«Ас беру мәдениеті: салт сабақтастығы, ұрпақ ұлағаты»
26.08.2025
243
0

Алматы қаласының Орталық мешітінде осындай атаумен зиялы қауым өкілдерінің пікіралмасу жиыны өт­ті. Жиынның өтуіне Қазақ­стан Жазушылар одағы және Алматы Орталық мешіті мұрындық болды. Шараға қаламгерлер, қала әкімдігінің өкілдері, имамдар, ҚМДБ және БАҚ өкілдері, сонымен қатар өзге де азамат­тар қатысты. Жиынды исламтанушы ғалым ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерт­теу институтының директоры Төрәлі Қыдыр жүргізіп отырды.
Зиялы қауым өкілдері ҚМДБ бекіткен «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу» құжатына қатысты пікірлерін білдіріп, Қазақ­стан Жазушылар одағы мен мүфтият бастамаларын қолдайтындарын жеткізді.

 

  Мереке Құлкенов,
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының төрағасы:

– Бұл өзі көптен қазақтың аузында, ойында жүрген, шешімін күткен шаруа еді. Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы үлкен әрі жан-жақты жұмыстарды жүзеге асырып жатыр. Діни басқарманың көтерген мәселелеріне, айтқан ұсыныстарына жалпы, мұсылман баласы толық құлақ асып, илігіп отырған жоқ. Неге олай? Өйткені түрлі ағымдардың ел арасына килігіп кеткені халықтың Діни басқармамызға, бас мүфтиятқа, дұрыс жолдағы мүфтилерімізге мойынсұнуына кедергі келтіруде.
Алматы – тарихын тереңге жайған қала. Мұнда интеллигенциямыз, зиялы қауымымыз көптеп шоғырланған. Мәдениетіміздің бастауы да осы қалада. Діни ахуалға келгенде де, қаламызда мәселелер жеткілікті. Соның ішінде, дүниеден өткен жандарды шығарып салуда қоғамда өзара бәсеке қалыптасып кеткен. «Мұсылмандыққа бас ұрған адамның дүниеден өткеннен кейін­гі шығатын жері мешіт болуы керек» деген дұрыс қағида бар. Өз басым осы ойға тоқтап, осы пікірді қолдаймын. Астана қаласында бұл дәстүр жақсы жолға қойылған. Мәселен, қазақтың көрнекті жазушысы Әкім Тарази өмірден өткенде, халық қаламгерімізді бас мешіттен шығарып салды. Бүкіл діни рәсім де сол жерде жасалды, қоштасу сөздері де мешітте айтылды. Міне, осы қалыптасқан үрдісті Алматыға да алып келу керек деп есептеймін. Шаһардың бас мешіті орталықтан алыс орналасқан болса да, марқұмдарды соңғы сапарына шығарып салуға ыңғайлы орын деп есептейміз.
Бұдан өзге, дүниеден өткен марқұмның қонақасын, садақасын беру, жер алу кезінде де қиындықтар кездеседі. Бұл дүниеден өткен жанның отбасының ғана емес, бүкіл Алматы қаласы әкімдігінің де қиындығы болып саналады. Сондықтан осы күрделі дүниелердің ортақ шешімін тауып, үгіт-насихат жұмыстарын жақсылап жүргізуіміз керек. Осы тұрғыдан келгенде, бүгінгі пікіралмасу, талқылау дер уақытында ұйымдастырылып отыр.
Басқа мәселелерді былай қойғанда, ас, қонақасы өткізіліп жатқан мейрамханалардың алдында қайыр-садақа сұрап тұратын адамдар бар. Менің ойымша, дастарқаннан қалған тағамдарды сырт­тағы жандарға үлестіріп беру мәселесін де қарастыру керек шығар деп ойлаймын. Айналып келгенде, мұның бәрі мұсылмандығымызға сын. Дүниеден өткен жандардың бір-бірінен айырмашылығы жоқ қой. Айырмашылығы болса, білімімен, парасатымен, жасаған игі істерімен, халық алдындағы беделімен ерекшеленуі мүмкін. Түрлі қым-қуыт жағдайлар өтіп жатқан кезеңде рәсімдерді біркелкі тәртіпке келтіру бәріміздің де ортақ шаруамыз.


Нұрбек Есмағанбет,

Қазақстан Мұсылмандары Діни
Басқармасының «Дін мен дәстүр»
бөлімінің басшысы:

– Ата-бабаларымыз: «Ас – адамның арқауы» деп бекер айтпаған. Дастарқан – таза көңілдің айнасы, бірліктің, татулық пен сыйластықтың символы. Әр ас – ниеттің көрінісі, әр ас – жүректен шыққан ықыластың белгісі. Бүгін біз дәстүр мен діннің тоғысқан тағылымды «Ас беру мәдениеті: салт сабақтастығы, ұрпақ ұлағаты» атты алқалы жиында бас қосып отырмыз. Бұл жай ғана әдет жайлы сөз емес. Бұл – халқымыздың рухани болмысы мен имандылық құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа аманат ету жолындағы маңызды қадам.
Өздеріңізге мәлім биыл 14-мамырда Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажының бастамасымен «Қазақ даласындағы дәстүрлі ислам құндылықтары» атты VІ республикалық имамдардың форумы өткен болатын.
Онда еліміздің әр түкпірінен жиналған дін және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Ғұламалар кеңесі мүшелері мен облыс имамдары ұлттық бірлігімізді сақтап, діни тұрақтылығымызы нығайту жолында бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін ортаға салды.
Сол жиында қабылданған маңызды құжаттардың бірі – «Құдайы аста ысырапқа жол бермеу ережесі». Бұл құжат – шариғат­та салт-дәстүрдің үйлесімділігін сақтап, қарапайымдылықты дәріптеу, орынсыз ысырап пен бәсекенің алдын алу жолындағы нақты бағдарлама.
Мереке ағамыз айтып өткендей, шынында да, дастарқанда отырған кезде той мен астың арасын ажырату кей кезде қиын болып жатады. Дастарқанға қойыл­ған дүниені көрген кезде, шынында, дәмге қолымыз тимей, сол жерде тек қана көзіміз тойып қайтатынымыз рас. Ал осының алдын алу мақсатында Діни басқарма тарапынан ережеде жеті түрлі тағам ұсынылды. Біздің дастарқанымызды, ұлттық құндылығымызды, ұлттық болмысымызды насихаттайтын осы жеті түрлі тағаммен-ақ атқаруға болатыны осы құжатта көрсетілді.
Ал енді қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасқан ас беру дәстүрі: марқұмның жетісі, қырқы, жылына Құран бағыштап, дұға ету үшін жасалған ізгі амал екенін түсінгеніміз дұрыс. Ол – исламнан нәр алып, халқымыздың салт-санасына сіңген дәстүрлі рәсім. Алайда Мереке ағамыз айтып өткендей, кейбір өңірлерде бұл дәстүрлердің орындалуына ысырап пен орынсыз бәсекенің өріс беруі кедергі келтіріп отыр.


Төлеби Оспан,

Алматы Орталық мешітінің бас имамы:

– Адам баласы тірі күнінде ардақты болғанындай қайтыс болғаннан ке­йін де сый-құрметін жоғалт­пайды. Сондықтан марқұмды құрмет­теп, лайықты түрде шығарып салу – артында қалғандарға аманат. Өкінішке қарай, осы рәсімді қоғамда әртүрлі негізсіз дүниелердің араласуымен атқарып жүргеніне куә болудамыз. Сол үшін марқұмды ақтық сапарға ҚМДБ қабылдаған құжат негізінде, шариғатқа және салт-дәстүрімізге сай шығарып салу тәртібін бекітуді ұсынамын. Бұл жерлеу рәсімдерін бірізділікке салар еді.

 

Кәдірбек Сегізбай,
жазушы, ҚР Мемлекет­тік сыйлығының иегері:

– Мұсылмандық – бұл, біздің рухани болмысымыз. Ол салт-дәстүрмен, біздің тарихи санамызбен сабақтасуы қажет, бұған қоса шариғат жолын да ұмытпауымыз қажет. Мен бұған де­йін де еліміздің ақпарат құралдарында ас беру мәдениетін бір жолға қою жөнінде бірнеше мәрте мақалалар жазған едім. Рас, Діни басқарма біраз қозғалыс жасап, осы төңіректе бірқатар шаралар атқарып жатыр. Дегенмен халықтың садақаны той секілді өткізетін дарақылығына бұл тоқтау сала алмайды. Менің ойымша, дүниеден өткен адамның басын қарайтуды да тәртіпке келтіру қажет. Осындай үлкен мәселелер тек Алматы қаласында ғана емес, барлық өңірлерде бар. Сондықтан мұны бір жүйеге келтіру үшін ортақ заң не өзге шешімдер қабылдау керек шығар.

Смағұл Елубай,
Қазақстанның халық жазушысы:


– Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының осы бастамасы бізді толқытып отыр. Өйткені шынында да, бір үйдің басына түсетін ауыртпашылық, кеңінен қарайтын болсақ, әр үйдің басына түсуі мүмкін ауырмашылық қой. Мәңгілік адам жоқ. Жұртшылықтың дүниеден өткен жанды ақтық сапарға жөнелту барысында қаншалықты қиындық көретінін, марқұмды жөнелтіп болғаннан кейін қарыздарды төлеумен де мәселеге тап болатынын көзіміз көріп жүр. Ал аруақ осыны қалай ма? Артында қалған ұрпағының, туғандарының банктен қарыз алып, оны төлей алмай сарсаңға түскенін аруақ қалай ма? Құдай қалай ма? Дініміз қалай ма? Әлбетте, қаламайды, ағайындар! Ондай жоралғыларды біз өзіміз шығарып алдық. Бәсекелестік деген әбден әуреге салып болды. Бұл – дінсіздіктің сипаты. Мінекей, осы тауқыметті тоқтатуды, кешігіп болса да, қолға алып жатқандарыңызға рақмет. Халыққа ортақ ыңғайлы, хақтың сүннеті болатын рәсім енсе, тұтас қазақ, бүкіл мұсылман алғысын айтар еді. Советтік заманнан қалған орынсыз бәсекелестіктің тамырына балта шаба бастаймыз, ағайын. Өзі жақынынан айырылып қиналып жатқан жандардың тағы да қарызға батып, банктердің қалтасын қағуына жол бермеу халыққа үлкен қамқорлық болмақ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір