегілеріне тән құбылыс емес. Себебі Бәйтерек, Самұрық құс сынды қиял-ғажайыптан бүгінгі өмір болмысына айналған мысалдар жас оқырмандарымызға тәлім-тәрбиелік мән береді. «Дәуір» баспасынан жарыққа шыққан бұл жинаққа 32 қазақ ертегісі енген.
2022 жылы шыққан поэзия жанрындағы кітап авторларының басым бөлігі – танымал қаламгерлер. Олардың тақырыптары, аудиториясы әртүрлі. Олардың біріншісі – Алматы қаласындағы «Герона» баспасынан шыққан Нұртан Төлепбергенұлының «Тәт­ті екенін кім білген, жеміс-жидек, бүлдірген» ат­ты сурет­ті кітапшасында бастауыш сынып оқушыларына арналған тақпақтар мен жаңылтпаштар жиналған. Балалар жинақтан бау-бақшалардан көріп, өз қолдарымен жеп жүрген жемістерден бөлек, әлемнің әр түкпірінде өсетін жеміс-жидектер, олардың ерекшеліктері туралы біледі. Сондай-ақ бұл топтаманың ерекшелігі өлеңдердің атауы әліпби ретімен берілген. Мысалы, Аа – Алматының апорты, П­п – Папайя, Іі – Інжір, т.б.
«Балаларға балдай жыр» ат­ты «Атамұра» баспасынан шыққан көрнекті ақын, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлының кітабына балаларға арнап жазған таңдаулы 181 өлеңі мен 18 ертегісі топтастырылған. «Азамат­тық жырлары» деп бөлінген тарауында Дулат, Абай, Шәкәрім, Мұқағали сынды қазақтың ұлы тұлғаларына арнаған өлеңдері сыр шертеді. Балалар әлемін жақсы білетін ақынның алуан тақырыпта жазылған туындылары жас ұрпақты ел мен жерді сүюге, тіршілік сырларынан ой түюге баулиды.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, белгілі ақын Болат Үсенбаевтың 2022 жылы шыққан өлеңдер мен ертегілер жинағы «Тәуелсіздік деген не?» деп аталады. Жинақ «Тәуелсіздік шуағы», «Құрмет жырлары», «Ең жақсы күн (мерекелік жырлар)», «Балабақша жырлары», «Табиғат –тылсым әлем», «Жақсы мен жаман», «Шынықсаң – шымыр боласың», «Ертегілер мен аңыздар» сынды 8 бөлімге бөлінген. Әр тарауда тақырыбына және жас ерекшеліктеріне байланысты өлеңдер топтастырылса, соңғы тарауда ертегілер мен аңыздар назар аудартады. Кітаптың тілі – құнарлы, тақырыптар аясы кең, заманауи, айтар ойы терең, танымдық, тәрбиелік мәні зор.
Балалар әдебиеті бойынша, 2022 жылы жарық көрген жақсы кітаптың бірі – балалар ақыны Серікбол Хасанның «Күшті бала» өлеңдер жинағы. Бұл кітапта Серікболдың жас оқырмандардың жылы ықыласына бөленіп үлгерген жырлары топтастырылған. Атап айтқанда, «Әліп­пе неге жылады?», «Жұрт­тың баласы», «Қиын бала Қисым», «Жеті шелпек», «Өміріңде бармын ба?», «Басты байлық не?», «Дәрі» деген секілді бұған дейін балалар басылымдары арқылы балаң оқырмандарға жеткен және жаңадан жазылған өлеңдері жинақталған.
Серікбол Хасанның өлеңдері балдырғандардың оқып-жат­тауына өте ыңғайлы және кішкентай оқырмандар арасында тез таралады. Мәселен, Серікболдың пандемия кезінде жазылған «Қолыңды жу» өлеңі алдымен әлеумет­тік желіде жарияланса, кейін бірнеше басылымда жарық көрді. Артынша мектеп оқулығына еніп, «Балапан» арнасында осы туындыға арнайы ән жазылып, анимация түрінде бүлдіршіндерге жол тарт­ты.
Қызылорда қаласының «Тұмар» баспасынан жарық көрген «Кішкентай балық туралы ертегі» кітабы да – қазіргі балалар поэзиясына қосылған құнды дүние деп айта аламыз. Авторы – аралдық ақын Толыбай Абылаев. Автор кішкентай оқырмандарға арнаған бұл жинағында мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың қызықты, өнегелі істерін тапқыр уәжді тақпақтарына, езу тартқызар шырайлы шумақтарына арқау етеді. Қазір күнделікті тіршілігімізден уақыт екпінімен ығысқан, архаизмге айналған, бала тіліне лайықтап жазылған этнографиялық өлеңдерімен қатар «Аралдағы айдаһар» және «Кішкентай балық туралы ертегі», «Балықтар патшалығы» сияқты оқиғалы ертегілері жас оқырмандарды отаншылдыққа, елжандылыққа баулып, тілдік қорларын дамытуға үлес қосатыны даусыз.
Сатирик-жазушы Ермахан Шайхыұлының тіл ұстартуға байланысты «Медина мәзірі» ат­ты жаңылтпаштар жинағы да қолымызға түсті. Жаңылтпаштардың тілі жеңіл, түрі мен мазмұны жағынан да мол тақырыптарды қамтыған. Қазіргі таңда көп авторлар қалам тербей бермейтін бұл жанрдағы шығармаларды жас ұрпақты достыққа, бірлікке, адамгершілікке, ізгі қасиет­терге тәрбиелеудің жақсы құралы деп таныдық.
Енді жекелеген авторлық кітаптардан бөлек, 2022 жылы жарық көрген антологияларға тоқтала кетсек. «Атамұра» баспасынан шыққан «Балалар поэзиясының антологиясына» Арасанбай Естенов, Байбота Қошым-Ноғай, Баянғали Әлімжанов, Болат Үсенбаев, Әділғазы Қайырбеков, Ертай Ашықбаев, Қайран Әбубәкір, Шәмшия Жұбатова, Алтыншаш Жақиянова, Кәбірбек Құныпияұлы, Елемес Құл-Керім, Аманғазы Кәріпжан, Нұрлан Қалқа, Жәди Шәкенұлы, Бағдат Айтмұқаев, Қайырбек Шағыр, Серік Қалиев, Мұқаметқали Қалмаханбет, Адис Қуат, Есей Жеңісұлы, Сағыныш Намазшамова, Саят Қамшыгер сынды аға буын ақындармен қатар, Ернұр Сейдахмет, Әбді Ержеңіс, Асан Мирас, Серікбол Хасан, Олжас Қасым, Мерей Қарт, Тілеген Аслан, Еділбек Дүйсен сынды жас ақындардың өлеңдер топтамасы енген. Серік Қалиев құрастырған бұл жинақ тәуелсіздіктің отыз жылдығына отыз ақынның балаларға базарлығы – ұлт­тық таным көкжиегін кеңейтіп, Отанды сүюге, ел мен жерді қастерлеп, әдепті, білімді болуға үйретеді.
Дәл осы баспадан басылып шыққан «Балалар әңгімелерінің антологиясы» да ұлт­тық құндылық, тәлім-тәрбие, адамгершілік пен ізгілік қасиет­терді дәріптеуге бағыт­таған әңгімелермен топтастырылған. Бұл жинақтан Тұрдақын Жексенбай, Кәдірбек Сегізбайұлы, Шәкен Күмісбайұлы, Жұмабай Қайранбай, Нұрдәулет Ақыш, Толымбек Әбдірайым, Қанат Қайым, Ділдәр Мамырбаева, Сәбит Дүйсенбиев, Ғалым Қалибекұлы, Серік Елікбай, Серік Сарыбай, Қанағат Әбілқайыр, Есей Жеңісұлы, Есболат Айдабосынсынды белгілі жазушылармен бірге, Зәуре Төреханова, Әлібек Байбол, Елдос Тоқтарбай, Мейіржан Жылқыбай, Нұрбек Нұржанұлы тәрізді жастардың да әңгімелерін кездестіре аласыз.
«Жас қалам» балалар әдебиетінің үздік туындыларының республикалық конкурс жеңімпаздары шығармалар жинағынан поэзия жанры бойынша үздік деп танылған Олжас Қасымның, Алпысбай Әбділұлының, Айбол Абашовтың, Аршын Нұрбақыт­тың, Біржан Ахмердің, Ақерке Бегелиеваның, Ерболат Дамирдің, Рауан Қабдолданов пен Рақат Тамашаның өлеңдерін оқи аласыздар. Ал проза жанры бойынша жинаққа Досхан Жылқыбай, Эльмира Назирова, Салтанат Бодықова, Құралай Жылтықаева, Еркежан Арын, Арайлым Диханбай, Абай Қомар, Еламан Сарқыт, Сара Бекжанова, Айсұлу Съезхан, Бахтияр Тұрсынов сынды жас қаламгерлердің әңгімелері енген. Драма жанры бойынша Аридаш Оспанбаеваның «Жезтырнақ пен жаңа жыл», Айгөлек Өмірбектің «Тұзақ», Айжан Изимованың «Бауырсақ», Қарлығаш Қашқынбайдың «Интермедиялар» деп аталатын туындылары үздік деп танылған. Қазақ­стан Жазушылар одағы ұйымдастырған «Жас қалам» балалар әдебиеті туындыларының республикалық байқауында үздік деп танылған шығармалар жас оқырмандарымыз үшін мол қазына болары сөзсіз.
Драматургия бойынша тізімді жалғастырсақ. 2022 жылы Қазақ­стан театрларында сахналанған балалар шығармаларының тізімінен Шыңғыс Маманның Тахауи Ахтанов атындағы драма театрында қойынған «Арман әлемі» ертегісін көруге болады. Ақтөбе қаласының «Алақай» қуыршақ театры Гүлжайнар Қалдинаның «Дана табиғат», Сая Қасымбектің «Кірпітай мен Тасбақа» қойылымдары арқылы қоржындарын толықтырса, Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры мен Шымкент қаласының «13» жеке меншік театрында Жәнібек Әлікеннің жаңа жылға арналған «Сиқырлы терезе» ат­ты ертегісі сахналанды. Сәтпаев қаласының жаңадан ашылған «Жастар театрында» Әлішер Айтуардың «Туған күніңізбен, анашым!» спектаклі көрерменге жол тарт­ты.
Жас авторлар жаңашылдыққа бейім болғанымен, көркем әдебиет­тің тілін меңгеру жағынан ақсап жатқанын тағы да айтқым келеді. Кейбіреулері тіпті ауызекі норма деңгейінде ғана жазады. Жастардың көп шығармалары ертегі мен фентэзиге бой ұрып кеткен. Реалистік шығармалар саны өте аз. Реалистік шығармалар – автордың таланты анық көрінетін арна. Сондықтан да жас талапкерлерге классикалық туындыларды жиірек оқыңыздар дегім келеді.

Жаңагүл САМЕТОВА,
PhD доктор, Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір